Тіл сабақтары бойынша бір пәнділік, әр пәнділік жүйе бойынша құрылған сабақтар 1. Сынып және сынып комплект жағдайында тіл сабақтарын бірпәнділік жүйе бойынша сабақтарды жоспарлау
2. Тіл дамыту, шығармашылық жұмыстар
1. Сынып және сынып комплект жағдайында тіл сабақтарын бірпәнділік жүйе бойынша сабақтарды жоспарлау ШЖБМ ерекшелігіне байланысты қалыпты мектептерде қолданылып жүрген жоғарыда аталған сабақ түрлерінен басқа оларды қамтитын мынадай сабақ түрлері бар: бір пәндік, әр пәндік және бір тақырыптық сабақтар.
Бір пәндік сабақ дегеніміз әр біріктірілген сыныптарда бір ғана мәселен: қазақ тілі, дүниетану немесе математика сабағын өткізу реттіліген білдіреді. Бұл сабақты өту кезінде мұғалім бір салада жұмыс істегендіктен, ол назарын бір сыныптан екінші сыныпқа оңай көшіруге септігін тигізеді.
Әр пәндік сабақтар дегеніміз әр пән негіздерінен бастауыш сыныпта біріктіріп өткізуге болатын сабақтар. Кейбір әдіскерлер пәндерді екі топқа бөледі де, бірінші топқа математика, қазақ тілі, орыс тілі, еңбек, бейнелеу өнері, яғни өз бетімен жұмысты ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктері бар пәндерді, ал екінші топқа дүниетану, ана тілі, ән-күй, дене шынықтыру сабақтарын жатқызады.
Сабақ кестесін құрастырған кезде бірінші топты екінші топ пәндерімен біріктіруге болады. Қазақ тілі мен математиканы оқытуда өзбетінше жұмыс істеуді кеңінен қолдануға болады, өйткені оқу, дұрыс жазу, санай білу және дұрыс есептей білу дағдысын дамыту көп жаттығу жұмыстарын жүргізуді талап етеді, бұлардың нәтижелі болуы көбінесе оқушылардың өздігінен жұмыс істей алу қабілетіне байланысты.
Ал екінші топқа жататын ана тілі, табиғаттану пәндері жөнінде іс басқаша. Бұл пәндерді оқыту балалардың сабақта өзбетінше жұмыс істеуін керек етпейді емес, қайта бұл пәндер бойынша оқушылардың білімін оқулық бойынша пысықтауды өте-мөте керек етеді.
Бастауыш мектеп жасындағы балалармен аталмыш пәндерді оқытқан кезде мұғалімнің ауызекі әңгімесін, көрнекті құралдарды көрсетуін, т.б. басқаша айтқанда, балалармен тікелей жұмыс істеуді талап етеді. Сабақ кестесін жасағанда 1-топпен 2-топты біріктіріп жасауға да болады.
Қазақ тілі сабақтарында барлық сыныпқа ортақ сұрақтар беру, диктант, қызықты тапсырмалар, дидактикалық ойындар жүргізуге болады. Бір тақырыптық сабақтар дегеніміз қатар өткізілетін сыныптарда мүмкіндігінше бірдей тақырыптарды таңдау қажет болатын сабақтар.
Бір тақырыптық сабақтарда оқушылардың өзіндік жұмыстарын да тиімді басқаруға болады. Жалпы оқытушының ортақ әңгімесін оқушылар ықыласпен тыңдап, өз ойларын айтып, сабаққа белсенді қатысуға тырысады, сонымен бірге бір пәндік, бір тақырыптық сабақтар ретінде біріктіріп өткізуге де болады. Мұндай ортақ сабақтардан оқушылардың ой-өрісі кеңейіп, сабақтың сапасы артады. Оқушылармен бірге отырып, көрнекі құралдар, кестелер, суреттер т.б. қарауға болады.
2.Тіл дамыту, шығармашылық жұмыстар. Шағын жинақты мектеп оқушыларының ауызша және жазбаша сөйлеу тілін қалыптастыру және дамыту мәселелері басқа оқу пәндерінің сабақтарында да шешілуі мүмкін. Барлық пәнді бір мұғалім жүргізетіндіктен, оның шешімі оңай. Сөйлеу тілін қалыптастыруға және дамытуға көмектесетін негізгі талаптар – тілді дұрыс қолдану (екпін қою, ырғағы, т.б.), ауызша сөйлеуге дайындау тәсілдері (сұрақтар құру, тірек сөздерін іріктеу, жоспар құру, т.б.), монологтік сөйлеу тілінің құрылымдық формалары (түсінгенін айту, хабарлау, әңгімелеу).
Сыныпта оқушылардың саны аз болуы мұғалімге әрбір оқушының танымдық, білімдік өсуін жете зерделеуге, қабілет-қарымын ашуға бағытталған жұмыс жүргізудің ыңғайлылығы, ұжымдық жұмыс істеуге дағдылану үшін орта қалыптастырудың қолайлығы. Мұғалім осы мүмкіндіктерді қолдану керек. Осы орайда оқушыларды саралап оқыту оқу жұмысының жеке формасы ретінде біріктірілген сыныпты оқытудың барлық процесінде қолдануға болады.
Сабақтағы біртақырыптық кезеңдерде жағдаяттық тіл жаттығулары, сөздік жұмыстары, диалог және жоспар құру, түрлі дидактикалық ойындар ұйымдастыруға болады. Бұл әдіс оқушылардың ауызша сөйлеу қабілетін дамытуға, сенімсіз жағдайда психологиялық кедергіні жеңуге көмектеседі. Осылардың барлығы оқушылардың ауызша сөйлеу тілін дамытудың тиімді құралдарының бірі екендігін көрсетеді. Жағдаяттық жаттығуларға нақты ортада айтылатын жағдаяттарға жақын оқушылардың нақты сөйлеу тілін тудыратын оқу-тіл жағдаяттары жатады. Жағдаятты іске асыру оқушының нақты жағдайда әрекет ететін тұлғаға айналуын талап етеді. Арнайы жағдаяттық тапсырмалар бойынша қажетті жағдайлар құру шығармашылық өзіндік жұмыстарда шешіледі. Оқытылатын тілдің практикалық жағын меңгеру міндеттерін шеше отырып, сөйлеу тілін өмірлік қажетті жағдаяттарда құру керек.
Уақыт аз кететіндіктен, ойындар сабақта тілдік орта құруға қолайлы. Әдетте аталған жұмыс сабақтың тақырыбына байланысты және сабақтың біртақырыптық кезеңінде өткізіледі. Ойынға арналған лексика бағдарлама тақырыптарына сәйкес таңдалады. Ойын элементтері сабақты қызықты етеді, өйткені оқытудың бастапқы кезеңінде оқушылар үшін ойын сабаққа қарағанда күнделікті іс-әрекет. Ойынды бір сыныпта сөздерді меңгерту, ал екінші сыныпта бекіту және қайталау мақсатында қатар және сынып арасында өткізуге болады. Мұндай ойындарды оқушылардың сөйлеу қажеттіліктері туындағанда ұйымдастыруға болады.