Абайдың «Алтыншы», «Сегізінші», «Он бірінші» қара сөздері ілім-білімге ұмтылуға бөгет болатын надандық, талапсыздық, жалқаулық мінездерді сынауға арналған. Ол бірлік, тірлік деген сөздердің мәнін аша келіп, «Алтыншы» сөзінде «бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» десе, енді бір жерінде «ырыс алды –тірлік» дейді де, «Ол қандай тірлік?... Жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тіршілік итте бар.... Жанын қорғалатып, жаудан қашып, еріншек атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болды.... Тірлік олар емес, көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адам еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақпас,
Әзір тамақ, әзір ас.
Сыртың пысық, ішің лас,
Артын ойлап ұялмас,-
болып жүріп, тірімін деме, одан да алла жіберген ақ бұйрықты
өлімнің өзі артық »,- дейді.
Ар-ұят, адамгершілік мәселелері «Бесінші», «Он бірінші», «Он сегізінші» сөздерінде әңгіме болады. «Отыз үшінші» сөзінде мал табудың жолдарын өнерден іздеу туралы өсиет айтады. «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі қазақтың әулиесі- сол.... Бірақ өнеріңді бұлдай, бағалай біл »дейді. Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерімен озды. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де- ақымақшылдық » деген қорытынды жасайды.
Достарыңызбен бөлісу: |