Өзiн-өзi тану сабағының жоспары
Тақырып: Қазақстанның рухани ұстаздарының өсиеттері.
Құндылық: Ішкі тыныштық.
Қасиеттер: қарапайымдылық, жігерлілік, сыпайылық.
Сабақ мақсаты: Қазақстанның рухани ұстаздарының өсиеттері туралы афоризмдері мен нақыл сөздерінің мағынасын түсіндіру арқылы, ішкі тыныштық құндылығының мәнін ашу.
Міндеттері:
- адам өміріндегі шынайы бақыттың маңыздылығы туралы түсінік беру.
- студенттерді сыпайылық пен жігерлілік қасиеттеріне баулу.
- жағымды ойлауға, қарапайымдылыққа тәрбиелеу.
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңi.
Сәлемдесу, түгендеу, сабаққа назарын аудару.
5 «Т» ережесін еске түсіру.
Тәртіп
Талап
Тыныштық
Тазалық
Татулық
Жағымды көңіл күй. «Орманға саяхат» жаттығуын өткізу.
Арқаларыңызды тік ұстап отырыңыздар. Көздеріңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әр тыныс алғаныңызда өзіңізді тыныш сезінуге тырысыңыз. Сіз аудиторияның есігіне жақындадыңыз, есікті ашып, дәлізбен келе жатырсыз. Далаға шықтыңыз. Таза ауаны жұтып, самал жел мен күн нұрының сіздің бетіңізді жылытқанын сездіңіз. Орманға қарай жүріңіз. Абайлаңыз, жолыңыздағы жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минутқа тоқтап, айналаңызға қараңыз.
Табиғаттың сұлулығы мен тазалығын сезініңіз. Жаныңыздағы гүлдердің біріне келіп, сәл иіліп, мұқият қараңыз, қандай нәзік. Оны иіскеп, хош иісін сезіңіз. Айналаңызға зер салып, ары қарай жүріңіз. Гүлдер, гүлдер мен ағаштардың хош иісі, құстардың әні және жәндіктердің баяу үні. Орманда жүріп, ағаштардың көптігіне, жақындаған сайын биіктей беретіндігіне назар аударыңыз. Күн көзі сізге жапырақтар арасынан сығалап, жасырынбақ ойнағандай, оның сылдырын естіңіз. Орманда біз өзімізді бақытты және қауіпсіз сезінеміз.
Жазыққа шығып, бірнеше минут тынығыңыз. Өзіңіз бір сәт саясында отырғыңыз келген бір ағашты таңдаңыз. Ағаштың жанына келіп, оны құшақтаңыз. Қандай мықты ағаш. Оның күштілігі мен ондағы өмір қуатын сезініңіз. Енді оның түбіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алып, сізді қоршаған ішкі тыныштық пен үнсіздікті сезініңіз (Мұғалім осы жерде бірнеше минут тоқтай тұруына болады). Біз жеңілдік пен бақытты сезінеміз. Қандай таңғажайып табиғат, біз барлық тіршілік иесін қалай аялап, сүюіміз керек екенін түсінеміз. Енді бұл сіздің ағашыңыз, кез-келген уақытта осында келе аласыз.
Колледжге қайта оралуға әзірленіңіз. Орныңыздан тұрып, айналаңызға тағы да мұқият қараңыз. Жәндіктерді басып кетпей, келген жолыңызбен қайтадан оралыңыз. Міне, колледждің ауласына жеттік. Айналаңызға тағы қарап, терең тыныс алып, есікті ашып ішке кіріңіз де орныңызға келіңіз. Осы тыныштық пен қанағат сезімін сақтаңыз. Көзіңізді ашып, күлімдеңіз!
Достарыңызбен бөлісу: |