Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 12.12.2019 № 671 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін бағалаулар негізінде куәландырылатын адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілік тәртібін айқындайды. 2. Медициналық-әлеуметтік сараптаманы (бұдан әрі – МӘС) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімшелер) жүргізеді. Ауру мен мүгедектіктің деңгейіне, құрылымына қарай МӘС бөлімдері жалпы бейіндегі, мамандандырылған бейіндегі (кәсіптік ауруы бар, туберкулезбен ауыратын, психикалық ауытқулары бар науқастар үшін) және педиатриялық бейіндегі МӘС бөлімдері болып бөлінеді. 3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) біліктілік – қызметкердің кәсіптік даярлығының дәрежесі, күрделілігі белгілі дәрежедегі жұмысты орындау үшін қажетті білімі, ептілігі мен дағдыларының болуы; 2) еңбек ету қабілетінен айырылу – қызметкердің жұмысты орындау, қызмет көрсету қабілетінен айырылуы, оның дәрежесі айырылған еңбек ету қабілетіне пайыздық қатынаста көрсетіледі; 3) еңбек қабілеті – жұмыстың орындалу мазмұнына, көлеміне және шарттарына қойылатын талаптарға сәйкес қызметті жүзеге асыру қабілеті; 4) "Еңбек нарығы" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "Еңбек нарығы" ААЖ) – әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету мақсатында халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, еңбек ресурстарын дамыту және ведомствоаралық өзара іс-қимыл орталығының қызметін автоматтандыруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен; 5) кәсіп – арнайы даярлықтың және жұмыс тәжірибесінің нәтижесінде алған теориялық білімі мен практикалық машықтар кешенін меңгерген адамның еңбек қызметінің (кәсібінің) түрі; 6) кәсіптік ауру - жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауына байланысты оған зиянды өндірістік факторлардың әсер етуінен туындаған жіті немесе созылмалы ауру; 7) кәсіптік еңбек ету қабілеті – қызметкердің белгілі бір біліктіліктегі, көлемдегі және сападағы жұмысты орындауға қабілеті; 8) кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі (бұдан әрі – КЕА дәрежесі) – қызметкердің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау қабілеті төмендеуінің деңгейі; 9) куәландыру – оңалту әлеуеті мен болжамын белгілей және ескере отырып, МӘС жүргізу; 10) куәландырылатын адам – өзіне қатысты МӘС жүргізілетін адам; 11) Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "Е-Собес" ААЖ) – материалдық және заттай мәнде әлеуметтік көмек, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің бизнес-процестерін автоматтандыруға, жергілікті атқарушы органдар жүргізетін іс-шаралардың дерекқорын қалыптастыруға, жүргізуге және пайдалануға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен; 12) МӘС – мүгедектікті және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілей отырып (белгілемей), организм функцияларының тұрақты бұзылуынан туындаған куәландырылатын адамның тіршілік-тынысының шектелуін бағалау, сондай-ақ оның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттіліктерін айқындау; 13) МӘС әдіснама және бақылау бөлімі – аумақтық бөлімшенің МӘС мәселелері бойынша әдіснаманы және бақылауды жүзеге асыратын бөлімі; 14) МӘС бөлімі – аумақтық бөлімшенің МӘС жүргізу жөніндегі бөлімі; 15) мультипәндік топ – пациент организмінің функциялары мен құрылымдарының бұзылу сипатына, оның клиникалық жай-күйінің ауырлығына байланысты қалыптастырылатын әртүрлі мамандар тобы; 16) мүгедек – тұрмыс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемістіктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған адам; 17) мүгедек бала – тұрмыс-тіршілігінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын, ауруларға, мертігулерге (жаралануға, жарақаттарға, контузияларға), олардың зардаптарына, кемістіктерге байланысты организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығы нашарлаған он сегіз жасқа дейінгі адам; 18) мүгедектерді әлеуметтік қорғау – мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету, оңалту, сондай-ақ олардың қоғамға етене араласуы жөніндегі шаралар кешені; 19) мүгедектерді оңалту – организм функцияларының тұрақты бұзылып денсаулықтың бұзылуынан туындаған тіршілік-тынысының шектелуін жоюға немесе мүмкіндігінше толық өтеуге бағытталған медициналық, әлеуметтік және кәсіптік іс-шаралар кешені; 20) "Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі" автоматтандырылған ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "МОДБ" ААЖ) – мүгедектікті белгілеу, еңбек ету қабілетінен айырылу, оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеу бойынша бизнес-процестерді автоматтандыруға, сондай-ақ МӘС бөлімдерінде куәландырудан өткен адамдар бойынша деректерді сақтау мен өңдеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен; 21) мүгедектік – организм функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығының бұзылуы салдарынан адамның тіршілік-тынысының шектелу дәрежесі; 22) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ОЖБ) – мүгедекті оңалтуды жүргізудің нақты көлемін, түрлері мен мерзімдерін айқындайтын құжат; 23) оңалту әлеуеті – мүгедек организмінің бұзылған функциялары мен қабілеттерін медициналық, психологиялық және әлеуметтік факторларды талдау негізінде қалпына келтірудің нақты мүмкіндіктерінің көрсеткіші; 24) оңалту болжамы – оңалту әлеуетін іске асырудың болжамды мүмкіндігі және мүгедекті қоғамға кіріктірудің болжамды деңгейі; 25) оңалту-сараптамалық диагностика – оңалту әлеуетінің, оңалту болжамының бағасы; 26) организм функциялары – организм жүйелерінің физиологиялық (психикалықты қоса алғандағы) функциялары; 27) организм функцияларының бұзылуы – организмнің қызметінде немесе құрылымында туындайтын, олардың нормадан едәуір ауытқуы ретінде қаралатын проблемалар; 28) өндірістік жарақат – өзінің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, еңбек ету қабілетінен айырылуына әкеп соққан, қызметкер денсаулығының зақымдануы; 29) тіршілік-тынысының шектелуі – адамның өзін-өзі қарап күту, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлай алу, қарым-қатынас жасау, өзінің мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбек қызметімен айналысу қабілетінен немесе мүмкіндігінен толық немесе ішінара айырылуы; 30) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – әлеуметтік-еңбек саласындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы; 31) халықты жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға; 32) цифрлық құжаттар сервисі – операторға бекітілген және мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын көрсетілген мемлекеттік қызметтерді іске асыру мақсатында, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау, электрондық нысанда қызметтер алу және көрсету кезінде электрондық құжаттарды жасауға, сақтауға және пайдалануға арналған "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектісі. Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 27.10.2021 № 397 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.