2.Біріктірілген сыныптарда біртақырыптық сабақтарды ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері Қоғамда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге сәйкес білім беру мақсаты мен міндеттері оқушыларды әлемдік даму деңгейіне сәйкес келетін белгілі бір біліммен қаруландыруды көздейді. Осы орайда шағын жинақты мектеп мұғалімдері оқушылардың жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерінің бар мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Ол үшін бір сабақтың үстінде мұғалім әртүрлі жастағы, ой өрісі мен білім дәрежесі әртүрлі оқушылармен жұмыс жүргізеді, сондықтан ол балалардың психологиясын жақсы білуі тиіс.
Оқытудың әдіс-тәсілдері көп болғандықтан, шағын жинақты мектепте қолдануға болатын бірқатар әдістерге сипаттама берілді.
Қазіргі қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық-құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту және ақпараттық қоғамға бейімдеу.
Осы орайда логикалық-құрылымдық әдіс оқытудың тұтас жүйесін жобалай отырып, алға қойған мақсатқа жетуді көздейтін педагогикалық процесс құруды, мұғалімге нәтижені талдап, түсіндіріп бере алатындай жүйе таңдап, құруды және оқушылармен жұмыс істеуде кездесетін қиындықтардың алдын алып, түзеу жұмыстарының жүйесін жасауды көздейді Бұл әдістің негізін академик В.М.Монаховтың технологиясы құрайды. Әдістегі негізгі объект – тақырыптық-дидактикалық модуль. Мұнда әр пакеттің өзінше қамтитын нақты мәселелері болады [2, 3].
Логикалық-құрылымдық әдіс оқытушының бір оқу жылында пайдаланатын әдістемелерді жоспарлауына көмектесіп, төмендегідей кезеңдер жүзеге асырылады:
1-кезең – нақты технологияға көзқарас жүйесін (тұжырымдаманы), оның мағлұмат түрлері мен нақты дидактикалық модуль шеңберіндегі технологиялық процестің соңғы қорытындысын өз құрамында сақтайтын «оқытудың жаңа әдісін теориялық тұрғыдан негіздеу» деп аталатын құжаттар жинағын (пакетті) зерттеп, дайындау;
2-кезең – «берілген дидактикалық модуль шеңберіндегі технологиялық атқару тәртібі» деп аталатын құжаттар жинағын дайындау;
3-кезең – берілген дидактикалық модульге сай «мұғалімнің әдістемелік жабдықтары» атты құжаттар жинағын дайындау;
4-кезең – берілген дидактикалық модульге сай «технологиялық жұмыс мақсатын іске асырудың қорытындыларын өлшеу әдістемесі мен белгілері» деген құжаттар жинағын дайындау;
5-кезең – «оқытудың жаңа әдіс-тәсілін меңгеру мәдениеті» атты құжаттар жинағын дайындау.