Қазақ тілі пәні бойынша 9-сынып оқушысының өзіндік жұмысының жоспары
I тоқсан
Сабақтың нөмірі: 2
Бөлім: Мәңгілік Ел – мұратым. Стилистика
Сабақтың тақырыбы: Мәңгілік Ел құндылықтары
Мақсаты: 9.1.2.1 қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми тақырыптарға байланысты әртүрлі жанрдағы кең көлемді мәтіндердегі (Жолдау) мақсатты аудитория мен көркемдегіш құралдардың рөлін талдау.
9.3.2.1 мақсатты аудиторияның қызығушылығын ынталандыру үшін әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыру.
2. Қысқаша тезисті конспект
1) Қымбатты отандастар!
Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз!
Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы.
Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды.
Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі.
Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.
Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.
Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.
Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.
Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік.
Жаңа Қазақстандық Патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр.
Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Қазақстан халқы Ассамблеясына «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысымен бірлесіп, «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін әзірлеп, қабылдауды ұйымдастыруды тапсырамын.
Біз өз халқымыздың игілігі жолында ұлы мақсаттарды алға қоямыз, сондықтан мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барша қазақстандықтарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырамын!
Әсіресе, жастарымызға мынаны айтамын. Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсысыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар. Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар!
(Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан. Астана, 2014 жылғы 17 қаңтар)
2) Әдеби тіл нормалары
Морфологиялық принцип
Морфологиялық принцип – морфемалардың (сөз бен қосымша) құрамында болатын дыбыс алмасуларын ескермей, сөздің морфологиялық құрамын, бастапқы қалпын сақтап жазу. Мысалы, жамбады, жаңғанда түрінде айтылатын сөз формаларына ортақ түбір – жан, сондықтан жанбады, жанғанда деп жазылады. Ас жазса, жазшы сөздері айтуда жасса, жашшы болып естілгенімен, жазуда ескерілмейді, бастапқы қалпы сақталып жазылады.
|
Сілтеме: 9-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы, «Арман-ПВ» баспасы, 2019ж., https://www.akorda.kz.
Оқушыларға арналған тапсырмалар
1-тапсырма. Елбасының жастарға артқан сенімін анықтап, мәтіндегі жеті құндылықтың қайсын жедел дамытатыныңды дәлелдеп, өздеріңнің қоғамға қосар қандай үлестерің бар екенін айтып, мәтін жазыңдар.
2-тапсырма. 10-беттегі оқылым мәтінінен морфологиялық принцип бойынша жазылған сөздерді анықтап, айтылуындағы өзгерістерді кестеге толтырыңдар.
3-тапсырма. 11-беттегі 9-тапсырманың бірін орындаңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |