Ауыр металдар – тығыздығы темірдің тығыздығынан (7,874 г/см3) артық болатын түсті металдар тобы. Оларға мырыш, қорғасын, қалайы, марганец, висмут, мыс, сынап, сүрме, никель, кадмий жатады.
Қазақстандағы ауыр металдарды өндіру, өңдеу
Ауыр металды кендердің құрамы өте көп болып келеді. Оларды тиімді пайдалану үшін шикізатты кешенді өңдейтін комбинаттар құрылған. Шымкентте қорғасыннан басқа 14 түрлі өнім алады.
Ауыр металдарға күкірт ілесіп жүреді. Оның кендегі мөлшері 40% -ға дейін жетеді (Шығыс Қазақстандағы Николаев кешені). Балқыту кезіде улы күкіртті газ пайда болады. Газды бөліп алып, оны күкірт қышқылына айналдырады. Бұның қоршаған ортаға тигізетін зияны мол.
Ауыр металдардың тағы бір ерекшелігі - құрамында пайдалы компоненттердің аз болуы. Сондықтан балқыту зауыттары шикізат көзіне таяу орналасады. Бұл - оларды орналастырудағы негізгі принцип.
Ондай кендерді байыту үшін , әр компонентті біртіндеп ала отырып, көп кезеңді флотация қолданады. Концентратты арнаулы пештерде балқытып, тазартылмаған металл алады. Оны шақпақтап (зиянды қоспалардан тазартып), таза шақпақталған металл алады.
Біздің елімізде ауыр түсті металдарды - мыс пен қорғасын-мырыш (полиметалл) өндірісі салалары шығарады.
Концентраттағы металдың аз мөлшері (20-30%) мен энергияны аз қажет етуіне байланысты, мыс өндірісінің зауыттары шикізатқа таяу салынады. Мыс қоры Қазақстанның барлық аудандарында бар, ең үлкендері Орталық пен Шығыста орналасқан.
Қазіргі кезде елімізде мыс негізінен Жезқазған мен Балқаштың кен-металлургиялық комбинаттарында (КМК) өндіріледі. Бұл қос кәсіпорнында мыс алудың барлық сатылары бар.
Қорғасын және мырыш өнеркәсібінің ортақ шикізат базасы - полиметалл кендері бар. Ұзақ уақыт бойы олардың қоры жөнінен Шығыс пен Оңтүстік алда болды. Шығыстың кенінде қорғасынға қарағанда мырыш көп. Керісінше, Оңтүстіктің кенінде мырышқа қарағанда, қорғасын көп. Қорғасын, мырыш өнеркәсібінде концентраттың құрамында металл көбірек болады (45-65%).
Біздің мемлекетіміздегі полиметалл өндірісінің басты ауданы - Кенді Алтай. Мұнда 3 ірі орталық бар - Алтай ауданы, Риддер және Өскемен. Олардың арасында өзіндік "еңбек бөлінісі" қалыптасқан. Оны Өскемен СЭС-ның арзан қуатына байланысты орналастырған. Бірақ ол қорғасын өндірісімен құрамдастырылған.
Риддерде қорғасын мен мырыш өнеркәсібінің барлық кезеңдері - кенді өндіруден бастап, металл және қорытпа алуға дейінгі кезеңдер түгел қамтылған.
Еліміздің оңтүстігіндегі полиметалл өнеркәсібінің ірі орталығы - Шымкент. Мұнда да Өскемендегі сияқты "өндірістің жоғарғы қабаттары" жолға қойылған.
Ауыр металдардың зияны
Ауыр металдардың көптеген қосылыстары, әсіресе, тұздары организм үшін зиянды. Олар тағам, су, ауа арқылы ағзаға түскенде ыдырамайды, кейбір органдарды (бүйрек, бауыр, буын, т.б.) жиналып, денсаулыққа қауіп төндіреді. Сондықтан Ауыр металдардың қоршаған ортадағы мөлшері белгіленген шамадан аспауы керек.
|
Достарыңызбен бөлісу: |