II- топ. «Старшындар»
Көтерілістің басталуы, алғашқы кезеңі
...1835 ж. Исатай бастаған көтерілісшілер халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, орын алған әділетсіздікпен озбырлықты әшкерелеп, хан билігіне бағынбауға шақырады. Исатай мен Махамбеттің бұл әрекеттерін Қарауылқожа “елді бүлдіріп” жатыр деп Жәңгір ханға бірнеше рет хат жазады. 1836 жылдың ақпан айында көтерілісшілердің Жәңгір ханға қарсы белсенді күресі басталады. Жәңгір хан енді Исатайды алдап Жасқұстағы ордасына шақырады, бірақ Исатай бұл шақырудан бас тартып, ханның шақыруын алып келген шабармандарды соққыға жығып қайтарып жібереді. 1836 ж. наурызда хан Қарауылқожаға қол жинап Исатай мен Махамбетті және оларды қолдаған көтерілісшілердің белсенді мүшелерін тұтқындауға бұйрық береді. Қарауылқожа адай, беріш, табын т.б. рулардан 522 жігіт жинап, Исатайдың ауылына аттанады. Мұны естіген Исатай 200 жігітпен Қарауылқожамен соғысуға әзірленеді. 4-сәуір күні Қарауылқожа жасағымен Исатайдың ауылының маңындағы Қиялы моласының жанына келеді де, Исатайға Сағыр Баршығаев пен Қабық молданы елшілікке жіберіп, хан мен императорға бағынуды талап етеді. Осыдан соң Исатай 200 жігітімен қолдарына ту алып, Қарауылқожаның жасағымен кездесіп, Исатай Қарауылқожаны жекпе-жекке шақырады. Қарауылқожа Исатай батырдың айбынынан сескеніп, хан бұйрығын орындаудан бас тартып, жинаған жасағын ауылдарына қайтарады. Қарауылқожаның Исатайдан соғыссыз жеңілуі ел арасына тез тарап, Исатай батырдың беделі одан әрі өсе түседі. Осы жағдайдан соң Жәңгір хан ашуланып, қайткенде Исатайдан кек қайтару жағын ойластырып, Орынбор әкімшілігіне Исатай мен Махамбет Күшік Жапаров деген адамды өлтірді деп жала жауып, сотқа шақыртады. Бірақ сотта екеуі де өздерінің кінәсіз екенін дәлелдеп шығады. Халық толқуы шекаралық комиссия мен ханды қатты алаңдатқан болатын. Исатай батыр ел ішінде беделді бір топ адаммен Қарауылқожаның үстінен ханға шағымданып, жағдайды тексеруді сұрайды. Қарауылқожа да көтерілісшілердің үстінен ханға арызданады.
1836-1837 жж. көтерілісшілер ханға өздерінің талаптарын айтып, өкілдерін жіберумен болады. Сонымен қатар Исатай ел ішіндегі түрлі мәселелерді шешіп, халық казактар мен байлардың жерлерін бөліске салып, Жайықтың арғы бетіне өтуге шақырып отырады. 1837 ж. наурызында Шекаралық комиссия Исатай мен Махамбетті сотқа шақыртады, бірақ олар сотқа барудан бас тартады. Орынбор генерал-губернаторы Перовский жіберген атаман Покатилов бастаған Жайық казак әскерінің отряды да оларды тұтқындай алмайды. Бұл тұста көтерілісшілердің саны 3 мың адамға жеткен еді. 1837 ж. қыркүйегінде Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісшілер Қарауылқожаның ауылы мен басқа да би-сұлтандардың ауылдарына шабуыл жасайды. Одан кейін хан ордасын шабуылдауды ойластырып, қазан айының басында ордаға 12 шақырымдай жерге келіп орналасады. Исатай хан ордасына жақындаған тұста қол астында 2000 жігіт болады. Алдымен ханға өз талаптарын айтып хат жазып, оның орындалуын күтеді. Жәңгір хан болса Исатаймен келіссөз жүргізу арқылы уақыт ұтады да, Орынбор генерал-губернаторлығына жасырын хат жазып, көмек сұрайды. Бұл жағдайды білген Исатай да Орынборға хат жолдап, жауап күтеді.
Орынбор генерал-губернаторы Перовский қазан айының 17-де подполковник Геккені Жәңгір ханға көмекке жіберіп, күшпен тәртіп орнатып, Исатай мен Махамбетті тұтқындауды тапсырады. Қазан айының 30-да Гекке хан ордасына жетеді. Оған жолда атаман Покатиловтың 400 казак отряды қосылады. Гекке хан ордасына келген соң қосымша күш жинау үшін, уақыт ұту мақсатында Исатаймен келіссөздер жүргізеді, бірақ одан нәтиже шықпайды. Бұдан кейін Гекке губернаторға хат жазып, өздерінің көтерілісшілермен соғысуға даяр еместігін және полковник Меркульевтің отрядына Теректіқұмдағы Исатайдың ауылына шабуыл жасау керектігін айтады. Қараша айының 7-де Меркульевтің отряды Исатайдың ауылына шабуыл жасап, батырдың отбасын тұтқындайды. Бұл суыт хабарды естіген Исатай дереу ауылына көмекке аттанады. 8 қарашада Исатайдың жігіттері Меркульевтің отрядын қоршап алады да ауыл адамдарын босатуды талап етеді. Меркульев соғысуға күштің тең еместігін байқап, ауыл адамдарын босатуға мәжбүр болады. Осы жағдайдан кейін Исатай мен Махамбет бастаған көтерілістің мәні өзгеріп, ол тек ханға қарсылық емес, енді ханға қолдау көрсеткен Орынбор әкімшілігіне де қарсылық сипатына ие болды.
Сұрақтар:
1. Көтерілістің басталуына түрткі болған оқиғаны атап, сипаттаңыз;
2.Көтерілістің сипаты мен мақсатын анықтаңыз;
3. Тарихи оқиға тұсындағы тұлғаларды атаңыз, осы оқиғада ол тұлға қаншалықты маңызды екенін түсіндіріңіз;
4.Көтерілісшілер мен хан жасақтары, жазалаушылар арасындағы болған шайқасты әңгімелеңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |