Сабақтың түрі: Жаңа тақырыпты меңгерту



Дата08.07.2017
өлшемі360,92 Kb.
#20936
түріСабақ
Алматы облысы, Талдықорған қаласы №13 орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Асанова Гүлсара Нұрғизатқызы мен №22орта мектебінің музыка пәнінің мұғалімі Макажанова Айнур Асқарбекқызының шебер сыныбының жоспар – конспектісі

Пәні: Музыка Тақырыбы: Өнерін өнеге еткен Нұрғиса Тілендиев Сабақтың түрі: Жаңа тақырыпты меңгерту Шебер сыныптың мақсаты: Композитордың табиғи талантымен дарындылығына баға беру, шығармаларын тыңдау, орындау барысындағы әдіс-тәсілдер Шебер – сыныптың міндеті: -Тыңдаушыларды жаңа сабақ меңгерту барысындағы негізгі әдістері және дағдыларымен таныстыру; -танымдық іс-әрекетін дамыту,мелодиялық ерекшеліктерін сезіну қабілеттерін дамыту, әнді дұрыс орындауға машықтандыру; Оқытушыға: 1.Композитор суреті 2.Композитор әндер жинағы 3.«Өнерін өнеге еткен Нұрғиса Тілендиев» тақырыбында слайдтар, бейне таспа, үн таспа. Тыңдаушыларға : А 2-формат қағаз, фломастер, стикер , маркер Шебер сыныптың жоспары: 1.Ұйымдастыру кезеңі- 3 мин 2. Тақырыпқа критерий – 3мин 3. Постермен жұмыс – 15мин 4.Ассоциация құру– 4мин 5. Рефлексия - 5мин

Шебер- сыныптың жүргізілуі: Сәлемдесу, аудиторияда шығармашылық ахуал жасау, музыканттың жұмыс орны дұрыс ұйымдастырылғанын және сабақ құралдарын тексеру;

  1. Аудиториядағы тыңдаушылармен танысу және шеберлік сабағының тақырыбын жариялау;

  2. Слайдтарды көрсете отырып, тақырыпты баяндау. Осы шеберлік сабағына қажетті негізгі материалдармен таныстыру;

  3. Тыңдаушылармен тәжірибелік жұмыс жүргізу

  4. Қорытындылау.

(топтасып қарау, жұмыстарды өзін-өзі тексеру, өткізілген шебер –сынып туралы ой-пікірлерін ортаға салу).

Шебер сыныптың өткізілу реті:

-Сәлеметсіздер ме, құрметті тыңдаушылар, әріптестер!

-Алдымен, шебер-сыныпты бастамас бұрын өзіміздің көңіл-күйімізді көтеріп алайық. Ол үшін «көрші» деген тренинг өткізейік

Оң жақ көршіңмен амандасу,

Сол жақ көршіңмен амандасу:

Оң жақ көршіңе бір жымиып,

Сол жақ көршіңе бір жымиып- ду қол шапалақтай бүгінгі сабағымызды бастайық.

Топқа бөлу: Н.Тілендиев әндерімен 4 топқа бөлу.


  1. «Саржайлау» сөзі: М.Мақатаев

  2. «Өз елім» сөзі: Қ.Мырзалиев

  3. «Құстар әні» Сөзі: Т.Молдағалиев

  4. «Алатау» Сөзі: Т.Молдағалиев

Әр топ өзінің әндерін орындап орындарына отырады.

Осы орындалған әндеріміз кімнің әні: сұрақ қою



Бүгінгі шебер сыныбымыздың тақырыбы: «Өнерін өнеге еткен Нұрғиса –Тілендиев»

Топпен жұмыс жасайтындықтан бүгінгі сабағымызға критерий қояйық.. (әр топқа парақшалар , әр түрлі фломастер беріледі. Жазғандарын тақтаға іліп қояды).



Постермен жұмыс:

1топ:

Өмірі.

Есімі ел ішінде мәлім ғана емес, аты аңызға айналып кеткен


азаматтарымызды ардақтау, аялау арқылы таланттарымызға жол ашамыз. Сондай дарын иесі, бітімі де, болмысы да бөлек, қазақ айтатын сегіз қырлы ұлдарымыздың бірі – Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев.

Нұрғиса Тілендиев 1925 жылдың 1-ші сәуірінде Алматы облысы, Іле ауданы, Шилікемер ауылында дүниеге келді. Талантты баланы тап басып таныған академик А.Қ.Жұбановтың көмегімен 12 жасар Нұрғиса қазақ халық аспаптары оркестріне (қазіргі Құрманғазы атындағы оркестр) орындаушы – домбырашы ретінде кіреді. Дирижерлік шеберліктің, орындаушылық өнердің бастапқы сабақтарын Тілендиев – алғашқы ұстазы Ахмет Қуанұлы Жұбановтан алған болатын.

 

Сұрапыл соғыс Нұрғисаның 18-дегі жасына жалғаса басталып  кетті, 1943 жылы дарынды жас өз еркімен майданға  аттанып, фашистік жендеттермен аянбай соғысты, оған «Ұлы Отан соғысында Германияны



алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары сияқты жауынгерлік наградалары дәлел бола алады.

Соғыстан  кейін Н.Тілендиев Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясының халық аспаптары факультетінде оқи жүріп, Қазақ КСР радиокомитетінің халық аспаптары оркестрін басқарады. Бұл ретте, әдетте, кәсіби дирижерлік қажеттілігі де туады да, Нұрғиса 1949 жылы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының дирижерлік факультетіне (профессор Н.П.Аносовтың класына) оқуын жалғастырады.

Оқуы тәмамдалғаннан кейін Н.Тілендиев 1952жылдан бастап, 1960 жылға дейін Абай атындағы опера театрының симфониялық оркестрі бас дирижерінің орынбасары қызметін атқарады. Ал, 1960 жылы Құрманғазы атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері болып, 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясының музыкалық редакциясын басқарды. Бірнеше жыл артқа тастап, Нұрғиса музыкалық этнографиямен әуестеніп, 1982 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін бас дирижерлікпен қоса, оркестрдің көркемдік жетекшілігінің де тізгінін қатар ұстады. Күллі әлемге танымал «отырар сазы» оркестрі – азаматтығы мен өнерге адалдығының арқасында халық жүрегінен өзінің асқаралы орнын тапқан ұлы ғұламаның мәңгі өлмес, мәні кетпес шебер туындысы болып қала берді.

2-топ:

Орындаушылық өнері Домбырада орындаушылық қасиет Нұрғисаға туа біткен. Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Бақтыбай тәрізді Жетісудың шашасына шаң жұқтырмас ақындары мен Байсерке, Шортанбай, Рақыш, Қатшыбай тәрізді бал бармақты күйшілерінің орындаушылық қасиеттерін Нұрғиса бойына қалыптастыруда, домбырашы-күйші, әрі ісмер, бойына өнердің сегіз қыры дарыған - әкесі – Тіленді мен айналасын әсем әнімен таңдандырған, Дулаттан шыққан қасиетті – анасы – Салиханың тәрбиесі

ерекше болды. Нұрғиса әкесінің күйшілігінен, анасының әншілігінен отбасылық аялы алақандарынан нәр алған. Соны санасына ұялатып, бітім – болмысына қалыптастырды. Әкесінен «Арман», «Терісқақпай», «Аққудың сарыны», Қатшыбайдан «Баламишка» сонымен қатар, Жамбылдың әуен – ырғақтарын, Байсеркенің күй сарындарын бес жасына дейін-ақ үйреніп алды.

Ол: «Менің бойымдағы бар өнер қасиетім, бес жасыма дейін-ақ әке-шешемнен жиып теріп алғандығым. Бар жетістігім де, өнердегі шыңым да соның арқасы» - деуші еді толғаныс сәттерінде. 

Музыкада құлаққа естілетін әр дыбыстың қай нота екенідігін, қай октавада тұрғанын қай тональда орналасқанын айыра алатын және сол дыбысты бірден дауыс үнімен келтіре алатын адамдар болады. Осы сирек кездесетін  қасиетті Ахмет Жұбанов қаршадай Нұрғисаның бойынан аңғарып, әрі таңданып, музыкаға баули бастайды.                                                                                                            Жалпы, Нұрғиса сол кездері қазақ орындаушылық өнері саңлақтары Әбікен Хасенов, Ұлықпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Науша Бөкейхановтартың және т.б. домбырада күй орындағандарын тыңдап, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Күлаш Байсейітовалардың айтқан әндерін құлағына құйып, сол ортада өзі де болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты бала атанды.

Нұрғисаның басқа домбырашылардан тағы да ерекшелігі оның саусақтарының салалығында, оң қолы мен сол қолының бірдей ойнайтын мұқалмас қайратында және домбыра ойнағандағы икемділігінде деп білеміз.

М.Шахановтың сөзіне жазылған «Әке туралы жыр» әнін орындау



 




3-топ:

Нұрғиса – күйші-композитор.

Нұрғиса бойына әннің әуендерін, күйдің ырғақтарын шығарғыштық қасиет, еурапалық тілмен айтқанда, композиторлық өнер де туа біткен. Алайда , композиторлықтың қауыз ашып, бүршік жаруы – оның Ұлы Отан соғысына қатысып, майданнан келгеннен кейін Мәскеудегі П.И.Чайковский атындағы концерваторияны бітіргеннен кейін ғана қалыптасты. Нұрғиса композитор ретінде алғаш рет  әндерімен танылдыОның сыршыл да сезімтал лирикалық, жігерлі де Отан сүюге баулитын әндері елуінші жылдардан бастап-ақ, тыңдаушылар сүйіспеншілігіне бөленді. Шығармашылық қоржыныдағы төрт жүзге жуық әндердің нотасы бұған бұлжытпас дәлел.

Атап айтсақ « Ақ құсым», «Әке туралы жыр», «Әжеме», «Алатау», «Саржайлау», «Өз елім», «Құстар қайтып барады» т.б. көптеген әндері халық сүйіп тыңдайтын әндерге айналды. Осы орайда Нұрғисаның әндеріне сөз жазған ақындар Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Оспанхан Әубәкіров, Мұзафар Әлімбаев тәрізді ақындар есімдерін де атап өтуді парыз санаймыз.

Нұрғиса күрделі ірі жанрлық шығармалар да жазған адам. Мысалы, 1958 жылы жазып сахнаға шығарған «Достық жолы» балетін жұртшылық жылы қабылдағаны белгілі. 1961 жылы композитор Құдыс Қожамияровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсы, 1959 жылы жазылған «Менің Қазақстаным» кантатасы және оркестрге арналған «Алтын дән», «Ата толғауы», «Еңбек қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты», « «Атадан мұра», «Аңсау», «Махамбет», «Әлқисса» тәрізді шығармалары композитордың барлық күрделі жанрларға қалам тарта алатын ауқымдылығын танытты.          

Нұрғисаның  тағы бір қыры спектакльдер мен кинофильмдерге жазған музыкаларынан айрықша көрінді., сондай-ақ «Қилы кезең», «Балалық шаққа саяхат», «Беу балалар-ай» фильмдері және «Ақсақ құлан», «Бозторғай» мултьфильмдері Нұрғиса Тілендиевтің музыкамен көркемдеуі арқасында сәтті шыққанын еске алғанымыз орынды. Сонымен қатар Нұрғиса спектакльдерге де музыка жазды. Мұхтар Әуезовтың «Қарақөз», Шыңғыс Айтматовтың «Жәмилә», «Алғашқы мұғалім», «Арманым Әселім», Әбділдә Тәжібаевтың «Майра» пьесаларына музыка жазды. 

 Нұрғисаның есімін тарих төрінде, халық жүрегінде қалдыратын қымбат дүниелерінің бірі – кинофильмдерге жазған музыкалары болса, соның ішінде «Қыз Жібек» фильмінің орны ерекше.  Асыл дүниелер мәңгілік жасайды. Демек, Нұрғисаның нұрлы жүзі де, сазды әуені, жүрек тербейтін ән-күйлерді де қазақ халқымен бірге мәңгілік жасай беретін болады. Басқасын былай қойғанда , «Нұрғиса Тілендиев «Қыз Жібегімен-ақ» тарихта қалады» - деп жазды белгілі қоғам қайраткері Камал Смайылов ағамыз.  



Н.Тілендиевтің «Аққу» күйін тыңдаймыз

Күйді тыңдағанда, көзіңе жас келеді. Қаздай қаңқылдамайды, шағаладай шаңқылдамайды, аққу ғажап қой. Аққу сол әдемі үнін бей-берекет естірте бермейтін құс қой. Ал, мұнда аққудың үнін есту қандай ғажап, оны ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол үнді домбыра жеткізіпті

Аққу арман, аққу дүние, көл аққу,

Шошымаңдар, жақынырақ кел аққу.

Сиқырлы үнмен тілін тауып  Нұр аға,

Сүйістірген аққуларды сен, аққу



4-топ:Өнер жолындағы жетістіктері:

Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1978ж.)

КСРО халық әртісі (1984ж.)

Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты (1985ж.)

Канадада өткен халықаралық кинофестивальдің дипломына ие болған «Менің атым Қожа» көркен фильмі, Ленинградта өткен Бүкілодақтық  кинофестивальдің дипломына ие болған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», Ташкентте өткен Азия мен Африка елдері кинофестивалінде лауреат атанған «Халық қол өнері» фильмі Көзіміз көрген өнердің сондай даналары мен көсемдері: қара сөзде – Мұхтар Әуезов, Әбіш Кекілбаев, ақындықта – Мұқағали Мақатаев болса, музыкада – Нұрғиса Тілендиев.

ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1995ж.)

«Халық Қаһарманы» Алтын жұлдыздың иесі.

Нұрғиса Тілендиев – қазақ даласын сахнаға айналдырып сазға бөлеген жасампаз; музыка өнерінің ашылмай кеткен жұмбағы, шешілмей кеткен сыры; таусылмайтын кені, тот баспайтын асылы, сарқылмайтын бұлағы, сөнбейтін шырағы, талмайтын пырағы; лапылдаған жүрегі, құламайтын тірегі, ақиқат шындығы асқақ үні; алтын діңгегі, мінсіз ұстазы; өшпейтін өнегесі, азбайтын рухы; әннің тіккен туы, асқар тауы, күйдің соққан желі, қара дауылы, ақ бораны; әні елге ем болған балгер; бармағынан бал тамған арқалы домбырашы, кеудесінен күй қоздаған күй-құдіреті.

 

Әр топ өзінің жұмысын қорғайды және бір-бірін бағалайды. (смайлик)



Бекіту:

а)Бүгінгі сабақ бойынша ассоциация құру.

ә) Енді қорытындылай келе «Даналық ағашына» бүгінгі сабаққа рефлексия жасасақ. «Екі жұлдыз, бір тілек» (жұлдызды стикер тарату)

Пайдаланған әдебиет:



1.«Қазақ мәдениеті» энциклопедиялық анықтамалық 601 б «Аруна»баспасы . Алматы 2005ж

2. «Тарихи тұлғалар» Танымдық- көпшілік басылым. Құрастырған:Б.Тоғысбаев, А,Сужиков: Алматы «Алматыкітап»-2012ж

3. Ғасыр сазын тербеген(Н.Тілендиев туралы естеліктер) – Құрастырған: Серік Әбдіраймов, Жарқын Шәкәрім . Алматы «Білім»2007

4. Музыка оқулығы- 6 сынып

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет