Сабақтың тақырыбы: 2 саны және цифры
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: сан және цифр жайында түсінік қалыптастыру. 2 санының жасалуын, оқылуын, жазылуын үйрету. Сантиметр көмегімен кесіндінің ұзындығын өлшеу жайында түсінік қалыптастыру.
Дамытушылық: есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту. Цифрларды жазу дағдысын қалыптастыру. Өлшеп, салыстыруға,заттарды белгілеріне қарай топтарға бөлуге дағдыландыру.
Тәрбиелік: мейірімділік, адамгершілік қасиеттерге тәрбиелеу. Таза, әдемі жазуға тәрбиелеу.
Сабақтың типі: жаңа білімді меңгерту сабағы.
Сабақтың түрі: ертегі сабақ.
Сабақтың көрнекіліктері: қалталы полотно, кеспе цифрлар, ертегі кейіпкерлерінің суреттері, цифрлардың жазылу үлгісі, ойынға қажетті фигуралар.
Сабақ жоспары:
Ұйымдастыру.
Ауызша есептеу.
Жаңа тақырыпты түсіндіру.
Кітаппен жұмыс.
Дәптермен жұмыс.
Қорытынды.
Сабақ барысы:
- Сәлеметсіңдер ме, балалар!
Балалар, бүгін біз ауызша есептеуді ойын түрінде өткіземіз.
«Қандай пішін жетіспейді?» ойыны.
Мақсаты: Геометриялық пішіндерді атай білуге үйрету,түстерді ажыратуға жаттықтыру; ойлау қабілеттерін, қабылдау, ес, зейін процесстерін дамыту. Қай пішін жетіспейтінін тапқызу.
Көрнекілік: Геометриялық пішіндер.
Барысы: Тақтаға геометриялық пішіндер қойылады. Балаларға көздеріңді жұмыңдар деп, бір пішінді алып тастаймын. Балалар қай пішін жетіспейтінін табады.
Балалар, ағашта 1 торғай отыр еді. Ағашқа тағы 1 торғай келіп қонды. Енді ағашта неше торғай қонып отыр? Иә, дұрыс 2 торғай қонып отыр. Ендеше, балалар бүгін біз 2 санымен танысамыз(тақтаға 2 санының баспа түрін ілемін). Мынау 2 санының баспа түрі. 2 саны 1-ден тікелей кейін тұратын сан. 2 саны 1 және 1 санынан жасалады.
Полотноның 1 қатарына 2 алманың суретін саламын, суреттердің астына сәйкес цифрларды саламын. Содан кейін 2 саны 1 санынан артық, ал 1 саны 2 санынан кем екенін айтамын, > < таңбасын қоямын. Кем таңбасын жазған кезде бұрыштың төбесі әруақытта кіші санға қарап тұратынын айтамын.
Балалар, мына тіктөртбұрыштың ұзындығы 1 см оған тура осындай тіктөртбұрышты қоссақ неше см болады? Дұрыс айтасыңдар 2 см. Ендеше 2 см 1 см-ден артық.
Балалар, орманда бір түлкі қатты ауырып қалыпты. Оны сиқыр жасайтын қоян ғана емдей алады екен. Түлкі сол қоянды іздеп, ем сұрап келсе, қоян оған шарт қойыпты: егер сен 32 беттегі барлық тапсырманы дұрыс орындасаң ғана сені емдеймін депті. Түлкі тапсырмаларды орындай алмай дал болып отыр, оған біздің көмегіміз керек. Балалар, көмектесеміз бе?
Онда кітаптың 32-бетін ашайық. Белсенді қатысқан оқушыларға жұлдызшалар беремін.
1-тапсырма: әңгіме құрастыр.
Балалар, суретте не көріп тұрсыңдар?
Құстар не істеп жатыр?
2-тапсырма: өлше, салыстыр.
Қане 1-кесінді неше см? 2-кесінді неше см?
Кім тақтаға шығып салыстырады?
3-тапсырма: топтарға бөл.
Суретте нелер бейнеленген?
Неше топқа бөлеміз?
Ендеше, жәндіктерді бір топқа, өсімдіктерді бір топқа бөлеміз.
4-тапсырма: толықтыр.
Алма мен алмұрт бір шеңбердің ішінде, оларды 2 шеңбердің ішіне орналастырамыз.
Үшбұрыш пен дөңгелек бір шеңбердің ішінде, оларды 2 шеңбердің ішіне орналастырамыз.
Сәуле мен қисық сызық 2 шеңбердің ішінде, оларды 1 шеңбердің ішіне орналастырамыз.
Түлкі мен қоян 2 шеңбердің ішінде, оларды 1 шеңбердің ішіне орналастырамыз.
Жарайсыңдар балалар, сендер барлық тапсырманы дұрыс орындадыңдар. Қоян түлкіні емдейтін болды. Түлкі сендерге үлкен алғысын білдіреді.
Ал, енді дәптерімізді ашып 2 цифрын жазып үйренейік.
2 цифры ілгіштен және толқынды сызықтан тұрады, үзіліссіз жазылады.
Ілгішін тордың жоғары қабырғасының ортасынан сәл төменіректеу бастап, сызықты жоғары қарай жүргізеді де, оны оң жақ жоғары бұрышта иеді және тордың төменгі қабырғасының ортасына дейін көлбеу штрих жүргізеді. Қаламды қағаздан ажыратпай, тордың төменгі қабырғасын бойлай, оның төменгі бұрышына қарай толқынды сызық жүргізеді.
Дәптермен жұмыс жасап болсақ, сабағымызды қорытындылайық:
Бүгін біз қандай санмен таныстық?
Барлықтарың тақырыпты түсіндіңдер ме?
Сабағымыз аяқталды, сауболыңдар балалар.
Достарыңызбен бөлісу: |