Бірінші кезең (XIX ғасырдың екінші жартысы) музыкалық білім беру педагогикасының негізін салушы ғалым-ұстаздардың (А.Н.Карасев, С.И.Миропольский, Д.Н.Зарин, С.Т.Щацкий және т.б.) педагогикалық іс-әрекеттердің белсенділігі және музыкалық тәрбие берудің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін қарастыруға арналған бірқатар музыкалық-педагогикалық еңбектердің жарық көруімен сипатталады.
Музыкалық білім беру педагогикасының проблемаларын, соның ішінде музыкалық тәрбиенің мазмұнын, әдіс-тәсілдерін анықтау ісімен айналушылардың бірі А.Н.Карасев болды. А.Н.Карасевтың «Ән айту әдістемесі»өз кезінде аса танымал еңбектердің бірінен саналған-ды. Әдістемеде ән айтуға үйретудің мақсаты және одан туындайтын нақты міндеттер, ән айтудың тәрбиелік маңызы анықталған. Автордың пікірінше ән айтудың мақсаты – балалардың музыкалық қабілеттерін, сонымен бірге дауыс, сөйлеу, тыныс алу органдарының іс-әрекетін белсендіру және қалыптасқан музыкалық қабілеттері мен іскерліктерін практикада қолдана білуге дағдыландыру. Ол нота сауаттылығын ашу жөнінде де құнды пайымдаулар жасады.
Музыкалық білім беру педагогикасы қалыптасуының алғашқы кезеңіндегі Ресей мен Батыс Европадағы музыкалық тәрбие берудің жағдайы туралы объективті мағлұматтар жинақталған маңызды еңбектердің бірі С.И. Миропольскийдің «Ресей мен Батыс Европадағы музыкалық білім беру туралы» кітабы еді. Автор еңбегінің негізгі мақсаты музыканың тәлім-тәрбиелік маңызын ашу және сол кездемүмкін болып есептелмейтін жалпыға бірдей музыкалық тәрбиені жүзеге асыру жолдарын қарастыру болатын.
XIX ғасырдың соңында музыкалық білім беру педагогикасының қалыптасуына Д.Н. Зарин мен А.Л. Маслов өлшеусіз үлес қосты. Олар өздерінің музыкалық тәжірибесіне сүйене отырып, балалардың музыкамен шұғылдануға деген әуесқойлығын, шығармашылық белсенділігін арттыру негізінде олардың музыкалық қабілеттерін дамытуға болатындығын дәлелдеп берді. Д.Н. Зариннің «Мектепте хормен ән салу әдістемесі» оқу құралында музыкалық қабілеттерді дамытудың бірқатар мәселелері қарастырылған. Оның пайымдауынша балалардың музыкалық белсенділігін арттыру музыкалық қабілеттерді дамытудың негізінде жүзеге асырылуы тиіс. Автордың балаларға белгілі бір мәтінге немесе аяқталмаған музыкалық фразаны жалғастыра әуен шығарып аяқтау, музыкалық қабылдауды әнді орындау және оны импровизациялау негізінде ұйымдастыру музыка сауатын меңгеруде, дыбыстардың қатынасын, қозғалысын бейнелейтін әуендер шығару сияқты ұсынған шығармашылық тапсырмалардың, сонымен қатар музыкалық есту, ырғақты сезіну қабілеттерін дамыту, әнші даусының тәрбиесі, әнді үйрету, репертуар сұрыптау бойынша ұсынған әдістемелерінің практикалық маңызы зор.
Жеке тұлғаның музыка арқылы шығармашылық сапа-қасиеттерін дамыту мәселелері П.Л.Яровскийдің, В.Н.Щацкаяның ізденістерінде көрініс алған.
П.Л.Яровский (1877-1942) – көрнекті музыкатанушы, сазгер, пианист, қоғам қайраткері, өнертану ғылымдарының докторы Мәскеу, Киев консерваторияларының профессоры. Оның бүкіл өмір жолы музыкалық тәлім-тәрбие жұмысын дамытуға арналған. Оның музыкалық-педагогикалық практикасында балалардың музыкалық мүмкіндіктерінің мейлінше ашылуына, шығармашылық қабілеттерін белсенділікпен дамуына ықпалын тигізетін өзіндік әдістемесі осы саладағы ізденушілерге үлкен қызығушылық туғызған еді. Автордың балалардың музыканы қабылдауы, олардың шығармашылық бастауларының көзін ашу міндеттерін жүзеге асыруда есту, сенсомоторлық түйсіктерді белсендіру бойынша ұсыныстары да назар аударарлық және өз заманындағы жаңашылдық болып табылады.
Музыкалық педагогиканың көрнекті өкілдерінің бірі – В.Н.Щацкая. Ол 1965 жылы Мәскеу консерваториясын бітіріп «Детский труд и отдых» балалар клубын басқарды.
В.Н.Щацкая мен С.Т.Щацкийдің «Бодрая жизнь» колониясындағы музыкалық тәрбиені ұйымдастыру тәжірибесі бүгінгі зерттеушілердің назарын өздеріне үнемі аударып келеді. Бұл тәжірибенің ерекше белгілері – ең алдымен сол кезеңде белең алған тәрбиедегі дөрекі жалтырақтық пен жаттандылыққа формализмге тосқауыл бола алатын амал-жолдарды іздестіру еді.
Екінші кезең (XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың бірінші жартысы) ән-күйдің дербес пән ретінде оқытылуына және музыкалық білім мен тәрбие беру әдістемесінің жасалуына байланысты, музыкалық білім беру педагогикасының жаңа ғылым саласы ретінде қалыптаса бастауымен сипатталады. Сол кездегі көрнекті мемлекет қайраткері А.В.Луначарскийдің басшылығымен Халық ағарту комиссариаты жанында арнайы музыкалық бөлім ашылды. Сөйтіп, мектептерде музыкалық білім мен тәрбие мақматы мен міндеттері, талаптары айқындалып, музыкалық білім беру мен тәрбиелеудің жүзеге асыру жолдары қарастырыла бастады. Ән сабағын оқытуға байланысты қойылатын талаптар күшейтіліп, білім мазмұнын сұрыптау қолға алынды, сабақ өткізу әдістемесін жасау және оқу құралдарын дайындау жұмыстары жоспарланды. Ән сабағын жүргізетін мұғалім даярлығы да назардан сырт қалған жоқ.
Мектептегі музыкалық тәлім-тәрбиенің мақсаттары мен мазмұнын анықтау, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселелері қарастырылған Н.Я.Брюсованың, музыка сабағын жобалау, құру мәселелерін талқылауға арналған М.М. Койранскаяның мақалалары да музыкалық білім беру педагогикасы теориясының дамуына айтарлықтай үлес қосқан еңбектер дейге болады.
Ресейде музыкалық педагогиканың дамып қалыптасуына музыкатанушы, сазгер, педагог. ССРО-ның академигі Б.В.Асафьев көп еңбек сіңірді. Ол ірі музыкатану мектебінің негізін салушы ретінде аса танымал ғалым, эстетика, музыка теориясы мен тарихы туралы кітаптардың сондай-ақ мектепте музыкалық тәрбие беру әдістемесі және оны ұйымдастыру проблемалары мен кәсіби-музыкалық білім беру жөніндегі салиқалы мақалалардың авторы.
Б.В.Асафьев өзінің еңбектерінде мектеп оқушыларының музыканы қабылдау қабілетін, музыкалық талғампаздығын дамыту мәселелеріне көп көңіл бөлді. Оның пайымдауынша музыка сабақтарында тек музыкалық шығармаларды тыңдаумен ғана шектелмеу керек, керісінше, олардың музыкалық қабылдау мүмкіндіктерін кеңейту қажет, яғни музыканы практикалық жағынан меңгерту міндеттері қойылуы тиіс.
Б.В.Асафьевтің пікірінше, өнер туындыларының бағасы мен нарқын осы салада аз да болса шығармашылықпен әрекет етіп, соның жемісіне қуанып, шаттана білген адам ғана, байыптай алмақ. Бұдан оның өнермен шұғылданудағы шығармашылық іс-әрекетке ерекше мән бергендігін көреміз.
Музыканы тыңдап қабылдаудың психологиялық аспектілері, соның ішінде «музыкалық ұғым-түсініктер» негізінде музыкалық ойлауды дамыту, музыканы тыңдау барысында адамның белгілі бір сезімге бөленіп, сан қилы психикалық кейіпке түсіп қана қоймай, талдау, жинақтау, салыстыру нәтижесінде музыкалық материалдарды саралау, сұрыптау, баға беру сияқты ойлау процесінің жүріп жатқандығы Б.В.Асафьевтің назарынан сырт қалмаған. Оның музыкалық педагогика саласында қалыптасқан қағидалары сол кезеңде музыкалық тәрбиенің қалыптасуына өлшеусіз зор үлес қосты, әрі болашақта дамуына негіз болды.
Музыкалық білім беру педагогикасының қалыптасуына шешуші роль атқарған бұл кезеңде тек ғылыми-әдістемелік өңдемелердің және музыкалық білім берудің мазмұнын, әдіс-құралдарын, ұйымдастыру формаларын қарастырған ғылыми-әдістемелік еңбектердің жарыққа шығаруларымен бірге, музыкалық білім беру проблемаларын шығармашылықпен, теориялық тұрғыдан ой таразылайтын батыл қадамдар жасалды.
Достарыңызбен бөлісу: |