Сабақ Сабақтың тақырыбы : Кіріспе Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу



бет1/6
Дата23.10.2016
өлшемі1,2 Mb.
#86
түріСабақ
  1   2   3   4   5   6
№ 1 – сабақ

Сабақтың тақырыбы : Кіріспе

Сабақтың мақсаты : «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алатын орны, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихының тарихнамасы мен дерекнамасына қысқаша шолу

Сабақтың түрі : лекция

Сабақтың әдісі : лекция, ауызша баяндау

Сабақтың барысы :



Биылғы жаңа оқу жылынан бастап «Алаштану» факультативтік курсы орта мектептерден бастап оқытылатын болды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының аға ғылыми қызметкері Айгүл Айтбаева айтты. Алаштанушылар бұл мәселемен 1988 жылдан бастап тұ-рақты түрде айналысты. Міне осы 20 жылдан астам уақытта сан-салалы зерттеулер жүргізіліп, том-том деректер жинағы шығарылды. Ғылыми-теориялық және практикалық санаттағы конференциялар өткізіліп, жекелеген тұлғаларға және Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметі тарихына байланысты елімізден өзге Түркия, Жа-пония, Ресей елінде монографиялар мен ғылыми еңбектер және диссертациялар қорғалды. Әйтсе де бұл жұмыстар Алаш құндылығын толық танып - білуде аздық етті. Себебі әлі күнге дейін әртүрлі деңгейде әкімшіліктердің ішкі саясат бөлімдері, тіпті зиялы қауым өкілдерінің өздері Алаш десе кірпідей жиырылатыны жасырын емес. Бұлай қара аспанды төндіре берген де дұрыс емес. Өйткені бұған дейін екі мәрте, яғни, 2008 және 2012 жылдары ҚР Үкіметінің қаулысы шығып, Алашты кең көлемде насихаттайтын іс-шаралар еліміздің әр түкпірінде атқарылды. Міне осыдан кейін барып еліміздегі ресми және бейресми ұйымдар Алаш дегенде үрке қарамайтын жағдайға жетті. Оқу пәнінің базалық мазмұнына қыс-қаша тоқталып өтсек. «Алаштану» курсының мектеп бағдарламасында алар орны қандай болмақ? Бұл сұрақ әрбір азаматты толғандыратыны анық. «Алаш қозғалысының қалыптасуы мен дамуы» атты бөлімде ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы сөз болады. Яғни Столыпин реформасынан кейін Ресей империясының ұлттық аймақтарындағы жер мәселесі және қазақ зиялылары мен ресейлік саяси қозғалыстар туралы оқушылар мағлұмат алады. Ал «Қазақ мемлекеттілігін қайта жаңғырту бастамалары және Алаш қайраткерлігі» деген бөлімде Әлихан Бөкейханның аграрлық экономика саласындағы бастамашыл істері және баспасөз бетінде саяси жүйе мен отаршылдыққа қарсы сынның күшеюі баяндалады. Сондай-ақ «Алаштану» факультативтік курсында «Қазақ қоғамы және Алаш партиясы», «Алаш автономиясы және Алашорда үкіметінің құрылуы», «Алашорда және кеңес өкіметі», «Алашорда үкіметі және оның қызметі», «Алашорда қозғалысы қайраткерлерінің кеңестік Қазақстан тұсындағы қоғамдық-саяси қызметтері», «Алаш қайраткерлерінің мәдени-ағартушылық қызметтері және ғылыми ізденістері», «Ел тарихында Алаш қайраткерлері есімдерінің жаңғыртылуы» деген тақырыптарға аса мән берілмек.
Жалпы алғанда «Алаштану» курсы мектеп оқушыларының Алаш тарихынан мол мағлұмат алуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ жас жеткіншектің тарихи жадының қалыптасып, өзіндік ой қорыта алуына бұл пәннің қосар үлесі айрықша. Бұған дейін мектеп оқулықтарында алашқа қатысты деректің там-тұмдап берілгені белгілі. Осы олқылықтардың орнын «Алаштану» курсы толтырып, тыңнан түрен салмақ. Ұзын сөздің қысқасы, өз тарихын танып-білмеген ұлттың болашағы жарқын болмақ емес. Мұны өз заманында Әлихан Бөкейхан «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» деп айтып кеткен.

Сабақты бекіту үшін оқушылардың «Алаштану» курсы жайлы жеке пікірлерін тыңдау

№ 2 – сабақ

Сабақтың тақырыбы : ХХ ғ басындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайы.Алаш қозғалысының қалыптасуы мен дамуы. 1905 ж Қарқаралы құзырхаты.

Сабақтың мақсаты : Алаш қозғалысының қалыптасуы жайлы, Столыпин реформасынан кейін ресей империясының ұлттық аймақтарындағы жер мәселесі жайлы айтып түсіндіру.

Сабақтың түрі : лекция сабақ



Сабақтың әдісі : түсіндіру, лекция, баяндау

Сабақтың барысы : Столыпиннің аграрлық реформасы – патшалық Ресейдегі шаруалар үлесіндегі жер иелігіне жасалған реформа. 1906 жылы 9 қарашада патша жарлығымен басталып, Уақытша үкіметтің 1917 жылғы 28 маусымдағы қаулысымен жойылды. Осы реформаны жүргізуге ұсыныс жасаған Министірлі Кеңесінің төрағасы П.А. Столыпиннің есімімен аталды. Стольпиннің аграрлық реформасында Ресейдің ішкі аудандарындағы жер тапшылығын шешумен қатар, орыс шаруаларын көшіру арқылы шалғайдағы отар аймақтарды игеру көзделді. Шалғайдағы отар аймақтарға қоныс аударған шаруаларға үкімет тарапынан көмек көрсетілетін болды. Бұл іс Қоныс аудару басқармасына жүктелді. Қо-ныс аударушыларға шет аймақтарда жер бөлу жұмыстары жүргізілді. 1906 – 15 жылдары аралығында Қазақстанда қо-ныс аударушылардың пайдасына қазақтардың иеліктеріндегі 21 млн. десятинадан астам шұрайлы жер бөлініп, қазақтар шөлейт, тастақты жерге қоныстана бастады. Стольпиннің аграрлық реформасы негізінде Қазақстанға 700 мыңнан астам орыс және украин шаруалар қоныс тепті.Қазақстанның XX ғ. басындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы. Отарлық қоныстандыру саясатының күшеюі. Столыпин аграрлық реформасы. 1905–1907 жылдардағы революция жеңілгеннен кейін Ресейде реакция кезеңі басталды. 1907 жылы 3-маусымда Екінші мемлекеттік Думаның таратылғаны, Үшінші мемлекеттік Дума сайлауы туралы ережеге өзгерістер енгізілгені жөнінде патша жарлығы шықты. Заң бойынша қазақтар мен өлкені мекендеген басқа шағын халықтар сайлау құқынан айырылды. Осы кезде революциялық ұйымдар мен қозғалысқа қатысқандарды сотсыз және тергеусіз жазалайтын тәртіп енгізілді. Патша өкіметі тек қана қудалау жасаумен ғана шектелмеді, сонымен қатар шаруалар қауымын күшпен ыдырату саясатын жүргізе бастады. 1906 жылы 9-шы қарашада Столыпин шаруаларды қауымнан хуторға бөлу туралы жаңа жер иелену заңын шығарды. П. А. Столыпин 1906–1911 жылдары Министрлер Кеңесінің төрағасы болған кезде өзінің аграрлық реформаларын әзірледі. Оның бірінші шарты шаруаны жердің иесі етіп бекіту болатын. П. А. Столыпиннің аграрлық саясатының мәні үш заң актісінде көрсетілді. Бұл Сенаттың қарауына берілген 1906 жылғы 9-қарашадағы «Шаруалардың жер иеленуіне және жер пайдалануына қатысты қолданылып жүрген заңның кейбір қаулыларын толықтыру туралы» жарлық. Ол III-Мемлекеттік Думада 1910 жылы 14 маусымдағы «Шаруалардың жер иеленуі жайлы кейбір қаулыларды өзгерту мен толықтырулар туралы» заң етіп қайта қаралып толықтырылды. 1911 жылғы 29-мамырда «Жерге орналастыру туралы» заң қабылданды. Аграрлық реформалар бойынша шараларды жүргізу оның барысында шаруалардың көшіп-қонуына еркіндік берілді, нәтижесінде олардың шет аймақтарға, соның ішінде Қазақстанға жаппай көшуі кеңінен өрістеді. 1910–1911 жж. жаңа экономикалық өрлеуге байланысты Қазақстанда ереуілдік қозғалыстар жандана түсті. 1911 жылы мамыр айында Перовск және Түркістан станциялары теміржол шеберханаларының жұмысшылары, «Атбасар мыс рудалары» акционерлік қоғамы рудниктеріндегі кеншілер ереуілге шықты. 1912 жылы Ресейдің жұмысшы қозғалысында жаңа революциялық өрлеу басталды. Сол жылғы мамырда Қазақстанда Спасск мыс қорыту зауытында басталған ереуіл 1913 жылдың маусым айына дейін созылды. 1913 жылғы қыркүйекте Торғай уезінің Шоқпаркөл көмір кендерінде болған жұмысшылардың толқуы 1914 жылдың бірінші жартысында Ембі мұнайшыларының ереуілдерімен ұласты. Жаңа революциялық өрлеу кезінде Қазақстанның жұмысшы табы жалақыны арттыруға, қожайындардың айыптарды көбейтуден бас тартуына қол жеткізді. Өлке жұмысшыларының ереуілдері патша өкіметіне қарсы шаруалар толқуларының артуына, ұлт-азаттық қозғалысының дамуына ықпал етті.

Алаш қозғалысы — 20 ғ-дың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс.[1] Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемл-нің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеум. күшке сұраныс үлкен еді. Ал ондай саяси күштің қалыптасып келе жатқанын 1905 — 07 жылдардағы оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш — сан жағынан аз болғанымен, бірақ саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция болатын.

  • А.Байтұрсынов М.Дулатов Ә.Бөкейханов

Осы бірінші орыс революциясы жылдары ұлттық зиялылар кейін А.қ. атанған қоғамдық қозғалыстың негізін қалады. 1905 ж. Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарақаралы хұзырхаты (петициясы) оның бағдарламалық құжаты болатын. Осы мезгілден бастап Ә.БөкейхановА.БайтұрсыновМ.Дулатов жетекшілік еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшін газет шығару, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып тарату, Мемл. Дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына, жалпыресейлік мұсылман, түркішілдік қозғалыстарға атсалысу сияқты қазақ қоғамына бейтаныс күрес әдістерін игере бастады. Ал 1911 жылдан шыға бастаған Айқап журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыхалықтық басылымға айналған “Қазақ”, оның артын ала өмірге келген “Бірлік туы”, “Сарыарқа”, “Ақжол” газеттері ұлт-азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. А. қ-ның басты мақсаты — қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемл. жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемл. құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал ш-н өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демокр. принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Бірінші орыс рев-сы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 ж. ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде Қазақ к-ттерінің пайда болуы, күзіне қарай Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан автономиясы (Қоқан автономиясы) және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. 1917 ж. пайда болған бұл саяси құрылымдар большевиктер тарапынан күшпен таратылғанымен, ұлт-азаттық қозғалыс күштері саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Мемл. тәуелсіздік, жер және кезінде алаш зиялылары күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси басқа да мәселелерді басты талабы етіп, ұлт-азаттық қозғалыс жаңа сипатта Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, С.Қожанов, С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев қызметінде одан әрі өрши түсті.

Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайұлының қызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған “Яш Түркістан” журналындағы материалдар соның айғағы еді. Негізгі мақсаты — ұлттық бостандық болған А.қ. көрші түркі, мұсылман халықтарымен күш біріктіруге тырысты. Сөйтіп, 20 ғ-дың алғашқы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30 жылдарға дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады. қ. Алаш ісі.

Сабақты бекіту.


  1. Столыпин реформасының қазақ халқына тигізген әсері ?

  2. Қазақ жері қанша млн гектарға кеміді ?

  3. Қарқаралы хұзырхатының тарихи мәні мен негізі ?

№ 3 – сабақ

Сабақтың тақырыбы : Ұлт зиялылары- алаш қозғалысының тірегі. Алаш қозғалысы және ресей Мемлекеттік Думасы

Сабақтың мақсаты : ХХ ғ бас кезіндегі Алаш қозғалысы ұлт зиялыларының атқарған қызметі жайлы түсіндіре отырып, оқушылардың танымдық қабілетін арттыру

Сабақтың түрі : аралас сабақ

Сабақтың әдісі : түсіндіру, ауызша баяндау

Сабақтың барысы : Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов (1866–1937) қоғам және мемлекет қайраткері, бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, публицист ғалым, аудармашы. Әлихан Бөкейханов Орта жүздің ханы Бөкейдің ұрпағы (Бөкей-Батыр-Мырзатай-Нұрмұхамед-Әлихан). Әкесі оны бала күнінде Қарқаралыға алып барып медресеге оқуға берген, алайда ол оқуды қанағат тұтпай қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепте оқиды. 1879–1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте білім алады. 1886–1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығын алып шығады. 1890–1894 жылдары Санкт-Петербургтегі орман институтының экономика факультетінде оқиды. Студент болып жүрген кезде саяси талас-тартыстарға белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысқан. Сол кездің өзінде «саяси белсенділігі үшін» патша жандармериясының қара тізіміне іліккен. Патша өкіметі кезінде қазақ елінің тәуелсіздік үшін күресін басқарды және Павлодарда, Семейде бірнеше рет қамауда отырған. 1917 жылы 5–13 желтоқсанда Орынборда өткен «Алаш» партиясының екінші съезінде Ә. Бөкейханов Алашорда үкіметінің төрағасы болып сайланды. Кеңес өкіметін мойындамады. Қазақтың егеменді ел болуы үшін күресті. 1937 жылы ату жазасына кесілген.

Ахмет Байтұрсынов (1873–1938) қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, лингвист, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ мінезі салмақты, шындықты бетке айта білетін ақылды да беделді адам болған. Мырзалығы сондай, немересі Ахмет дүниеге келгенде құтты болсын айтқан адамдарға бір ат, бір түйеден сүйінші берген. Торғай мен Орынборда білім алғаннан кейін А. Байтұрсынов Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген. 1909 жылы саяси белсенділігі үшін Семей түрмесіне жабылады. 1910 жылы Орынборға жер аударылады және 1917 жылға дейін сонда болады. Өзінің сенімді достары Ә. Бөкейханов, М. Дулатовпен бірге 1913 жылдан бастап ұлттық «Қазақ» газетін шығарып, редакторы болды. Ресейде патша өкіметі құлағаннан кейін қазақ жерінде «Алашорда» үкіметін құру үшін бар күшін салды. Большевиктерді мойындамады, қарсы шықты. 1921–1928 жылдары Қазақ халық ағарту институтында сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда Алаш қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынады. Ресейдің солтүстік облыстарына жер аударылды. Кейіннен босап шығып, бірақ қайтадан 1937 жылы қамауға алынып, атылады.

Міржақып Дулатов (1885–1935) қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Көрнекті қазақ ақыны, жазушы, педагог, қоғам қайраткері. 20-жылдардың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі. 1902 жылы Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ педагогикалық училищесін бітірген. 1902–1918 жылдары мұғалім болған, «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде қызмет еткен. 1917–1918 жылдары «Алаш» партиясын, Алаш автономиясын, Алашорда үкіметін құрушылардың бірі ретінде, Қазақ мемлекетін құру ісіне белсене атсалысты. 1928 жылы репрессияға ұшырап, 1935 жылы айдауда жүріп қайтыс болды. Міржақып әдебиет пен мәдениетте жаңа демократиялық бағыттың кеңінен орын алып, дамуына зор үлес қосты. Бұл идея «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағында қуатты ұран болып естілді.

Мұстафа Шоқай (1890–1941) Ақмешіт, қазіргі Қызылорда облысында дүниеге келген. Қазақ ойшылы, оқымысты, мемлекет және қоғам қайраткері, XX ғасыр басындағы еліміздің тәуелсіздігі мен бостандығы жолындағы күрескерлердің ірі өкілі. Мектепте мұсылманша білім алып, Ташкент гимназиясын, Санкт-Петербург университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. Мұстафа Шоқай 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін Ресей Мемлекеттік Думасының Мұсылман фракциясы Саяси бюросында Түркістан халықтарының өкілі болды. Ұлы Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанды. 1917 жылы 22 қарашада Қоқанда мұсылман ұйымдары конгресс өткізіп, Түркістан автономиясын жариялады. Шоқай үкімет мүшесі болып сайланып, көп кешікпей ол орыннан кеткен премьер-министр М. Тынышбаевты алмастырады. Мұстафа Шоқай Алашорда үкіметінің құрамына да енді, бірақ Қоқан автономиясы талқандалғаннан кейін иммиграцияға кетуге мәжбүр болады. Иммиграцияда жүріп Кеңестерге қарсы идеялық күресін жалғастырады. Қазақ халқының отаршылдыққа қарсы күресі тарихындағы аса ірі қайраткер тұлғаларының бірі Мұстафа Шоқай 1941 жылы Берлинде беймәлім жағдайда қайтыс болды.

Жақып Ақбаев (1876–1934) қазіргі Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушы, қоғам қайраткері, қазақ халқынан шыққан тұңғыш құқық магистрі. Санкт-Петербург университетінің заң факультетін 1903 жылы алтын медальмен бітірген. 1905–1907 жылдары Омбы, Петропавл, Семей, Павлодар, Баянауыл, Қарқаралы қалаларында демонстрацияларға қатысып, митингілер мен жиналыстарда сөз сөйледі. «Степной край» (Омбы) газетінде отарлау аппаратының озбырлығы мен жүгенсіздік әрекеттерін, самодержавиенің халыққа жат саясатын әшкерелеген мақалалар жазып, еңбекшілерді патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен езгісіне қарсы күреске шақырды. 1917 жылы Алашорда үкіметінің мүшесі болып сайланды. Жақып Ақбаев патша өкіметіне қарсы күресін тоқтатпағаны үшін 1910 жылы Тобыл қаласына жер аударылды. 1917 жылы шілдеде Колчактың әскери-далалық соты оны Кеңес өкіметін қалпына келтіру үшін халықты көтеріліске шақырды деген айыппен өлім жазасына кесті, 1929 жылы Кеңестік билік жалған айыптармен қуғындап, Воронежге жер аударды. Халқының бостандығы жолында үнемі қуғын-сүргінге ұшыраған Ж. Ақбаев ауруы меңдеп 1934 жылы қайтыс болады. Ж. Ақбаевтың өмірі мен қызметі, саяси және құқықтық көзқарастары оның саяси серіктері А. Байтұрсынов және т. б. Алаш ардагерлерімен үндес келеді. Ж. Ақбаев қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде публицистикалық материалдар жариялады.

Мұхамеджан Тынышбаев (1879–1937) қазіргі Алматы облысы Сарқанд ауданы Тынышбаев ауылында дүниеге келген. XX ғасыр басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алаш қайраткері, тұңғыш кәсіби-техникалық маман, тарихшы-ғалым. 1900 жылы Верный гимназиясын алтын медальмен, 1906 жылы Санкт-Петербург Жол қатынасы институтын үздік бітірген. 1907 жылы Жетісу губерниясынан II Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланады. Думада патшаның отаршыл саясатына қарсы бағыт ұстанды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің мүшесі болып тағайындалып, Жетісу өңіріндегі 1916 жылғы көтерілістің зардабын жоюда, қырғыз және қазақ босқындарына көмек ұйымдастыруда белсенділік танытты. Алаштың 1917 жылғы 21–26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші бүкілқазақ съезіне қатысады, 5–13 желтоқсан күндері өткен екінші съезде Алашорда үкіметі – Ұлт Кеңесінің құрамына мүше болып сайланады. М. Тынышбаев Түркістандағы Қоқан автономиясының тізгінін де ұстады. Ол Түрксіб темір жол жобасын жасауға, кейін магистральдің құрылысына белсене араласады. 1937 жылы репрессия құрбаны болды. М. Тынышбаев ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, Қазақстан тарихы мен қазақ халқының рулық-тайпалық құрамы туралы құнды еңбектер жазды.

Халел Досмұхамедов (1883–1939) қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданында дүниеге келген. Алашорда көсемдерінің бірі, дәрігер, ғалым, публицист. 1903 жылы Орал реалдық училищесін үздік, 1909 жылы Санкт-Петербург Императорлық Әскери академиясын алтын медальмен бітірген.

Қазақтардың Ресей Мемлекеттік Думасына қатысуы



Қазақтардың саяси сана-сезімінің елеулі түрде өскенін қазақ зиялы қауым көшбасшыларының Ресей Мемлекеттік Думасының жұмысына қатысуынан көруге болады.1905 жылғы тамызда II Николай патша Ресейдегі революциялық күштердің қысымымен империяның заң шығарушы және өкілетті органы ретінде Мемлекеттік Дума құру туралы манифеске қол қойды.Бірақ ол манифест бойынша Ресей империясының бірқатар халықтарының, соның ішінде Орта Азия мен Қазақстан халықтарының да сайлауға және сайлануға құқығы жоқ болып шықты. Жергілікті билік органдарына сайлау науқанының алғашқы күнінен бастап-ақ қазақтарды «көшпелі және қаңғыбас бұратана халық» ретінде сайлауға үзілді-кесілді қатыстырмауға айрықша нұсқау берілді. Мұның өзі қазақтардың арасында бұрқ ете қалған наразылық пен ашу-ыза тудырды. Жергілікті халық өздерінің өкілдерін Ресейдің Мемлекеттік Думасына қатыстыруды батыл талап етті. Өлкенің бүкіл аймағын түгел қамтып өткен қуатты наразылық толқыны патша үкіметін халықтың талабына құлақ асуға мәжбүр етті. Сонымен қазақтар сайлауға қатысатын болып шықты.1906 жылғы I Мемлекеттік Думаға қазақтардан Торғай облысынан — Ахмет Бірімжанов, Уфа губерниясынан — Сәлімгерей Жантөре, Орал облысынан — Алпысбай Қалменұлы, Астрахан губерниясынан - Бақтыгерей Құлманов, Ақмола облысынан - Шәймерден Қосшығұлұлы, Семей облысынан — Әлихан Бөкейхановтар сайланды. Бұлардың барлығы да сауатты, халықтың сый-құрметі мен сеніміне бөленген зиялы азаматтар еді. Бірақ Ресейдің I Мемлекеттік Думасы небары 73-ақ күн жұмыс істеді. Депутаттардың көтерген бастамалары көңілінен шықпай, риза болмаған II Николай Думаны таратып жіберіп, қайтадан сайлау туралы жарлыққа қол қойды. Ресейдің 1907 жылғы II Мемлекеттік Думасының құрамына бұл жолы Қазақстаннан мына азаматтар сайланды: Ақмола облысынан — Шәймерден Қосшығұлұлы, Торғай облысынан - Ахмет Бірімжанов, Семей облысынан - Темірғали Нүрекенов, Сырдария облысынан - Тілеулі Алдабергенұлы, Жетісу облысынан — Мұхамеджан Тынышбаев, Орал облысынан — Бақытжан Қаратаев, Астрахан губерниясынан — Бақтыгерей Құлманов. Алайда бұл Думаның да қызметі ұзаққа созылмады, небары 104 күн ғана жұмыс істеді. II Мемлекеттік Думада қазақ депутаттары кадеттермен жақындасып, мұсылмандар фракциясының тобына кірді. Ресейдің ұлттық шет аймақтарындағы басқа да халықтардың өкілдерімен бірге, ішкі Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару үрдісін тоқтатуды талап етті. Б. Қаратаев II Мемлекеттік Думада Ресейден шаруаларды Қазақстанға қоныс аудару саясатының қазақтар үшін өте жағымсыз, ауыртпалықты болып отырғаны туралы арнайы баяндама жасады. Ол өзінің жалынды сөзінде былай деп атап көрсетті: «Сіздер мынадай сұмдық жағдайды түсінуге тиіссіздер: бүгінгі таңда қоныс аударушы орыс шаруаларына жер телімдерін беру үшін қазақтарды өздерінің ежелгі ата қоныс жерлерінен ғана емес, жеке меншік баспаналарынан да қуып шығарып жатыр».Қазақ депутаттар өз халқының заңды құқығын қорғап жоғары билік орындарына бірқатар үндеулер де жазды. Мәселен, Мемлекеттік Думаның депутаттары Б. Қаратаев, А. Бірімжанов, Т. Нүрекенов, Ш. Қосшығұлұлы 1907 жылғы наурызда өздерінің жасаған мәлімдемесінде былай деп жазды: «Көшпелілердің бірден-бір күнкөріс көзі — мал шаруашылығы, ал олардың Азияның шетсіз-шексіз кең даласында бір жерден екінші жерге үздіксіз көшіп-қонып жүруі әлдебір жанға жайлы, қызығы мол бос серуен құру емес, табиғаттың қиындықтарын жеңе отырып, өмір сүру болып табылады». Дума депутаттарының арасында көрнекті қоғам қайраткері Сәлімгерей Жантөренің есімі ерекше аталады. Ол Санкт-Петербург университетінің заң факультетін және Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін бітірген болатын. Алғашқыда судья болып қызмет етті, кейін бірнеше жыл бойы уездік және губерниялық земствоны басқарды. 1903 жылы Уфа губерниясынан Думаға мүше болып сайланды. Сәлімгерей Жантөре өзіндік ұлттық ерекшеліктері ескерілетін халық мектептерін ашу мәселесіне көп көңіл бөлді. Ол Мемлекеттік Думада кеңінен танылды. Башқұрт халқының атынан депутат болып сайланса да өзінің туған халқы қазақтардың проблемаларын да ешқашан есінен шығарған емес. Шәймерден Қосшығұлұлы (1874—1937) І және II Мемлекеттік Думаға Ақмола облысынан екі рет сайланды. Ол өз жерлестерінің арасында өте беделді әрі құрметті азамат еді. Қазақ халқының шын мәніндегі біртуар ұлы болатын. Ш. Қосшығұлұлы өлкедегі мұсылман дінінің мүддесін қорғады. Сол үшін полиция тарапынан талай рет қуғын-сүргінге ұшырады.

Сабақты бекіту.



  1. Қазақтардың ресей мемлекеттік думасына депутат болып сайлануы.

  2. Думадағы сайлау жүйесінің қазақтарға қатысты тоқтауы.

  3. Ұлт зиялыларының атқарған қызметтері.

№ 4 – сабақ

Сабақтың тақырыбы : Отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа бағыттары. Ұлттық басылымдар («Айқап», «Қазақ» газеттері)

Сабақтың мақсаты : Отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа бағыттарымен таныстыру, «Айқап», «Қазақ» газеттерінің тарихи мәнін ашу

Сабақтың түрі : аралас сабақ

Сабақтың әдісі : сұрақ – жауап, дамыта оқыту

Сабақтың барысы : М.Дулатов Санкт-Петербург сапарынан Торғайға белсенді қайраткер, саяси күрескер ғана емес, сонымен бірге шабытты ақын да болып оралады. Айрықша қарқынмен, жылдам жазып, түрлі тақырыптар төңірегінде ой толғаған тебіреністері бірер жылдың ішінде толыққанды жинақ болып түзіледі. Ақын оны Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен 1909 жылы бастырып шығарады.

Қазақ халқының рухани өмірінде дәл сол, 1909 жылы Санкт-Петербургте Кәкітай бастырып шығарған Абай өлеңдерінің жинағы, Крылов шығармаларынан аударылып басылған АБайтұрсыновтың «Қырық мысалымен» қатар, «Оян, қазақтың» да маңызы ерекше болды. Сондықтан алдыңғы екеуі сияқты «Оян, қазақ» та қолдан қолға, ауыздан ауызға тарап, шамалы уақыт ішінде ақынның атақ-даңқын алты Алашқа әйгілі етті.

Бірақ бұл кітап жас авторға осындай абырой-беделмен бірге, патша әкімшілігі тарапынан қуғын-сүргінді де ала келді. Басы тергеуге түсіп, «Оян, қазақ» жаппай тәркіленді. Жандармерияның Ахаң мен Жахаң, Әлихан аға Бөкейханов жайындағы жазғандары 1917 жылы «Қазақ» газетіңде жарияланған. Онда Орынбор жандарм мекемесінің бастығы полковник Кашинцев 1916-жылы Орынбор губернаторына былай деп жазған екен:

"Орал губернаторының телеграммасы бойынша "Қазақ" газетін шыгарушы Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ғалихан Бөкейханов үшеуінің өкіметке қарсы істеріне қатысты мағлұмат беремін: Ахмет Байтұрсынов 1909 жылы Қарқаралыда өкіметке қарсьі іс істегені үшін абақтыга жабылган, министрдің жарлыгы бойынша екі жылга жер аударылған. Орал губернаторының телеграммасында Байтұрсынов 25 жарлығына қарсы қазақты құтыртты дейді.

Міржақып Дулатов 1911 жылы маусым ішінде "Оян, қазақ" атты кітабын таратқаны үшін Семейде абақтыға жабылып, 103 һәм 129 статъялар бойынша айыпталып, Окружной соттың үкімі бойынша 19 ай қамауда отырды. Орал губернаторының телеграммасы бойынша Дулатовтың үйіне және редакцияда тінту болды, бірақ ештеңе табылмады.

Ғалихан Бөкейхановтың 1911, 1912 жылдары с.р. партиясына қатынасып жүргені сезілді. Орал губернаторының телеграммасы бойынша Самара жандарм мекемесіне білдірдім, олардың сыртынан бақылап жүрміз деген хабар алдым».


Қазақ ұлттық баспасөзінің дамуы. Ресми емес қазақ мерзімді баспасөзінің қалыптасуы XX ғасырдың басындағы жалпы азаттық қозғалыспен тығыз байланысты. Ол 1905–1907 жылдардағы революциның арқасында ғана туды. Алайда бұл басылымдар дүниеге едәуір қиындықпен келді. 1907 жылғы 28 наурызда II Мемлекеттік Думаның депутаты Шаймерден Қосшығұловтың бастамасымен «Улфат» газетіне қосымша ретінде «Серке» газетінің бірінші нөмірі шықты. Ш. Қосшығұловтың айтуынша, небәрі 3–4 нөмірі шығарылған. Цензура оны қауіпті деп тауып, газет жабылып қалған. 1907 жылғы наурызда Троицкіде «Қазақ» газетінің бірінші (әрі соңғы) нөмірі шықты.

Қазақ қоғамы демократияшыл жұртшылығының ұлттық баспасөз ұйымын құру жөніндегі ынтасы күшейе берді. 1911 жылғы 16 наурызда Орал қаласында қазақ және орыс тілдерінде шағын көлемді «Қазақстан» газеті шықты. 1913 жылы қыркүйектен желтоқсанға дейін Петропавлда «Ешім даласы» газеті шығып тұрды.


Алайда таралымы шектеулі бұл газеттер орасан үлкен аймақтың түрлі топтарының өскелең талап-тілегін қанағаттандыра алмады. Жалпыұлттық көлемде мерзімді баспасөз құру бұрынғысынша жалпыұлттық проблема болып қала берді.

«Айқап» журналы. 1911 жылғы 10 қаңтарда Троицкіде қазақ халқының тарихындағы тұңғыш «Айқап» ұлттық журналының бірінші нөмірі шықты. Ұйымдастырушы және баспагер, идеялық басшысы және редакторы М. Сералин (1872–1929) бұрын педагогтік және журналистік қызметпен айналысқан, сол кезге қарай белгілі ақын, әдебиетші, қоғам қайраткері болған

«Айқап» журналы 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін әуелгіде айына бір рет, ал сонан соң екі рет шығып тұрды. Барлығы 88 нөмірі шықты, таралымы 1000 данаға дейін жетті. «Айқап» журналы ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды.

М. Сералин «Айқап» беттерінде мұсылмандардың қасиетті кітабының мазмұнын ыңғайлы, түсінікті нысанда баяндауға тырысқын авторлардың мақалаларын жариялап отырды. «Айқап» журналының қазақ фольклорын зерттеудегі, абайтануды қалыптастырудағы, орыс және дүниежүзілік классикалық әдебиетінің рухани мұрасын насихаттауда атқарған рөлі зор.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы жағдайында едәуір шиеленіскен зор қаржы қиындықтары, зиялылардың бір бөлігінің сол кезге қарай өзінің көркемдік толысқандығымен, қазақ әдеби тілін түлетуімен, стилінің сындарлылығымен және ең бастысы толғағы жеткен жалпыұлттық проблемаларды қоюымен әйгілі болған «Қазақ» газеті жағына шығуы 1915 жылдың тамызында «Айқап» журналы шығуының тоқтатылуына себеп болды.

«Қазақ» газеті. «Қазақ» газеті апталық басылым болып шықты. 1913 жылғы ақпаннан 1918 жылғы қаңтарға дейінгі кезең ішінде 3000 дана таралыммен 265 нөмірі жарық көрді. Жекелеген нөмірлері 8000 данаға дейін жететін таралыммен шықты. Редакциялық алқа 1914 жылғы жаңа жылдық 45-нөмірінде газетті 10 облыстың қазақтары жаздырып алатынын хабарлаған. Бұған қоса оны Орынбор, Уфа, Қазан, Петербург, Мәскеу, Томск қалаларындағы, басқа да бірқатар қалалардағы, сондай-ақ Түркия мен Қытайдағы оқырмандар алып тұрды.

«Қазақ» газетінің редакторы Орынборда айдауда жүрген кезінде сол кезге қарай ағартушылық қозғалыстың танымал көшбасшысы болған, аса көрнекті ақын, көсемсөзші, түркі тілінің маманы, ой-өрісі кең және ұлт дамуының жолдарын көре білген жалынды қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов болды. 1914 жылғы 19 мамырда Баспасөз істері жөніндегі бас басқарманың кеңсесі М. Дулатовқа «Қазақ» газетінің екінші жауапты редакторы міндетін атқаруға рұқсат етті. «Қазақ» газеті 1918 жылы (№№261 – 265) Жанұзақ Жәнібековтың редакциялауымен шықты.

"Айқап" - қоғамдық-саяси және әдеби журнал. 1911-1915 жылы Троицк қаласында басында айына бір рет, кейіннен айына екі рет шығып тұрған. 1-2 мың данамен 88 нөмірі жарық көрген. Алғашқы редакторы - М.Сералин. "Айқап" қазақтың қоғамдық санасының оянуына және ұлттық мәдениеттің дамуына үлкен үлес қосқан. Журналда қазақ ауылдарындағы оқу-ағарту жұмыстары, әйел теңдігі, отырықшылық өмір салтына көшу, сонымен қатар Мемлекеттік Думаға қатысу жөніндегі саяси мәселелер көтерілді. Журналды шығару жұмыстарына А.Ғалымов, С.Торайғыров қатысқан. Журналда А.Байтұрсынов, Ш.Құдайбердиев, Б.Майлин, Б.Өтетілеуов, С.Көбеев, Н.Құлжанов, т.б. сияқты белгілі жазушылар белсенді қызмет атқарған. Абай, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин өлеңдерімен қатар халық ауыз әдебиетінің шығармалары, шығыс, орыс және еуропа әдебиетінің туындылары жарияланған.

Сабақты бекіту.


  1. «Қазақ» газетінің қазақ қоғамындағы ерекше мәні

  2. Алашордалықтардың орталығы болған қала ?

№ 5 – сабақ

Сабақтың тақырыбы : 1916ж көтеріліске қатысты Алаш қозғалысы жетекшілерінің ұстанымдары мен қайраткерлік қызметтері

Сабақтың мақсаты : 1916ж көтеріліске қатысты Алаш қозғалысы жетекшілерінің ұстанымдары мен қайраткерлік қызметтері жайлы айтып түсіндіру

Сабақтың түрі : аралас сабақ

Сабақтың әдісі : лекция, баяндау

Сабақтың барысы : 1916 жылғы көтеріліс кезеңінде патшалық өкімет орындары қазақ халқына арнайы контрибуция салды, оның бүкіл ауыртпалығы еңбекші бұқараның мойнына түсті. Көтеріліске қатысқан-қатыспағанына қарамастан олардың мүлкі мен малы тартып алынды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркәсібі де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркәсібінің маңызды салаларының бірі Успен және Сасық-Қарасу кеніштерінен темір кенін өндіру болды. Мыс рудасын негізінен «Спасск мыс рудалары», акционерлік қоғамы «Атбасар мыс кендері» акционерлік қоғамдары өндірді.

1915 жылғы қыркүйектің ортасында 80 адамнан тұратын Жетісу әскери-өнеркәсіп комитеті құрылды. Жылдың аяғына қарай Қазақстанның барлық облыс орталықтарында және уездік әкімшілік орталықтарының көпшілігінде ӘӨК (әскери-өнеркәсіп комитеті) құрылды.

Қазақстандағы ӘӨК құрамына қарағанда, оларда көбінесе буржуазияның өкілдері болды, облыстық ӘӨК комитеттерінде армия, жабдықтау және интенданттық сұраныс керек-жарағымен, кәсіпорындарды жұмыс күшімен және отынмен, медициналық қызмет көрсетумен айналысуға тиісті 5–7 бөлім болды.

Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраным ұлғайды. Өлкедегі шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы әскери тапсырыс орындап, шинельге арналған сұрғылт армия шұғасын дайындай бастады. Соғыс армияны консервіленген ет өнімімен тұрақты жабдықтауды қажет етті. Бұл жылдарда Петропавлда ет-консерв комбинаты, Оралда армия интенданттығының тапсырыстары бойынша жұмыс істеген мал соятын орын салынды.

Кәсіпшіліктерден ең көп таралғандары балық аулау, тұз өндіру және тасымалдау кәсіпшіліктері болды.

Соғыс жылдарында патша үкіметі қазақтардан жерді тартып алуды жалғастырды. Ауылдың ең кедей бөлігі бұрынғысынан да зор қайыршылыққа түсіп, біржола күйзелді. Малынан, жерінен айырылып, кулактар мен байларға батырақ болған немесе өнеркәсіп орындарына, кеніштерге, кен орындарына күнкөріс іздеп кеткен қазақтар саны барған сайын көбейе түсті. 1917 жылға қарай Семей облысында ғана 17 мыңға жуық батырақ қазақтар тіркелген.

Әр түрлі алымдардың 10-ға тарта түрі болды. 1916 жылы 3 миллиард сомға жаңа мемлекеттік заемға жазылу науқаны жүргізілді, ол да қазақ халқының мойнына ауыр салмақ болып түсті. Соғыс басталуына байланысты қазақ халқына тағы бір ауыртпалық: әскери салық салынды, ол әскери міндеткерлік атқармайтындар ретінде қолданылды. Сонымен бірге отаршылдық әкімшіліктің қысымымен қазақ халқына майданға көмек көрсету үшін әр түрлі ерікті қайырымдылық жасау міндеттелді.

Соғыс жылдарында кедейлер мен орташалардың жағдайы нашарлады. Запастағы шен иелері отбасыларының жағдайы өте ауыр еді, олар не кулактар шаруашылығында батырақтар болуға немесе табыс табу үшін өнеркәсіп орталықтарына кетуге мәжбүр болды. Қазақстанда әкімшілік-полициялық езгі жыл өткен сайын күшейтілді.
1916 жылғы 9 қыркүйекте Министрлер кеңесі Сібір мен Дала және Түркістан өлкелерінің облыстарында полициялық күзет енгізу туралы мәселе қарады. Соғыс жылдарында халық бой көрсетулерінің кең таралған нысаны «әйелдер бүліктері» дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсы бой көрсету деп қарады. Солдаттар бұқарасының бой көрсетулері жергілікті әкімшіліктің жазалау шараларын қатайтуына әкеп соқты. Көтерілістерге қатысқаны үшін, ереуілдер ұйымдастырғаны және басқа әрекеттер үшін өлім жазасы енгізілді. Халық бұқарасының соғысқа және патша өкіметіне қарсы қозғалысы 1915 жылдың екінші жартысында ерекше күшейді. 1916 жылдың басында майданнан революциялық күрес тәжірибесі бар жұмысшылар қайтып орала бастады. Жұмысшы қозғалысы қайтадан өрістей бастады. Семей қаласында еңбекшілердің ерекше бой көрсетуі болып өтті. Онда 1916 жылғы 19–20 қарашада 17 дүкен қиратылды. 1916 жылдың екінші жартысында жұмысшы қозғалысының дамуына қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысы зор ықпал жасады. Тыл жұмыстарына шақыруға қарсы көтеріліспен байланысты Қазақстанның кең кәсіпорындары мен темір жолдарында жұмысшылардың ірі толқулары атап өтілген. Бұл толқулар жұмысшы қазақтардың жұмыстан жаппай кетіп қалуына ұласты. Жұмысшы қозғалысын басуға тырысып, өкімет орындары үш айға дейін түрмеге қамауға немесе 3 мың сомға дейін ақшалай айыппұл салуға қатаң шаралар қолданды. 1916 жылдың орта шеніне қарай кедейлер әбден ашынған жағдайға жеткізілді. II Николай патшаның «бұратаналарды» тыл жұмыстарына алуы туралы жарлығы Қазақстанның барлық облыстарындағы көтеріліске ұшқын түсірді.

1916 жылдың аяғына қарай Қазақстандағы қоғамдық-саяси қозғалыс халықтың барлық топтарын қамтыды: өнеркәсіп орындарының, кеніштер мен кен орындарының жұмысшылары ереуілдер жасады, қалалар мен селоларда дүкендер мен дүңгіршіктерге ойран салынды, Қазақстанның бүкіл аумағы ұлт-азаттық қозғалысының өртіне оранды.


Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі.
Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасырлық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге қосты», ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібермеудің амалын жасап бақты. Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды.

Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметіне сүйеніш болып отырған феодал-байларға қарсы бағытталды. Бұл қозғалысты еңбекші халықтың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Амангелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Мендешев, Ақтөбе даласында – Әділбек Майкөтов, Жетісуда – Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т. б. басқарды.

1916 жылғы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жіберді. Оның құрамына жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс шоғырлары кірді. Көтерілісті басу үшін патша үкіметі өзінің ескі «бөліп ал да билей бер» деген тактикасын да кеңінен қолданды. 1916 жылғы 23 тамызда Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің жарлығымен майдан жұмыстарына шақырылудан қанаушы таптардың бірқатар өкілдері босатылды.
1916 жылғы қазақ халқы көтерілісінің басты аудандарының бірі – Жетісу еді. Мұнда ол 1916 жылғы шілденің алғашқы күндерінде Жаркент – тараншы болысының Городское селосындағы тыл жұмыстарына жіберілетін жігіттердің тізімдерін жасауға қарсылық көрсетуімен басталды. Жетісудағы көтеріліс басшыларының және қазақтың демократияшыл зиялыларының бірі – Тоқаш Бокин. Ол халықтар арасындағы үгіт жұмысына басшылық етті, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді, үстем феодал-байлар тобының сатқындық рөлін әшкерелеп, патша жарлығын орындамауға шақырды. 1916 жылғы тамыздың бас кезінде революциялық қызметі үшін ол қамауға алынды. Түрмеде Тоқаш Бокин Ақпан төңкерісінің жеңісіне дейін отырды. Жазалаушылармен соңғы ұрыс 1916 жылғы қыркүйектің аяғында Қапал уезіндегі Быжы өзенінің маңында жүрді. Көтерілісшілердің жасақтары жеңіліске ұшырап, қалғандары тауға кетті. Жетісудағы көтеріліс 1916 жылғы қазанда басып-жаншылды. Көтерілістің ең бір күшті болған орталығы Торғай облысы еді. Мұнда көтеріліс ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтеріліс Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Қостанай уездерін қамтыды. Торғай уезінің қыпшақ руының қазақтары өздерінің ханы (әмірі) етіп Нияз бидің немересі Әбдіғапар Жанбосыновты сайлады. Ал оның әскерінің бас сардарбегі (әскер қолбасшысы) болып Амангелді Иманов тағайындалды. Арғын руының болыстарын Оспан Шолақов басқарды. Амангелді Иманов 1873 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысындағы ауылдардың бірінде, кедей шаруаның семьясында туған. Әкесінен ерте айырылған Амангелді байлардың есігінде жүріп, бала күнінен-ақ жоқшылық пен мұқтаждық көрді. Амангелді Имановтың ұйымдастырушылық қабілеті халық көтерілісінің алғашқы күндерінен бастап-ақ айқын көрінді. Көтерілісшілердің штабы (орталығы) Торғай даласының қиыр түкпірінде, Батпаққара маңында орналасты. Ол отрядтарын 10, 50, 100 және 1000 адамнан құралған топтарға бөлді. Олардың басына онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды.

1916 жылғы қазанға қарай Торғай және Ырғыз уездерінде 20-ға тарта көтерілісшілер отряды құрылды. 23 қазанда Амангелді Иманов бастаған 15 мың көтерілісшілер Торғай қаласын қоршап алды. Бірақ олар қаланы ала алмай, қоршау бірнеше күнге созылды. Амангелді бастаған көтерілісті басу үшін патша үкіметі генерал А. Д. Лаврентьев басқарған 10 мың әскер жіберді. Лаврентьев әскерлерінің келе жатқанын естіп, көтерілісшілер Торғайды қоршауды қойып, оған қарсы аттанды. Жазалаушылар көп шығынға ұшырап, көтерілісшілер қатарын әрең бұзып өтіп, 16 қарашада Торғай қаласына келіп кірді.

Қарашаның екінші жартысында көтерілісшілердің негізгі тобы Торғайдан 150 шақырым жерге қашықтап шегініп, Батпаққараның төңірегіне жиналды. Мұнда соғыс қимылдарына басшылық ететін кеңес құрылды. Амангелді Имановтың басшылығымен осы жерде жазалаушыларға қарсы көтерілісшілердің партизандық күрес әдістерін кеңінен пайдаланды. Бірақ қыстың ерте түсуі көтерілісшілердің қимылын қиындатты. Көтерілісшілер өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, алыс жерлерге жертөлелер салды, киіз үйлер тікті. Сөйтіп, 1917 жылдың басынан бастап, А. Иманов күресті әрі қарай жалғастыруды көздеді. Патша жазалаушылары мен Амангелді Имановтың көтерілісшілері арасындағы соғыс қимылдары 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін де жалғаса берді. Торғай облысында Амангелді Имановпен бірге көтеріліске басшылық етіп, оның дүниетанымын қалыптастыруға зор ықпал жасаған большевик Әліби Жанкелдин еді. Ол 1884 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысында кедей семьясында туған. 1902 жылы орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін, ол Қазан семинариясына оқуға түсті. 1905 жылы Қазақ студенттерінің революциялық қозғалысына қатысқаны үшін, семинариядан шығарылды. 1906 жылы революциялық қызметі үшін, оны осының алдында ғана оқуға түскен Мәскеу семинариясынан шығарды. 1915 жылы большевиктердің Петроград ұйымы оны партия мүшелігіне қабылдады.
Көтерілістің бірыңғай басшылығы және ұйымдастырушы орталығы болмаса да, Қазақстанда болып жатқан оқиғалар басқа аймақтарға ықпал жасап, өзара байланысты болып отырды. Көптеген аудандарда көтеріліс антифеодалдық сипат алды. 1916 жылғы көтеріліс қазақ еңбекші бұқарасының таптық сана-сезімін арттыруда зор рөл атқарды. Көтеріліс патшаның малайлары ретінде феодалдық рулық жоғары топтың шын сиқын қазақ шаруаларына айқын көрсетіп, ауылдағы тап күресін жаңа сатыға көтерді.

Көтерілістің негізгі қозғаушы күші ұлттық шаруалардың қалың топтары, сондай-ақ жаңадан туындап келе жатқан жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілері еді. Оған қазақ халқының өзге топтарының, сонымен бірге демократиялық интелегенцияның өкілдері де қатысты. Жалпы алғанда, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, дұнғандар және кейбір өзге халықтардың өкілдері қатысқан тұтас бір ұлттық сипатқа ие болды. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы — Ресей империализмі дағдарысының бір көрінісі еді. Бұл қозғалыс Ресейдегі азаттық күресінің жалпы тасқынына ұласты. Ол империядағы саяси және әлеуметтік дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды, әскери-феодалдық және әскери отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты.

Сабақты бекіту.


  1. 1916 ж ұлт – азаттық көтерілістің тарихи мәні, сипаты, маңызы

  2. Алаш қозғалысы мүшелерінің ұлт – азаттық көтеріліс жайлы ұстанымдары

№ 6 – сабақ

Сабақтың тақырыбы : Ресей отаршылдығы және дүниежүзілік антимпериалистік күрес аясындағы қазақ оппозициясы. Ресей мұсылмандары қозғалысы

Сабақтың мақсаты : Ресей мұсылмандары қозғалысының мәнін ашып түсіндіру, оқушылардың жеке тұлғалық қабілеттерін дамыту.

Сабақтың түрі : дәстүрлі сабақ

Сабақтың әдісі : сұрақ – жауап, түсіндіру



Сабақтың барысы : XX ғасырдың бас кезінде қазақ өлкесінде мұсылман қайраткерлерінің әрекеті жандана түсті. Олар исламның ықпалын күшейту арқылы қазақтарды патша үкіметінің орыстандыру және шоқындыру саясатына қарсы тұруға үгіттеді. Діни қайраткерлердің осындай қозғалысы әсіресе Петропавл, Көкшетау, Ақмола және Семей қалаларында елеулі түрде кеңінен тарады. Көкшетау қаласында молда Наурызбай Таласов ерекше белсенділік танытты. Ол халық арасында Науан хазірет деген атпен кеңінен белгілі болды. Науан хазірет халықты патша үкіметіне қарсы күреске шақырды, оған қарсы үгіт таратты. Патшалық билікке қарсы жазылған хаттар ел арасындағы ықпалды да беделді қазақтарға арнайы жолданды. Ондай хаттардың авторы таза діни уағыздарға қоса қазақ қоғамындағы көптеген әлеуметтік маңызы бар мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрыптары мен салт-санасына қысым көрсетуді жою, қазақ тілінің кеңінен қолданылуына еркіндік беру, қоныс аударушы орыс шаруаларының ағылып келуін тоқтату, шаруалар бастықтары деген лауазымды қызметті жою мәселелерін көтерді.1902 жылы Көкшетау қаласына Омбыдан арнайы келген дін таратушы осындағы жергілікті халықты христиан дініне енгізу мақсатын көздеді. Ол тіпті «Тауратты» қазақ тіліне аудартып ала келген. Алайда әлгі діни қызметкердің әрекеттері жергілікті мұсылман халықтың ашу-ызасын тудырды. Жергілікті ықпалды діни қайраткерлер Науан хазірет, Шәймерден Қосшығұлов және басқалары Омбыдан келген миссионерді тез арада қуып шыққан. Бұл оқиға жергілікті жандармерия тарапынан діни қайраткерлердің қуғын-сүргінге ұшырауына себеп болған. Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұловтар Шығыс Сібірге, бір қиянда жатқан Якутияға жер аударылған.1903 жылдың көктемінде Ақмола облысына қарасты Көкшетау уезіндегі сегіз болыстың қазақтары Ресей империясы Ішкі істер министрінің атына мына төмендегі мазмұнда хат жазды: «Біздің атам заманнан бері мекендеп келе жатқан жерімізді қоныс аударып келген шаруаларға тартып алып беріп, бастықтар бізді құнарсыз жерлерге қуып шықты... «Құранымызды», қасиетті кітаптарымызды нәжісті жерлерге лақтырды, медреселерімізді жауып тастады. Біз бүйтіп шариғаттан бас тартқаннан гөрі өлімге бас тіккенімізді артық көреміз».1904 жылғы ақпанда Көкшетау уезінің бастығы молда Құдияр Рыстаевтың қазақтарға жолдаған осындай бір хатын қолға түсірді. Онда ол халықты патша үкіметіне қарсы белсенді күреске шақырып, былай деген: «Біздің әкелеріміз хан Кенесары Қасымовтың сенімді серіктері болған еді. Қасиетті дініміз жолында ер жүрек азаматтар ретінде қолымызға қару алып, өлгеніміз әлдеқайда артық».1905 жылы мұсылман діни қайраткерлері Төменгі Новгородтағы және Петербургтағы мұсылмандардың Бүкілресейлік съездеріне қатыса бастады. Мұсылмандардың съезінде «Иттифак-әл-Муслимин» (Мұсылман одағы) атты Бүкілресейлік мұсылмандар партиясы құрылды. Жаңа партияның Орталық Комитеті құрамындағы 15 мүшенің екеуі қазақ болды. Олар Сәлімгерей Жантөреұлы мен Шәймерден Қосшығұлұлы еді.Патша үкіметі отаршыл билікке қарсы шыққан халықты аяусыз жазалауға көшті: тінту жүргізді, түрмеге қамады, жер аударды, мешіттер мен медреселерді жауып тастады. Мұның өзі жергілікті халық тарапынан қатты наразылық туғызды.

Сабақты бекіту.



  1. Ресейдегі мұсылмандар партиясының құрылуы жайлы не білесіңдер ?

  2. «Иттифак – әл - Муслимин» сөзінің мағынасы қандай ?

№ 7 – сабақ

Сабақтың тақырыбы : Ұлттық мұраттар. Діни-ағартушылық тұғырнамалар.

Сабақтың мақсаты : Ұлттық мұраттар. Діни-ағартушылық тұғырнамалар жайлы түсіндіру

Сабақтың түрі : лекция сабақ

Сабақтың әдісі : лекция, ауызша баяндау.

Сабақтың барысы :ХХғасырдың басында патша үкіметінің мақсаты-орыс және орыс-қазақ зиялы мектептерін ашу және кеңейту.1912ж Торғай облысының Қостанай уезінде 9 ер балалар және қыздар мектебі болған. Медреселерде бала саны 70-тен аспады.Оқушылар жасы:8-20жас ,кейде 30-40 жас, «Ереже» бойынша 16-ға дейін қабылдау оқу бағдарламасы 3,4,5,10 жылға созылды. Оқу жылы мамырда басталып тамызда аяқталды.

Петропавлдағы мұсылмандар кітапханасы Думаның қаржыландыруымен 1910ж дейін жұмыс істеді. Патша үкіметі саясаты мұсылман мектебінің ықпалы әлсіз болды.Бұған қазақ зиялылары қарсылық шараларын ұйымдастырды.

Сабақты бекіту.


  1. Ресейдегі патша үкіметінің мұсылмандық шараларға қарсылығы?

  2. Түркі мемлекетінің негізгі бастамасы қандай шаралар болды.?

№ 8 – сабақ

Сабақтың тақырыбы : 1917ж Ақпан төңкерісі

Сабақтың мақсаты : 1917 ж Ақпан төңкерісінің Ресейге қазақ жеріне тигізген әсері туралы әңгімелей отырып, оқушылардың ой – өрісін дамыту

Сабақтың түрі : дәстүрлі сабақ

Сабақтың әдісі : дамыта оқыту, шығармашылық жұмыс

Сабақтың барысы : Қазақстан 1917 жылғы Ақпан революциясы кезінде

1917 жылдың басында Ресейдің революциялық жаңа толқыны көтерілді. Империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихатталды. Патша өкіметі бұқараның жаппай қарулануынан қатты сескене бастады. Революциялық дағдарыстың пісіп-жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында, оның ішінде Қазақстанда да сезілді. Өлке халқының арасында революциялық өрлеудің өрістеуіне бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Қазақстан жеріне айдалған Австрия-Венгрия мен Германия соғыс тұтқындары да елеулі әсер етті. 1917 жылы олардың жалпы саны 41.285 әскери адамды құрады. Бұлардың басым көпшілігі Омбы, Ақмола, Павлодар, Семей уездерінде орналасты. 1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық-демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, министрлер мен көрнекті шенеуніктер тұтқынға алынды. Патша өкіметі құлатылғаннан кейін бүкіл Ресейдегі сияқты Қазақстанда да қос өкімет орнады. Бұрынғы патша шенеуніктері, эсерлер, меньшевиктер және ұлтшылдар басқарған буржуазиялық Уақытша үкімет органдарымен қатар халықтық өкіметтің жаңа органдары жұмысшылар, шаруа және солдат депутаттарының кеңестері құрылды.

Патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азаттық алудың бастамасы ретінде қабылдады. Революцияшыл халық бұқарасының белсенді қимылдары нәтижесінде өлкеде бұрынғы өкімет өкілдері орындарынан түсіріліп, тұтқынға алынды. Буржуазиялық-демократиялық ақпан төңкерісінің жеңіске жетуі өлкедегі еңбекшілердің саяси белсенділігін арттырды.

Қазақстанда кеңестер 1917 жылы наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Түркістан өлкесінде және т. б. жерлерде құрыла бастады. Жұмысшы табы мен солдат депутаттарының кеңестерімен қатар сәуір-мамыр айларында шаруа депутаттарының кеңестері құрылды. Бұл кеңестерде көпшілік орынды меньшевиктер мен эсерлер алды. Сонымен бірге буржуазиялық уақытша үкіметтің жергілікті органдары 1917 жылы наурыз-сәуір айларында құрылды. Бұлардың басында бұрынғы патша өкіметінің отарлаушы шенеуніктері, қанаушы таптардың өкілдері тұрды.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет