Байқадамов Бақытжан Қазақстанда көп дауысты хор музыкасы жанрын қалыптастыруда ерекше еңбек етті.
“Жайлауға”, “Біз бейбітшілік үшін”, т.б. хорға арналған сюиталар, вокалдық композициялар, хорға арналған көлемді поэмалар (“Қыз арманы”, “Айтыс”, “Еңбек жемісі”) жазды. Физика, математика, музыка теориясы саласындағы білімін ұлттық музыка аспаптарын жетілдіру мақсатына пайдаланып, домбыраның үнділігін арттыратын жаңа өлшемдер жасап шықты. Көпшілікке танымал болған “Айгүл” ансамблін ұйымдастырып, эстрадалық жанрдың дамуына да ат салысты. Қазақ мемлекеттік хор капелласы Байқадамов Бақытжан есімімен аталады (1997).[2]
Бақытжан Байқадамов 1917 жылы 24 наурызда Торғай өңірінде дүниеге келді. Әкесі Байқадам Қаралдин мен анасы Үрзипа да өз заманының оқыған, еті тірі, мекен еткен аймақтың саяси әлеуметтік өміріне белсене қатысқан белгілі адамдар болуымен бірге айналасына танымал көзі ашық, ән-күйге жақын өнерлі жандар болған. Олар қазақ даласына жеткен жаңалық хабарды бар бітім болмысымен толық қабылдап, елі мен халқы үшін жаңа, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты заман келді деген ниетпен
дүниеге келген ұлының атын Бақытжан қойса керек. Бақытжанның шығармашыл тұлға болып өсіп жетілуіне, өнерге құштар болуына өскен ортасының ықпалы зор болды.
Сондықтан талантты жас өзге математика саласында жолы болса да өнер құдіреті оны өзінен алысқа жіберген жоқ. Бұл жайлы әпкесі Данабике алғашында білместікпен болған қадамдарға барғанын мойндайды. Әу бастан өнерге, музыкаға жаны құштар Бақытжан КазПИ дің математика факультетіне оқуға түсті. Сырт қарағанға бұл сольфеджио, гармония, композициямен айналысуға тиісті алтын уақытын босқа сарп етумен бірдей орны толмас қателік болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, бұл жылдар Бақытжан үшін өз бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін жан-жақты дамытып бар қырынан қайраткер болып көрінуге жол ашқан кез. Асыл тас су түбінде жата бермей түбінде су бетіне шығатыны секілді Бақытжанның бойындағы таланты өнерге деген құштарлығы жүрген жерінің бәрінде көзге алыстан көрініп отырады. Ол оқыған, жұмыс істеген, жүрген жерде көркемөнерпаздар ансамбльдерін, оркестрлерін, драма үйірмелерін ұйымдастырып оларды бұдан бұрын өзі аяққа тұрғызған өзге үйірмемен бәйгеге қосып ұдайы алға қарай қозғалыс үстінде көрінеді.
Композитор ән жанрында құлаштай қалам тартып халықтың көңілінен шыққан талай тамаша туындыларды дүниеге алып келді. Көпшілік ән жанры халық арасында кеңінен тараған өнердің саласы болды. Жаңа өмір құрушылардың салтанатын жырға қосқан жас ұрпақ кеңінен игеріп жатқан жарқын болашақ өмірді кеңінен жырлайды. Әпкесінің “Көп жылға шейін ән Бақытжанның сыртына теуіп шыға алмаған дерті еді. Жұрт танып, көптің көзіне түсе бастағанда, айыққан науқастай түлеп сала берді” /73 бет./ деген інде үлкен мән бар. Сонау 1938 жылы алғаш рет ел құлағына жағымды, жүрегіне жылы тиген «Айгөлек» әнінен кейін көпшіліктің аузынан түспейтін талай тамаша әндер легі Б.Байқадамовтың атын жаңа өмірді жырлаушы композиторы ретінде халқына паш етті. Өзі ұйымдастырған оқушы–студенттер көркемөнерпаздар ұжымдарымен жұмыс істеу барысында пайда болған балалар мен жасөспірімдерге арналған әндер топтамасы Б.Байқадамовты қазақ композиторларының ішінен алғашқылардың бірі болып балалар репертуарына арналған әндер жазған композитор етіп шығарды. Оның «Біз отанның бөбегі», «Пионерлер әні» т.б. әндері республика көлемінде баралар әндерінің репертуарынан тұрақты орын алды және жас Бақытжанның «екінші тынысы ашылып» халқына әнші композитор ретінде таныла бастады.
Музыка жазуды кәсіби тұрғыдан кімнен үйренді? деген мәселеге келетін болсақ Бақытжан алғашында бетінше жазған шығармаларыменлыққа кеңінен танылды. Мектеп оқушылары, студент жастар хоры мен ансамбльдері Бақытжанның әуезді де жігерлі әндерін жиі орындай бастады. 1939 жылы Қазақстан Композиторлар одағы жанынан әуесқой мелодистердің курсы ашылып белгілі музыка маманы Е.Брусиловский музыка жазуды армандаған талапты жастарға композициядан сабақ бере бастайды. Осы курстың белді мүшесі Бақытжанның бойындағы талантты көре білген ұстазы оның болашағынан үлкен үміт күтіп Ұлы Отан соғысы басталған кезде оны майданнан алып қалуға себепкер болады. Ал, соғыс кезінде Е.Брусиловскийдің ақыл кеңесі бойынша Алматыға эвакуациямен келген Киев консерваториясының танымал профессорлары ерлі зайыпты Скорульскийден музыка негіздерін, сольфеджио, гармония, полифониядан жүйелі түрде дәріс алады. Композитордың өзі ұстазы туралы жазған еске алуында: ”Алғашқы сабақтан бастап Скорульский органдық пункттарды қолдануға айырықша мән берді. Гармония заңдылықтарын талдау әрқашан творчестволық тәжірибемен, қазақ музыкасының ұлттық ерекшеліктерімен қабыстыра байланыстырды. Михаил Адамович үнемі қазақ әндерін шырқауымды, олардың әуенін жазып, гармонизацияның ладтық ерекшеліктеріне сәйкестендіруімді өтінетін. Гармонияны өтудің мұндай әдісі халық әндерін өңдеу шеберлігін тез меңгеруіме, шағын формадағы музыканы өз бетіммен шығару жұмысына кірісуіме ықпал жасады ” дейді. Арнайы орта білімін осылай алған Бақытжан Алматыда құрылған консерваторияға Е.Брусиловскийдің композиция класына түсіп оны 1954 жылы табысты аяқтауға мүмкіндік алды.
Б.Байқадамов шығармашылығы негізінен ән-хор жанрында кең қанат жайды. Қазақ кәсіби музыкасындағы осы саланың қалыптасу және даму жолы, композиторлардың шығармашылығы екі екі бастау көзден нәр алып бір үлкен арнаға құйылды.
Біріншісі, өзге ұлттан шығып қазақ музыка өнерін дамытуға үлес қосқан қазақ музыкасының жанашыр жинаушылары мен өңдеуші композиторлар шоғыры. Олар қазақтың ауызша айтылып ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген музыкалық мұраларын жинап, нотаға түсіріп, кәсіби музыкалық өнерін қалыптастырып қанат жаюына зор үлес қосқанын тұлғалар. Бүгінгі ұрпақ зор ілтипатпен ауызға алар: А.Затаеевич С.Шабельский, И.Коцык, Б.Ерзакович, Д.Мацуцин және Е.Брусиловскийлердің кәсіби ұлт музыкалық мәдениетінің қалыптасу кезеңінде атқарған жұмыстары ұшан-теңіз. Ұстазы Е.Брусиловскийдің өзі солардың ішінде бір төбе болып қазақ опера өнерінің атасы, көптеген кәсіби музыкалық өнер жанрларының бастауында, қазақ композиторлық мектебінің көш басшысы болғаны белгілі. Міне сол музыка қайраткерлерінің ортасынан ерте көктемде тау бөктерінде қардың астынан бүр жаратын бәйшешек гүлі секілді ұлттық кадрлардың өсіп жетілуі, туған топырақтың төл ұландары қайталанбас қазақи үні аңқыған әсем әуендерімен өзінше бір төбе болып көрінуі екінші саланы құрайды. А.Жұбанов, Л.Хамиди, М.Төлебаев, т.б. әр қайсысы өзінше жеке дара әңгіме тақырыбына айналады. Осындай алғашқы тамаша талантты композиторлар қатарына отызыншы жылдардың аяғында жастардың сүйіп айтатын талай тамаша әнімен орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып жүріп қосылған Б.Байқадамов келе-келе өз өмірін музыкасыз елестете алмайтындай халге жетіп, қалған ғұмырын толығымен музыкаға арнады.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев өзінің ақындық лабараториясына зер салып: “… Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын” — деп жырлаған болатын. Осы өлең жолдарын музыка саласына аударар болсақ, күпі киген қазақтың музыкалық мұраларын, ғасырлар бойына халықтың жадында қатталып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келген ән-күйі мен саз-жырын, сазгерлік үрдістерін кәсіби тұрғыда жазып, зерттеп, өңдеп, шығарып, өз тыңдаушысына зерлі шекпенмен жарқырата қайтарған композиторлардың бірегейі де осы Б.Байқадамов деп білеміз. Композитор көпшілікке арналған ән мен хор шығармаларын халықтың тұнық бұлағының бастау көзінен суырып ала отырып әрлеп, әспеттеп халықтың өзіне құлақ құрышы қанатын, көз тоймайтын сәуле шашқан қырларымен қайтара алды.
Б.Байқадамовтың қазақ композиторларының ішінен хор ұжымына арнап көптеген шығармалар жазуына, халық әндерін өңдеуіне, өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленер туындылар әкелуінің өзіндік себебі болды. Ол композитор бойындағы өнерге, шығармашылықпен айналысуға деген ізденістен болатын, бойына туа біткен ұйымдастырушылық қабілеті. КазПИдің математика факультетінде оқи жүріп алғашқы курстан бастап қоғамдық жұмысқа белсене араласып өз заманына сай алдыңғы қатарлы студенттердің көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып тәрбиелеуге қол жеткізеді. Осындай тынымсыз еңбек республикадаға іргелі өнер ұжымдарының қатарына жататын бүгінде өзінің атымен аталатын академиялық хор капелласын дүниеге алып келді. Осы ұжыммен біте қайнасқан композитор шығармашылығы ұжымның ұлттық репертуалық саясатын дұрыс жолға қоюға жақсы мүмкіндіктер жасады. Хор жанры Қазақстанда кәсіби өнердің елеулі саласы болып қалыптасуына, ұлттық бояу бедермен дамуына Б.Байқадамовтың еңбегі өлшеусіз зор болды. Қазақ халқының, халық композиторларының шығармаларын жоғары кәсіби деңгейде ұлттық бояуын жоғалтпай көп дауысты аралас хорға өңдеуі, оған тыңдарманның көңіліне қонарлықтай етіп дауыстардың ерекшеліктеріне сай өлшеммен бөліп бере білуі бұл саланың республикада өркендеп өсуіне даңғыл жол ашты. Ол өзінен кейінгі жас композиторлар шығармашылығына қозғау салып көп дауысты хорға арналған жаңа туындылардың көптеп жазылуына мұрындық болды.
Әр жылдары: Қазақ радиосының хорын, филармонияда Қазақтың мемлекеттік әйелдер ансамблін, Мемлекеттік хор капелласын, Мемлекеттік ән-би ансамблін, қыздардың «Айгүл» вокалды аспаптық ансамблдерінің алғашқы ұйымдастырушысы, көркемдік жетекшісі бола жүріп өзінің өзегін жарып шыққан осы ұжымдарының репертуарлық саясатын қалыптаструға білек сыбана кірісіп талай тамаша туындыларды дүниеге әкелді.
Композитордың хор капелласына арнап өңдеп жазған: “Қара торғай”, «Балқурай», «Жаяу Мұса», «Ғайни», «Бір бала-ай», «Ақ маңдайлым», «Ахау Семей», «Харарау», «Қыздар-ай», «Майра», «Он алты қыз», «Жариям-айдай», «Жеңеше», «Елигай», «Молдабай», «Құдаша», «Той базары», «Сәулем-ай», «Кәмила», «Балқадиша» т.б. халық әндері мен халық композиторларының әндері іргелі ұжымның күні бүгінге дейін репертуарынан кеңінен орын алған толымды шығармалар.
Оның: “Менің папам” “Бейбітшілік үшін”, “Ән шырқайық жаңаша!” т.б. бірнеше бөлімдерден тұратын сюиталары, 4 бөлімнен тұратын “Көктем мерекесі” поэмасының қайсысын алмаңыз уақыт тынысын, елінің тұрмыс тіршілігін шынайы көрсететін шеберлікпен жазылған жекеленген шығарамлар болатын.
Сонымен бірге өзінің жеке туындылары да капелла репертуарына негіз болып: “Жар-жар біздің жаңаша”, “Айгөлек”, “Су тасушы қыз”, “Почташы қыз”, “Көкек”, “Жайлау”, “Біз отанды сүйеміз”, “Би күйі”, “Әліби Жангелдин туралы жыр”, “Комсомолдар жыры” т.б. атты аралас хорға арналған туындылары репертуар көркіне айналды.
Мемлекеттік ән-би ансамбліне арнап жазылған “Сәлем Москва”, “Декадаға шашу”, “Қазақ Магниткасының маршы”, “Қазақ фестивалі”, “Жас құрлысшылар жыры”, “Жар-жар біздің тамаша”, “Гүлістан — менің астанам” т.б. ән мен бидің араласа орындалуы арқылы сахнадан мерекелік көңіл күйді салтанатпен әспеттеген музыкалық композициялар көрерменнің көзайымы болатын.
1957 жылы Мәскеу қаласында өткен Дүниежүзілік студент жастардың VI фестивалінде қазақ музыкалық мәдениетін зор биікке көтерген “Саяхатта” вокалды-хореографиялық композициясы композитор Б.Байқадамовтың ерекше шығармашылық табысы болатын. Бірнеше өнер ұжымдарын артқа тастап қазақстандық өнер ұжымы фестивалдің лауреаты атанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталып “Алтын медаль” алады. Бұл композитордың ұлттық рухта, қазақ даласының лебі, тыныс-тіршілігі аңқыған өзіндік қолтаңбасының қайталанбас қырларымен айшықталған мақтан етуге тұрарлық шығармаларының бірі болатын.
Б.Байқадамов қазақ кәсіби музыка өнері пайда болып, жаңа жанрлардың қалыптасу кезінде өмір сүрді. Академик А.Жұбановтың талмай ізденістері мен ұйымдастыруы арқасында ұлттық аспаптарымыз домбыра мен қобыз т.б. жетіліп бүгінгі заманауи дауысына ие болды. Бұл бастаманы жалғастырып, ұлттық үн мен бояу, дыбыстар үндестігін қалыптасқан дәстүрден алшақтатпауға күш сала кәсіби түрде іздеген Б.Байқадамов болатын. Ол, Құрманғазы атындағы консерваторияның жанынан ашылған Музыкалық экспериментальдық шеберхананың ғылыми жетекшісі бола жүріп өзінің алғашқы математика саласынан алған білімі мен тәжірибесін қолдана отырып “Музыкалық акустикалық заңдар негізінде лад проблемасын шешу” ғылыми-зерттеу жұмымсымен айналысады. Әрине, барлық ұлттардың өзіндік келбетін бір ізділікке салуға, сөйтіп кеңестік көп ұлттың ерекшеліктерін аға халықтың түсінік-танымына сәйкестендіруге бағыт ұстанған елде мұндай ғылыми жұмысқа жетекші болатын маман таба алмай қынжылған кездері көп болыпты. “-Қазақ әндерінің әрін кетіретін, бөтен ғып тұратын осы әдіс үлгіні өзгерту керек, -деп қынжылатын. Мелодиясын қоспай тартайын, гармониясын жеке тыңдаңызшы! – деп тартып көрсетіп, — қазақтың әуеніне үндес емес, мүлде бөгде, өгей ғып тұрғанын аңғардыңыз ғой? Аңғарсаңыз, мен гармонияның ұлттық акустикасы бұрмаланбайтын, колориті тектес жасалу кілтін таптым, — деп қуанатын” дейді . Ұлттық нақышта жазылған шығармалары халықтың кұлағына тиісімен көкейіне қонып, жадында тез сақталатын композитор туындылары бірінші кезекте халық қалыптастырған дәстүрлі музыканың негізіне арқа сүйегендігінен болса керек. Өкініштісі, осы саладағы ғылыми-зерттеу ізденістерінің аяқталмай қалғандығы. Өз халқының дәстүрінен, әуезді дыбыстар әлемінен қол үзіп қағынан жеріген кейбір “жас композиторлардың” дүдәмал музыкасын тыңдағанда, еріксіз Б.Байқадамовтың ізденістерін еске аласың.
Қазақ ССР Мемлекеттік филармониясының музыкалық көркемдік бөлігін, мемлекеттік ән-би ансамблінің композитор-консультанты, хор капелласына арнап жазылған т.б. шығармалары 1958 жылы Мәскеу қаласында өткізілген екінші декаданың концерттік сахнасының гүлі болды. Хор капелласының, ән-би ансамбльінің, барлық өнер мерекесіне қатысушылардың орындауындағы Бақытжан Байқадамовтың композициялары ұлттық өнерімізді жарқырата көрсеткен тамаша сәттері болды. Композитордың ұлт аспаптар оркестрі мен өзге де домбыра, қобыз секілді жеке аспаптарға арнап жазған шығармалары халық арасында кеңінен тарады. Оның: “Жаңа күй”, “Шық, би билеп!”, “Қуанамын тірлікке”, “Дауыл”, “Жастар күйі”, “Жастық”, “Той”, “Көбелек”, “Қара жорға”, “Шашу”, “Кілемші биі”, “Би күйі” секілді аспаптық орындауға арналған шығармалары халық орындаушылары арасында құлаққа сіңісті әсем әуезділігімен кеңінен тарады.
Домбыра аспабына арналған күйді аспаптық орындауға /симфониялық, ұлт аспаптар оркестріне, аспаптық ансамбльдерге/ арнап өңдеу алғашқы кәсіби композиторлар шығармашылығында кездеседі. Алайда күйді көп дауысты хорға арнап өңдеу бұл композиторлардың алдында шешімін күтіп тұрған мәселе болатын. А.Жұбанов, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, М.Сағатов, Б.Аманжолов т.б. композиторлар да бұл салада толымды шығармалар өңдеп хор ұжымдарының репертуарын байытты. А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» атты радио кейін үш актілі толық операсының жекеленген сахналары тұтастай Құрманғазының күйлері негіз болған. Алайда, Бақытжан Байқадамов бұл салада күй табиғатының аспаптық дыбысталуын өзгертпей өңдеу барысында аспаптық сүйемелдеу элементімен адам дауысының мүмкіндіктерін сәтті үйлестірген біріншілердің қатарында өзіндік қолтаңбасымен жаңаша із қалдырған болатын.
Композитор өмірінің соңғы кезеңінде қазақ музыкасының алыбы Құрманғазы шығармашылығымен тығыз қарым-қатынас орнатып күйлерді хорға өңдеуді бастайды. «Дала Моцарты» атанған — Құрманғазының домбыра аспабына жазылған күйлерін хорға арнап а capella өңдеулерін композитордың айтулы жеңісі деп атауға болады. Домбыра аспапбының мүмкіндігін зерттеу барысында дүниеге келген хорға өңделген күйлер композитор шығармашылығының өзіндік жаңа белесі болатын. «Айжан қыз», «Ақбай», «Ақсақ киік», «Келіншек», «Шалқыма» шығармаларының қайсысы болмасын Б.Байқадамовтың көп дауысты хорға арнап соны үлгіде өңдеген, бұрын байқалмаған жаңаша қырларымен сахнаға жол тартты. Терең философиялық тұрғыда толғаныспен берілетін «Ақсақ киік», «Ақбай» күйлерінің әлемі хор ұжымының көп дауысты фактурасы мен бояуын орнымен қолдану арқасында тыңдарманға берер әсері мол, аспаптық түпнұсқа күйден бөлектеніп өз бетінше аяқталған жеке шығармаларға айналды.
Халқымыз тарихында кеңестік дәуір аталатын күрделі кезеңде өмір сүріп, сүйікті отанына, халқына барлық болмыс-бітімімен еңбек еткен Бақытжан Байқадамов шығармашылығының орны біз үшін ерекше. Оның шығармалары отаны мен халқын сүйген әрбір азаматтың қуанышы мен қайғысын, жеңісі мен нәубетті күндерін жырлай отырып өзіндік рухы биік оптимизммен өрнектеледі. Композитордың Ілия Жақановпен болған соңғы сұхбаттарында “Әр әнім — өмірімнің әр сәті. Әр әнімнің мақсаты, арқалайтын жүгі, атқаратын міндеті бар. Менің бар қаракетім, ойым, арманым сол әндерде” деген ойынан композитордың өз шығармашылығына деген пікірін көреміз. Шынында да Б.Байқадамов аумалы-төкпелі кезеңнің барлық сәттерін музыкамен, соның ішінде әнімен өмірін сабақтай отырып өмірін әсем әнге айналдырған, мазмұнды ғұмыр кешкен халқымыздың талантты ұлы.
Студеттер үшін сұрақтар:
1. « Күпі киген қазақтың қара өлеңін....» (жалғастыр), Б.Байқадамовпен байланыстыр.
2. Қандай музыкалық шығармаларды өңдеді?
3. Ұлт аспаптар оркестріне арнап қандай шығармалар жазды ?
4. Б.Байқадамов қандай ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысты?
5. Қандай күйлерді хорға арнап өңдеді?
6. Қандай өнер ұжымын құрды?
Музыка тыңдау:
Б.Байқадамовтың әндерін тыңдау, тыңдаған шығарманы жазу
Достарыңызбен бөлісу: |