Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтыңдіні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Қазақ халқы салт-дәстүрді ұстануда аса қатты мән берген. Баланың туылу кезінен бастап арнайы салт-дәстүрлер бар және олардың тәрбие тұрғысынан маңызы жоғары боп саналмақ. Бүгінгі тақырыпта баланың туылу кезеңіндегі салт-дәстүрлер туралы сөз қозғағым келіп отыр. Ендеше кеттік!
Әйелдер босанар сәтте, басқа әйелдер қазанға жеңіл-желпі тамақ істеп, оны босанатын әйелден бұрын пісірмек болып «жарысады». Халық ұғымы бойынша туатын бала жарысқазанға қатысып, одан бұрын өмірге келуге тырысады деп түсінген.
Жарысқазан
Ел ішінде «кіндік шешесі» немесе нәресте туған сәтте оның кіндігін кесетін әйелдер дайын тұрады. Кейде олардың «жол менікі» деп таласатын кездері де болады. Кіндік кесу – мәртебелі, абыройлы іс. Байыпты әжелердің шешімімен кіндік кескен әйелге «кіндік кесер» кәдесі беріледі. Бұл да жолы бөлек кәде. Кейін де «кіндік шеше» деп аталатын әлгі әйел сол баланың анасы есепті құрметке ие болады. Кіндік баласын оның өз анасынан кем санамауы керек.
Кіндік кесер
Кіндік кесу дәстүрі
«Елдің қорғаны болсын» деп ер баланың кіндігін атшаптырым жерге апарып көмеді.
«Қыз отбасының тірегі болсын» деп от орнына немесе табалдырыққа көмеді.
Шілдехана- Жаңа туған нәрестенің құрметіне жасалатын ойын-сауық, той. Мұнда «балаңыздың бауы берік болсын» дегендей құтты болсын айтылады, жастар жиналып ән салып, домбыра тартып, өлең, жыр айтады. Шілдеханаға шақырумен де, шақырусыз да бара береді. Шілдехана — өмірге адам келгенінің және оған қуанудың бір белгісі.
Бесікке салу
Бесік қасиетті, киелі құтты мүлік, сәбидің алтын үясы болып есептеледі.
Ел іші алтын бесік деген сөз бесіктің құдіретін көрсетеді. Жаңа туған баланы бесікке салу да халқымыз үшін елеулі дәстүрдің бірі. Бесікке салу жолы үлкен немесе елдің тәрбиелі, өнегелі әжелеріне, әйелдерге тапсырылады. Ол бесікті отпен аластап тыштырма жасап алып, баланы бесікке бөлейді. Бесік үстіне жеті түрлі кадірлі, таза заттар қойылады. Бесікке салған адамға «бесікке салар» яғни кәделі сый беріледі.
Бесіктің сәби денсаулығына, тазалығына пайдасы өте зор. Бесіктегі сәбидің бойы, қол аяғы түзу, ширақ болады. Сондай-ақ бесік баланы кездейсоқ құлаған заттан, суық пен ыстықтан да қорғайды. Пәле-жаладан сақтасын деп ырымдап, оған тұмар, бүркіт тұяғы, жыланның бас сүйегі, кірпі сияқты заттар тагып қояды.
Бесікке салу рәсімі
Ат қою- ерекше салтанатты ғұрыптардың бірі. Ат қоюға қазақ халқы ерекше көңіл бөлген. Әрине алдымен жақсы есімдер мен елге әйгілі адамдардың атын қойған. Сонымен бірге бала есімін жақсы, беделді кісілерге қойғызып, батасын алуды да ұмытпаған.
Қырқынан шығару
Қазақ халқының ғұмырында жеті, тоғыз, отыз, қырық бір сандары қасиетті деп есептеледі. Мысалы «Жеті жарғы», «Жеті қазына», «Бір тоғыз», «Үш тоғыз», «Қырықтың бірі – қыдыр» деген қағидалар осы сандық ұғымынан пайда болған.
Соның бірі – баланы «қырқынан шығару» дәстүрі. Әдетте баланың туғанына қырық күн толған соң оны ыдыска қырық бір қасық су құйып шомылдырады.
Бұл ресми дәстүр. Оған үлкен әжелер, әйелдер қатысады, кәде беріледі, дастархан жайылады. Сәбидің қарын шашы алынып, оны сәбидің өзінің киіміне матаға орап тігіп қояды. Мұндағы мақсат ертеде сурет болмағандықтан баланың, сәби кезінен ескерткіш ретінде сақтаудан шыққан.
Баланы қырқынан шығарудың тағы бір ерекше маңызы бар. Қырық күннен кейін сәби ширап, көз тоқтатады, кұбылыс, дыбысты сезе бастайды. Қырқынан шығару салты міне, осыған байланысты шығып, ол сәбидің жан-жүйесінің калыптасып дені сау болып өсуіне деген ақ тілектен шыққан.
Тұсаукесер - Сәбиді қаз тұрғаннан кейін тез жүріп кетсін деген тілекпен жасалатын ғұрып, ырым. Ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Сол жіппен баланың аяғын кәдімгідей тұсап, аяғын жылдам басатын әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарга кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап тез жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушінің кәдесін береді.
Ашамайға мінгізу-Жас бала есі кіріп 6-7 жасқа келген соң оған жеке тай атап, ашамай істетіп қамшы өріп «сен азамат болдың» деген сенім ұялатып, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізіп, жүргізеді. Бүл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Оны еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеудің ұлттық әдістемелік жолдың бірі – осы ашамайға мінгізу арқылы көрінеді.
«Міне осымен жаңа туған нәрестеге қатысты салт-дәстүрлерлің соңына келіп жеттік. Бұл айтылғандардың барлығы бала өмірінде аса рөл атқаратыны мәлім. Өз халқымыздың салт-дәстүрін ұмытпайық! Назарларыңызға рахмет!»