1 зертханалық сабақ Тақырыбы: ӨКПЕ АУРУЛАРЫНЫҢ ПАТОЛОГИЯЛЫҚ МОРФОЛОГИЯСЫ (КАТАРЛЫ БРОНХОПНЕВМОНИЯ, ӨКПЕ ЭМФИЗЕМАСЫ) Сабақтың мақсаты: өкпе ауруларының жіктелуін анықтау, катарлы бронхопневмонияның, өкпенің альвеолалық және интерстициялық эмфизе-масының макро- және микрокөрінісін сипаттау.
Құрал-жабдықтар: микроскоптар, макропрепараттар, гистопрепараттар, альбомдар, түрлі-түсті карандаштар, плакаттар.
Тыныс алу мүшелерінің аурулары алуан түрлі биологиялық агенттердің (бактерия, вирус, гельминт, т.б.), физикалық және химиялық факторлардың әсерінен туындайды. Әсіресе өкпенің қабынуы (пневмония) жиі кездеседі. Қабыну процесі өкпенің бір бөлікшесін, бір бөлігін, тіпті оны түгелдей қамтуы мүмкін (лобулярлық пневмония, лобарлық пневмония, тоталдық пневмония). Пневмония дербес ауру немесе инфекциялық аурудың негізгі көрінісі, жұқпалы, не жұқпайтын аурудың асқынуы ретінде кездеседі. Ол бронхопневмония және крупозды пневмония болып екіге бөлінеді. Бронхопневмония әдетте төл арасында жиі кездеседі. Ол бронхтар мен өкпе альвеолаларының катарлы, катарлы-іріңді қабынуымен сипатталады. Себептері: бактериялар (әсіресе коктар), вирустар, микоплазмалар, гельминттер.
Өкпе эмфиземасы – (гр. - үрлеймін) – ауаның шамадан тыс жиналуына байланысты өкпе көлемінің ұлғаюы. Эмфиземаның альвеолалық (өкпе альвеолаларының ауамен кернелуі) және интерстициялық (ауаның аралық ұлпа мен плевра астында жиналуы) түрлері бар.
Себептері: өте ауыр жұмысқа байланысты өкпе қызметіне шамадан тыс күш түсу (жылқының ұзаққа шабуы, қара малды алысқа жылдам айдау, суға бату, тұншығу).