4 – жаттығу. Берілген сөйлемдерді дәптерге көшіріп жазыңыздар. Сөйлемдегі диалект сөздердің мағынасын еске сақтаңыздар.
1. Ертеңгі шайға бәріміз бір қора болып, жозыны айнала келіп отырмыз. (Б.Соқпақбаев «Біз де бала болғанбыз») Жозы – аласа дөңгелек стол.
2. Жастар жөні тегіс атқа мінген. (Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» ) Жөні – жағы.
3. Сөзінің беті түзеліп, бар аңғары танылған соң, дәл желке тұсынан жөткіріп қап, түрегеле қойдым. (М.Әуезов «Абай жолы») Жөткіру – жөтелу, тамағын қыру.
4. Сүйірлер суды кезекпен ішетін құйақтан айрылды да, қауыны алма, егіні жұлма болды. (Қ.Әбдіқадыров «Тәтті қауын») Жұлма – сирек, селдір шыққан егін.
5. Бұл сүйікті өсімдіктер тонның етегіне ұстаған жұрын сияқты жағалықты көмкеріп қойғандай көрінеді. (Х.Есенжанов «Ақжайық») Жұрын – тонның етегіне, жеңіне немесе бөріктің айналасына теріден салған жиек.
6. – Кемпес, ә, кемпес! – деп Зағипа жеңгейге қарады. (Ғ.Сыланов «Домбыра күйі – ақиық») Кемпес – кемпір.
7. Енді екеуің ақырын ілбіп отырып, анау сағы жұлдызды беттріңе ал! – деп, батыс жақтағы бір жұлдызды қамшысының ұшымен екі жігітке ұзақ көрсетіп, көзестіріп тұр. (М.Әуезов «Абай жолы») Көзестіру – көз жіберу, бақылау.
8. Оны олар өздері де білген жоқ, үлкен бір қызғын уақиғаны бастарынан кешіріп жатты. (Ә.Нұрпейісов «Курляндия») Қызғын – қызық.
9. Анадай жерде иіріліп тұрған балықшыларға жетіп кеп, Мөңкеден басқасының барлығын сыпырып алып, лабазға апарып төге салды. (Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер») Лабаз – балық қабылдайтын, әрі тұздайтын орын.
10. Осы қып–қысқа ағыс қараста оның назарын аударған және бір нәрсе немістің М.Г.А. пулеметі болды. (Ә.Нұрпейісов «Курляндия») Ағыс – оқыс.
Достарыңызбен бөлісу: |