Сайділ талжанов 3 томды қ ш ы ғ армаларжина ғ Ы


ҚЫСРАУ АНУШЕРВАН ПАТШАНЫҢ ДӘРІГЕР БАРЗУЯНЫ ҮНДІ ЖҰРТЫНА «КӘЛИЛӘ МЕН ДИМНӘ»



бет13/27
Дата31.12.2019
өлшемі2,11 Mb.
#54002
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   27

ҚЫСРАУ АНУШЕРВАН ПАТШАНЫҢ ДӘРІГЕР БАРЗУЯНЫ ҮНДІ ЖҰРТЫНА «КӘЛИЛӘ МЕН ДИМНӘ»


КІТАБЫН ТАУЫП АЛЫП КЕЛУГЕ ЖҰМСАҒАНЫ ТУРАЛЫ
БҰЛ ЖӨНІНДЕ Бузурджмихр былай толғайды: Іске кіріспес бұрын айта кетейін: «Аса ардақты шапағатшы ұлы тәңірім мақұлықтарына мейірімі түсіп, түрлі-түрлі етіп жаратыпты, құлдарына рақымы келіп бұл дүниедегі несібесін аямай сыйлапты, ақыреттін азабын шегуден де аман сақтапты», - дейді. Тәңірім берген сыйының ішіндегі ең құндысы асқаралы ақыл екен, өмірдегі барлық нәрсеге қолы жететін күш осы, ол болмаса ешкім де күнделік өмірін тәптіштеп тәртіпке сала алмаса керек, пайдалы затты өзіне икемдеп, бауырына басып, зияндыдан қашып құтыла алмас еді. Ол дүниедегі өмірін көздеп, қу жанын апаттан қорғауға ұмтылатын адам туралы да осыны айтуға болады. Асқаралы ақыл бар игіліктің негізі, әрбір талаптың кілті, ешкімнің онсыз күні жок. Ол тәжірибе мен ғылым арқылы табылады, тас пен ағаштың бойына біткен от тәрізді, ол адамның жасырын табиғаты. Егер көлденең бір зат соғылып жаңғырықпаса, тастың оты көзге шағылыспайды, ал соғылған заматта тұтанып жарық береді де, жалын шашады. Сондай- ақ ақыл да адамның бойында бүркеулі жатады, ол көрінбейді, ғылым мен тәжірибе қуатын дарытқанша бетін ашпайды; орын теуіп, нығайған кезде ол ең алдымен жақсылыққа ұмтылады да, жамандықтың бәрін мансұқ етеді. Парасатты ақыл мен оқымыстылықтан артық еш нәрсе жоқ. Кімде-кімге тәңірім ақыл берсе және білімге ынталанып, өзі талаптанып соны күшейтуге тырысса, бар табыс соның басында болады, бұл жалғанда да, ақыретте де көңіліне алған мұратына жетпей қоймайды.

Әуелден-ақ талайы асып туған патшамыз Анушерванға тәңірімнің өзі мінсіз ақыл мен берекелі бақытты сыбағаға тартқан екен. Ақылын ол біліммен, ізденумен, философия ғылымын үңіле зерттеумен молықтырды, түпкі сырын қазбалап, баршаға айқын нәрседен де шындықты екшеп табу арқылы толықтырды. Бұл жөнінде бұрынғы патшалар жетпеген табысқа жетті. Міне, енді осылай ізденіп, ғылыммен шұғылданып жүргенде, Үндістан елінде бір кітап бар екен, оны

патшалары мен ғалымдары өте бағалап, кұпия түрде сақтайды екен деген хабар жетті. Бұл кітап бар білімнің түпкі тамыры, барлық ғылымның шырқау шыңы екен, бар жақсылыққа жөн сілтеуші: ана дүниедегі игілікті іздеушілердің қолына ұстаған кілті, оның азабынан құтылудың құралы екен. Патшалардың бар мүддесін орындайды екен, патшалықты басқаруға да, қызықты дәурен сүруге де көмегін тигізеді екен. «Кәлилә мен Димнә» міне, сол кітаптың аты екен. Осы кітап туралы өзі естіген хабар анықталған кезде, оның ақылға да, білімге де пайдалы екеніне көзі жеткен заматта, патшаның тағаты қалмай мазасы кетті «соны қолыма түсірсем, керемет қасиетін өз көзіммен көрсем» деп аңсай берді. Ол әрі оқымысты, әрі ақылды кісі еді. Сарайындағы қызметкерлеріне жарлық берді: «Бір адам табыңдар, ол өзі тәрбиелі ғалым болсын, парсы тілі мен үнді тілін жетік білсін, ғылымды мейлішне сүйсін, білімін толықтыру үшін, философияны зерттеуге құмар болсын», - деп тапсырды. Осындай кісіні іздеді де, тауып та алды, ақылы кәміл, өзі оқымысты, мамандығы дәрігер, парсы мен үнді тіліне жетік, өте көркем, өзі тиянақты бір жас жігіт екен, соны ертіп әкелді. Оның аты Барзуя еді. Патшаның алдына келгенде, иіліп тағзым етті де, бағынышты ізет көрсетіп, сол орнында тұрып қалды. Патша оған қарап: «Ей, Барзуя, сенің ақылың кәміл екен, өнегелі тәрбиең де бар және білімді іздеп аңсап жүретін жан екенсің, мен осыны естіп сені таңдадым. Маған Үндістанда бір кітап бар деген хабар жетті», - деді. Сонсоң патша кітапты ойлап өзінің күйзелгенін және соны қолына түсіруге ынтызар екенін баяндады. «Осы кітапты іздеу сапарына әзірлен деп бұйырды, бар ақыл-айлаңды, бар өнеріңді сарқа қимылда, сол кітапты ғалымдарына көрсетпей, сақтаулы тұрған жерінен бүтін қалпында, парсы тіліндегісін қымқырып алып кел, сонымен қатар біздің патшалық қазынамызда жоқ басқа кітаптарды да ескере жүр», - деді.

Өзінің қалауынша көп ақша бергізді, егер осыны жұмсап бітірсең патшаның атына хат жазарсың деді, мөлшерден тыс сома болса да бөгелмей жіберетінін ескертті. Сонда патша: «Ғылым саласының бәрін де қомсынбай зертте, осы қазынадағы барлық қор түгел жұмсалса да тартынба, өйткені бұл шығынның орнын ақшамен толтыруға болмайды», - деді. Осыдан кейін оң

сапарын тілеп, жұлдызбен жорамалдаушыларға сәтті күн мен сәтті сағат белгілеуді тапсырды. Жиырма мың динар1алып Барзуя аттанып кетті.

Бөтен патшалықтьщ жеріне кірген соң, Барзуя базарға барып, қалың думанға араласты. Базарда жүріп ол патшаның нөкерлерін, ақ сүйек мырзаларын, ғалымдар мен философтарын сұрастырды. Олардың үйлеріне де бара бастады, жолыққанда құрметпен сәлемдесіп, патшаның жай-жапсарын сұрап білуге тырысты. Өзінің басқа жұрттан екенін, осында ғылым, білім іздеп келгенін айтты, мұратына жету үшін жол көрсетіп, көмектесулерін сұрады. Осы сапарындағы негізгі мақсатын ешкімге білдірмей құпия сақтай жүріп, ол ұзақ уақыт тынбай тәлім-тәртіп алуға кірісті. Бұрын өзі өте жетік білетін ғылым- білімнің салаларын да қайта пысықтады. Ұзақ уақыт жүріп ол өзіне үнділерден көптеген достар тапты, оның ішінде атақты кісілер де, қарапайымдары да, ғалымдар да, тіпті түрлі кәсіпкерлер де бар еді. Бұлардың ішінен әсіресе Адуя деген кісімен өте дос-жар болды. Оған өзінің сырын әйгілей айтып, кеңесетінді шығарды, өйткені ол өте білімді, өнегелі, тәрбиелі адам еді. Одан шын бауырмалдық, адал махаббат тапты. Барлық мәселе жөнінде сонымен кеңесетін болды, бірақ өзін қобалжыта беретін бір түйткіл нәрсені ғана одан жасырды, дәйім бойын тарта сөйледі, сескенбей сырын айтуға жарамды адам екенін анықтап білуге тырысты да, үнемі соған ұдайы сынап қарады. Талаптанып жүрген ісіне пайдасы тиерін, ашқан сырын сыртқа шашпасын анық біліп қанғанша, іздегенін тауып беруге көніп, көмектесуге дайын екеніне әбден көзі жеткенше, оның жан құбылысын зерттеп, үнемі аңдумен жүрді. Оған деген өзінің мейірі күн санап арта түсті. Мұратына жетуге үміттенген күні туғанша, дос-жарларының көңілін өзіне аудару мақсатымен астыртын жүріп, әр түрлі іске қаржыны да молынан жұмсады. Көздеген ойын орындау үшін солармен бірге үлкен тойларға да барды, ішкілігі мол мәжілістерде де болды, бірақ бауыр басып, бас қосып жүрген кісілердің ішінен, әлгі айтылған досынан өзге ешкімге сене алмады. Барзуяның енді нендей қылық жасағысы келгенін, досының да оған қалай жауап бергенін, сол






1 Динар – араб жұртында алтын ақшаның жалпы аты, осы арада дәл бағасы белгісіз тәрізді.

кезде оның ой-өрісін өзі қалай сынап білгенін, сөйтіп ақырында екеуінің достасқанын айтып өтелікші, осының бәрі мына түрде икемделген болатын: Бір күні екеуі оңаша қалған кезде, Барзуя оған қарап:

- Ей, бауырым! Осы кезге дейін сенен жасырып келген кұпия

сырымды, енді бүге алатын емеспін. Есіңде болсын, әдейі ізденіп келген бір жүмысым бар, сен көріп жүрген менің бойымдағы заттың біреуі де оған ұқсамайды. Бірақ біреудің жүрегіндегі сақтаулы сырын, құпия ойын аңғару үшін ақылды жанға қабақтың қағысы да, қолдың қимылы да жеткілікті айғақ кой, - дегенде, Үндістан адамы оған бетін бұрып:

- Мен өзіңнен бұрын сөйлегенім жоқ, осында не іздеп келгеніңді

білсем де, оны өзіңе айтпап едім, ал енді айтайын, сен менен мақсатыңды жасырдың, жұрттың көзін бояп бөгде біреу болып көрінгің келді, алайда шын сырыңды бүге алған жоқсың. Бірақ мен арамыздағы достықтың құрметі үшін сырыңды білмеген болдым,қаншама жасырсаңда көздегенжоспарың маған әйгілі болып еді, оны әлдеқашан-ақ ұккан едім. Сен сөзді өзің бастадың ғой, мен енді тап өзің туралы айтайын, сақтап жүрген сырыңды алдыңа жаяйын, осында келген мақсатыңды талдап берейін. Біздің жұртымызға келгенде, көздің қарашығындай болып қазына жайда сақталатын құнды мүлкімізді ұрлап алып, еліңе тартқалы келдің, сонымен өз патшаңды қуантпақ болдың. Келуің опасыздық, ал достығың алдау еді. Нысаналы мақсатыңа жету үшін сонша төзіп, тиянақты әрекет жасағаныңды көрдім, келгеніңе көп болды, сол ұзақ мезгілдің ішінде құпия сырыңды әшкерелейтін бір ауыз сөз айтпадың, сондықтан ақылыңа, ұстамдылығыңа таңырқадым да, шынайы дос болдым. Бірақ бұрын дәл сендей ақылы зерек, оқымысты, мақсатына жету жолында табаны таймайтын, сырына берік, мінез-кұлкы мейлінше адал адамды, сірә, көрмеген де болармын. Қадір- қасиеті мен іс-әрекеті өзімізге белгісіз тап сенің еліңнен басқа, ешбір жұртта, ешбір патшалықта сен тәрізді жан жоқ. Есіңде болсын, адамның ақылы мынадай сегіз түрлі қасиетпен әйгіленеді. Соның біріншісі - өзі биязы, әрі әдепті болу. Екіншісі - өз жүрегін жете танып, соны қадір тұту. Үшіншісі

- патшаға бағына біліп, оның қыбын табуға тырысу. Төртіншісі

- өз сырын берік сақтап, оны шын досына ғана көзін тауып

айта білу. Бесіншісі - патша сарайының алдында әрі әдепті, әрі байыпты болу, сыпайыгершілік сақтай сөйлеу. Алтыншысы - өз сырын да, өзгенің сырын да сақтай білу. Жетіншісі - аузына ие болу, саралап ой тезінен өткізбей сөйлемеу. Сегізіншісі - жиын топтың алдында өзінен арнап сұраса ғана жауап беру, өзінің анық білетін заты жайында ғана сөйлеу, өкінерлік әңгімені айтпау. Осы қасиеттердің бәрі бір адамның басында болса, ол тілеген игілігіне жетеді де үнемі рақатқа батады, пәле-жаладан, залал шегуден сақтанады, міне, осылардың бәрі сенде бар, көзім көріп тұр, бұл мен үшін аян нәрсе. Тек тәңірім өзіңе өмір берсін, достығыңның маған жемісін жегізсін. Осы сегіз касиетті түгел баураған жан талабына жетіп, мұң-мұқтажын толық орындайды, тілегенін беруге татырлық адам осы болады. Бірақ сенің көздеген мақсатың мені түңілдіріп отыр, сондықтан уайымдаймын да қауіптене беремін. Тәңірімнің өзі жар болып аман сақтауын тілеймін, - деді.

Сонда Барзуя мынаны түсінді, үнді адамының ойынша, мұның достығы опасыздық, негізгі мақсатын бүркемелеу екен, бұған себепкер болған нәрсе бірдемені қымқырып, ұрлау болып шығады. Бірақ сонда да өз ойынан кейіншектеп қайтпады, тек қана бауырлас кісілердің біріне-бірі айтатын базынасындай етіп жұмсаң сөйлеп, қарсылығын білдірді, өйткені Барзуя өз ісіне байсалды сеніммен қарады. Сонсоң ол Үндістан адамына бұрылып:

- Мен алдын ала толық етіп түсінік әзірледім, тамырын жайып, бұтақтарып өрбітіп, оған барлық бүршіктерін өндіріп, өркендетіп едім. Ал енді саған оның керегі жоқ екен, сондықтан орындауға ұмтылған ісімнен бас тартпақпын, өйткені сен аз ғана кілтеңнен көп нәрсені ұға қойыпсың. Илаһи, тәңірім бетіңнен жарылқасын, саналы ақылың мен өнегелі тәрбиеңді арттыра берсін! Сен мені ауыр сөзден құтқардың, алдымды орап жауабын да өзің бердің, келте қайырдың да міндетімді жеңілдеттің, сенен менің де күткенім осы еді. Мысалы, ұтымды сөз данышпанның құлағына тисе, ал құпия сыр мына ақылды, ұстамды кісінің қолына түссе, онда сол сырды сақтай білген жанның мақсаты мен үміті нығая бермек, жартасты жарып салған сарай тәрізді орнықты болмақ, долдана соққан дауыл да тебіренте алмайтын тау сияқты тығыз тұрмак, - деді.

Үндістан адамы тұрып:

- Дүниеде махаббаттан артық еш нәрсе жоқ.

Кімде-кімнің жүрегінде махаббат болса, сырын білмей-ақ жақындасуға жарайтын жан сол! Игі өнегенің шырқау шыңы - өзінін сырына берік болу. Егер кұпия сыр сенімді, ұстамды кісінің қолына түссе, ол ешкімге паш етпей таза сақтауға міндетті, ал егер оны екі тіл сөйлесе, онда ол үшінші тілге де ауысады, ал үшінші тілге ауысты-ақ, «отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» дегендей бүкіл жұртқа жайылады. Бұлай болса сыр иесінің оны тоқтатуға мұршасы келмейді. Мысалы егер біреу аспандағы ыдыраған бұлтты көріп: «Бұлт ыдырады», десе, онда ешкім өтірік дей алмайды, өйткені өз көзімен көрген әрбір адам, әлгі кісінің айтқанын растайды. Ал менің өз басыма келсең, шынымды айтайын, өзіңмен жақын жүріп, достасқаныма үлкен қуаныштымын, мүлде разымын, ал сенің менен емексіп күтіп жүрген нәрсең - өте қүпия іс, ол жасырын күйде қалмайды, лажсыз тарайды, бұкара жұрттың кұлағына шалынды дегенше, мен апатка ұшыраймын, онан ешбір күш айырып қала алмайды, тіпті асқан байлык та арашашы бола алмайды. Біздің патшамыз өте қатал, ызғарлы адам, болмашы қатені де ауыр жазалайды. Ал мына қылмыс жөнінде ол не істемес дейсің? - деген қаупін білдірді.

Сол кезде Барзуя: - Құпия сырды сақтай білген достарды данышпандар мақтайды екен. Әдейі іздеп келген жұмысымды мен өзіңе сеніп, енді ашып айтпақпын, соны сен арқылы орындаймын деген үлкен үмітім де бар. Бұл күрделі іс, мен үшін оның маңызы ете зор. Мен сенің ақылыңа, ізгі ниетіңе, зеректігіңе сенемін. Маған көмектесуге күшің жетеді, қаншалык қауіп тенсе де, сәтін түсіруге жалғыз сенің ғана әлің келеді. Әрине, ешкімге сыр ашпайды деп сен маған сенесің, бірақ патшаны шырғалаған отандастарыңнан қорқасың, олардың сезіп қоюы мүмкін деп қамығасың. Мен мұны ешкім сезбейді деп білемін, өйткені мен кетемін де сен осында қаласың, ал мен мұнда жүргенде, екеуміздің арамызда куәлік берер айғақ жоқ қой, ендеше, мен жүріп кеткеннен кейін сен қауіптен аулақ боласың, сөйтіп бұл сыр жарияланбайды, - деді.

Осыны айтқанда Үндістан адамы көмектесуге шұғыл кірісті, іздеген кітабын әкеп берді. Кітап қолына түскеннен

кейін Барзуя оны ұзақ уақыт зерттен оқыды да, көшіріп жазды. Дамыл алмай шаршап-шалдықты, түн ұйқысын төрт бөлді, күндіз де тынбады, сонымен қатар өз басының қамын жеп те елегізіді. Басқа кітаптардан бұрын осыны көшіріп болған кезде, оның мазмұнын барынша жетік білді. Анушерванға өзінің аса қауіпті жағдайда екендігін білдіріп және міндеттеген ісін толық орындап шыққанын айтып, хат жазды.

Анушерван хатты алып оқыды да, игілі істің орындалғанына қатты қуанды. Бірак Барзуяның тілегін қабылдап, оған мұрсатана берді, көлденең бір тағдырға ұшырап, әлгі қуанышы баянды болмай қала ма деп қорықты. Барзуяға хат жаздырды, «Еш нәрсеге алаң болмай тез жетсін, өз үмітін патшаның оған деген адал ниетімен демесін. Өзіме уэзір етемін, тез жетуге асықсын, ауыртпалыққа төзе білсін, осының нәтижесінде бұл дүниеде де, ана дүниеде де жақсылыққа бөленіп, жарылқануы мүмкін», - деп хабарлады.

Хатты ол өзінің бір сенімді адамынан жіберді: «Жұрт ағылып жүріп жатқан дағдылы жолмен барма, аузыңа берік бол, жоқ жерде сырыңды ашып қойма, барлық іс тосыннан ойран болып жүрмесін», - деп оған қатты тапсырды.

Әлгі жіберген кісі Барзуяға келіп құпия жағдайда хатты табыс етті.

Ол оқып шықты да, жүруге даярланып жолға шықты.

Патшаға Барзуяның келгенін хабарлады, сонда алдыма әкеліңдер деп патша жарлық берді. Барзуяның жүдеп-жадап, арып-ашқанын көріп аяды да: «Ақ ниетті, ардақты құлым, сүйіне бер, сен енді адал еңбегіңнің жемісін жейсің, рақатын көресің. Енді көзіңнің шырымын алып, көңіліңді деме, саған қандай алғыс айтсам да артық емес шектен асқан сый көрсетем. Біз саған ең жоғары, ең кұрметті атақ береміз!» - деді.

«Қазір үйіңе барып, жеті күндей демал, бойыңды күт, соңынан өзіме қайта кел!» — деп Барзуяға әмір етті.

Дәл сегізінші күні патша Барзуяны, соған қосып бірсыпыра маңғаздары мен шонжарларын шақыртты. Бәрі басын қосып, төрт көзі түгел отырғанда, Үндістаннан келген кітапты алдыртты. Кітапты ашты да, ішіндегі жазылғанын бәріне түгел оқып берді. Кітаптағы аңдар мен кұстарды сөйлетіп айтқан окымыстылықты, білімділікті, даналықты және керемет

күлкі әжуәні естіп олар қатты қуанды. Барзуя арқылы осыған жеткергені үшін тәңірісіне шүкірлік етті. Арып-ашып осындай кітапты әкеліп сыйға тартқаны үшін мақтап, мадақтады, сүйсінгендіктерін жариялады.

Сонан соң патша барлық алтын, күміс, асыл бұйым сақталатын қазына сарайын аштырды, «соның ішінен именбей барып ұнатқаныңды ал, қанша алсаң да, сенің әкелген сыйыңа арзымайды» дегенді айтты. Барзуя патшаға тағзым етіп, аяғына бас ұрды, пейіліне риза болып:

- Уа, тәңірім! Патшаның беделін арттыра көр, бұл дүниеде теңдесі



жок даңқ бер және ол дүниеде де рақымыңды мол көрсетіп жарылқай көр! Уа, ұлы мейірімді, шексіз бакытты патшам! Тәңірім маған сенің мейіріңді сыйға тартты да, бұл жалғандағы жақсылыктың бәрін қажетсіз етті! Маған ақшаның керегі жоқ, бірақ патшаның олжалы болғанына, соның ризалығы үшін Кухистан1 матасынан тігілген киімді алсам да жетеді, соны киіп патша қақпасының алдында көлбеңдеп жүріп қызмет аткарсам, төбем көкке жеткендей болады, - деді.

Сонсоң ол киімді алып, өз үйіне кетті, ондағы ойы үй ішіне және бір аулада тұратын патша қақпасының алдында қызмет істеушілерге көрсетіп мардамсу еді. Соңынан ол патшаға бетін бұрып:

- Тәңірім патшаны жебей көрсін, оған өшпес бедел берсін!

Шынында да, егер ақылды, игі өнегелі адамға сый-кұрмет көрсетілсе, ол бұған риза болуға тиісті, тіпті ол сыйлықты сіңірген еңбегімнен кейін берсе де бәрібір мен патшаға ризамын, бар ісін алға бастырып, тәңірімнің оған мәңгілік қуаныш пен таусылмас бақыт беруін тілеймін. Тәнірім патшаны ұлы мәртебелі етсін! Енді бір ғана тілегім бар, мен үшін бәрінен де жоғары, бәрінен де үлкен, патшаның ризалығынан кейінгі ең маңызды мұктажым осы еді. Егер патшам менін тілегімді орындағысы келсе, патша үшін ол түкке тұрмайды, ал мен үшін маңызы телегей-теңіз, - деді.

Сонда Қысрау Анушерван:

- Сұрасаң қалағаның беріледі, іздесең бәрі табылады, жоғыңды айтсаң ол орындалады, өзіңе ұлан-асыр кұрмет




1 Кухистан – Үндістанның орталығындағы өлке.

көрсетіледі. Істеген ісіңнің бізге бағасы өте зор, тіпті сен патшаның әкімшілігіне қол сұғам десең де біз оған қарсы болмас едік. Не тілесең де именбей айтшы өзің, өте кұмартып, сүйсіне сыйлалық, - деді.

Сонда Барзуя:


  • Тәңірім патшаның беделін арттырсын, мен үшін жалғыз иемнің өзі сыйлап, оны жарылқай көрсін! Күйзеліп еңбек етіп, қадірімді арттырған мен емес, сол істі маған сеніп тапсырған, сөйтіп осындай дәрежеге жеткізген сол патшамның өзі ғой, мейірімі түсіп, ізгі ниет білдіріп, маған мол сыйлық берді, әбден жарылқады. Енді өзінің құлына соңғы рет мейір көрсетіп, Әл- Бухтекан ұлы Бузурджмихрға мен туралы, менің ісім туралы жарлық берсін, осы кітапқа қосымша бір тарау жаздырсын, ол бұған бар күшін жаратсын, мейлінше көркем тілмен жазсын, кестелі шешендікті аямасын. Бузурджмихр осы тарауды жазып болған соң, сол кітаптың бастапқы тарауларының арасына орналастырсын, сонымен өле-өлгенше және өлгеннен кейін де жұрттың есінде үздіксіз сақталатын етіп, сарқа сөйлесін. Ал егер патшам осыны орындаса, онда мені, менің туғандарымды мәңгілікке, осы дүниеде мына кітаптың беті ашылып окылатын кезге дейін қадір тұтқан болар еді, — деп сөзін аяқтады.

Патша мен зиялылары қатар отырып, Барзуяның сөзін естігенде, оның ақыл-парасатына және бұл дүниеден мәңгі өшпес атақ іздеуіне шексіз қуанысты. Сонда патша Барзуяға беттеп:

  • Құп болады, тілегіңді сүйсіне қабылдаймын. Көрсеткен қызметіңе қарағанда, өзіңе аса бағалы көрінгенімен, мына сұрағаның түкке арзымайды ғой, - деді.

Патша кідірместен Бузурджмихрді шақыртып алды да: «Барзуяның адал ниетін, елімізге деген қамқорлығын, біздің қуанышымызды көздеп, игі талабымызды орындап шыққанын, бізге бақыт іздеп қауіпті іске белін бекем буғанын, жан мен тәнін аямай орасан күйзелгенін бәрін де өзің білесің ғой. Соның арқасында әрі дана, әрі өнегелі кітапқа ие болып отырғанымыз да, сол келелі еңбегін бағалап беріп отырған сыбағалы сыйлығымызды алмай, болмашы бірдемені қанағат етіп отырғаны да өзіңе аян. Бұл маған зор бедел, үлкен құрмет! Осыған көмек беріп тілегін орындасаң, сөйтіп маған

да ынтаңды білдіріп, сүйіндірсең. Ендеше, кітаптың басқа тараулары тәрізді етіп Барзуя туралы да бір тарау жазсаң, сонда онын мінсіз қасиеттерін әйгілесең, біз оны өз жұмысымызбен Үндістанға жібергенге дейін, сонау ту баста ол кім еді, ғылым- білімге қаншалық ынтасы бар еді, бұл жөнінде ол қалай өрледі, оның табысы қалай дамыды, сол арқылы тәңірім бізге қандай жақсылықты сыйға тартты, ал Үндістаннан қайтқаннан кейін ол қандай күйге душар болды, міне, осылардың бәрін толық қамтысаң дұрыс болар еді. Мені де, Барзуяны да тағы басқа барлық маған қарасты елді де түгел сүйсіндіріп қуантшы. Менің алдымда да, ғылым білімді қалтқысыз сүйетін сенің алдыңда да, мына Барзуя қадірлі жан. Осыны жазғанда жұмсаған ынтаң мен еңбегің еш болып, бекерге кетпейді, өйткені әр кез осы кітаптың бетін ашқан талым, мына Барзуямен қатар сенің атыңды да есіне алмақ. Мұны басқа тараулардың алдына қой. Әр тарауды өз орнына қойып, кітапты жазып бітірген соң, маған көрсетерсің. Мен сонда барлық аты шулы, шонжар және данышпан адамдарымды жинап алармын, сен оларға оқып бересің, бірақ сол кезде есіңде болсын, оқымыстылығың және мені сүйетіндігің тыңдаушыларға анық көрінгені мақұл, өйткені бұл пиғылың оларға әзір көмескі ғой», - деді.

Патшаның сөзін естігенде, өзін жоғары бағалайтынын үғынды, сонда Барзуя қолын қусырып, оның аяғына жығылды да: «Ей, патшам! Саған тәңірім мәңгілік қуаныш берсін, жағың түспей жаманшылық көрме, мерейің үстем болсын, бұл дүниеде беделің шексіз-шетсіз арта берсін, ал ақыреттегі жайың бақшасы гүлденген жәннаттың төрінде болсын», - деді.

Бузурджмихр патшаның сарайынан шығып кетгі де, осы тарауды жазуға кірісті. Ең алдымен ата-анасы Барзуяны окуға бергеннен бастады, оның ғылым жолын қуғанын айтты, сонсоң патшаның Үндістанға жібергеніне дейін әдемілеп суреттеді. Мұршасы келгенше оның ұтымды жақсы жағын көрсетті. Мінез- құлқың бұл дүниенің рақатына елігіп мойнын бұрмайтынын, одан бойын тартатынын, ақыреттің қамын ойлап күйзелетінін дәлелдеді. Өзінің онымен бірінші рет танысқан күнінен бастап жазды. Мінезіндегі, бойындағы бар қасиетін қалдырмай жариялады, шамасы келгенше бәрін де әдемілеп, әрлеп жазды. Еңбектің біткенін және сол тарауды кітаптың алғашкы бетіне


орналастырғанын айтып патшаға хабар берді, дәрігер Барзуя жөніндегі тарау, міне, осы еді.

Сол кезде Анушерван уәзірлерін, игі жақсыларын, ғалымдарын түгел жиып алды. Сонан кейін Бузурджмихрды шақыртты, кітабын да алдыртты, Барзуя да осында еді. Кітап қалың топтың алдында оқылды, патша кітапқа қуанды, сонымен қатар Бузурджмихрдың өте ақылды, асқан білімді адам екенін және оның Барзуяны құрғақ сөздермен орынсыз дәріптемей, адалын айтып, әділ мақтағанын ұнатты. Патша барын аямады, мол ақша, қымбат зат, киім-кешек — бәрін әкеп сыйлыққа тартты, бірақ Бузурджмихр өзі тұстас жандардың алдында насаттанып киетін киімнен өзге еш нәрсе алмады, өйткені ол киім тек патшаға ғана арналып тігілген еді. Барзуя Бузурджмихрға ризалық білдірді, бетінен де, қолынап да сүйді, онан соң адал пейілін аңғартып патшаның жанына барды да: «Ей, патшам! Маған көрсеткен осынша дарқан сый-сияпатың үшін тәңірім сенің бұл жалғанда да, ақыретте де бақ талайыңды асырсын! Мойныма алған міндетімді толық атқарып, бағынышты екенімді әйгілеу үшін зор тәңірім маған да көмектессін! Өзіңе бабаларың тәрізді барынша ұзақ өмір берсін! Қуанышың мен денсаулығыңды шалқыған даңқыңмен ұластырсын, бұл әрине, әділ тәңірімнің дербес өз еркінде ғой, Әл-Бухтекан ұлы Бузурджмихрды зор тәңірім өзі жебесін, маған көрсеткен адал кызметі үшін жалғыз ием жарылқай көрсін! Қаншама ұзақ сөйлесем де патшам мен Бузурджмихрға айтар алғысымды қысқа тілім жеткізе алар емес. Тәңірімнің өзі жар болсын, бәрі де бір соның әмірінде ғой. Бастарыңа бейбітшілік орнасын, әумин!» - деді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   27




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет