Бейнелеу өнері 5 сынып
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: оқушыларға ою - өрнек түрлері туралы толық мағлұмат беру;
Дамытушылық: кәсіби және жылдамдық дағдыларын дамыту, алған білімдерін өз бетінше қолдана білуін қадағалау, эстетикалық талғамын қалыптастыру;
Тәрбиелік: оқушыларды осы өнер түрімен қызықтыру, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке, сұлулықты қабылдау сезімін ояту, эстетикалық талғамдылыққа тәрбиелеу.
Сабақтың әдісі: түсіндіру, сұрақ - жауап, өз бетінше сарамандық жұмыс.
Сабақтық көрнекілігі: үлгілер, дайын ою - өрнек суреттері.
Пәнаралық байланыс: сызу, бейнелеу өнері, тарих.
Сабақтың түрі: аралас.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
• Оқушылардың құрал – жабдықтарын түгендеу;
• Оқушылардың зейіндерін сабаққа аударту.
ІІ. Жаңа сабақты түсіндіру.
Қазақтың тұңғыш суретшісі Ә.Қастеевтең : «Өнерді қайдаң үйрендің?» деп сұрағанда:
«Өнерді таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан,
Апамның киізінен,
Қошқардың мүйізінен үйрендім» дегендей, бүгінгі сабағымыз қазақтың оюларына арналады.
Балалар, сурет салуды жетік үйрену үшін оның заңдылықтары мен әдістемелік жолдарын ғана білу жеткіліксіз. ОЛ үшін талмай ою-өрнек, долбар сурет салып, күн- күнге тәжірибе жинақтап еңбектенуіміз қажет. Сонда ғана шеберлігіміз ұшталып, ойлаған мақсатымызға жетеміз.
Ою-өрнек – қолды жаттықтыруда, суретшінің ой-қиялың шарықтауына таптырмайтын әдіс, тамаша мектеп. Ол жас талапкер суретші қолының икемін, буының әсем қимылдауын, сызықтың әдемі де айшықты сызылуын қалыптастырады.
Суретшінің ойы әрқашан да терең, ұшқыр болғаны маңызды. Көгерен ойшылдыққа тәрбиелейтін өнер – ою.
Қазақтың ою - өрнегінің бірнеше ондаған ғасырлық тарихы бар, атадан балаға, ұрпақтан - ұрпаққа мұра болып, үнемі қолданыста болып, дамып келе жатқан өнер түрі. Оған мысал ретінде «Сырмақ шерткен сыр» аңыз әңгімесін айтуға болады.
«Сырмақ шерткен сыр».
Ертеде бір әділ хан болыпты. Оның жарлығымен қол астындағы халық үй жиһаздарын, киім-кешек, құрал-саймандарын, қару-жарақтарын ою-өрнектеп әдемілеп ұстайтын болған. Сондықтан оны халық Ою хан атапты.Бір жылдары бөтен елдің ханы жаулап алып, Ою ханды зынданға тастапты. Ою ханның орнына хан болып, бұрынғы салт-дәстүрді, ою-өрнекті жойып, жаңаша құрмақ болады. Жаңа дегендерінің бәрі тез ұмыт бола береді. Оған жөн айтқан адамдардың көзін жоя берген. Сондықтан оны халық Жою хан деп атапты.
Бұл кезде Ою хан зынданда жағдайдың бәрін естіп-біліп жатыпты. Бір күні Жою ханның жалғыз ұлы аңға шығады. Жолдағы аңның бәрін түгел қырып, ойына келгенін істеп келе жатырғанда бір үкі мұның бетіне шапшып, екі көзін ойып жібереді. Еш нәрсе көре алмай тентіреп келе жатып, жардан құлап көлге батып өледі. Жою хан баласына іздену салады.
- Кімде-кім баламның өлімін естіртер болса, соның басын аламын,- деп жарлық берген соң ешкімнің батылы бармай.
Мұны естіген Ою хан баланы іздеуге баратынын хабарлайды. Жою хан оны зынданнан шығарып, жолға салады. Ол дәрә-дәрмегін алып орманды аралап келе жатса бір тастың астынан:
-Жойылсын, Жою хан!- деп қиналған дауысты естиді. Тасты көтеріп қараса, жамбасына оқ тиіп, күйреген сұр тышқанды көреді. Оның аяғын таңып, дәрі құйып жөніне жібереді. Осылайша кездескен аң-құстың барлығын емдейді. Ең соңында қанаты сынған үкіні емдеп, «жою ханның баласын көрдіңбе?» деп сұрайды.
- Қытыгез хан баласы жолында кездескен сұр тышқанды, арқарды, бұғыны, жолбарысты жаралап, балықты құрлыққа тастап, қайтып айналып келіп, сойып алмақ болғанда, мен оның екі көзін шығардым. Өйткені бұл аңдардың барлығы Ою хан еккен орманның ең соңғы аңдары еді. Хан баласы қазір көл түбінде өліп жатыр.
Ою хан үйіне келіп, ойланып, оқиғаның желісін сырмақтың бетіне ою түрінде түсіріп, Жою ханға алып келеді. Жою хан сырмақтың оюына қарап отырып, оқиғаны былайша тарқатады.
- Тоқта, мына ою не деп тұр? Балаң екіге бөлінді, жаны рухта, тәні аруаққа айналды деп тұр ма?
- О, жалған! Менің ұлым шынымен өлгені ме? Өлтірем!!!- деп қылышын суырып Ою ханға төнеді. Ою хан саспастан Жою ханның өз жарлығын есіне салады. Ханның екі айтқаны өлгені деп, жарлық бойынша өз басын алады. Ою ханды елжұрты қайта хан көтереді.
Әр оюдың тілі бар деген сөз осыдан қалған.
Ою - өрнек, орнамент (лат. ornamentum – әсемдеу, сәндеу) – әр түрлі заттарды (үй - іші мүліктері, тоқыма бұйымдар, еңбек құралдары, қару - жарақ), архитектуралық ғимараттарды әшекейлеуге арналған, жүйелі ырғақпен қайталанып отыратын әрі үйлесімділікке құрылған өрнек - нақыштар.
Қазақ халқы ою - өрнекті киелі санаған. Қабырғаға ілінген түс киіз, кілем, сырмақтағы кестелерге, өрнектерге зер салып қарасақ, әрбір ою – өрнектің мағынасы бар екенің байқаймыз. Ою – өрнектің мағынасы жайында мынадай аңыз-әңгіме бар.
Баяғыда алысқа ұзатылған қыз артында қалған ауылына кестелеген кішігірім бет орамалды керуеншілерден сәлемдеме ретінде беріп жібереді. Орамалдың бетінде ұшқан құс пен, жаңа бүршік атып келе жатқан гүл бейнеленіпті. Мұны көрген ата-анасы:
-Е, қызымыз әуедегі құстай емін-еркін, жайрандап өмір сүріп жүр екен,-деп мәз болысады.
Бір-екі жыл өткен соң керуеншілер әлгі қыздан тағыда бір бет орамал әкеледі. Онда орамалдың жиегі бүрмеленіп, ортасына түрегеліп тұрған ер адам мен жүресінен отырған әйелдің бейнесі кестеленіпті. Мұны көрген ата-анасы:
-Қызымыз бұрынғы сауық-сайраннан, бас бостандығынан айырылып, торға түскен торғайдай болыпты, күйеуі қатал адам екен, өзінен төмен ұстайтын көрінеді,- деп қынжылыпты.
«қошқар мүйіз» оюы молшылықты меңзейді.
«шеңбер» оюы жарық өмір жолы дегенді білдіреді.
«ирек» оюы адамның өмір жолы, судың белгісі.
«құстұмсық» құс бейнесі халық түсінігінде азаттықтың белгісі.
«ағаш» оюы ынтымақ бірлікті.
Ұлттық ою - өрнектерді төрт топқа жатқызады:
Жан жануарлар тектес ою - өрнектер.
Гүл- жапырақ өсімдік тектес ою- өрнектер.
Космогониялық ою- өрнектер.
Геометриялық ою- өрнектер.
1. Жан жануарлар тектес ою - өрнектер.
Қошқар мүйіз – қазақ оюының ең көне түрі. Сырмақ, текемет, алаша, кілем, киіз былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдарының бәрінде кездеседі.
Сыңар мүйіз – кең тараған ою - өрнек үлгісінің бірі. «Қошқар мүйіздің» тек бір жақ сыңарын ғана бейнелейді. Сырмақ, текемет, киім-кешектердің жиегіне істетіледі.
Түйе табан – түйенің басқан ізіндегі қос табаны сияқты дөңгеленіп келетін, S әріпі тәрізді күрделі өрнек. «Табақша өрнек» деп те аталады.
Түйе өркеш – түйенің қос өркешіне ұқсайтын өрнек. Әшекейленетін заттардың жиектеріне көбірек істетіледі.
Қос қанатты – құстың қос қанатын кең жайып ұшқан бейнесіне ұқсайтын өрнек.
2. Гүл – жапырақ өсімдік тектес ою - өрнектер.
Гүл (жауқазын) – барлық гүлдің бірбеткей бейнесін бейнелейтін өрнек.
Көбелек – қанатын еркін жайып, көсіле ұшқан гүлді көбелектің үлгісіндегі өрнек. Шай дорбаға, аяққаптарға істетіледі.
3. Космогониялық ою - өрнектер.
Жұлдыз – аспандағы жыпырлаған жұлдыздардың натуралы қалпын бейнелейтін және бес жұлдыздың бейнесіне ұқсайтын өрнек.
4. Геометриялық ою - өрнектер.
Ботакөз – сыртқы пішіні ботаның көзіне ұқсап келетін ромбы тәріздес өрнек.
Қарға тұяқ – қарғаның басқан ізінің үлгісіне ұқсатылып жасалған өрнек. Алаша, кілем тоқуда пайдаланылады.
Тұмарша – үшбұрыш үлгілес болып келетін өрнек. Бұйымдардың жиектерін, ортасын көмкеруде кездеседі.
Өрнектерді орналастыру үшін симметрия сақталу керек. Симметрия дегеніміз- ою өрнектің екі жағының тең болуы.
Ою- өрнекте бір элемент қайталанып келсе мұны- ритм дейміз.
Композиция дегеніміз - өрнекті бұйымның бетіне реттеп орналастыру, жүйелеу. Композициялық тұйық өрнектер дегеніміз – шеңбер ішінде, түрлі бұрыштар ішінде орналасқан өрнектер.
Бұйымға салынатын ою- өрнектің бояу түрлерінің бір-бірімен үйлесіп, жарасым табуы- колорит деп аталады.
Мысалы: көк түс- аспанды,жарасу, өмір,өсу деген мағынаны білдіреді, қызыл түс- оттың, күннің белгісі, қара түс- жердің түсі, берекенің белгісі, сары түс- ақыл, парасат, байлықтың белгісі, ақ түс- қуаныштың, бақыттың, тазалықтың белгісі, жасыл түс- жастықтың, көктемнің белгісін білдіреді.
Ою - өрнектерді қолдану.
Қаз мойын – кілемдерге, сырмақтың шетіне салынады.
Қошқар мүйіз – текемет, сырмақтарға салынады.
Толқын – алашаға салынады.
Жауқазын – көйлектерге салынады.
Төрт мүйіз – кілемдердің ортасына салынады.
Гүл мойын – жастықтың тыстарына салынады.
Ботакөз – кілем, төсек жапқыштарға салынады.
ІІІ. Сарамандық жұмыс.
«Өткенді еске алып, ойға толам,
Сұрыптап тезге салып, көп ойланам,
Ой түбіне жете алмай титықтасам,
Қолыма қайшы алып, ою оям», деп Б. Момышұлы атамыз айтқандай біз де келесі сарамандық жұмыс бөліміне көшеміз.
Қошқар мүйіз.
Түрін - ай текеметтің асыл қандай,
Үңілдім үнсіз ғана басымды алмай.
Келе ғой, қошақаным өзіме деп,
Әжем кеп сыйлағандай шашымнан жай.
Күйімді кешсеңдер - ау сол беттегі,
Тұрғандай ана көңіл тербеп мені.
Жан бітіп жайраңдады жан - жағымнан,
Қазақтың қошқар мүйіз өрнектері. ( Ф. Оңғарсынова ).
Оқушыларды топқа болу.
1 топ. Қошқармүйіз.
топ. Қазмойын.
топ. Арқармүйіз.
Әр топ берілген оюын ойып жасайды.
Ұжымдық жұмыс. «Сырлы сырмақ» жасау.
4. Сабақты бекіту.
Оюлар туралы қандай мақал білесіңдер?
Оюды оя алмаған ойланбаған.
Қолөнер - мол өнер.
Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде сызу сыза алмас.
Ою ойсаң ойланып,
Өсер сенің өрісің.
Ою ойғанның ойы ұшқыр.
Үйге тапсырма: Кәдесыйлық сандықшаға ою өрнектерді көркемдеу.
Достарыңызбен бөлісу: |