Өзін-өзі тану сабағы - 2 сынып, Жусупова Г.К.
Сабақтың тақырыбы: Еңбек – бәрін жеңбек Мақсаты: «Еңбек» адамгершілік құндылығы туралы түсініктерін кеңейту. Сабақтың міндеттері: еңбектің адам өміріндегі мәні туралы түсінік беру; еңбек етуге, өнерге қызығушылықтарын, сүйіспеншіліктерін арттыру; еңбексүйгіштікке, өнерпаздыққа, өнерді, сұлулықты сүюге тәрбиелеу. Көрнекі құралдар: Сара Назарбаева туралы бейнефильм, фотосуреттері, үнтаспа, сюжетті суреттер, жеміс ағаштары, «Қайдан келдің бауырсақ?» өлеңі бойынша сахналауға арналған құралдар, презентациялар, түрлі-түсті суреттер, жүрекшелер.
Амандасу: Біз әдепті баламыз,
Айтқан тілді аламыз
Қонақтарды көргенде
Сәлеметсіздер ме! – деп
Сәлемдесіп аламыз. Мұғалім сөзі: Балалар, мен сендерді бүгінгі сабақта көргеніме қуаныштымын. Сендердің күлімдеген жүздеріңді көріп сүйсініп тұрмын. Бүгін біздің сабағымыз аптаның алғашқы күнінде яғни, дүйсенбі күні өтіп жатыр. Сондықтан сабағымыз сәтті өтсін деп тілейік. Мен барлығыңды жылулық шеңбері – шаттық шеңберіне шақырамын. Шаттық шеңбері
Оқушылар: Мұғаліммен бірге шеңбер құрып mұpaды, сәлемдеседі, ән айтады:
Болайықшы осындай
Жақсы бала еңбекшіл
Ер азамат болады.
Қиындықты жеңіп кіл,
Құшағы гүлге толады.
Қайырмасы:
Еңбекшіл осындай, Болайықшы, досым-ай.
Таза бала мұнтаздай,
Сүйсінеді қараған, Ұқыпты деп бұл қандай,
Жақсы көрер бар адам.
Әңгімелесу : Сабақтың тақырыбымен таныстыру мақсатында әңгімелесу.
• Еңбек адамға не үшін қажет деп ойлайсыңдар?
• Еңбекқор деп қандай адамды айтамыз?
• Өздерің еңбектің қай түрлерімен айналысқанды ұнатасыңдар?
• Адамға өмір сүру үшін ең алдымен не қажет деп ойлайсыңдар?
Балалардың жауаптары.- Дұрыс айтасыңдар! Ауа, су, тағам. Ауа, су - табиғаттың адамға берген сыйы. Ал тағам дегенде бірден еске түсетіні - нан. Нан еңбекпен келеді. Осы тағамнан басқа да адамның өмір сүруіне қажетті киім, білім, үй, оның ішін қажетті заттармен толтыру, денсаулығын сақтау бәрі, бәрі, бәрі де еңбекпен келеді. Өзін - өзі тану пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге ұсыныс жасап, осы жолда аянбай еңбек еткен еңбекқор жан Сара Алпысқызы Назарбаева жайлы фотосуреттер және бейнефильм көрсетіледі.
Тапсырма :Мұғалім оқулықта берілген суреттерге қарап, еңбектің түрлерін анықтау үшін балаларға тапсырма береді.
Мәтінмен жұмыс. М ұғалім еңбектің маңызын түсіндіру үшін оқулықта берілген Б. Әділовтің «Еңбексіз өмір - сүреңсіз» деген мысал әңгімесін оқып береді. Балалар сұрақ бойынша өз ойларын айтады.
«Еңбексіз өмір – сүреңсіз» Б.Әділов . Мысал әңгіме
Қара пышақ дүкеннен шығып, ас үйге келген соң тыным таппады. Нан турады, пияз аршыды, әйтеуір тамақ дайындалып, ас қамдалса, қолдан түспейтін болды. Ол жалқау еді. Бала кезіндегі «шалқайып жатсам» деген арманы есіне түсіп, жылап та алатын. Бір күні қара пышақ ауыр еңбектен қүтылудың оңай жолын тапты. Иесінің көзін ала беріп, еденнің жырығына қойды да кетті. «Болды, - деді ол қуанып. - Енді еңбекті желкемнің шұңқыры көрсін! ...
Ай өтті, жыл өтті. Қара пышақ орнынан қозғалған жоқ. Онын қайда жатқанын ешкім білмейтін еді.Бір күні:
- Әй туысқан, - деген дауысқа елең етіп қараса, еденнің жарығынан жылтылдаған көз сығалап қарап тұр екен. Бірден таныды, баяғы өзімен бірге жасалған Сары пышақ. Өзі өте көңілді, жүзі жарқ-жұрқ етеді. Сұлуланып кетіпті.
- Төмен секір, - деді Қара пышақ. - Бірге жатайық. БІЗДІ ешкім білмейді.
- Ол жерде не бар?
- Жатамыз, ұйықтаймыз, демаламыз. Ой, қандай рақат!
- Ал жұмысты кім істейді?
- Жұмыс бізсіз де істеледі. .
- Рақмет! - деді Сары пышақ. - Еңбектен қашқанша, тер төгіп өлгенім артық. Еңбексіз өмір - сүреңсіз. Өзің-ақ жата бер, рақатыңа бата бер.
Қара пышақ орнынан тұрайын деп еді, тұра алмады. Өне бойын тот басқан. Барлық жері сынып бара жатқандай сезінді.
• Мысал әңгімедегі қара пышақ қандай адамға ұқсайды?
• Сары пышақтың қандай ісі сендерге ұнады?
• «Еңбексіз өмір - сүреңсіз» дегенді өздерің қалай түсінесіңдер?
Дәйексөз Оқушылардың жауаптары оқулықта берілген анықтама мен дәйексөздің мағынасын түсіндіру мен түйінделеді.
Мұғалім тақтаға Абайдың «Еңбек - қуаныш, жалқаулық-айырылмас азап» деген нақыл сөзін жазып қояды.
- Адам, ең бастысы, еңбектенуге, яғни адам бір іске күш-қуатын, ақыл-ойын жұмсауға ерінбеуі керек. Өйткені жалқаулық, epіншектік адамның өзін және өмірін тоздырады. Ал ерінбей еңбек етсең мақсатыңа, арманыңа жетесің. Арманың орындалса, өзіңді бақытты санайсың.Мұғалім балаларға дәптердің соңында берілген «Менің дәйексөздерім» айдарындағы бүгінгі сабақтың тақырыбы көрсетілген беткe осы дәйексөзді жазуға кеңес береді. Сахналау. Еңбектің адам өміріндегі мәнін рөлдік орындаулар арқылы түсіндіру. Үш оқушы (автор, қуыршақ, бауырсақ ) рөлдерде өлеңді мәнерлеп оқиды.
«Қайдан келдің, бауырсақ?» Ө. Тұрманжанов
Дастарқанда шашылып, Жатты аппақ бауырсақ.
Бауырсаққа қызығып, қарап тұрып көзін сап:
- қайдан келдің, бауырсақ? Деп сұрады қуыршақ.
- Дүкеннен келдім Нан сатқан, -
Деді оған бауырсақ.
- Дүкенге келдің қай жақтан?
- Наубайдан келдім нан жапқан.
- Наубайға келдің қай жақтан?
Диірменнен келдім ұн тартқан.
- Диірменге келдің қай жақтан?
- Даладан келдім кең жатқан.
Жер-анам менің көсілген,
Диқандар мені өсірген.
Оқулықтагы суреттер бойынша (жаюлы дастарқан үстінде шашылып жатқан бауырсақтың, нан дүкені сөрелеріндегі неше түрлі нандардың, нан жауып тұрған наубайшының, диірменнің, егіс даласының) оқушылар еңбектің адам өміріндегі маңызы туралы «Нан дастарқанға қандай еңбекпен келеді?», - деген сұрақ аясында шығып сөйлейді.
Дәптермен жұмыс
М ұғалім оқушыларға дәптермен жұмысты орындау жолдарын түсіндіреді.
«Еңбек - бақыт бастауы» тақырыбыңда әңгіме жазыңдар.
Қорытындылау Балалар, осымен сабағымызды қорытындылайтын кезде келді. Ендеше, біз «Еңбекқорлар еліне» барып, саяхат жасап қайтайық. Ол үшін «Біз не үйрендік? Не білдік?» деген сұрақтарға жауап береміз. Әрбір дұрыс жауап берген оқушы әртүрлі суреттермен еңбекқорлар елін безендіреді.
Жүректен жүрекке Оқушылар мұғаліммен бірге шеңбер құрып, бір- біріне жүрекжарды тілектерін айтады.
Гүл өсірсең терлеп Мұның аты еңбек.
Кесте терсең зерлеп Мұның аты еңбек
Домбыра мен биге, Ән мен күйге
Жүрсең күнде қатысып
Мұның аты еңбек
Бәрі бірге «Айгөлек» өлеңін айтады
Достарыңызбен бөлісу: |