Жер шарындағы қазіргі экологиялық жағдай. Адамның табиғат байлықтарын есепсіз пайдалануы, табиғи орта заңдылықтарын ескермеуі экологиялық зардаптарға әкеліп соқтыруда. Қазіргі кезде экологиялық зардаптар ғаламдық сипат алуда. Грек тілінен аударғанда «үй, қоныс» деген мағына беретін экология ұғымын алғаш рет 1866 жылы неміс ғалымы Э. Геккель енгізген.
Географиялық қабықтың біртұтастығына байланысты ортақ үйіміз – Жер ғаламшарының кез келген түкпіріндегі экологиялық зардаптар бүкіл Жер шары табиғатына кері әсерін тигізеді. Сондықтан табиғат қорғау шараларын жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде қатар ұйымдастырылып, жүргізу қажет.