Палеогеография – өткен геологиялық дәуірлердегі физикалық-географиялық жағдайлар туралы ғылым. Тарихи география географиялық ортаның адамзат қоғамының дамуына ықпалын зерттейді. Қазіргі заман географиясы тікелей қазіргі уақыттағы жағдайды зерттейді. Оның өткені осы уақыттағы географиялық нысандардың, құбылыстар мен үдерістердің жағдайына әсері тұрғысынан қарастырылады. Ақпаратты визуалдау – сандық және мәтіндік ақпаратты графиктер, диаграммалар, құрылымдық сызбалар, кестелер, суреттер, карталар және т.б. түрде ұсыну. Географиялық деректер
Далалық және камералдық зерттеулері, түрлі әдебиетті шолу, басқа зерттеу операциялары барысында өте көп деректер жинақталады. Деректерді түрлендіру және өңдеу арқылы ақпарат алуға мүмкіндік туады. Олардың көпшілігі әртүрлі тасымалдағыштарда тіркеледі. Деректердің бір бөлігі дала күнделігіне, басқалары – түрлі қағаз тасымалдағыштарға жазылады. Ақпараттық технологиялардың дамуы деректерді электрондық құрылғыларда сақтау мүмкіндігін әкелді. Зерттеушінің міндеті – барлық деректерді кейін пайдалану үшін, яғни қолмен, компьютерлік жүйелердің көмегімен беруге, түрлендіруге немесе өңдеуге ыңғайлап, бір жерге жинақтау. Географтарға барлық деректер қызықты емес, оларға тек географиялық нысандарға қатысы бар деректер қажет. Географиялық деректер – табиғи немесе жасанды жолмен құрылған нысандардың, сонымен қатар олардың жердегі шегараларының географиялық орнына және қасиеттеріне қатысты ақпаратты қамтиды. Олар 1) орналасқан жері; 2) қасиеттері және сипаттамалары; 3) кеңістіктік қарым-қатынастары; 4) уақыт деген төрт компоненттен тұрады.
Географиялық деректер компоненттерi Кеңістіктік нысандардың географиялық орны (орналасқан жері) географиялық координаттармен (ендік/бойлық) анықталады. Қасиеттер – географиялық нысандардың өзіне ғана тән белгілері. Олар бір нысанды екіншісінен ажыратуға немесе осындай басқа нысандармен ұқсастығын анықтауға мүмкіндік береді. Кеңістіктік қарым-қатынастар нысандардың бір-біріне қатысты қалай орналасқанын көрсетеді: бір нысанның екіншісіне қарағандағы бағытын (солтүстікке, оңтүстікке қарай, жанында және т.б.), нысандар арасындағы арақашықтық, нысанның басқа нысанға іркес-тіркес тіркелуі (мысалы, ауыл ауданның, аудан облыстың, облыс республиканың бөлігі және с.с.). Уақыттық сипаттамалар деректерді алу мерзімі түрінде көрсетіледі. Бұл маңызды, өйткені нақты уақыт аралығында нысандар немесе олардың қасиеттері өзгеруі мүмкін. Осылайша, географиялық деректерді сақтау, өңдеу, түсіндіру, беру үшін бір жерде жинақтау барысында, олардың құрамында географиялық нысанның орналасқан жері және негізгі қасиеттері туралы ақпараттың міндетті түрде болуын ұйымдастыру қажет.