Оқу пәні:Қазақ әдебиеті
Сабақтың тақырыбы: Кейіпкерлер галереясы
Сабақтың түрі: аралас
Сабақтың мақсаты:
Сабақтың барысы:
Ж.Аймауытұлының «Ақбілек» романы ХХ ғ.б. қоғамдық ахуал мен кезең көріністерін, өмір-уақыт шындықтарын, қыр көріністері мен ауыл суреттерін, жазушы еңбегі мен шығармашылық шеберлік сырларын, шабытты шақ пен талант қолтаңбасын айқындаумен қоса негізгі тұлғаның (Ақбілек ) адами әлемі мен бедерлі бейнесін, тағдыр-талайын, ауыл-елдің тұрмыс – дәстүрлерін,қарым-қатнасын, тәрбие тағлымдарын т.б. жан-жақты ашады.
Шығарма атын иемденген басты тұлға – Ақбілек аяулы әке мен қымбат ананың алдында ерке де әсем болып өсті. Құрбыларымен де әзілі жарасып, ақылына көркі мен көңілі сән беріп еді. Бірақ, бұл жарастық салтанатын түстері суық, ойлары теріс, жүрістері суыт «қалпағы бар, мылтығы бар, көк шекпенді, қақаңдаған,қоқиланған» төрт атты бұзған-ды. Олар бейбіт ауыл мен елдің апшысын қуырды. Үлкен – үй, дәулетті Мамырбайдың шаңырағын ортасына түсіріп, орны толмас өкінішке қалдырды. Оның бәйбішесін атып, «жас түлегі, жалғыз қызы- Ақбілекті» ойбайлатып алды да жөнелді. Бұдан кейінгі жердегі Ақбілектің өмірін, көрген зорлығы мен тартқан азап – тауқыметін ешкім де дұшпанына тілемес. Өмір шындығы-өнер өрнегі мен өрісіне айналар тұсы да осы сәт.
Бұл – бай қызының ес білгелі кезікпеген кедергісі, жат адамдардың түсі суық, жүрістері суыт әрекеттерімен де алғаш кезігуі еді.Үмітін үрей басып, көлеңкесінің өзі қорқыныш әкелгендей болатын. Ең болмаса, ол ортада Ақбілектің көңіл – күйімен, жағдайымен санасқан ешкім болмады.
Қосты айналып, қашуға әрекет жасамақшы да еді. Бірақ, қырағы көз қалт жібермеді. Сұмдық сойқан, жантүршігерлік жәбірлеу, азап – қорлыққа толы өмір енді басталды. Бұрын еркек атаулыға қарсы келмек тұрмақ, тікелей қарамаған, он екіде бір гүлі ашылмаған — Ақбілек енді содырлы топтың ортасына түсті. «Ашу – дұшпан, ақыл – досты» да, айла – амалды да жүзеге асыру қиын – ақ. Жан сауғалап «одан қашқан, бұдан қашқан жетпіс шақты офицер, флоттар» Ақбілектің еркінен тыс әрекеттер жасады, асыл қазынасы – абыройынан айырды, Қарамұртқа ермек болды…
Феодалдық – патриархалдық сана мықтап қалыптасқан кезде Ақбілек басынан өткерген ауыр хал, жан азаптары, тағдыр талқысы өмірлік таңба болып басылды. Жан сауғалап қашқан ақтардың артында «бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек» жалғыз қалды. Ақтардан тартқан жан азабынан соң да Ақбілектің жақын-жуықтан көрген қорлығы, күйзелістері көп –ақ.
Ақбілектің жандауысы, шерлі мұңы кеудесінде жаны, сезімі барға жеткендей–ақ. Бірақ, оған тіл қатып, үн қосқан ешкім болмады. Ең негізгісі, ол ертеңгі күнге сенімін жоғалтпады, жақсы, қайырымды жандарға жолығармын деген үмітін де үзбеді. Осы мақсатпен көк пен жерге де, тау мен өзенге де сыр ашты, «күздің сарғыш жапырақтарына», «саялдық қара бұлттарға» мұң шақты. Көзі көріп, көңілі сенген, бастан өткерген көрініс – жайларды бөлісті. Іскендір дуанамен кездескеннен кейін жанын жегідей жеген азап пен қорлықтың салмағы бір мезет жеңілдеп, ұмытылғандай болып еді. Бірақ, нағыз азап, күйзелістер алдынан тағы шықты. Ел ішіндегі өсек – аяң, бұрынғы ғашығы Бекболаттың тояттаған соң сырт айналуы т.т Ақбілектің жан- жарасын одан сайын қоздырды. Бұған «көзі тікшиген, тымырайған» қатыгез мінезді өгей шешесі — Өріктің де кері әсері мол болды. Ес біліп, бой түзей бастағаннан тағдыр тауқыметін мол тартқан Ақбілекті араға бес жыл өткен соң көргендегі әсер өзгеше. Ағасы Төлегеннің артынан іздеп барып, оқуға түседі. Нағашысы Кәмиләмен кездесіп, өз өмірлері төңірегінде өрбіткен сыр – сұхбаттары, Ақбала, Балташ т.б қатынастар мезгіл әуенін аңғартумен қоса, басты тұлғаның дүниетаным эволюциясын да танытады. Жас өмірін өксікпен өткізген Ақбілектің Балташ сынды азаматпен көңіл қосып, Іскендірмен қайта табысуы жан жарасын жазып, нұрлы өмірге батыл, сеніммен қадам жасатады. Роман тілімен айтсақ, Ақбілектің «жүрегін жуып тазартқан алтын леген – аяулы жаны, Қаратаудай қайратты, ай мен күндей ғылым еді». Қысқасы, дүбірлі дәуірдегі қазақ қызының өмір, тағдыр жолы шындыққа сыйымды ,келісті көрініс тапқан. Демек, Ақбілек бейнесі – қазақ қызының тағдыр – талайын танытумен бірге бақытқа ұмтылған, жаңа өмірді, қызық – қуанышты алдан күткен күрделі әрі бедерлі бейне. Қаламгер мұраты – жеке адам, яки Ақбілек арқылы халық өмірін, тарихы мен тағдырын, тұрмыс – тіршілігін шындық оқиғалар, нақтылы көріністермен көрсету болса, бұл міндет күрделі жанр – роман арқылы ұлттық – эстетикалық деңгейге көтерілген, әрі Еуропалық үрдістегі туындылар табиғатына жазылу баяны,суреттеу мәнері тұрғысынан үндес, сәйкес келеді.
Ақбілек – теңдікке ұмтылған, азаттықты аңсаған, зорлыққа мойымаған, өмірінен тағылым-ғибрат алған, жан-жүрегі таза, махаббат, мейірімі мол, өжет қыр қызы. «Ақ патшаның жендеттері жаппай қолға түсіп, тұтқындалып жатыр»деген хабар жеткен кезде Ақбілектің қасындағы орыс офицерлері бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Осы орайда Ақбілек ақылдылығының арқасында туған жерінде аман қалады. Сөйтіп, жападан-жалғыз бір өзі қалған кезде түнде қосқа қасқырлар келеді. Ақбілектің ұғымпаз жан екеніне сол жолы анық көз жеткіземіз.Өйткені, іңірде шай қайнатқан оттың қоламтасын үрлеп оған ошақ басындағы қураған шөпті салып үрлейді. Жалын лап ете қалғанда үстіне тезек салады. Сөйтіп, үлкендердің ісін, айтқандарын ескеріп жүретіндігінен хабардар боламыз. Қасқарларды отпен қорқытқаннан -ақ оның ұғымпаз, байқағыш жан екендігі көрініс береді. Ауылына келе жатқанда сұр жыланды көреді. «Жылан торғайды арбап жейді» дегенді бала кезінде естіген. Торғайды ажалдан аман алып қалады да, өзі қорғансыз күй кешеді. Анау өңшең серейген, жат киімді, жат түрлі орыстар оған жылан болып елестейді. Ақбілектің кездейсоқ адамдардың кесірінен басынан кешкен тағдыр тауқыметі «ұйытқып соққан ызылдақ жел» секілді екен. Өйткені, кейіпкердің нәзік жанын ұқпайтын жағдайлар өте көп еді. Ауылға келгеннен кейін де түрлі қиын ой толғаныстарын бастан кешеді. Анасын орыс әскерлерінің атып тастағанын білгенде, қатты қайғырады. 12 жасар інісі Қажыкен мен 7 жасар сіңлісі Сараға бас-көз болып, қамқорлық жасаудан аянбайды. Мамырбайдың немере інісі Әмірдің әйелі Ұрқиямен достасып, сыр бөліседі. Өкінішке орай, аяғы ауырлағаны елге білінген тұста сүйгені Бекболат тастап кетеді. Сөйтіп, орыс әскерінің ұлын дүниеге әкеледі. Әкесінің, өгей шешесінің қытымыр қабағына шыдай алмаған Ақбілек қалаға кетіп тынады. Осыдан кейін ақ Ақбілектің өмірге деген көзқарасы өзгереді. Аға-жеңгесінің айтуымен Семейдегі алты айлық курсты да, Орынбордағы оқуды да тәмамдайды, білім алады. Осыдан соң Ақбілектің тұрмысы да, оқуы да жөнделеді. Театрға, киноға барып, ойын-сауыққа қатысады. Өзіне тең оқыған жігіт Балташпен тағдырын қосады.
Тапсырма. Шығарма кейіпкерлеріне мінездеме беріп, ойларын дәлелдеу
Бекболат өзі жайында төмендегіше сыр толғайды: "Қара торы, орта бойлы, қошқар тұмсық, түлкі мұрт, шүңірек көз жігітпін. Жасым жиырманың жетеуіне шығып тұр. Атым - Бекболат «орта шарқы үйдің ортаншы баласы. Үй-ішілік, тұрмыстық жағдайларын да еске алып өтеді. Балалық, жастық шағының да босқа өтпегенін айтады. «Жаманбаланың шотпақ қара қызын менсінбей, Мамырбайдың Ақбілегін елден таңдап айттырға», соған жолыққалы шыққанда, ақтарға кезігіп, оң иығынан жарақат алады. Оны қандай жаман адамдарға араластырып, одан қандай жиренейін, жек көрейін, безейін десе де, оны алғаш көргені есіне түскенде, ол ойының бәрі жел қуған тұмандай серпіліп, баяғы періштесіндей, Ақбілек көзіне елестейді де тұрады. Оны осылайша ойлаймын деп, үйдегі атын, құсын, мылтығын, аң аулағанын есіне түсірейін дей ме, болмайды. Ат, құс, аң, сейіл-сеурен, қызық-думан - бәрі де соның айналасында жүргендей көрінеді де тұрады. Бәрін Ақбілек аударып әкеткен тәрізді. Бұл Бекболаттың Ақбілекке шексіз сенген, таза көңілмен берілген сәті еді. Ақбілектің айналасындағы сан қилы тақырыптағы сөздерді де тура мағынасында қабылдамай, өзін көріп, тілдескенше жаны байыз таппайды. Тіпті Жылтырдың «жылы» сөзі де «жанын» семіртеді. Ақбілектің Ұрқия жеңгесі арқылы Бекболат көңілі қалаған жанмен кездеседі. Жаны «тоят» тапқан соң, көңілі семді, «...ел тұрмай атқа қоңды». Орыс офицерінен аяғы ауыр екенін білген соң біржола үмітін үзді. Мінезі ашық болғанмен, арамдық ісін іске асырады
Жалпы Бекболат бейнесі адамдық қасиеттері тұрғысынан, айнала-әлемге көзқарасы жағынан көңілге ұялағанымен, махаббат мәселесінде, әсіресе «елден таңдап, айттырған Ақбілегін» аялап өтуде жігерлілік жетіспейді. Бұл ретте қаламгер де Бекболат линиясын аса көп дамытпайды. Өйткені, басты тұлғаның бұдан кейінгі тағдырының да ызғары мол, көлеңкесі көп еді.
Офицер - романның басты тұлғасын жәбірлеп, арын аяққа таптаған жиіркенішті жан ғана емес, империялық саясаттың ғасырлар бойы халқымызды билеп, басып-жаншып келген көрінісі ретінде де есте қалады. Автор роман өзегін Ақбілек пен офицер арасындағы қатынасқа құрғанда да «махаббат символының» үздік үлгісі ретінде емес қазақ-орыс арасындағы «туыстық» байланысты терең ашады. Бұған өз жайынан бірер мағлұмат берген офицердің төмендегідей ойлары айқын дәлел: "Орыс сияқты жері мол, қолтығы кең жұрттың қол астына қарағанына қазақ тәубә қылу керек қой. Анығында, қазақ мемлекетке не пайда келтіріп отыр?... Тек қымызын ішіп, қарнын сипап, қатынына қарап, борбайын тыр-тыр қасығанды біледі... Тегінде қазақтың солдат болудан қорыққаны бізге теріс те емес. Кім біледі, қолына қару берсе, орыс жұртына жау болып кетпесіне кімнің көзі жетеді?... Әйтеуір, қазақ өз алдына ел болып жатқан жоқ. Ендеше, орысқа бағынуы керек». Бұдан кейін офицер қазақ жеріне, малына көз тігеді. Ресей тағдырын ойлап қамығады. "Әйтсе де біз қазақтан кек алғалы жүргеміз жоқ. Қазақ жеріне келейік деп келгеніміз жоқ, - дейді ақ офицері қазіргі қауіпті, үрейлі жүрістері жайында. - Ресейде төңкеріс болып, патшаны түсірген соң, өзара екі жарылып, ел билегенге таласқан соң, үкіметті қара жұмысшы мен қара солдатты жоқтаған большевиктер алып кеткен соң біздер орыстың шын ұлдары құл-құтанға бағынбаймыз деп, соғысып, жеңіліп, қашып келіп отырмыз... Тауда жатып біз қарап өлейік пе? Қара таласқан соң маңайдағы қазаққа шабуылдап, азыққа мол, баспанаға киіз төсеніш, ыдыс-сайман алып тіршілік қып жатырмыз». Ақ офицері үміттерін үрей басып, қыл үстіндегі қалдерін еске алумен бірге қазақ әйелі, адамның өміріндегі орны туралы да толғанады. Ол әйелді ермек көрсе, өмір мәнін, «қабақтың қаққаны» деп біледі. Автор ақ офицерінің осындай тайыз саналы тоғышар көзқарасын Ақбілекпен арадағы қатынаста да, жан сауғалап ілгері қашқанда да нақты көрсетеді. Бұдан шығатын түйін: қызылдардың бой тасалап, жол-жөнекей ауыл-аймақтың дүние-мүлкін, жылы-жұмсағын қысқа уақытқа болса да пайдаланып, ар-намысты аяққа таптаған «одан қашқан, бұдан қашқан жетпіс шақты офицер» - тұтас ауылға, елге дүрбелең әкелді, сүйекке таңба, жүрекке жара салды. Ендеше, романдағы ақ офицерінің елді тонап, мал-мүлкін ұрлап «қазақтың қара көздерінің сиқырлы күші Европа әйелінен кем емес» деп сұқтана қараумен бірге айуандықпен қорлауына оқырманның жиіркенішпен қабылдауын құптау керек. Өйткені сүйіспеншілікке білек күші, қара ниет, теріс ой төрелік айтпауға тиіс. Таза махаббаттың шындығы осы.
Осы орайда, офицер бейнесі, іс-әрекеттері арқылы ұлы "халықтың" державалық саясатын, қазақ халқын ұлтсыздандыру мен әуел бастағы мәдени құнарынан қол үздіру секілді тағылық «мінезін» танимыз, билік пен білек күшін де, озбырлығын да көреміз. Ендеше өткеннің өкініші келешекте қайталанбайтындай сабақ болуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |