Байланысты: Абайтану 9-с.сабак жоспары Office Word (3)
ІІІ.Жаңа сабақ Мағынаны тану Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы –халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Абайдың сөзі –қазақтың бойтұмары, Абайды тану, бағалау, насихаттау, оқыту –қоғамдық ой санада тың серпілістер туғызып, мақсаткерлікке жұмылдырады. Заман, уақыт талабына орай Абайды жаңа қырынан тану, ғылыми тұрғыдан тың байламдар жасалуы –заңдылық.Абай –ұлы ұстаз-кемеңгер. Абай тақырыбы –мәңгілік тақырып. Абай тақырыбы –таусылмайтын телегей теңіз. Ел президенті Н.Ә Назарбаевтың Абайдың 150 жылдық мерейтойында (1995) сөйлеген сөзінде айтқан мына салиқалы ойы кімге болса да бағыт берері сөзсіз: «...Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен.». Абайтану –қазақ әдебиеттану ғылымының ең көп зерттелген саласының бірі. Жүз жылдан астам тарихы бар Абай мұрасының зерттелу тарихына көз жіберсек, баспасөзде ресми түрде 1889 жылдан басталып, бүгінде қазақ мәдениетінің, ғылымының дәстүрлі, тамырын тереңге жайған үлкен саласына айналды. Абай мұрасының бірегей білгірі академик М.Әуезов: «Абайды танудың басы, алғашқы адымдары революциядан бұрын басталған. Бұл жөнінде Абайдың ақындық еңбектері үш түрлі боп жайылып тұрғанын еске алу керек. Бірінші жолы –баспа арқылы тарауы; екіншісі –халық арасына ауызша жатталып, әнмен аралас тарауы; үшіншісі –қолжазба түрінде әр көлемді жинақтар болып, көшіріліп таралуы», -дейді Алғаш ақынның көзі тірісінде 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде жарияланған екі өлеңінен бастап таныла бастаған Абай мұрасының ғасырдан аса тарихы бар. Абайтанудың тарихын жазған ғалым М. Мырзахметұлы оны үш салаға бөледі: «Бiрiншi кезеңi, яғни абайтанудың алғашқы дәуiрi ресми түрде баспасөз бетiнде 1889 жылдан басталып, 1934 жылмен аяқталады. Екiншi кезеңi 1934 жыл мен 1961 жыл аралығындағы абайтанудың Мұхтар Әуезов бастаған соны танымдардың заманымен аяқталады. Үшiншi кезең 1961 жылдан кейiнгi Абай мұрасын тереңдей танып зерттеу дәуiрiмен жалғасады. Яғни, ұлы ақын мұрасы жолында абайтану мен абайтанудың тарихы деп аталатын екi ғылыми арнаның пайда болуын көрсетедi» Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың әдеби мұрасын жоғары бағалап, алғаш пікір білдірген қоғам қайраткерлері –Алаш зиялылары. Абайдың өмірі мен ақындық өнері жөнінде бірінші болып ғылыми ой айтқан адам –Әлихан Бөкейханов. Ә. Бөкейхановтың 1905 жылы «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» атты азанамасын, А. Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласын, Міржақып Дулатұлының 1914 жылы 23 шілдеде «Қазақ» газетінде жарияланған «Абай» атты мақаласын, Ж. Аймауытұлы мен М. Әуезовтің («Екеу» деп қол қойған) «Абай» журналының 1918 жылы №2 санында жарық көрген «Абайдың өнері Һәм қызметі» атты мақаласын атау қажет. Абай мұрасы халыққа таныла бастады. Абайтанудың дербес ғылым саласына көтерілуіне академик М. Әуезовтің сіңірген еңбегі өлшеусіз. Абай жайлы ұзақ жылдарға созылған ғылыми зерттеулерін тұтас қорытындылай отырып жазған ғылыми монографиясы мен атақты «Абай жолы» роман-эпопеясын жазуға 30 жылдан астам уақытын арнады.М.Ә уезовтің жетекшілігімен Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақын шәкірттерінің мұраларын зерттеу ісін қолға алса, Ә.Жиреншин өз еңбектерінде жалпы Абайдың әдеби ортасы жайында сөз қозғады. Қ.Жұбанов Абайдың алдындағы әдебиет және ақынның қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық деңгейін ашып берсе, Қ.Жұмалиев қазақ поэзиясы мен Абай шығармаларының тілін салыстыра зерттеді. 1960 жылдары А.Нұрқатов, М.Бөжеевтер тарапынан Абайдың дәстүрі, Қ.Жұмалиев пен Ш.Сәтбаева Абай балалары –Ақылбай мен Мағауия мұраларын, Б.Кенжебаев Ә.Тәңірбергенұлы мұрасын зерттесе, сексенінші жылдары М.Мырзахметұлы Әуезов зерттеуіндегі Абайдың әдеби ортасы тақырыбының сипатына ашуға ден қойды. Абайдың шығармашылық мұрасын зерттеу, мемлекетіміз тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа бір қырынан, барлық салада қарастырыла бастады. Ұлы ақын мұрасын танып білуге арналған ғылыми мақалалар, монографиялық зерттеулер, текстологиялық талдаулар, әртүрлі деректер саны жыл өткен сайын молығып келеді. Абай өмірі мен шығармашылығы туралы ғылыми мәні бар алғашқы зерттеушілердің аты-жөні мен еңбектері соңғы кезге дейін жабық саналып,Абайтанудың алғашқы кезеңі ақтаңдақ күйінде қалып келді. Тек еліміздің тәуелсіздік алуы жағдайында ғана бұл мәселені ашық әңгімелеуге мүмкіндік туды. Осы кезеңнен бастап, абайтану ғылымы жаңа бағытқа қарай бет бұрып, жаңа көзқараспен зерттеле бастады. Бүгінгі таңда Абайды тану, жас ұрпаққа насихаттау, ақынның асыл мұрасын әртараптан зерттеп, Абайтану ғылымының керегесі кеңи түсуіне үлкен игі істер атқарылуда. Абайға арналған аймақтық, республикалық, халықаралық дәрежедегі ғылыми-тәжірибелік конференциялар, түрлі әдеби-мәдени шаралар ақын мұрасын жас ұрпаққа үлгі етуді көздейді.