5.2.11 Көз күтімі
Жүретін науқастар таңертең өздері жуынады. Жағдай ауыр науқастардың көзін күту аса маңызды. Егер науқастың көзінен кірпіктерін жабыстыратын іріңді бөліністер бөлінсе оны зарарсыздандырылған мақталы немесе дәкелі тампондарды дезинфекциялық ерітіндіге (фурацилин ерітіндісі 1:2000, риванол) малып сүртеді [7, 29, 32].
Әр көзді бөлек тампондармен кірпіктерін және қабақтарын көздің сыртқы бұрышынан ішіне қарай бағыттап сүртеді. Көзін жуған сұйықтық ағу үшін науқас өзі иегінің астына астауша ұстап тұрады. Көзді 4-5 рет тампондарды ауыстырып сүртеді. Емшараның соңынан аққан ерітіндіні құрғақ тамондармен құрғатып сүртеді.
Көзде қабыну үдерістері болса дәрілік заттарды көзге тамызады немесе көзге арналған жақпаларды жағады.
Көзге тамшы тамызу (инсталляция) (сур. 74)
Жабдықтар: көз тамшылары құйылған құты, стерильді пипетка, мақта тампоны.
Сурет 74
Көзге тамшы тамызу
Емшараны орындау:
Қолды жуу, қолғап кию.
Пациентті отырғызу немесе жатқызу, басын шалқайтып көзін жоғары қаратуын өтіну.
Сол қолдың үлкен саусағымен мақталы тампонды қысып ұстау, төменгі қабақты төмен тарту, сол қолдың сұқ саусағымен жоғарғы қабақты ұстап тұру.
Пипетканың ұшын кірпікке және қабаққа тигізбей (пипетканы көзден 1,5 см алыста ұстау), 1 тамшы ерітіндіні қабақпен көз алмасының арасындағы кеңістікке көз саңылауының ішкі бұрышынан 1 см қашықтықта тамызады.
Көзден аққан көз тамшыларын құрғақ тампонмен құрғатып сүрту.
Көз тамшыларын екінші көзге осындай реттілікпен тамызу.
Пипетканы залалсыздандырылған ерітіндісі бар ыдысқа салу.
Көзге жақпа жағу (сур. 75)
Жабдықтар: жақпа, зарарсыздандырылған шыны таяқша, мақта тампоны.
Сурет 75
Көзге жақпа жағу
Емшараны орындау:
Қолды жуу, қолғап кию.
Пациентті отырғызу немесе жатқызу, басын шалқайтып көзін жоғары қаратуын өтіну.
Жақпаны күрекшемен зарарсыздандырылған шыны таяқшаға жағу.
Үлкен саусақпен науқастың төменгі қабағын төмен тарту.
Күрекшені қабаққа параллельді ұстап күрекшенің ұшындағы жақпаны көз алмасының төменгі жағына жағу. Кейде жақпаны тікелей тюбиктен қысып жағуға болады.
Көзді жұмғызып сыртынан жайлап уқалау арқылы жақпаны жаю.
Артық жақпаны мақта шаригімен сүрту.
Қолғапты шешіп, қолды жуу.
Достарыңызбен бөлісу: |