Пән: Қазақ әдебиеті
Тобы: 21 А
Күні: 12.09.2020 ж.
Сабақтың тақырыбы: ХХ ғасырдың 40-60 жылдарындағы әдебиет
Жоспар
ХХ ғасырдың 40 – 60 жылдарындағы әдебиет
Шығармалар
Сыни пікірлер
"Қазақ әдебиеті тарихының" 8-томы кеңес дәуірінің екінші кезеңіне арналған. Онда ХХ ғасырдың 40-50 жылдарындағы әдебиет дамуының жолдары талданады. Сонымен бірге аталған кезеңдегі әдеби процесте жетекші рөл атқарған ақын-жазушылардың (М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мүстафин, Т.Жароков, Ә.Тәжібаев, Ғ.Орманов, Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожин) шығармашылық жолына баға беріледі. Қазақ әдебиеті тарихының ең бір күрделі кезеңі саналған бұл дәуірдегі әдеби ағымдар мен туындыларды жаңаша бағалауға ұмтылыс жасалды. Томға сол дәуірдегі әдеби өмір шежіресі мен библиографиялық көрсеткіш берілді. Кітап әдебиет зерттеушілеріне, жоғарғы оқу орындары студенттеріне, ізденушілер мен аспиранттарға арналған.
ХХ ғасырдың 40 – 60 жылдарындағы әдебиет
XX ғасыр сантүрлі оқиғаға бай болды. Алайда, адамзат жадысы оның ең мәндісін ғана жаттап қалды. Ғылыми техникалық революция, мәдени төңкеріс, Дүниежүзілік соғыс, қырғын, геноцид, репрессия, тәуелсіздік пен ірі-ірі қақтығыстар фонында Әдебиет құндылық деңгейіне дейін көтеріліп, аталмыш сөз сөйлем арасында кезіккенде а-дан кейін тұрса да Ә деген әріп – бас әріппен жазылатындай дәрежеге жетті. Бұл Сөз өнерінің өз функциясын толықтай атқара келе, жаны жаралыға – ем-бальзам, шөл далада жүріп, қатты қаталағанға – су, түнектен жол таппағанға – шамшырақ, тірексізге – тірек болды. XX ғасыр – әдебиет ғасырына айналды. Өткенге көз жүгірткенде қазақ әдебиеті, оның ішінде, алпысыншы жылғы әдебиет те homo sapiens ой-санасының дамуына өзіндік үлесін қосқанын түсінесіз. 60-шы жылғы әдебиет турасында теориялық кітаптардың ішіндегі мақала, рецензия болмаса, «шестидесятник»-терді құбылыс ретінде бағалап, олардың шығармашылық эволюциясының даму динамикасын тұтастықта қарастырған толымды дүниенің жоқ екенін бағамдадық. «Бұ тақырып объект ретінде әлі әдебиеттанушылардың назарына әлі ілікпей жүр ме, әлде оны жазып, көрсетіп, талдауды әзірге аса қажет деп таппадық па?» деген сұрақ туындайды екен. Ә.Нұрпейісов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов, Т.Бердияров, Ә.Кекілбаев, А.Сүлейменов, Ә.Тарази, Ш.Мұртаза, М.Мақатаев, Ж.Молдағалиев, М.Мағауин, Қ.Мырза-Әлі, С.Жүнісов, Ә.Сараев, С.Мұратбеков, Т.Нұрмағамбетов, Қ.Жұмаділов, О.Бөкеев, Т.Әбдік, Д.Исабеков, Ө.Нұрғалиев, Ж.Нәжімеденов, Б.Соқпақбаев, С.Бердіқұлов, С.Бақбергенов, Ә.Әлімжанов, Т.Молдағалиев, О.Сәрсенбаев, Б.Нұржеке-ұлы, М.Қаназов, Қ.Найманбаев, Д.Досжан, М.Қабанбаевтар төл әдебиетімізге құйылған бөлек-бөлек бұлақтар еді ғой.
Шығармалар
Марал Ысқақбай: «Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында әдебиетіміз тап тартысы, әлеуметтік теңсіздік, әйел теңдігі сияқты дәуір қайшылығын көбірек суреттесе, 30-шы жылдары колхоздастыру, отырықшылық, кәмпеске жайы басты тақырыпқа айналды; 40 жылдары екінші дүниежүзілік соғыс және халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру мәселелері алға шықты; 50-60 жылдары әдебиетімізге өндіріс тақырыбы кірді» деген өзінің бес томдық шығармалар жинағының бесінші томында (74 бет). Бүгінгі күнмен салыстырғанда 50-60-70 жылдары роман өте көп жазылған-ды. Роман қоғамдық шындықты жеткізетін жанр ғана емес, белгілі бір инструментке айналғанын аңғардық. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы», Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі», Ғабиден Мұстафиннің «Дауылдан кейін», «Көз көрген», Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханов», Рамазан Тоқтаровтың «Ғасыр наны», Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық», І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын орда», Сәкен Жүнісов «Жапандағы жалғыз үй», тағы басқа шығармалар дүниеге келді.
Сыни пікірлер
Қазақ әдебиетінің литфонды біршама дүниелермен толығып, ұлттың тарихи санасы қалыптаса бастады. Дегенмен, эпизмды тек қана романмен, оның ішінде дилогия, трилогия, тетралогиямен ғана беруге болады деген біржақты түсінік бар. Біздіңше, эпикалық тыныс көлемде, ішекше шұбалған парақтар санында емес, ішкі мазмұнында, нәрінде, сөлінде, көп нәрсені, көп ойды сығымдап, қысып, аз сөзбен беруде деген ойдамыз. Сондай бір жазушылардың бірі – Сайын Мұратбеков. Оның алғашқы дебюті – «Менің қарындасымнан» бастап «Күсен-Күсекесі», «Үскірігі», «Отау үй», «Басында Үшқараның» туындыларында лиризм, адам эмоциясының контрастылы-полифониялық сипаты, аристотельдік «катарсис», поэтикалық леп, ең маңыздысы өз оқырманын тартатын бір қарапайымдылық бар. Қарапайым жазу оңай, ал оңай жазу өте қиын екенін ескерсек, 60-шы жылғы әдебиеттің басты жемісі – олар жазба әдебиетті белгілі бір деңгейге көтеріп, сапалық жағынан күшейте түсті. Яғни оқырман іздеп оқитын, оның эстетикалық сұранысын қанағаттандыра алатын белгілі бір ареал, орта қалыптастырды. Бұнымен қатар жанр, стиль, техника, сюжетті-мазмұнды, интеллектуалды, философиялық тұрғысынан байи түсті. «Өз уақытында қазақ сахнасынан түспеген Әлжаппар Әбішевтің пьесалары Уақыт биігінен қарағанда сынға шыдай алды ма?» деген сұрақ туады екен. 50-60 жылдары жазылған драмалық шығармаларды бүгінгі көрерменге ұсына аламыз ба? Ұсына алатын жағдайда болсақ, қайсысын таңдар ек? Бұл да сұрақ қой. Со жылдардағы драматургтарға Шекспирдің әсері өте қатты болғанын байқау қиын емес. Бақталас, тақталас, жанталасқа құрылған «остросюжетный» пьесалар билік, адам мінезінің жаман жағы, мемлекетке қауіп төндіретін факторларды өзек етіп, жазылудағы өзіндік мақсат-мүддесі, кей тұста жоспары болғанын байқау қиын емес-ті. Кірпіштей-кірпіштей монологтар, әрекетке, іс-қимылға емес, «сөз әрекетіне» негізделген ұзақ сонар, көрерменін жалықтырып алатын диалогтар, одан бұрын нысанаға алған объектісі, көтерген мәселесі, таңдаған тақырыбы әлсіздеу, солғындау. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмас, бірақ санға емес, сапаға жұмыс істеген санаулы драматургтардың бірі Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқтысында» тұтастық, тыныс, интрига, ең қажеттісі – «театральность» бар (өз қатарластары айтпақшы). Бейресми идеялық орталық – «Қаламгерде» бас қосып, кітабы шығып, қуанышын атап өткен, шулы топтың арасынан табылған немесе жыл қорытындысы, пленум, басқосу, жиын-шараларда үлкендердің аузына ілігіп, баяндамаларда «оның әдебиетке келгені баянды болды…» деген марапат-сөзге ие болған көп қаламгерлерден бүгін естелік қана қалды. Алпысыншы жылдың басында: «Қоп-қою түн келді ме, үн келді ме, Бір хабар күле шыққан күн келді ме? Бәріне қарай-қарай менің сәулем, Бір жылап, бір күлімдеп үлгерді ме?» деп жырлаған Сәбит Баймолдинді бүгіндері біреу білсе, біреу білмес. Белі қайысқан сөрелердің, бірін-бірі итере орныққан кітаптар арасынан ақын жыр жинақтарын табуыңыз қиын емес. Сүзгіден, уақыт сүзгісінен өткендер қалды, қалғандары матростардың тілімен айтқанда «борт сыртында» қалды. Ақиқатты айту бір, оған көркемдік-эстетикалық көйлек кигізе білу екінші мәселе екенін уағында, дер шағында ескергендер болды. Том-том шығарып, бәріне «таңдамалы» деп таңба басқандардың ішінен таңдаулы жазбасы қалмаған жазушыларды көргеніміз, әрине, өкінішті жайт. Себебі, сондай күй Біздің де басымыздан өтпесіне кім кепіл?! «Атың шықпаса жер өртенің» керін келтірген геростратшылыққа салынудың әсте қажеті шамалы. Жолайрықта тұрған ел «у ішсең руыңмен» деп ұрандатып оңға кеткенде, сәл ойланып барып, сол жақты таңдағандар жазушылар да болды. Солардың ішінен де іріктеліп, сұрыпталып шыққандар бүгінгі қазақ рухани кеңістігінде өзіндік орын алып, айналымға еніп кеткендері – жазуға адал болғандар, үлкен дайындықпен келгендер, өзін сөз өнеріне арнағандар. Сол кездері әдебиет өте қуатты күшке айналғандықтан, оған баға беру, оны талдап-саралау, міндеттен гөрі парыз секілді нәрсеге айналғандықтан, сөз өнерін назарда ұстап, оның беталысын, бағыт-бағдарын, өрісін, концептуалды айтар ойын, сыншылар, әдебиеттанушылар бәрін-бәрін бақылап отырғандықтан белгілі бір деңгейде 60-70 жылдар туралы көз алдымызда картина қалыптасып үлгерді. Жазушылар жазды, сыншылар талдап отырды. Сөз өнері культқа айналғандығы, қатты дәріптелгені бекер емес. Ол өзін мойындатып, өнім, оның ішінде рухани өмір бере алатын үлкен рухани Орталық ретінде таныта алды. Бұл әдебиеттің ең үлкен жеңісі еді. Қаламгерлердің «шаң басқан архивтермен» жұмыс істеуі ұлттың моральді-рухани серпілуіне молынан мүмкіндік тудырды. Ішкі ояну – ұйқыда жатқан сана ояна бастады. Соған қозғау салған тарихи романдар еді. «Жат қолында», «Ұстаздың оралуы», «Аласапыран», «Елім-ай», «Жібек жолы», «Еділ-Жайық», т.б. шығармалар… Міржақыптың «Бақытсыз Жамал», Спандиярдың «Қалың мал», Торайғыровтың «Қамар сұлу», Аймауытовтың «Ақбілек», «Қартқожалар» бастаған эстафета таяғын қағып алған қазақ жазушылары елімізге шынында да жақсы еңбек еткенін мойындауымыз керек. Еңсені езген, адамның Кафканың «жәндігіне» айналдырған, бақырбастыны капитал – құндылық ретінде құны түсуі жазарман қауым үшін үлкен тақырып болды. Келешекте «Соғыстан кейінгі кезең» деген әдебиетке арнайы бір пункт енгізіліп, толыққанды әрі жан-жақты зерттеледі деп білеміз. Сұрапыл жылдардың сұмдығын беру туындыгерлер үшін оңай жұмыс болмады. Бір дүниені қайта оқығанда не қуанасың, жаңа бір нәрсе ашасың, не мұңаясың. Осы тұрғыда, Шерағаң – Шерхан Мұртазаның «41-ші жылғы келіншек» жинағының орны ерекше-тін. Бір қарағанда екі түрлі тақырып, бірақ қазақ тағдырында, қазақ өмірінде ерекше орын алған – «ауыл прозасы» мен «соғыс жылдары» жымдасып, бірігіп, тұтасып кеткен. Ауыл не, соғыстан кейінгі ахуал не, қазақ не, даму не, бәрі бір нысана ретінде бағаланып, бір нысана ретінде қаламға ілікті. Тұрмыс, тіршілік, эгоизм, индивидуализм, жанбағыс, әлеуметтік-экономикалық жағдай, оқу-білім, сауатсыздық, рухани мешелдік, өндіріс, техника, жұмысшының өсу баспалдағы, өмір дайындаған сынақты заңдылық деп қабылдап, сол арқылы шыңдалу, сыналу… Қара сия ақ қағазға осыны түсіруді көздеген. 30-40-50 жылдары кейіпкер биографиясында «асылып өліпті», «атылып өліпті», «өзін-өзі тастап жіберіпті» деген лейтмотив кезікпейтіні, керісінше оқырманды біріктіретін, оған «үлгі» болатын бір штамп барын бәрі білетін-ді. «Қызыл цензура» қылышы кесе-көлденең тұрған, табуға айналған жабық тақырыптар болды. Біздіңше алпысыншы жылғы әдебиет Партия ығына жығылмай, өзіндік ойын айта алды. Себебі, Бердібек Қожаберген – Қожасының сынға ілігуі бекер емес. Бұзық, содыр, ешкімді тыңдамайтын, елдің айтқан ақылына құлақ аспайтын орталық образ не жаман, не жақсы деп бөлуге келмейтін мүлде басқа бір категорияға өтті. «Прокруст төсегіне» баланатын цензорлар я қолын, я аяғын шабуға, жан шыңырауында көркемдіктен гөрі көрсоқырлығы басым түсетін олар үшін қалыптан шыққанның бәрі «дұрыс емеске» баланды. Адам психологиясындағы ауытқушылықты, формация алып келген формалық өзгешелік пен оның тірі тіршілік иесі ретіндегі адами еркіндігін, рух бостандығын, жан жарасын өз шығармасында қарымды қаламгер ескермесе, Билікке жұрт жүрек көзінің ашылғаны қажет емес-тін. Одан бұрын «ғылыми коммунизм» әдебиетті басқару аппаратының бір тетігіне, қажет десеңіз ғылымға айналдырғысы келгенін тарихи деректерде жазылып жүр. Бірақ жүз жерден қинасаң да әдебиет ғылым емес, өнер болып қалатыны, жаратылыс заңына қарсы шықпайтыны даусыз шындық еді. Бұнымен қатар алпысыншы жылдың соңы, жетпісінші жылдың басындағы жазушылар мораль – ар-ұят, ождан тақырыбына ерекше ден қойып, дидактикалық сипаттан арылды. Оның қатарында Әзілханның «Махаббат қызық мол жылдар», Әнестің «Жұлдызды жон», Мұхтардың «Көкмұнарын» атап өтуге болады. «Туынды сапасы қаншалықты және бүгіндері оны оқырман оқиды ма?» деген мүлде басқа мәселе. «Барымен базар», «барға қанағат ету» деген кінәмшіл сөз кісіге жаман әсер етеді екен. «Алдыңғы буын ағалар» бастаған игі бастаманы іліп алып кеттік пе? Сергелдеңге салған сексен, тоқырауға тап болған – тоқсан да меже ғой. Бірақ әдеби жағынан қаншалықты мазмұнды бола алды? Одан кейінгі аталарымыз түсінде көретін Тәуелсіздік турасында не жаздық? Белгілі бір есімдер тұтас әдебиеттің үні деуге келмейтін шығар. Бірақ жазған туындылары бар, танылған, еленген жазушылар бар. Алайда, санада төңкеріс тудырып, оның кейіпкері белгілі бір кезеңнің синонимына айналған айрықша қалам иелері туралы ауыз толтырып айтқың келеді.
Тапсырма
Берілген мәлімет бойынша бір шығарманы алып оқып, танысып кейіпкерлеріне тоқталып қысқаша жазу.
Пайдаланатын әдебиеттер:
1. https://e-history.kz/kz/first-president/show/12318/
© e-history.kz
https://qazaqadebieti.kz/5461/alpysynshy-zhyl-y-debiet 40 -60 жылдардағы әдебиет
https://www.litres.ru/sh-shortanbaev/hh-g-asyrdag-y-k-azak-debieti-damuynyn-alg-ashk-y-kezen-i-elektrondy-ok-u-k-u-raly/chitat-onlayn/ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиет
Достарыңызбен бөлісу: |