Пән аты: Абайтану Сыныбы: 9 Күні: 03.10.2016 ж.
Сабақтың тақырыбы: Абай және орыс әдебиеті
Сабақ мақсаты:
Оқушыларға ақын өлеңдерінің орыс әдебиетімен рухани үндестігін түсіндіру;
оқушыларға Абайдың аудармаларын оқыту арқылы тіл байлығын дамыту;
ұлы ақындардың мұраларын құрметтей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: ақындардың суреті, слайд
Сабақ барысы
І.Ұйымдастыру кезеңі
Сәлемдесу
Оқушыларды сабаққа дайындау
Жаңа сабақ Абай және орыс әдебиеті
Мағынаны тану
Абай - қазақ әдебиетінің орыс әдебиетімен байланысын күшейтуге аса зор үлес қосқан қайраткер. Өз заманының ғұламасы болған Абай көптеген орыс жазушылары мен философтарының, әсіресе, А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.Г.Белинскийдің, А.И.Герценнің, Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың шығармаларын оқып, зерттеді, орыс революционер-демократтарының озық ойы оның дүниетанымының қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Қазақ халқының қалың бұқарасы орыс халқының қалың бұқарасымен достық көзқараста болғаны, орыс халқын аға санағаны сияқты озық пікірлі орыс әдебиетін Абай да өзіне үлгі, мектеп деп білді. Сондықтан Абай ақындық еңбегінің бірсыпырасын тек орыстың классик поэзиясын қазақ тіліне аударуға жұмсайды. Байрон, Гете сияқты өзге европалық елдер классиктерінен бірер өлеңді аударса, оны да Абай Лермонтовтың аудармаларынан алып қазақшалайды. Анық орыс классиктерінен Абайдың аударғандары — Крыловтың бір топ мысалдары, Пушкиннің «Евгений Онегинінен» үзінділері және Лермонтовтан жасаған көп аудармалар. Тағы бір, жалғыз өлеңді Букиннен аударған.
Абай жинағында, бөлек аттармен әр жылдарға бөлініп бастырылған аудармалардың барлық саны — қырық шақты. Сол қатарда Крыловтың төрт-бес мысалы және Лермонтовтың өз шығармалары мен аудармаларынан алғанын қосқанда, одан жиырма жеті өлең аударған.
Бұл жөнінде екі түрлі пікірді ерекше көрсету жөн. Оның біріншісі — Абайдың осы аудармаларға берген бейіл, бағасы турасында, екіншісі — сол аудармалардың Абайдың өз шығармаларына еткен әсері және Абайдан кейінгі қазақтың барлық жазба әдебиетіне тараған үлкен тарихтық, мәдениеттік, ұстаздық дәстүр әсері туралы.
Біріншіден, Абай өзі сүйген орыс классиктерін кейде дәл, кейде еркін аударып отырса да, әр кезде барынша көркем, шебер өлеңнің үлгісін берген. Бұл жөнінде ақынның ізденуі кезіндегі тіл байлығы мен ірі талант, ерекше ынта, зер салуы өзгеше көрінеді. Өз өлендерін туғызуда қолданған ақындық шабыт, сыншыл ұқыптылық, тіл орамға өткір жүйріктік — барлығы да аудармалық еңбекке келгенде барынша күшімен түгел жұмсалған деуге болады. Тіпті, кейде Абайдың өзі тудырмаған тамаша нәзік, терең сырлы өлеңдер, көрікті ойлар, немесе аса өткір шанышпа мысқыл, ажуа, ащы сөздер осы аудармаларда үнемі көрініп отырады.
Рас, қоғамдық өмірдегі мін — мінездерді, қалып — құрылыстарды шенеуде Абай Пушкин мен Лермонтовтан гөрі Салтыков-Щедрин, Некрасовтардан молырақ үлгі-өнеге көрді. Бірақ сол әлеуметтік тақырыптардың өзінде де жиі кездесе беретін мұңды — сырлы жалғыздық ойларға соққанда Пушкин, Лермонтов саз — сарыны Абайдан байқалып отырады.
Ал осыдан соңғы ақындық жайындағы тақырыптарды, эстетикалық принциптерді алсақ, табиғат көркін, махаббат жайын, жеке бастың көңіл сырын, лирикасын алсақ, Абайдың ақындық шеберлігі асқан сайын оның теңеулері, көркем түрлері — бәрі де Пушкин, Лермонтовқа еліктеуден гөрі де, қайта солармен бастасып, табыса туысып бара жатқанын анық тануға болады.
Абайдың Пушкин шығармаларын өз оқушыларына жеткізуі қазақ сахарасына орыстың ұлы мәдениетінің жарығын әкеп төккендей болды. Бұл жөндегі Абай еңбегі тек әдебиеттік қана еңбек емес, ол зор кең мағынадағы ағартушылық, тарихтық, қоғамдық еңбек еді.
Пушкиннің атақты романы — «Евгений Онегинді» Абай бөлек-бөлек үзінділер түрінде аударады: «Онегиннің сипаты», «Татьянаның хаты», «Онегиннің ойы», «Онегиннің сөзі», «Онегиннің хаты», «Татьянаның сөзі», «Ленскийдің сөзі».
Әрине, мұнда Пушкин романының ерекше көп жайлары аударылмай сырт қалады. Абай ол романның ішінен тек Онегин — Татьяна арасында кезек ауысқан күшті махаббат күйлерін ғана сөз қылады. Көбінше, Абайдың
аударуына хаттармен баян етілген роман қалыптанған тәрізді. Өз аудармасының соңында, Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді. Бұл — Пушкинде жоқ еркін өзгерістің, Абайдың сөзінше дәлелденген ерекше бір түр.
Абай Татьяна мен Онегиннің ішкі сезім сырларын ашқанда, өз қолынан келген ақындық, шеберлік, ізденушілік өнерінің бәрін жұмсайды.
Абай Татьянаның тілімен қазақ қызының жүрегіне қоса тіл бітіреді, Онегиннің ойлы-қырлы өкінішімен қазақтың саналы жігіт, жас буынын үлгілі сезімдерге тәрбиелейді. Бұл жерде Абайдың аударған Татьяна, Онегині Пушкин шығармасында болған үлкен бір қасиетті ашады. Татьяна — Пушкиннің өзінде «орыс жанды» орыс қызы болумен бірге, адам баласының үлкен қасиет, зор сипаттарына ие болған жан еді.
Абай еңбегінде сол орыс топырағындағы адам қасиеттерін ашып, жер жүзілік географиялық ортаның бәрінде, бар адам баласының жас буындарының ортасында, өзінің мұңдасын, сырласын, үндес жандарын тапқанын көресің. Бұған Абай аудармасындағы ерекше ірі көркемдік пен ақындық шеберліктің өзгеше боп құрылған күйлі келісімдері себепші боп отыр.
Пушкинді дәл аударушылар бола берер, бірақ жаңағы айтылғандай, оның романының ішіндегі үлкен ой, сирек сезімдерді Абайша жеткізіп, көріктеп беру көп табыла бермес.
Ұлы орыс халқының мәдениетін қасиеттеген, ұлы Пушкинді құрмет тұтқан Абай оның әдебиеттегі асыл мұраларының бірі — «Евгений Онегинді» де қасиеттеп, артықша сүйіспеншілікпен аударды. Пушкин мен Абай творчествосының, олардың ой-пікірінің үндестігінен орыс халқы мен қазақ халқы арасындағы өткен заманнан келе жатқан жақындықтың, достықтың желі ескендей болады.
Лертонтовтан аударған «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңін алатын болсақ, шығарма орыс ақынында да, қазақ ақынында да 20 жол. Өмірге ой көзімен қарай білудің, терең сезімталдық, сыршылдықтың үлгісі боларлықтай лирикалық туынды. Ақын жарық түнде жалғыз жолға шыққанын айта отырып, аспан мен жердің, жоғарыда жылт-жылт етіп көрінген жұлдыздардың ғажайып әдемілігін тамашалап, ғарыштық кеңістікті бар жанымен сезінгендей болады. Сондықтан оның өз көңіл-күйін қозғайтын әр сөзі ерекше салмақты, мәнді болып шыққан. Өлеңдегі мұңды сарын да, тыныштық, азаттық іздеу де адамды жадырататындай әсер береді. Осы өлеңнің идеялық өзегі, тірегі болған -өмірге деген құштарлық:
«Қараңғы түнде тау қалғып, Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Ұйқыға кетер балбырап, Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы…
Сабыр қылсаң азырақ…»
Достарыңызбен бөлісу: |