ӘОЖ 378. 016: 811. 512. 122 Қолжазба құқығында
Садықова Сәуле Тұрсынқызы
ҚАЗАҚ ТІЛІН ДИДАКТИКАЛЫҚ БІРЛІКТЕРДІ ІРІЛЕНДІРУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ АРҚЫЛЫ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ
(жоғары оқу орындарының химия факультетінің студенттері үшін)
13.00.02 – Оқыту және тәрбиелеу теориясы мен әдістемесі
(бастауыш, орта және жоғары білім жүйесіндегі қазақ тілі)
Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасында орындалған.
Ғылыми жетекшілері: педагогика ғылымдарының докторы,
профессор Ф.Ш.Оразбаева
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент А.Ш.Жылқыбаева
Ресми оппоненттер: педагогика ғылымдарының докторы,
доцент К.Б.Жақсылықова
педагогика ғылымдарының кандидаты,
доцент Г.Ж. Серікбаева
Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық
университеті
Диссертация 2008 жылы 11 желтоқсан күні сағат 14.00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (050010, Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, 215 а кабинет) филология, педагогика ғылымдарының докторы (кандидаты) ғылыми дәрежесін беру жөніндегі
Д 14.09.04 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Диссертациямен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, 30).
Автореферат 2008 жылы 10 қарашада таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы, филология
ғылымдарының докторы, профессор Қосымова Г.С.
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі. Ғылыми ақпарат көлемін қысқа мерзім ішінде қарқынды меңгеруді қамтамасыз ететін ұтымды оқыту әдісін қолданудың жолдарын әдістемелік тұрғыда негіздеп, практикада пайдалану – бүгінгі уақыт сұранысынан туып отырған мәселе. Орыс аудиториясында мамандыққа бағыттап оқытудың дидактикалық және әдістемелік негіздерін басшылыққа алу қазақша сөйлеу білуге қажет керекті лексиканы талапқа сай дұрыс таңдап алуды қажет етеді. ЖОО студенттерін мамандыққа бағыттап оқыту ауызекі тілді меңгертумен қатар кәсіби тілдесімді еркін жүзеге асырады.
Оқытудың дәстүрлі жүйесі бойынша мұғалім оқушыға дайын, тиісті оқу материалының белгілі бір мөлшерін беріп, одан соң оны пысықтап, дайын үлгі бойынша жаттығулар орындаумен шектелетін. Бұл жағдайда оқушылар императивтік- атқарушылық қызмет атқаратын. Ал тілді үйрету барысында грамматикалық ережелерді оқытуға басымдылық беріліп, оның коммуникативтік қызметі назардан тыс қалып қоятын. Соңғы кезде жарық көрген ғылыми еңбектерде тіл үйретуді қатысымдық тұрғыдан оқыту алға шығарылды. Бұл жағдайда студенттердің тілдік қарым-қатынас біліктілігіне басымдылық беріледі де, теориялық материал лексикалық тақырыптар төңірегінде түсіндіріледі. Алайда, біздің пікірімізше, мұнда грамматикалық құбылыстар көп жағдайда жалпылай абстрактілі түрде айтылады да, оларды студенттерге игеру біршама қиынға соғады. Ал шын мәнісінде, грамматика - тілдік қарым-қатынасты жүзеге асырудың ең негізгі түп қазығы, тілдегі материалдарды байланыстырудың өзегі болып табылады. Грамматикалық формаларды дұрыс қолдана білген кезде ғана тілдік қарым-қатынас нәтижелі болатыны белгілі.
Бүгінгі таңда республикада компьютерлік бағдарламалар шығарылып, оқытудың жаңа технологиялары оқу үрдісіне енгізіліп, оңды нәтижелер беруде. Олар – модульдік, деңгейлік, жаңаша жаңғыртып оқыту, дамыта оқыту, даралап, саралап оқыту, ойын арқылы оқыту, оздыра оқыту, ынтымақтастық педагогикасы, ізгілендіру технологиялары. Аталған технологиялардың ішінде қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне химия мамандығына қатысты дидактикалық бірліктерді ірілендіру (ДБІ) арқылы оқытудың маңызы ерекше.
Тіл үйрету үрдісінде біртектес немесе ұқсас ұғымдарды бір-бірімен жақындастырып, топтастыру білімді біртұтас шоғырландыруға негіз болады. Осының нәтижесінде тіл үйренушілер оқу ақпаратын іріленген мазмұнда жинақы қабылдайды. Ол оқу материалын жүйелі түрде және бірізділікпен қайта құруды қажет етеді. Химия мамандығына байланысты кәсіби лексиканы оқыту мәселесі аз мерзім аралығында біртектес білімдер жиынтығын бір мезгілде игеру жолымен іске асырылады.
Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілінің кәсіби сөздік қорын химия мамандығына сәйкес дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы оқыту әдістемесі тілші ғалымдардың зерттеу нысаны болмаған.
ДБІ арқылы мамандыққа бағыттап оқыту барысында тіл үйренушілердің білімдік, танымдық қажеттіліктері толық қанағаттандырылып, оқу үрдісінде тілді игеру мүмкіндігі дамиды, өз мамандығына деген ынтасы оянып, қызығушылығы артады. Мұнда сөйлесім әрекетінің – тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім түрлері бір-бірімен байланысып, қатысымдық бағытта мамандыққа баулып оқытуды қамтамасыз етеді.
Қазақ тілін ДБІ технологиясы арқылы үйретудің тілдік қатынасты жүзеге асыруда тигізетін септігі мол. Бұл ретте тіл үйренушілердің тек кәсіби бағыттағы тақырыптармен шектелмей, әдебиет, баспасөз материалдарынан мамандықтары жайында қажетті ақпаратпен танысуларына көңіл бөлінеді. Мұнда баяндама, реферат, шағын мәліметтер даярлау, түрлі тақырыпта шығарма жұмыстарын жазу, мәтінмен жұмыс түрлері, мәтінді диалогке, керісінше, сұхбатты монологке айналдыру, берілген жағдаятқа қатысты тапсырмалар орындау, сөздікпен жұмыс, түрі өзгертілген тапсырмалармен жұмыс сияқты т.б. амал-тәсілдер кеңінен қамтылады.
ДБІ технологиясы арқылы қазақ тілін оқыту болашақ химиктердің сөздік қорын мамандық лексикасымен байытып, кейін өндіріс ошақтарында кәсіби тілдесімді жүзеге асыруға жол ашады.
Жоғарыда айтылғандар аталмыш тақырыптың өзектілігін, ғылыми тұрғыдан маңыздылығын көрсетеді.
Зерттеу нысаны. Химия мамандығына қатысты лексикалық қорды ДБІ технологиясы арқылы оқыту үдерісі.
Зерттеу пәні. Орыс топтарында оқитын химия факультетінің студенттеріне қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан оқыту әдістемесі.
Зерттеудің мақсаты. Тілдік қатынаста химия мамандығына қатысты кәсіби лексиканы ДБІ технологиясы арқылы меңгертудің тиімді әдістемесін ұсыну;
Зерттеудің міндеттері:
-қазақ тілінің химия мамандығына қатысты кәсіби лексикасын ДБІ технологиясы арқылы оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін анықтау;
- дидактикалық бірліктерді ірілендіру ұғымының мәні мен мазмұнын ашу;
- ДБІ технологиясына негізделген кәсіби бағыттағы қазақ тілін оқытудың бағдарламасын тәжірибеден өткізу;
- мамандыққа арналған лексикалық қорды сұрыптап, грамматикалық, фонетикалық ережелерді топтастырып, химия факультеті студенттеріне ДБІ технологиясы арқылы оқытудың ұтымды жолдарын көрсету;
- қазақ тілін химия факультетінің студенттеріне ДБІ технологиясы арқылы оқытуда орындалатын тапсырмаларды айқындау.
Зерттеудің болжамы. Кәсіби лексиканы химик мамандарына ДБІ технологиясы арқылы оқыту, біріншіден, бір-бірімен байланысты біртектес білімді бір мезгілде меңгеруге әсер етеді. Бұл тіл үйрену барысында студенттерге білімді бөлшектеп емес, біртұтас қабылдауға мүмкіндік береді; екіншіден, сабақта өтетін қажетті мәселені тез игеруге ықпал етеді; үшіншіден, іріленген тапсырмалар жиынтығының бірізділікпен орындалуы студенттердің қазақ тілін терең және сапалы түрде меңгерулеріне жағдай жасайды; төртіншіден, ірілендірілген тапсырмалар жүйесі тіл үйренушілердің өзінше ізденіп әрекет жасауына, ойын жетілдіруге, белсенділікке, шығармашылыққа жетелейді.
Жетекші идея. Қазақ тілінің кәсіби лексикасын дидактикалық бірліктерді ірілендіру арқылы коммуникативтік тұрғыдан оқыту мемлекеттік тілдің қоғамдық-әлеуметтік маңызын арттырып, болашақ маман иелерінің өндіріс ошақтарында қазақша тілдік қатынасты жүзеге асыруларына себін тигізеді, тіл үйренушілердің өз кәсібін жете меңгерулеріне игі әсер етеді.
Зерттеудің әдіснамалық негізі. Зерттеуде қазақ тілін оқыту әдістемесі, алуан түрлі ғылым саласында жарық көрген жаңа технологиялар туралы еңбектер, оқу құралдары, оқулықтар және мерзімді баспасөз беттерінде шыққан ғылыми материалдар негізге алынды.
Зерттеу әдістері. Еңбекте жаңа педагогикалық технологиялар, оны игертуге арналған теориялық әдістер, сондай-ақ деформация, ассоциация, қарама-қарсылық әдісі, талдау, қорыту, салыстыру, салғастыру әдістері пайдаланылды.
Зерттеудің негізгі кезеңдері.
І кезеңде (2002-2004 жылдары) зерттеу тақырыбына қатысты жаңа педагогикалық технологиялар туралы ғылыми мәліметтер жинастырылды. Дидактикалық бірліктер деген не, оның қазақ тілімен байланысы бар ма, ерекшелігі неде деген сұрақтарға жауап ізделініп, жалпы бағыты талданды. ДБІ технологиясын түрлі пәндерге қатысты пайдалану жайындағы еңбектер талданып, тұжырымдар жасалды. Сонымен қатар мамандыққа байланысты жарық көрген ғылыми зерттеулер мен оқу құралдары қарастырылды. Химия мамандығында оқитын студенттердің білім деңгейлері тексеріліп, сауалнамалар жүргізілді.
ІІ кезеңде (2004-2005 жылдары) қазақ тілін химия мамандығына байланысты оқытудың бағдарламасы жасалды. Онда ДБІ технологиясын қолдану арқылы студенттердің лексикасын байыту негізгі мақсат етіп белгіленді. Кәсіби лексиканы ДБІ технологиясы арқылы оқытудың тапсырмалар блогы мен ұстанымдары айқындалды. Тапсырмалардың мазмұнына, қызықтылығына, жүйелігі мен сабақтастығына назар аударылды.
ІІІ кезеңде (2005-2007 жылдары) ДБІ технологиясына негізделген бағдарлама бойынша эксперимент материалдары жинақталды; олардың білімдік, танымдық, интеллектуалдық, шығармашылық түрлері ажыратылып, негізгі ерекшеліктері көрсетілді. Тіл үйренушілер арасында жүргізілген тәжірибе нәтижелері қорытындыланып, көрсеткіштері анықталды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы.
- химия факультеті студенттеріне лексиканы ДБІ технологиясы арқылы оқытудың ғылыми-әдістемелік негізі анықталды;
- қазақ тілін химия факультетінде оқитын студенттерге ДБІ технологиясы арқылы оқытудың әдістемесі ұсынылды:
- кәсіби лексиканы ДБІ технологиясы арқылы оқытудың өзіндік ерекшеліктері мен ұстанымдары айқындалып, оқытудың амал-тәсілдері белгіленді;
- болашақ химик мамандарға кәсіби лексиканы меңгерту барысында жүргізілетін жаттығулардың білімдік, танымдық, интеллектуалдық, шығармашылық түрлері анықталып, негізгі белгілері ажыратылды;
- ДБІ технологиясы арқылы қазақ тілін химия мамандығына баули оқыту барысында сөйлесім әрекетін жүзеге асыруға арналған блок тапсырмалары жасалып, олардың қызықтылығы, жүйелілігі, танымдылығы, сабақтастығы анықталды.
Зерттеу жұмысының теориялық маңызы. Ғылыми жұмыста қарастырылған мәселелер мен тұжырымдар химия факультетінің студенттеріне қазақ тілін оқыту әдістемесінің теориялық тұрғыдан толығуына, жетілуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар ДБІ технологиясының басты заңдылықтары мен ұстанымдарын жалпы қазақ тілін және басқа тілдерді (орыс, неміс) оқыту теориясының негізіне алуға болады.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін ЖОО-да химия факультетінде және техникалық мамандықта оқитын студенттерге қазақ тілін оқытуда пайдалануға болады. Өзара бір-бірімен байланысты біртектес лексика-грамматикалық бірліктерді бір мезгілде оқыту қазақ тілін тез әрі саналы түрде меңгеруге мүмкіндік береді. Сабақты сапалы өткізуге әсер етеді.
Еңбекте ұсынылған мәтін бойынша блоктық тапсырмалар жүйесі студенттердің қазақ тіліне және өз мамандығына қызығушылығын арттырады, сөздік қорын байытады.
Зерттеу базасы негізінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің химия факультеті алынды. Сондай-ақ, Біліктілікті арттыру институтында мемлекеттік қызметшілерге және Өскемен Титан-магний комбинаты, Үлбі металлургия зауыты кәсіпорындарының қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту курстарында ДБІ технологиясы қолданылып, тәжірибе нәтижесі тиімді деп танылып, өндіріске енгізуге ұсыныс жасалды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- қазақ тілін химия факультетінде ДБІ технологиясы арқылы оқытудың өзіндік жүйесі бар;
- мамандыққа қатысты лексиканы ДБІ технологиясы бойынша оқытуда жүйелілік, сабақтастық, шоғырлылық, бірізділік, тұтастық ұстанымдары басшылыққа алынады;
- ДБІ технологиясы арқылы оқытуда тапсырмаларды блокқа топтастыру тиімді;
- қазақ тілін мамандыққа бағыттап оқытуда лексика-грамматикалық единицаларды ДБІ технологиясы арқылы топтастырып үйрету ұтымды болмақ.
Зерттеу жұмысының талқылануы мен жариялануы.
Зерттеу жұмысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қазіргі қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының мәжілісінде, әдістемелік семинарларда талқыланды. Ғылыми жұмыстың нәтижелері бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарында 6 мақала, республикалық әдістемелік журналдарда 4 мақала; оқу бағдарламасы, химиялық атаулардың түсіндірме сөздігі жарық көрді.
Еңбектің құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, әдебиет тізімінен және қосымшадан тұрады.
Негізгі бөлім
Зерттеу жұмысының «ЖОО химия факультетінің студенттеріне мамандыққа сәйкес лексиканы дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы оқытудың теориялық негізі» деп аталатын бірінші бөлімнің алғашқы тармағында орыс бөлімдері студенттеріне қазақ тілін мамандыққа сәйкес оқытуға арналған еңбектерге шолу жасалды және ізденіс жасау барысында ғалымдардың құнды пікірлері назарға алынды.
Қазіргі таңда қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқытуда студенттерді болашақ мамандықтарына бағыттап оқыту жан-жақты іске асырыла бастады. Осыған байланысты З.Күзекова, Г.Қарақұсова, К.Сариева, Ф.Оразбаева, Г.Алдамбергенова, Ш.Құрманбайұлы, М.Мамаева, А.Сыбанбаева, А.Жұмағұлова, К.Аухадиева, Ә.Уәбиева, М.Жорақбаева, А.Мұратбекованың еңбектері жарық көрді.
Аталған ғылыми жұмыстарда қарастырылған мәселе – оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім әрекеттері арқылы тіл үйренушілерге қазақ тілін коммуникативтік тұрғыдан меңгерту; сауатты жаза білу; кәсіби тілдесімді еркін түрде жүзеге асыру. Мұндағы ғылыми жұмыстардың негізіне белгілі тілші ғалым Ф.Оразбаеваның «Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі» атты еңбегіндегі теориялық тұжырымдар мен басты қағидалар арқау етіп алынған. Ғалымның кәсіби тілдесім жөнінде мынадай пікірін келтіру орынды: «Кәсіби тілдесім – тіл үйренушілерге белгілі бір мамандықтың саласына байланысты сөйлесудің үлгілерін, мамандыққа қатысты сөздерді, тілдік қолданыстарды, терминдерді үйрету. Адамдардың бір-бірімен қандай мақсатпен, қалай сөйлесуіне байланысты тілдесім түрліше болады: ресми, бейресми, қалыптасқан тілдесім және т.б.» [1, 121 б.].
Бірінші бөлімнің екінші тармағы жоғары оқу орындарында қазақ тілін мамандыққа сәйкес және жаңа технология арқылы үйрету мәселесінің зерттелуіне арналған.
Педагогикалық технологиялардың тиімділігі төмендегідей авторлардың еңбектерінде көрсетілген: «Дамыта оқыту» (Л.С.Выготский, Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов); Ынтымақтастық технологиясы (Ш.Амонашвили) «Ойын арқылы оқыту» технологиясы (В.Селевко); Проблемалап оқыту (И.Махмудов); коммуникативтік технология жүйесі (В.Ф.Шаталов, Е.Н.Ильина, Н.А.Зайцев, А.А.Окунев); Оздыра оқыту технологиясы (С.Н.Лысенкова).
Дамыта оқыту технологиясы оқушыларды белсендіре отырып, оларды өз бетімен ізденуге, шығармашылықпен жұмыс істеуге баулиды. Ынтымақтастық технологиясы мұғалім мен оқушының бірігіп қызмет істей отырып, бір-бірімен тең дәрежеде болуын көздейді. Ойын арқылы оқыту технологиясы ойын элементтерін қолдану арқылы оқушыларды белсендіре отырып, тиімді нәтижеге жетуге көмектеседі. Оздыра оқыту технологиясының негізгі ерекшелігі – сабақ барысындағы басты құндылық – уақыт ұтымдылығы болып саналады. Проблемалап оқытудың басты ерекшелігі – оқушыға проблемалық жағдай туғызып, соған қатысты оңтайлы шешім қабылдауға үйретеді. Педагогикалық технологиялардың түрлері оқушыларды белсендіру мен интенсивтендіруге ықпал жасай алады.
Оқытудың әдістемелік жүйесін жаңартуда негізге алынған ғылыми –теориялық алғышарттар отандық және шетелдік өркениетті елдердің озық тәжірибелері мен педагогика, оның ішіндегі әдістеме саласындағы қол жеткен табыстардың үздік нәтижелері сараланып, білім беру жүйесіне енгізілді. Біздің елімізде педагогикалық технологияның басты мәселелері Т.Галиев, Г.Нұрғалиева, М.Жанпейісова, Ж.Кобдикова, М.Мукамбаева, Г.Жақыпбекова, К.К.Қабдықараев, И.В.Логинов, Л.Н.Оразбекованың еңбектерінде көрініс тапқан. Олар В.Монаховтың педагогикалық технологиясын оқу үрдісіне енгізу барысындағы оңды нәтижелер туралы айтқан. Мұнда авторлар жаңа технологияның әмбебаптылығымен қатар, оның барлық пәнге қатысты қолдануға болатындығын және мемлекеттік стандарт талабына сай келетіндігін, деңгейлік оқытуға игі ықпал ететіндігін баяндайды.
Қазақ тілін жаңа технология арқылы оқыту тілші-әдіскерлер К.Жақсылықова, Қ.Қадашева, Р.Шаханова, Т.Әбдікәрім, Н.Құрманова, З.Бейсенбаева, Г.Үрістембекова, Л.Ермағамбетованың зерттеулерінде жан-жақты сөз етілген.
Диссертациядағы келесі тармақ «Қазақ тілін химия факультетінің студенттеріне дидактикалық бірліктерді ірілендіру (ДБІ) технологиясы арқылы оқытудың ерекшелігі мен ұстанымдары» деп аталады.
ДБІ идеясы – ғасыр идеясы ретінде оқытудың тұтастығын қамтамасыз ететін, яғни жеке тұлғаның жан-жақты дамуына, әсіресе, интеллектуалды болып жетілуіне мүмкіндік туғызатын оқыту технологиясы негізінде танылған. Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясын математика пәніне қатысты ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым – П.М.Эрдниев. Ол: Ірілендірілген дидактикалық бірліктер – логикалық жағынан әр түрлі элементтерден құралған, ортақ ақпаратқа ие бола алатын оқу процесінің «клеткасы»,- деп топшылайды. Ол оқу процесінің клеткасы ретінде «математикалық жаттығуларды» қарастырады және «оқу мен оқытуды» біртұтас бүтінге біріктіретін оқытушы мен оқушы әрекеттерін атайды.
Ғалымның айтуынша, ДБІ-ге негізделген оқыту технологиясы әр оқушының бас сүйегіндегі орасан зор психо-физиологиялық (қорларын) резервтерді оятып, іске жұмылдырады. Іріленген тақырыптарға көшу барысында өзара байланысты біртектес ұғымдарды бірге топтастыра қарастырғанда, оқушылардың санасында олар туралы мүлде «жаңа» білім пайда болады. Бұл «жаңа білімге» ДБІ-дің нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады. Атап айтқанда, бір элементтен екінші элементке көшу барысында студенттер олардың арасындағы өзара байланыс ақпаратына көз жеткізеді. Тек бір-бірімен байланысты бірліктерді ірілендіру көлемінде топтастырып қолданғанда ғана берілген ақпарат нәтижелі болады, тез қабылданады.
ДБІ технологиясының негізгі ерекшелігі – мұнда оқушылар оқу ақпаратын іріленген мазмұнда жинақы қабылдайды және есте берік сақтайды.
ДБІ теориясымен мына мәселелер тығыз байланысты: оқу материалдарын тірек схемалар мен сигналдар арқылы қабылдау және жазу идеясы (В.Ф.Шаталов); ғылыми теорияларды және олардың құрылымдық элементтерін бөліп қарастыру (Б.С.Гершунский); сабақ құрылымының тұтастығы мен дамуына қатысты оқыту мен оқудың актілері (Г.Д.Кириллова). Ғалымдардың пікірінше, «құрылымдандыру» ұғымы – оқу материалдарының құрамдас элементтерін біріктіреді (ұғымдар, заңдар, идеялар, ұстанымдар). Оларды оқушыларға жеткізу және меңгерту белгілі бір байланыстар мен қатынастар арқылы тізбек түрінде болады.
Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне мамандыққа баулып оқытуда дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясын қолдану өзара бір-бірімен байланысты, ұқсас лексика-грамматикалық единицаларды бір мезгілде жүйемен оқытып үйретуге мүмкіндік береді.
Мәселен, «Менделеев кестесі» атты лексикалық тақырып төңірегінде мынадай грамматикалық материалдарды ірілендіріп, бір-бірімен байланыстырып өткенде, бірнеше сабаққа арналған тілдік материалды студенттер бір сабақта меңгеріп, шығармашылықпен сабақтастырды: Ілік септік; Тәуелдік жалғау; Иелік форма.
Өзара байланысты грамматикалық формалар жөнінде профессор С.М.Исаевтың еңбегінде былай делінген: «Послелоги дейін, шейін в казахском литературном языке иногда управляют причастной формой на –ған-ген, -қан-кен в дательно-направительном падеже и употребляются, в основном, в роли сложного сказуемоге придаточного предложения времени. И в этом случае они (послелоги) тождественны. ...даже иногда причастие с аффиксами -ша, -ше употребляется в ином усилительно-временном значении, но это по-видимому семантическое развитие данной формы. Однако факт синонимичности этих конструкций говорит о родстве этих форм и единиц» [2, 88-89 б.].
ДБІ технологиясы арқылы қазақ тілін оқытудың ұтымдылығы – алдын-ала қарастырылған ішкі байланыстары бар тапсырмалар жүйесі. Ірілендіру ұстанымына негізделген белгілі бір жаттығулар жиынтығы, олардың қатаң түрдегі бірізділігі студенттердің қазақша сөйлеуге үйрену барысында тілдік құралдарды саналы түрде және берік меңгеруге жетелейді.
ДБІ технологиясы арқылы химия мамандығына қатысты лексиканы игерту кезінде бірліктерді ірілендіру мазмұны төмендегідей ұстанымдарға негізделді:
1. Бірізділік
2. Жүйелілік
3. Сабақтастық
4. Тұтастық
5. Шоғырлылық
Бірізділік ұстанымы меңгертілетін материалдарды бірінен соң бірін үйлестіріп, бір ізге түсіріп ұсынуды көздейді: бірінші тапсырмада іріленген грамматикалық бірліктердің түсініктері; екіншісінде мысалдары; үшіншіде іріленген бірліктерді ажырату тапсырмасы ұсынылады.
Сабақтастық ұстанымы орындалатын тапсырмалардың арасындағы үндестікті, байланыстылықты қамтамасыз етеді. Сабақтастырыла оқытылған материалдар студент санасында берік орнығып, керек кезінде еске емін-еркін түсіруіне жағдай жасайды.
Жүйелілік – дидактика ұстанымдарының маңыздысы. Кез келген материал лексика болсын, грамматика болсын белгілі бір жүйеде берілуі қажет. «Жүйесіз нәрсені жадыңда сақтау қиын. Егер тілде жүйе болмаса, егер ол бір-бірімен байланыссыз, ретке (тәртіпке) келтірілмеген, ұйымдаспаған, бөлшектері бүтінге бірікпеген, бытыраңқы элементтер күйінде болса, онда тіл адамның жадында да (санасында) сақталмаған болар еді, қатынас құралы болып қызмет етуге жарамас еді»,- дейді ғалым К.Аханов [3, 5 б.] .
Шоғырлылық ұстанымы білімді бөлшектеп емес, топтастырып қабылдауға мүмкіндік береді. Біртектес, ұқсас ұғымдарды топтастырып, бір мезгілде оқыту сапалы білім беруге негіз болады.
Тұтастық ұстанымы игертілетін тілдік бірліктердің жеке-жеке бөлінбей, бүтіндей ұсынылуын қамтамасыз етіп, ақпараттың жинақы қабылдауына пайдасын тигізеді. Тұтастай алынған білім студенттердің жадында ұзақ және берік сақталуына ықпал жасайды.
Аталған ұстанымдар тиімді жүзеге асырылуы үшін сабақта мынадай талаптарды орындаған дұрыс:
1. Іріленген тапсырмаларды орындау барысында олардың барлық құрама бөліктері бірізділік негізінде жүзеге асырылуы шарт (бір сабақтың шеңберінде).
2. «Бір мезгілде» оқытуда өзара байланысты мысалдар мен тапсырмаларды орындау кезінде аз уақыт арасында аяқтау қажет. Уақыт мөлшері (санаулы) бірнеше минут болуы шарт.
3. Берілген тапсырманы орындау барысында студенттің ойы басқа нәрсеге бөлінбегені дұрыс.
4. Бір мезгілде орындалатын тапсырма үйге немесе ұзақ уақытқа созылмауға тиіс. Тек осындай жағдайда ғана 15-20 минут аралығында операциялар белсенді фазада жүзеге асырылып, жұмыстың табысты болуына себін тигізеді.
Өзара бір-бірімен байланысты біртектес білімдерді бір мезгілде қарастыру: біріншіден, білімді бөлшектеп емес, тұтас қабылдауға мүмкіндік береді; екіншіден, терең және сапалы білім меңгеруге жол ашады.
Бірінші бөлімнің үшінші тармағы кәсіби лексиканы ДБІ технологиясы арқылы оқытудың лингвистикалық негізіне арналған.
Дидактикалық бірліктерді ірілендіру арқылы химия мамандығына қатысты лексиканы игертудің лингвистикалық негізі – сөйлесім әрекетін жүзеге асыратын оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім әрекеттеріне негізделген тілдік бірліктер мен қатысымдық тұлғаларды біріктіріп оқытудың ерекшеліктерін қамтиды.
Сөйлеу үрдісіндегі сөз бен сөздің байланысы, грамматикалық формалар мен мағыналар, сөз тіркестері, сөзжасам қосымшалары тілдік қарым-қатынасқа ерекше ықпал ететін құралдар болып табылады.
Лексиканы оқытуға арналған И.Рахманов, Е.Пассов, Я.М.Колкер, Е.С.Устинова, Т.М.Еналиева, Г.А.Китайгородская, С.Әбдіғалиев, Н.Оралбаева, Ф.Оразбаева, Ш.Бәйнеш, Б.Құлмағамбетованың еңбектері тілдік қатынасты дамытуға бағытталған ой-пікірлерімен құнды.
Қазақ тілінде дұрыс сөйлеп, жаза білу фонетика, лексика, орфография, орфоэпия, грамматиканы оқытумен тығыз байланысты. Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытуда тіл үйренушілердің тілдік қарым-қатынас біліктілігіне басымдылық беріледі де, теориялық материал лексикалық тақырыптар төңірегінде түсіндіріледі. Қазақ тілін үйрету алғашқы кезеңде сөйлем мен сөз үйретуден басталады. Сөз құрамындағы қазақ тілінің ерекше дыбыстарына назар аударылып, олардың бір-бірімен тіркесуі, дұрыс айтылуы мен жазылуы үйретіледі. Қазақ тілінің дыбыстық құрамын үйрету фонетика, орфография, орфоэпия салаларын жүйелі түрде ұсынуға негізделеді. Тіл үйретуде сөздердің айтылуы мен жазылуын қатесіз меңгерту мақсатында тірек сөздер мен салыстырмалы кестелер кеңінен пайдаланылады. Тілдік және қатысымдық тұлғаларды игерту үшін жаттығу жұмыстары жүйелі түрде орындалады, сөздің орфографиялық нормасына айрықша көңіл бөлінеді. Сөздің дұрыс жазылуы мен айтылуына қатысты фонетикалық жаттығулар, мәтіндерді оқу, ауызша және жазбаша мазмұндау сияқты тіл дамыту жұмыстарының үнемі, жүйелі түрде жүргізілуі ойды дұрыс, түсінікті жеткізуге мүмкіндік береді.
Жұмыста қазақ тілін ДБІ арқылы оқыту бағдарламасының мазмұны баяндалған.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – ДБІ технологиясын қолдана отырып, жоғары оқу орындарының химия факультетінде оқитын орыс топтары студенттерінің сөйлеу тілін коммуникативтік тұрғыдан дамыту; қазақ тілін мамандыққа бағыттап оқыту; кәсіби терминдерді меңгерту; олардың алған теориялық білімдерін практикамен ұштастыру; сауатты жаза білуге машықтандыру.
Мемлекеттік тілді ДБІ арқылы оқытуда лексикалық тақырыптар грамматикалық материалдармен тығыз байланыста, жүйелі түрде, ірі блоктарға бөлініп беріледі. Мысалы:
І блок: Химия ғылымдарының аталары
ІІ блок: Химиялық зертханалар
ІІІ блок: Химиялық элементтер әлемінде
ІV блок: Химия және медицина
V блок: Химия және өнеркәсіп
VІ блок: Химия және шаруашылық
Аталған тақырыптарды жан-жақты меңгерту үшін мынадай жұмыстар қамтылды:
1. Студенттердің оқытушымен жұмысы.
2. Студенттердің өз бетімен жұмысы.
CОӨЖ және СӨЖ жұмыстарын іске асыру барысында көрнекіліктің мынадай түрлері қолданылды: кестелер, тірек сызбалар, бейнежазбалар, фильмдер.
Жаттығудың төмендегідей түрлері пайдаланылды: білімдік, танымдық, интеллектуалдық, шығармашылық.
Білімдік – грамматикалық ережелерді жан-жақты меңгертетін жаттығу түрі;
Танымдық – ДБІ арқылы студенттің танымын дамытатын жаттығу түрі;
Интеллектуалдық – ДБІ арқылы тіл үйренушілерді мәдениетке, ізетке, қоршаған ортаны қорғауға бағыттайтын жаттығу түрі;
Шығармашылық – ДБІ арқылы студенттердің шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін арттыратын жаттығу түрі.
Бағдарламада топтастырылып берілген ережелер мына мәселелерді қамтиды: а) лексикалық тақырып пен минимум; ә) фонетикалық минимум; б) грамматикалық материал мен минимум.
Олар төмендегідей амал-тәсілдер арқылы іске асады: түсіндіру, сұрақ-жауап, сипаттау, сөйлеу жағдаяттары, әңгімелесу, ойын.
Студенттердің алған білімін бағалау үшін бақылаудың мынадай түрлері енгізілді: рейтингтік бақылау түрі, тестілер, диктант, бақылау жұмысы.
СОӨЖ-де тіл үйренушілер түсінбеген материалдарын сұрап, оны жете ұғынуына мүмкіндік алады. Оқытушы ең алғашында студенттерге өздік жұмыс түрлерін ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқау береді, оның рөлі мен маңызын түсіндіреді және тілдік материалдармен жұмыс жасаудың амал- тәсілдерін үйретеді. Осының арқасында студенттер өздеріне және оқытушыға жүктелген міндеттерді дұрыс түсінеді де, өздік жұмыстарды орындауға психологиялық-моралдік жағынан даяр болуға тырысады. СОӨЖ барысында оқытушы қазақ тіліндегі мәтінді қалай дұрыс оқуды, жаңа сөздер мен терминдердің айтылуын, жазылуын, мәтінге дейін, мәтіннен кейінгі жұмыстың қалай орындалатындығын, мәтінді орыс тіліне аударудағы ерекшеліктерді, яғни сөздердің орын тәртібін білу қажеттілігін үйретеді. Сонымен қатар грамматикалық анықтамаларды, түрлі тақырыптағы кестелерді орнымен пайдалана білуге машықтандырады.
Кредиттік жүйенің мақсаты болашақ мамандарды өз бетімен шығармашылықпен жұмыс істеуге үйрету болып табылады. СОӨЖ жұмысы барысында жүргізілетін тапсырмалар СӨЖ-ді орындауға негіз болады. Осы ретте бағдарламада ұсынылатын жұмыс түрлері бір-бірімен өзара тығыз байланыста беріледі. Тапсырмалар сабақтаса отырып, бірін-бірі толықтырып отырады. Мысалы, сабақтың тақырыбы «Графит» деп аталса, СОӨЖ-де «Графиттің өнеркәсіпте қолданылуы» бойынша мәлімет даярлау ұсынылады, ал СӨЖ-де «Қарындаш қалай жасалады?» атты тақырыбына шығарма жазу жоспарланады. Өз бетімен жұмыс бойынша тіл үйренушілер оқытушының қатысынсыз кез келген тапсырмаларды орындай білуі қажет.
Бағдарламада сөйлесім әрекетін жүзеге асыратын: оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім түрлері қатысымдық бағытта мамандыққа баулып оқытуды қамтамасыз етеді.
Бірінші бөлімнің 4-тармағы «Қазақ тілін химиктерге мамандық бойынша дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы оқытудың психологиялық негізі – анализдік ойлау» деп аталады.
Химиктердің ойлау қабілеті анализдік ойлауға тән. «Анализдік ойлау бүтінді бөлшектеп майдалау, қайсыбір жақтардан, жеке бөлшектерден, бөліп қарап, ажырату, абстракциялау» [4, 28 б.]. Анализ бүтіннің бөлшектерін, жақтарын, белгілерін ажыратып қана қоймай, осы бөлшектер арасындағы байланыстарды ашуға бағытталғандықтан, бүтінді талдаудың өзі синтездеу болып табылады. Талдау процесі бүтінді жете тануға жетелейді.
Ірілендірілген оқу мазмұнында ерекше орын алатын психологиялық жай – ес пен жады.
Психология ғылымында ес қысқа және ұзақ мерзімді деп екіге бөлінеді. Есті осылайша екіге бөліп ажырату адамның материалды ойда сақтаудың ұзақтығы мен оның қызметіне байланысты. Қазіргі заманғы мәліметтер бойынша қабылданған кез келген ақпарат жедел жадыда 10-15 минут тұрады да, ұзақ мерзімге кетеді. Іріленген тақырыптарға көшу барысында ұқсас, біртектес ұғымдарды бір мезгілде қарастырғанда, оқушылардың санасында олар туралы мүлде «жаңа» білім пайда болады. Оқыту материалын жан-жақты зерттеп үйрену үшін көру арқылы да есте қалдырудың мәні зор. Әдіскер-ғалым С.Н.Лысенкованың пікірінше: «Схема – опора мысли ученика, опора его практической деятельности, связывающее звено между учителем и учеником. От традиционной наглядности они отличаются тем, что они являются опорами мыслей, опорами действия» [5, 13 б.]. ДБІ технологиясы негізінен ойдың анализ және синтез, индукция және дедукция, салыстыру, топтау, жалпылау сияқты операцияларына сүйенеді.
Бірінші бөлімнің келесі тармағы химия факультетінің студенттеріне қазақ тілін ДБІ технологиясы арқылы оқытудың педагогикалық негіздеріне арналды.
Кәсіби лексиканы ДБІ арқылы оқытудың педагогикалық негіздерін қарастыру барысында қазақтың белгілі ағартушы-педагогтері Ы.Алтынсарин, АБайтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытов, С.Торайғыров, Ғ.Қараш, С.Аманжолов сынды ғалымдардың құнды пікірлері басшылыққа алынды.
Химия факультетінің студенттеріне тіл үйретуде академик Қ.Сәтбаевтың геология мен химия саласына байланысты көзқарастарының мәні зор. Ол Қазақстанның табиғат байлығының өзге елдерге қарағанда ерекше екендігіне назар аудара отырып, кен байлықты зерттеу жөнінде құнды пікірлер айтқан. Ғалым Қазақстанның металлогендік картасын жасаған. Жезқазған, Қарағанды өңірлеріндегі құрыш, марганецтің мол қорын зерттеп, оларды өндіріске енгізген.
Қ.Сәтбаев еліміздің ғылым саласының дамуына зор үлес қосқан. Ғалымның тікелей басшылығымен аспирантура, докторантура бөлімдері ашылып, жас мамандар ғылыми жұмысқа тартылып, геология саласында табыстарға қол жеткізді.
Қазақ тілін оқытуда сараланған дидактикалық ұстанымдардың тілді меңгертуге қалай ықпал ететіні тәжірибе арқылы дәйектелді. Тілді үйрету барысында саналылық, ғылымилық, жүйелілік ұстанымдарының алатын орны ерекше болатыны анықталды.
Осы бөлімде қазақ тілі пәні арқылы студенттердің патриоттық сезімін қалыптастыруға назар аударылды.
Патриоттық сезімнің нысанасы мен қайнар көзі – Отан. Ал оның мазмұны – жер, оны сақтау; табиғат, оның байлықтары.
Адам өзінің іс-әрекеті арқылы табиғатта бір-біріне үйлесімді жүріп отыратын заңдылықтарға ықпал жасайды. Ормандардың бей-берекет қырқылуы, жерді қалай болса солай пайдалану, қырғын соғыстың зардаптары, табиғатты талан-таражға салу – болашақ химиктерді толғандыратын жай.
Қазіргі кезде Қазақстанның Семей полигоны, Арал теңізі, Балқаш көлі экологиялық апатты аймаққа жатады. Осындай жағдайлардың алдын алуға, оларға жол бермеуге ой салатын, табиғатты көздің қарашығындай қорғап аялауға үйрететін мәтіндерді қазақ тілі сабағында пайдаланудың маңызы зор болды. Олар бағдарламада жоспарланған химия және өнеркәсіп блогына қатысты төмендегідей тақырыптарды қамтыды: «Адам және табиғат», «Су – тіршілік көзі», «Қазақстан қорықтары», «Табиғатты қорғау», «Өр Алтай кені» т.б. «Табиғат – алтын бесік», «Табиғатты қорғауға қосқан менің үлесім» тақырыбы бойыша шығарма, мазмұндама түрінде жазылған жұмыстар студенттердің Жер-Анаға деген қамқорлық сезімін ұялатып, жауаптылыққа жетелейді.
Адам өмірінің қазіргі кездегі дамуы көптеген күрделі мәселелерді дұрыс шешуді көздейді. Олар дүниежүзілік деңгейде биосферадағы табиғи заңдылықтарға үйлесімді химиялық өндірісті дамыту, энергия көздерін және табиғат байлықтарын ұқыпты пайдалану, ауаның, судың және топырақтың тазалығын сақтаумен байланысты. Тіл үйренушілердің кәсібі жер байлықтарымен тығыз байланыста болғандықтан, олардың бойында «табиғатты қорғау адамды қорғаумен тең» деген ұғымды қалыптастыру негізгі нысан етіліп белгіленді. Осы ретте өндіріс орындарында табиғатты ластауға жол бермейтін құрылыс материалдарын ойлап шығарған қазақстандық өнертапқыштардың еңбектері туралы мәтіндермен жұмыс жүргізіліп, сұхбат, пікірталас ұйымдастырудың мәні зор болды.
Химия факультетінің студенттеріне кәсіби лексиканы ДБІ арқылы оқытуда мақал-мәтелдерді қолдану олардың қазақша сөйлеу тілін дамытуға игі ықпал етеді.
Ғалым Ж.Б.Қоянбаевтың пікірінше, «Халық педагогикасының басты мақсаты – бірнеше ғасырға созылған халық тәрбиесіне сүйене отырып, болашақ ұрпақты, еңбекке, өмірге, ең жоғары адамгершілік, имандылық қасиеттерге тәрбиелеу» [6, 323 б.].
Болашақ химиктердің кәсіби лексикасына қатысты төмендегідей мақал- мәтелдер іріктеліп алынып, сабақ мақсатына сай қолданылды:
Мәселен, «Асыл сөз алмасты да кесер», «Тілді сөкпе улы деп, Қолды сөкпе зілді деп», «Жыланның уы тісінде, Жаманның уы тілінде», «Алтын алма, алғыс ал, Алғыс алтын емес пе?», «Ақылдының белгісі – алтыннан келер сөздері, Ақылсыздың белгісі- айтып тұрар көздері» және т.б.
Сол сияқты «Келісті cөз – күміс, жемісті жұмыс – алтын», «Азаматтың сөзі – болаттың өзі», «Отқа салып ерітсең де, алтын, сірә, жез болмас. Аяққа шылғау қылсаң да, жібек, сірә, бөз болмас» мақалдарындағы асыл металдардың атауы жағымды мәнді білдіреді. Сөзді орнымен қолданса, ол күміс сияқты бағалы болады. Адам бойындағы жақсы қасиеттердің асыл металдар арқылы салыстырыла бейнелеуін студенттердің санасына жеткізу, олардың жадында кәсіби атауларды берік сақтаумен қатар, бойында жақсы қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі.
Диссертацияның «Қазақ тілін химия факультеті студенттеріне ДБІ технологиясы арқылы оқытудың әдістемелік негізі» атты екінші бөлімнің бірінші тармағында орыс аудиториясында қазақ тілін мамандыққа байланысты оқытудың кезеңдері туралы баяндалған. Сабақтың негізгі кезеңдеріне таныстыру, жаттықтыру және сөйлесім тәжірибесі жатады. Кез келген дағды мен білікті қалыптастыру аталған үш кезең арқылы жүзеге асырылады.
Әр сабақ төмендегідей кезеңдерді қамтиды:
1. Таныстыру;
2. Жаттықтыру;
3. Сөйлеу тәжірибесі.
І. Таныстыру кезеңінде лексикалық тақырып төңірегінде қандай грамматикалық единицалар ірілендіретініне назар аударылады. Мысалы, «Металдар және металл еместер» тақырыбы бойынша Жіктеу есімдігі; Жалғаулық шылау; Көмектес септігінің қосымшасы грамматикалық бірліктер ірілендіріледі. Грамматикалық бірліктерді меңгерту барысында оқытушы алғашқы кезеңнен жаттықтыру кезеңіне көшеді. Кезеңнің өзі бірнеше бөлікке бөлінеді. Бөліктер бойынша меңгерілетін іріленген грамматикалық бірліктер жоспарлы және жүйелі түрде ұсынылады.
Жаттықтыру кезеңі. Мұнда сөйлесімді жүзеге асыруға бағытталған тілдік және сөйлеу жаттығулары орындалады. Тілдік жаттығу белгілі бір лексикалық тақырып төңірегіндегі қарым-қатынасқа қажетті тілдік материалдарды (лексика- грамматикалық) дұрыс пайдалануға үйретеді. Сөйлеу жаттығуы қоршаған ортадағы жағдаяттар бойынша студенттерді қарым-қатынасқа дайындайды.
Тапсырма. «Мен» сөзін сөйлемнің мағынасына қарай дұрыс орналастырыңыз:
Әсет ертең сілті........ жұмыс істейді.
Айжан көміртегі...............көмір қышқыл газының айырмашылығын түсіндірді.
Бүгін............. қазақ тілінің төл дыбыстарын қайталадым.
Бұл тапсырма студенттердің керек грамматикалық бірлікті дұрыс таңдап, сөйлемді дұрыс құрастыруға жағдай туғызып, іздендіреді.
Тапсырма. «Мен» сөзінің түрлі мағынадағы қолданысын пайдаланып, диалог құрып, сөйлесіңіз:
Үлгі:
Әйгерім, қара металдарға нелер жатады?
Қара металдарға шойын мен болат және олардың қоспалары жатады.
Темірдің қозындысын немен ұрып ұшырады?
Оны балғамен ұрып ұшырады.
Ұсынылған тапсырма студенттердің іріленген грамматикалық бірліктерді сөйлем ішінде қолданып, қазақша сұхбатты дұрыс құруға әсер етеді, айтар ойын түсінікті жеткізе білуге үйретеді.
Жағдаят
Тіл үйренуші жаттықтыру кезеңінде тілдік және сөйлеу жаттығулары бойынша алған білік, дағдыларына сүйене отырып, кез келген жағдаят бойынша сұхбат немесе әңгіме құрайды.
Сөйлеу тәжірибесінде тілдік және сөйлеу жаттығуларын меңгерген студент біліктілігін дамытып, пікірлесу, түсінісу арқылы тілдік қатынасқа дағдыланады.
Сонымен, мағынасы жағынан әр басқа немесе ұқсас лексика-грамматикалық бірліктерді топтастырып, бір мезгілде ұсыну – бірнеше сағатқа арналған материалды студенттердің бір сабақ шеңберінде жинақы қабылдауына мүмкіндік береді. Олардың алған білімдері санасына берік орнығып, кейін тілдік қатынаста дұрыс пайдалануға көмектеседі.
Екінші бөлімнің екінші тармағы өзара байланысты, ұқсас, біртектес лексика-грамматикалық единицаларды кесте және тірек сызба арқылы оқытуға арналған. Кесте, тірек сызбалар – қарапайым көрнекіліктер ғана емес, олар ережелердің жол көрсеткіші, ой қорыту амалы.
Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы арқылы мамандыққа қатысты кәсіби сөйлесімге үйретуде қатарынан бірнеше грамматикалық бірліктер кесте бойынша ұсынылады:
1-кесте – Атау және табыс спетіктері бойынша грамматикалық бірліктерді ірілендіру үлгісі
А Т А У
|
Т А Б Ы С
|
1. Химиялық зертханада кауіпсіздік ережелері ілулі тұр.
2. Тәжірибе жақсы нәтиже берді.
|
Қауіпсіздік ережелерін тәжірибе жасағанда еске түсіру қажет.
2.Асқар зертханада тәжірибе жасады
|
Тіл үйренушілерге Атау және Табыс септіктерінің қолданысын ажырату қиыншылық туғызады. Оларды кесте арқылы оқыту тиімді. Сырт тұлғалары ұқсас атау септігінде қолданылғын сөздердің мағыналары бастауыш, екінші бағанадағы сөйлемдерде толықтауыш қызметін атқарып тұрғанын көрсетеді.
Ілік септік, Тәуелдік жалғау мен Иелік формада колданылатын -нікі, -дікі, -тікі жұрнақтары бір мезгілде кестеде төмендегідей мысалдар арқылы түсіндіріледі. Оқу құралдарында Ілік септік септіктер қатарында, тәуелдік жалғауы жалғауларды оқытқанда, ал иелік форма мүлде бөлек беріледі. Аталған ұғымдарды топтастырып, бір сабақта өткен ұтымды:
2-кесте – Ілік септік, тәуелдік жалғау, иелік форма бойынша бірліктерді ірілендіру үлгісі
-
Элементтің тобы
Қышқылдың қасиеті
Заттың иісі
Судың буы
Шөлмектің тығыны
|
Топ элементтікі
Қасиет қышқылдікі
Иіс заттікі
Бу судікі
Тығын шөлмектікі
|
Сонымен, 1-сабақтың шеңберінде мынадай бірліктер ірілендіріледі:
1. Ілік септік
2.Тәуелдік жалғау
3. Иелік форма
4. Иелік форманың жіңішке нұсқасы.
Іріленген бірліктерді бір мезгілде үйрету мына тұрғыдан тиімді: біріншіден, өзара байланысты білімдер тіл үйренушілердің жадыларында берік және ұзақ сақталады; екіншіден, алған білімдерін керек уақытта жадыларына тез түсіре алады; үшіншіден, сабақ уақыты үнемделеді.
3-кесте – Барыс және жатыс септіктері бойынша грамматикалық бірліктерді ірілендіру үлгісі
Б А Р Ы С ҚАЙДА? Ж А Т Ы С
(кімге?, неге?) (кімде? неде?)
|
Асан кеше зертханаға келді.
Студент ерітіндіге су қосты.
|
Мен зертханада болдым.
Қышқылда оттегі бар.
|
Барыс және Жатыс септіктеріне қатысты ортақ сұрақты кесте бойынша бір сабақта меңгерту ыңғайлы. Студенттер екі септіктің қосымшаларын бір-бірімен шатыстырмай жұмсай алады.
Атау септігімен тіркесетін шылауларды топтастырып, сызбаның көмегімен былайша өрнектеуге болады:
1. Үшін
Металды балқыту үшін өте жоғары температура қажет.
Химиялық шөлмекке тығын не үшін қажет?
Мен зертханаға тәжірибе жасау үшін келдім.
2. Туралы, жайында, жөнінде
жайында
Біз бүгін қышқылдар туралы айтамыз.
жөнінде (кейде(жөніндегі)
Мысалы, Оқу ісі жөніндегі проректор.
3. Арқылы
Теорияны тәжірибе арқылы дәлелдейміз.
Әріптесіммен телефон арқылы сөйлестім.
Күн аралатып тәжірибе жасаймыз.
4. Сайын
Жасаған тәжірибеге 10 минут....... Тәжірибе нәтижесінде алынған
бір тамшы ерітінді құю керек. зат тұрған........... қоюлана түседі
Зертханада күн .............тәжірибе жасаймыз.
1-сызбада үшін жалғаулығы үш сөйлемде де мақсат пысықтауыш қызметін атқарады. Мұндағы үшінші сөйлемдегі шылауды бола сөзімен ауыстыруға болатынын түсіндірген дұрыс. Мен зертханаға тәжірибеге бола келдім.
2-сызбада туралы, жайында, жөнінде шылау сөздерінің мағынасы бірдей. Сабақта басқа ұлт өкілдері студенттерінің туралы шылауының мағынасын жақсы меңгергенін байқауға болады, ал сөз жөнінде, жайында жайлы болса, мүдіріп қалады. Сондай-ақ, жөніндегі сөздің мағынасын мынадай мысал арқылы түсіндірген жөн: Оқу ісі жөніндегі проректор.
Арқылы сөзінің түрлі мағынадағы қолданысын 3-сызба бойынша ұсынған тиімді: бірінші сөйлемде өз мағынасында, екіншіде Телефонмен сөйлестім деп айтуға болады; үшіншісінде қазақ тілінде «бір күн арқылы» деп айтылмайды, яғни «күн аралатып» немесе «бір күннен кейін» деп ұғындырған дұрыс. Студенттер септеулік шылауларға байланысты бір емес, бірнеше мәліметті бір мезгілде қабылдайды. 4-сызбадағы сөйлемдерден сайын шылауының бірнеше қолданысын байқауға болады: бірінші сөйлемде уақыт аралығын; екіншіде күшейткіш шылау; үшіншіде күнделікті сөзінің мағынасын иеленгенін көрсетеді.
Көзбен көріп ойлау – естуге қарағанда ақпаратты өңдеуді 100 есе күшейтетіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Олар студенттердің ақпаратты көзбен көріп, есте сақтау қабілетін жетілдіреді және тілді үйренуге қызығушылығы мен ынталарын арттырады. Кесте және тірек сызба сөйлемдегі іріленген лексика-грамматикалық бірліктердің түрлі мағынадағы қолданысын ажыратуға, олардың мәнін жете түсінуге мүмкіндік туғызып, сөйлем ішінде дұрыс пайдалануға себін тигізеді; алған білімдерін іс жүзінде пайдалануға жол ашады.
Екінші бөлімнің үшінші тармағында мамандыққа сәйкес лексиканы дидактикалық бірліктерді ірілендіру негізінде блоктық тапсырмалар арқылы оқытуға назар аударылған.
Лексиканы дидактикалық бірліктерді ірілендіру арқылы меңгертуде тапсырмаларды блоктап берудің маңызы ерекше. Тапсырмаларды блоктап ұсынуда сөйлесім әрекетінің: оқылым, тыңдалым, жазылым, айтылым, тілдесім түрлерінің барлығы қамтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |