Сайқымазақ ДҮние



бет10/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

ӘҢГІМЕШІЛ ҚАРИЯЛАР
Бағдаршам жұмысына көңілдене кірісіп кетті. Тіпті ол ә дегенше бір күн, бір түннің қалай өте шыққанын да байқамай қалды. Осы жиырма төрт сағаттың ішінде өзін титтей тыныққан жоқ десе де болады. Қаладағы күндіз сеңдей соғылысып, жүйткіп жататын машиналар түннің бір уағына дейін де дамылдамайды екен. Бүгін де таң алагеуімнен басталған көше қозғалысы күн арқан бойы көтеріле тіпті үдеп кетті. Бағдаршамның көзі ары-бері ағылған машиналар мен жаяу жүргіншілерде: қалай да қапы қалмаудың қамын ойлап, жанталасады. Тоқ досының бұл көрініске әбден еті үйреніп кеткен бе, мұны анда-санда бүйірінен қытықтап, көңілін аулап, алдарқатқаны болмаса, алғашқы күндей жарасты әңгіме-дүкенге жоқ.

Осы кезде көшенің оң жағындағы көк қақпалы еңселі үйден ұзын бойлы қария сыртқа шықты. Шықты да, айналаға сүйсіне қарап, күнге шуақтап отырған көршісіне сәлем берді. Екі қария қауқылдасып біраз әңгімелескеннен кейін орындарынан көтеріліп, бұған қарай аяңдады. Бағдаршам елгезектігіне басып, қарт кісілерді көрісімен жасыл көзін жарқ еткізіп аша қойған. Бірақ қарттар асығар болмады. Бағананың қасына таяп келіп, Бағдаршамды таңсық көргендей, бажайлап қарай бастады.



– Көрші, жаңаның аты жаңа екен ғой. Көрмеймісің қалай жұмыс істеп тұрғанын.

– Кім біледі, жаңа кезінде барлығы да жақсы. Мезгілі жетпей не деуге болады бұларға.

Көк қақпалы үйден шыққан қарт көршісінің сөзіне кәдімгідей ренжіп қалғанға ұқсайды.

– О не дегенің, көрші-ау! Осы шамды мен қайтіп жүріп орнаттырдым. Оңай деймісің, бармаған басшым, ашпаған есігім қалмаған шығар түге.

– Е, олардың уәждері белгілі ғой...

– Пәтшағар, бірінің аузына бірі түкіріп қойған ба түге. Әбеке-ау, дап-дардай кісісіз... Осындай майда-шүйдемен айналысқанға ұялмайсыз ба? - деп күледі, жүдә.

– Ойсыз немелер-дағы... Хош, өзің не дедің?

Көрші қарттың да қабағы қыртыстана қалған екен.

– Не деуші ем, күйіп кеттім. «Ау, майда-шүйделерің не? Бұл көшемен машиналар да, жаяулар да көп жүреді. Мектепке баратын шәкірттерді айтсайшы бәрінен... Әгәрәки, осыдан Бағдаршамды орнатпайды екенсіңдер, ісім сендермен болсын» дедім.

– Әп, бәрекелде, жөн-ақ айтқансың. Менікі жай гәп қой. Бірақ, Әбеке, көрмеймісің, бағдаршамды орнатқанша менің Аусар-Алмасым машинаға түсіп қалды емес пе?!

– Абырой болғанда ол тентектің жарақаты жеңіл екен. Енді ондайдың бетін аулақ қылсын дегін.

Әңгімешіл қариялар Бағдаршамға мейірімге толы нұрлы жанарларымен бір ауық сүйсіне қарап тұрып-тұрып, келген іздерімен кері қайтты.

Бағдаршамның таңданғаннан аузы ашылып қалыпты. Өзінің бұл араға қалай келгенін және не үшін қажет екенін енді мықтап түсінгендей.
АУСАР-АЛМАС ДЕГЕН КІМ?
Бағдаршам түн жарымы ауғанша тағы да дамыл тапқан жоқ. Оның үстіне бағана өзі куә болған әңгіменің әсері бар, демалыс жайлы ойлауға мұршасы да жоқ еді. Бірақ ойын он саққа жүгіртіп, алаңдатқан нәрсе де аз емес. Соны білмекке ол Тоқ досына бұрылды. Бұл кезде қала адамдарының көпшілігі жарықтарын сөндіріп, тәп-тәтті ұйқыға шомған болатын.

– Тоқ, а, Тоқ. Тоқ деймін...

– Ау?!

– Немене, ұйықтап қалдың ба?

– Жоға.

Бағдаршам күндізгі екі қарияның әңгімесін Тоққа асыға айтып берді де:

– Осы Аусар-Алмас деген кім? - деп таңдана сұрады.

– Е, анау көшеден жүгіріп өтем деп жарақаттанып қалған бала ма?

– Иә, қазір ауруханада жатыр екен ғой.

– Оны кім білмейді. Аусар десе аусар. Тыныш жүру дегенді білмейді.

– Қой, Тоқ-Қуат, оның не? Аусар болса аусар-ақ шығар, бірақ қазір ауырып жатыр емес пе?

– Ой, нәзік Бағдаршамым-ай! Мені, немене, ешкімге жаны ашымайтын мейірімсіз дейсің бе? Қазір де сол Аусар-Алмастың қасынан келген жоқпын ба.

Қойшы-ей, рас па? Халы қалай екен, тәуір болып па?Жаман болса, өстіп отырамын ба? Жақсы болғаны сол, берген дәрілерді ішпей, терезеден далаға лақтырып жүр...

– Қап, мынаны-ай, ә!.

– «Іштің бе?» - деп сұрай қалса, ұялмай-қызармай дәрігерлерге «іштім» дейді.

– Сен: «Қой, Алмас. Мұның дұрыс емес», - деп айтқан шығарсың.

– Ой, сол сөз тыңдаушы ма еді. Бір рет тоқ құманмен шай қояйын деп жатқан кезінде саусағын шым еткізіп «тістеп» алып едім, қу емес пе, желінің сымы көрініп тұрған жерін залалсыздандырғыш жіппен орап тастады.

Бағдаршам Тоқ-Қуат досының саяхаттап жүріп, нелер қызықты басынан кешіретініне сүйсініп кетті.

– Тағы нені байқадың?

– Әлгінде кезекші апай шамды сөндіріп, сырқаттардың барлығын тегіс ұйқыға жатқызған болатын. Бірақ Аусар-Алмас ұрланып теледидар көремін деп, кезекші дәрігерге ұсталып қалды.

– Ойпырай-ай, аусар десе аусар екен-ау өзі де.

– Айтып отырған жоқпын ба. Бірде менімен жекпе-жекке шығам деп жалп ете түсті, досы Володядан ұрыс естігені де бар оның.

– Сенімен жекпе-жекке шығам деп жүр ме? Онда ол мүлде сотанақ неме болды ғой. Володя не деп ұрысты?

– Не болушы еді. Тоқ-Қуат сені жалғыз-ақ қолымен соққан ғой, әйтпесе қазір аяғың аспаннан келіп жататын едің деп, басынан бір-ақ нұқыды... Асықпа, ол әлі сен туралы білмей жатыр. Ертең ауруханадан шыққаннан кейін сенің де шекеңді қыздырады әлі.

Бағдаршамның кірпіктері жыпылықтап кетті. Бойын қорқыныш билеген.

Бұл кезде қаланың үсті аққаймақтанып, төңіректегі тал-теректердің, ақ шатырлы үйлердің сұлбалары айқындала бастап еді. Әтештер де қиқулап, әнге басқан.

Екі дос ел оянғанша біраз демалып алмақ болып келісіпті.
ҚОРҚЫНЫШТЫ ТҮС
Күлімдеп күн көтерілді. Қала тіршілігі өзінің дағдылы ағынымен басталды. Тал-дарақтарға, жолдың жиегіндегі жасыл шалғынға қонақтаған таңғы шықтан жеңіл бу көтеріліп, таңғы самал шайқаған жапырақтар алтын күннің шұғыласына бөленіп, қайраңдаған шабақтардай жалт-жұлт ойнайды.

Көше бойлап, тасқындап, лек-легімен келіп қалған сан алуан машиналар кішкентай Бағдаршамға бағынып, бір-біріне тұмсық тірей тоқтасады. Сол кезде жаяу адамдар бұған қарап алғыс айтып, бастарын иеді де, көшеден көлденең өте бастайды. Олардың арасында өткендегі ұзын бойлы қария да бар. Басқалардай емес, ол бұған арнайы бұрылып:

Қайырлы таң, Бағдаршам! Міне, мен жұмысқа кетіп барамын,-дейді.

Жақсы жатып, жайлы тұрдыңыз ба, ата,- дейді бұл да қутың-қутың етіп.

Рақмет, айналайын...

Осылай амандасқаннан кейін қария ширақ адымдап, қалың көпшіліктің ағынына араласып, біразға дейін қалпағы ағараңдап барады да көрінбей кетеді.

Бағдаршамның бойын кәдімгідей мақтаныш сезімі билейді. Өйткені анау-мынау емес, ақылды атайдың өзімен тілдесті емес пе? Мұның жанында қайдағы бір Аусар-Алмас деген кім, тәйірі?

Аусар-Алмас демекші, таң әлетінде көзі ілініп кеткен екен, түс көріпті. Түсінде шашы жалбырап өсіп кеткен, тырнақтары сояудай-сояудай, бет-аузы кір қожалақ бір бала аяғына сым байлап, бұған қарай өрмелеп келеді екен.

Тоқтай тұр бәлем, қазір бұл жерге менің рұқсатымсыз келгеннің қандай екенін көрсетемін. Ха-ха-ха, сонда мен сенің әміріңді күтіп, көшеден рұқсатсыз қия баспай, сызылып тұрады екенмін ғой. Жо-жоқ, оның бола қоймас...

Сөйтті де жақындап келіп, қойнынан тас атарын суырып, оған шымшықтың жұмыртқасындай ақтасты салып, мұның дәл көзіне қарай оқтай бастады.

Бағдаршамның өне бойын мұздай тер жуып кетті.

Тоқ, көмектес... Тоқ-Қуат...

Осы кезде барып өз даусынан өзі шошып, оянып кетті. Әуелде қорқынышты түстің әсерінен біразға дейін өзіне-өзі келе алмай қойған. Тек құлағына бүлдіршіндердің күміс күлкілері алыстан сыңғырлап жеткенде ғана еңсесін көтеріп, көңілі жайланғандай болды.
БІЛГІШ БҮЛДІРШІНДЕР
Иә, әуелі құлағына бүлдіршіндердің жарыса шыққан күміс күлкілері жетті. Сосын сәбилердің былдыр-былдыр еткен, алаңсыз пәк үндеріне құлақ қоя бастаған. Көп күттірмеді, олардың өздері де көрінді.

Міне, қызық! Мұндайды кім көрген бұрын. Бағдаршам қаздың балапандарындай бірінің соңынан бірі тізіліп келе жатқан бүлдіршіндерді алғаш рет көргендіктен кәдімгідей таңғалды. Ақылды атайының (Бағдаршам әнеукүнгі өзін мақтап, марапаттай сөйлеген ұзын бойлы қартқа «ақылды атай» деп ат қойып алған болатын) көк қақпасынан анда-санда аударылып-төңкеріліп, бар даусымен айналаны азан-қазан қылып, қаңқылдап шығатын мама қаздың сары тұмсық маймақ балапандарын соңынан дәл осылай шұбыртып, анандай жердегі көлге баратынын, сөйтіп көлге емін-еркін жүзіп, судың түбінен қоректерін тауып жеп, әбден мауқын басқаннан кейін кешке салым сол мақамды үнімен тағы да қаңқылдай әндетіп, аударылып, төңкеріліп мекендеріне оралатынын әбден біліп алып еді. Мынау дегенің де дәл сол. Сүп-сүйкімді балалар өздері.

Бүлдіршіндердің біреуінің қолында шар, бірінің қолында қызыл жалауша. Ал ана біреуі тәтті тоқаш ұстап алыпты. Алды-арттарында бүлдіршіндерге қарайлап келе жатқан апайлары да бар екен.

– Меруерт, осы жерге тоқта. Балалар, сендер жинақы тұрыңдар. Қазір, Бағдаршамның жасыл көзі жанған кезде бәріміз көшенің арғы бетіне өтіп аламыз.

Міне, қызық! Өздері мұның атына дейін біліп алыпты.

– Досхан, айта қойшы, анау бағананың басындағы шамды не дейміз?

– Бағдаршам.

– Жарайсың. Олжас, ол қызыл көзін жаққанда не істеуіміз керек?

– Тоқтаймыз.

– Сары жарық ше, Асхат?

Ол – дайындал деген белгі.

Ал ол жасыл көзін жаққанда не істейміз?

Жасыл белгі жолдан өтуге болады дегені. Сондықтан көшенің арғы бетіне тез өтіп аламыз.

Көшенің арғы бетінде не бар?

Цирк бар. Біз одан бүгін жан-жануарлардың өнерін тамашалаймыз.

Бүлдіршіндердің шынашақтай болып алып бәрін біліп, бәрін сайрап айтып тұрғанына Бағдаршам бір түрлі толқып кетті. Тіпті риза болғаны соншалық, өзінің жасыл көзін қалай жарқ еткізіп жаққанын да, бүлдіршіндердің бір-біріне былдыр-былдыр тіл қатып, көшеден өте бастағанын да аңғармай қалыпты. Әне, троллейбус жүргізуші Әйбат апай да троллейбусын тоқтатып, балдырғандарға сүйсіне қарап отыр. Қап-қара ұзын кірпіктері, жып-жылы шуаққа толы мейірімді жанары, жымиғанда екі бетінің ұшына үйіріле қалатын кішкентай шұңқырлары, бәрі-бәрі қандай жарасады десеңші өзіне...
КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ
Бірі қос дөңгелекті велосипедті теуіп, енді бірі артқы орындығына жайғасып, жолдың жиегіндегі таспадай жіңішке сүрлеумен қисалаңдап келе жатқан екі баланы көргеннен-ақ Бағдаршам анадайдан қауіп ойлады. «Ойпыр-ай, сирағы жетпейтін үлкен велосипедті теуіп несі бар екен? Онымен қоймай, мінгесіп алғандарын қарашы...». Балалар улап-шулап, өзара әлденелерді айтып, көшенің бұрышына келгенше Бағдаршамның дегбірі қалмады. «Қасақана жолдың да босамауын көрдің бе. Осындайда көшеге ойдан-қырдан жиналып, машиналар да сыймай кетеді».

Абырой болғанда балалар жолға ентелей келіп тоқтап, велосипедтерінен түсті.

– Айтпақшы, сенімен сөйлесетін сөз бар, Алмас.

– Ол не?

– Бүгін Мақсат пен Бағдаттың құпияларын біліп қойдым.

– Алмас атанған баланың танауы делдиіп, ұялы көздері бағжаң ете қалды.

– Қайдағы құпияны айтасың?

– Немене, бір аптадан кейін 1 Мамыр мерекесі екенін ұмытып кеттің бе?

– Жоқ, онда не тұр?

– Бағана апай мереке күні аспанға көгершін ұшырамыз, үйретілген көгершіндер бар болса, алып келіңдер деген....

– Ой, жақсы болды, менің көгершіндерімнің қалай самғайтынын көресің енді.

– Тоқтай тұр, асықпасаңшы... Соған Мақсат пен Бағдат жабайы кептерлерді ұстап әкелмекші.

Алмастың аузы аңқиып қалыпты.

– Мүмкін емес.

– Мәселе олардың кептерлерді түнімен қаптың ішіне тығып қоятынында. Бағана өздері солай десті. Қаптың ішінде кептерлер тұншығып, болмаса қанаттары қайырылып, ұша алмай қалмай ма?

– Володя, сонда не істеуіміз керек?

– Кептерлерді құтқару керек, әрине. Қалай, дайынсың ба?

– Дайынмын.

Екі балақай Бағдаршамның иегінің астында тұрып, сарт-сұрт қол алысты. Осы сәтте әлгі Алмас атанған баланың Бағдаршамға көзі түсіп кетіп еді.

– Ой, Володя, мына жаңалықты қара. Қандай әдемі өзі. Қашан орнатқан?

– Сен ауруханаға түскеннен кейін. Жұрттың бәрі қуанып жүр өзіне.

Алмастың өзіне таңдана әрі қызыға қарап тұрғанын көріп, Бағдаршамның жүзі ду ете түсті. Ол Алмасты көрмей жатып теріс ойлағанына әрі түндегі ерсі түсі үшін де қатты ұялып қалып еді. «Мына бала сотанақ дейтіндей емес, тап-тұйнақтай ғой. Түу-у, соншама қорқып...».

Бағдаршам иығынан бір ауыр жүк түскендей, жеңілдеп қалды. Қуанғаны сонша, бағананың басынан секіріп түсіп, анандай жерде әлі де қызу айтысып кетіп бара жатқан балалардың соңынан еріп, жүгіре жөнелгісі келді. Сосын әлдене есіне түскендей жалма-жан, Тоқ досына бұрылды. Сөйтсе Тоқ-Қуат та екі балақайдың сөзін естіп тұр екен. Бағдаршам аузын аша бергеннен-ақ оның не айтпақ болғанын түсіне қойды.
ОН КҮН БҰРЫНҒЫ ОҚИҒА
Шынтуайтына көшсек Алмас анау айтқандай тентек емес болатын. Тек не нәрсе болса да білгісі, көргісі келіп тұратыны бар. Өзіне байыз тапқызбайтын да бойындағы сол беймәлім күш. Әйтпесе әдейі бүлдірейін демейді. Кейде үлкендердің алдында өзінің осы мінезі үшін ұятқа да қалатыны бар. Атасының еркелетіп «аусарым» дейтіні сондықтан. Кейін бұл лақап есімі балалардың құлағына тиді де, ақыр аяғында бүкіл мектепке Аусар-Алмас атанып шыға келді.

Сол күні ғой, әуелі Володяның «қой» дегеніне мойынсұнбастан, бұзылған радио қабылдағышты оңдаймын деп Тоқ-Қуаттан таяқ жеп қалды. Ол аз болғандай Володя да басынан бір нұқыды. Әйтеуір өз ағаттығын түсінген Алмас досына ренжіген жоқ. Оның үстіне атасының екі сөзінің бірінде: «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деп отыратыны бар.



Көшеге шықты. Екі қолы алдына сияр емес. Не істесе екен? Басындағы тентек ой: «Қалай да бір керемет жаса. Володяны өзіңе сөйтіп табындыр», - дейді. Бірақ қайтіп? Осы кезде таспа сүрлеудің іргесіндегі шарбақтың қуысынан Володяның салпаң құлақ күшігі - Белка шыға келді. Белканың өз қызығы өзінде екен. Алдындағы жапырақтан-жапыраққа қонып, өзін мазақ қылғандай көлбеңдеп жүрген нән көбелекті азу тістерін сақ-сақ еткізіп қуып жүр. Көбелек жеткізер емес. Бір сәт тіпті машиналар ары-бері тыным таппай, ағылып жатқан үлкен жолдың үстіне шығып кетті. Белка да қыр соңынан қалар емес. Машиналар болса, иін тіресе тоқтап, бажылдасты да қалды.

Бұл көрініс Алмасқа ұнап кетті. Сол сол-ақ екен, бір тентек ой тағы да сап өте қалды. «Бәлем, Володя, білсін енді Алмастың кім екенін. Жүректілігімді осыдан соң амал жоқ өзің-ақ мойындайсың!».

Құйынперен жүгіре жөнелген Алмас өзінің асфальт жолдың ортасындағы ақ жолақ сызыққа жете бергенін және «шиқ» етіп жаны шыға тоқтаған жеңіл машинаны қас-қағым сәтте байқап үлгерді, ары қарай жер мен аспан қосылып, бүкіл дүние төңкеріліп бара жатқан сияқты еді...

Көзін ашқанда алдымен өзінің үстіне түсе жаздап өбектеп жүрген дәрігерлерді, көзінің жасы шоқша сақалына сорғалаған атасын, сонан кейін досы Володяны көрді. Володя манағы өзіне ұрысқан кездегідей емес, дәрігерлерге көмектесіп, мұның атасының қолтығынан демеп, шыр-пыр болып, жүгіріп жүр. Алмасқа да жуасып, момақан қарайды. Мұнысы, шамасы, өзінің бағанағы қылығын асылық санап, досының алдында үнсіз кешірім өтінгені. Зерек бала оны бірден ұқты. Ұқты да атасы мен досын қорқыта бермейін дегендей, зар қақсап ауырған тізесіне қарамастан Володяға қарап көзін қысып қалды. Володя екі иығынан төмен қарай тұқыртқан зіл батпан жүктен арылғандай, көңілденіп, күліп жіберді. «Әй, досым-ай, бүйтпесең аусар атанасың ба?!». Жүзіне де әп-сәтте ризашылық сезімі ойнап шыға келген. Атасы да: «Аусарым-ай, тек жүрмей атаңды бір қорқыттың-ау»,-деп жатыр.



Сөйтіп Аусар-Алмастың ойда-жоқта ерлік жасамақ болған алып-ұшпа әрекеті сәтсіз аяқталған. Әрине, ол кезде елгезек Бағдаршам мұның бәрінен бейхабар, ертегіміздің басында айтқандай, жәшікте, жұмсақ қағазға оранып, тәп-тәтті ұйқының құшағында жатқан болатын.
ҚОЛҚАНАТТАР
Бағдаршам қала өмірімен таныса келе, ненің жақсы, ненің жаман екенін айыруды да үйрене бастады. Бағдаршам оларды «тәртіпті» және «тәртіпсіздер» деп екі топқа бөлді. «Тәртіптілер: Бағдаршамның дегеніне көніп, ізет сақтайды, ал, «тәртіпсіздер» болса айтқанына көнбей, көшені кесіп өте шығады. Ондайда Бағдаршамның төзімі таусылып-ақ кетеді. Бағананың басынан секіріп түсіп, немесе, Тоқ-Қуат досына айтып, бір шара қолдануға болар-ақ еді, бірақ көше тәртібінің бұзылмауын, тәртіпсіз әлдекімдердің кесірінен басқа жақсы адамдардың зардап шекпеуін ойлайды. Осыдан соң амал жоқ, жан жағына қарап, алаңдап көмек күтетіні бар.

Иә, анда-санда тобатайдай кішкене машинасын көшенің бұрышына қаңтарып қойып, қолына алатаяқ ұстаған МАИ қызметкерлерінің бой көрсететіні бар. Бірақ, өкініштісі, оның екі көзі жүргізушіде. Бірде, масқара-ай, әлдеқалай бір жүргізушінің әлгі алатаяқтының жеңіне мың теңгелік қағазды жасыра сап, машинасына зып бергенін байқап қалғаны бар...

Әйтсе де, Бағдаршам бүгін көңілді. Оның себебі де бар. Күн арқан бойы көтеріле бере бірнеше балақай көшенің бұрыш-бұрышына келіп тұрды. Бәрінің киімдері бір өңкей матадан тігіліпті. Ақ көйлек, қара костюм-шалбар киіп, әдемі иық бауы бар белбеу тағынған, бастарында қызыл матамен көмкерген жиегі бар жасыл пилотка. Пилоткалардың астынан күлтелене желбіреген тұлымшақтары да жарасып тұр. Бағдаршам олардың мұнда не үшін келгендерін білместен жатып, қолдың саласындай сүйкімді балаларға қызығып кетті. «Не деген, әйбәт!». Балақайлардың қимылдары да шалт. Жүдә, өздерін көпе-көрінеу салмақты ұстайтындарын қайтерсің. Хи-хи... Мына қызықты қара, Бағдаршам мен Тоқ-Қуаттың бүйтіп ішек-сілесі қатпас.

Қолында бұрыш-бұрыштары ақ жемденіп, көнере бастаған қара дипломаты бар (Бағдаршам бұл адамды сыртынан жақсы біледі. Осы маңайдағы мекемелердің бірінде бухгалтер болып істейтін оның өстіп жұмысынан кешігіп, ылғи асығып-аптығып жүргені), қоңыр қалпақты кісі ескі әдетінше автобустан түсе салып, Бағдаршамға көз қиығын да салмастан көшені кесіп өте берген. Осы заматта әлгі ақ белбеуі әйбат балалардың біреуі ысқырып қалды. Қалпақты кісі селк ете түсті де, сүрініп кетті. Иесінің оқыс қимылынан ескі дипломаттың құлпы сырт етіп ашылып, ішіндегі бар дүниесі айрандай ақтарылды да қалды. Абырой болғанда кісі жолдың арғы бетіне өтіп үлгерген еді. Шашылған қағаздарын асығыс-үсігіс жинап, басын енді көтере бергенде, қарсы алдында әлгі бала тұрды.



– Көше қозғалысының жас инспекторы Азамат Бердіқұлов.

– Қолын шекесіне апарып сәлемдескен бала қалпақты кісіге тік қарады.

– Жол ережесін неге бұзасыз, ағай?

– Шырағым, мен асығып... білмей...

– Білмесеңіз үйретуге болады.

Азамат атанған бала анасының жетегіне еріп, қасынан өте берген бір бүлдіршінді тоқтатып:

– Мына ағайыңа көшеде жүру тәртібін үйретіп жіберші, - деп өтінгені сол, бүлдіршін ағаларының өзіне көңіл аударғанына кәдімгідей-ақ қуанып қалды.

Сосын аузын қомпитып, сәби тілімен көше ережесін түсіндіре бастағанда, жиналып қалған жұрттан ұялды білем, әлгі қалпақты кісі алды-артына қарамастан апырақ-тапырақ қаша жөнелді.

Кішкентай көмекшілерінің тапқырлықтарына Бағдаршам да, Тоқ-Қуат та мәз.
«ТОРҒА ТҮСКЕН» МАРШРУТ
Тоқ-Қуаттың бір мақтанышы – өзінің қаланың көкжасыл жапыраққа бөленген ең көрікті жерінің бәрінде болып, емін-еркін қыдыратыны. Қандай ғажап! Анау қызыл-жасыл гүл қауыз көмкерген –Батырлар алаңы. Ондағы мәңгілік алауға адамдар тағзым етіп, күн сайын жаңа гүл шоқтарын қояды. Әсіресе, автоматтарын серт ұстап, құрметті қарауылға тұратын ақ көйлекті, алқызыл галстукты пионерлерді айтсайшы! Сылқ-сылқ күліп, айналасына маржандай тамшылардан шашу шашып жатқан фонтандар ше?!

Қаланың осындай көз тоймас көркіне құмарта қарап тұрып, кейде Тоқ-Қуаттың өзінен өзі ыза болатыны бар. Міне, 24 - ші маршруттағы автобустың қап-қара газды түтінді түйдек-түйдегімен құсып, таза ауаны ластап жүргеніне бір жетінің жүзі ауып қалды. Тоқ-Қуаттың таң қалатыны, иегінің астында болып жатқан осы сорақылыққа адамдардың назар аударып, газды түтіннің анау сәбилер мен мынау сұлу табиғаттың қас жауы екенін ойлап, біреуінің қабақ шытпайтыны. Бәрі асығыс, бәрі өздерімен өздері...

Әйтеуір балалар келіп, көшеге тәп-тәуір тәртіп орнай бастады. Тоқ-Қуат соған да риза. Енді осы лас автобусты қолға түсірсе ғой.

– Бағдаршам, 24- ші маршрутты көріп тұрмысың?

– Иә, көк түтіннен көзім ашып, басым да айнала бастады тегі.

– Балаларға айтайық, қолдарына түсіріп, жүргізушісіне айып салсын.

– Мақұл, Азамат...

Бірақ бала Бағдаршамның жіңішке үнін еститіндей болған жоқ. Өйткені, арылдап-гүрілдеп, соңына қап-қара түтіннен бұлт тұрғызып 24-ші маршрут та жақындап келіп қалған. Енді болмаса зу етіп өте шықпақшы. Бағдаршам әдейі қызыл көзін жарқ еткізіп жатақойды. Онысы Азаматтың назары лас маршрутқа аусын дегені еді. Ойлағанындай-ақ лас маршруттың жалқау жүргізушісі автобусын амал жоқ тоқтатты және қарап тұрмай үсті-үстіне газ бере бастады. Айналаны қарақошқыл газды түтін көміп кетті. Жаяу жүргіншілер де ауада қалқыған түтінді айналып, тыжырынып өтіп жатыр. Бұл көріністен Азамат та көз алмай тұр екен, қолындағы алатаяқшасын көтере берді....

– Ура, торға түсті.

Тоқ-Қуат қуана дауыстап жіберді.

– Рақмет, Бағдаршам. Дер кезінде көмектестің, әйтпесе тағы да құтылып кететін еді.
ТАПСЫРМА
Бағдаршам ертесіне Тоқ-Қуатты таң атпастан оятты. Себебі кеше адамдар келіп, көшелерді қызылды-жасылды сан алуан түрге бөлеп, безендіре бастаған. Бұл Мамыр мерекесінің таяу қалғаны. Ұмытпаса Володя айтқан балалар кептерлерді мейрам қарсаңында ұстамақшы. «Көшедегі қым-қуыт тірліктің қызығына берілем деп, ұмытып кете жаздағанын көрдің бе?».

Тоқ-Қуат, тұр, әңгіме бар.

Түу, сенің-ақ әңгімең бітпейді екен. Не боп қалды сонша, таң атпай.

Ех, түсінбейсің ғой... Сен сияқты көше-көшені кезіп, үйді-үйге бас сұғып, адамдармен етене араласып жүрсем, жалынар ма ем саған.

– Бұған бірдеңе десең, өстіп басыңа қара аспанды төндіріп, таусыла жөнелді. Айтсаңшы әуелі...

– Бүгін Аусар мен Володяның көгершіндерге тұзақ құрмақшы болған Мақсат пен Бағдатты аңдып, бейкүнә құстарды құтқаруға келіскен күні. Соларға қол ұшын беру керек.

Ақкөңіл, аңқау Тоқ-Қуат қысылып қалды.

– Мұны қалай ұмыттым екен, ә?

– Мен бүгін ерте тұрып, қабырғаммен кеңесіп көрдім. Маған көшені бақылаусыз тастап кетуге болмайды екен.

Тоқ - Қуат енді ширығып шыға келді.

– Жалғыз аттанам онда.

– Саған сенемін ғой. Тек оқиға басында болғанға не жетсін. Өкінішім де сол.

Бағдаршам күрсініп қалды.

– Жасыма, Бағдаршам. Өзіңді әманда менімен бірге деп біл. Келген соң бәрін қаз-қалпында айтып берем. Келістік пе?

– Келісем ғой. Сен олардың көгершіндерді қайдан аулайтынын білесің бе?

Әуелі зыр жүгіріп, барлық шатыр атаулыны аралап шығамын ғой. Сонда да болса, қаланың сыртындағы астық қабылдау пунктінің шатырына баратын болулары керек. Көгершіндердің небір көркемдері сонда.

– Япыр-ай, ә! Ал онда жолың болсын! Мен жұмысыма кірісейін, енді кешке дейін өзіңе мойын бұруға уақыт жоқ.

Олай болса көріскенше, Бағдаршам!

Сәт сапар, Тоқ-Қуат!
ШАТЫРДАҒЫ БҮЛІК

«Құр-р.... Құр-р-р-р...»

Ана кептер өзара бейбіт ымыраласып, қонақтаған орындарында қозғалақтап, қанаттарын қомдап-қомдап қойып, мүлгіп отырған ұрпақтарына ойлана көз тастайды.

Түннің жартысы ауып қалған. Шатыр іші тастай қараңғы. «Енді бір мызғып алса таң да атады».

Таң – Ана кептердің ұғымында өмірдегі ең құдіретті сөз. Таңмен бірге бүкіл тіршілік оянады.

Кейде мынау маужырап ұйықтап жатқан ұрпақтарының тыныштығын бұзбастан, елең-алаңда мекенінен ұшып шығып, рауандап атып келе жатқан таңды қарсы алатыны бар. Сонда ең биік бағананың басындағы сымға жетіп қонғанша өзінің кәдімгідей шаршап, шалдығып қалатынын байқайды. Ентігін басып, өзіне-өзі келгеннен кейін бау-бақшалары күннің алтын нұрына шомылған у-шуы мол қалаға, анау көк мұнар тартқан асқақ тауларға қарап, моншақтай жанарларының жасаурап кететіні бар. Кәрілікке деген «кет әрі» көңілі-дағы... Сосын көз алдындағы көсіліп жатқан дүрия аймақтың түкпір-түкпіріне осы ғұмырының ішінде бауырынан талай-талай кептерлердің тарап ұшқанын ойлап, тойымсыз көңіліне бірауық соны қанағат тұтады.

Ана кептер биылғы жаздан да үмітті. Ертеңнен бастап ұя баспақшы. Ұзақты күн ұяда жұмыртқаларын бауыр жүнімен жылытып, тас қабықты «иітуге» төзімі жете ме, жоқ па, о жағын әлі зерделеген жоқ. Көңілінде тек «осы жаз, осы жаз...» деген арман ғана. Бейне бір осы жазда тағы бір ұрпаған қанаттандырып, ұшырса, өмірдегі ұпайы түгелденетіндей. Сәтін салса, сол ізгі мақсатына алдымен бүгінгі атар таң куә болмақшы. Кеудесіндегі лүп-лүп соққан жүрек дүрсілін де жаманға жорымай, осы біртүрлі үміттің қуанышы деп түйсінеді.

Шатырдың арғы бұрышынан бірдеңе тарсылдап, қураған ағаш бұтақтары бырт-бырт сынғандай болды. Ана кептер елең ете түсті. «Ата жауы - Тарғыл емес пе? Жоқ, ол болса көзі шоқтай жанып, жымын білдірмей келіп бас салар еді ғой. Сонда не енді? Әлде балалар ма? Көріп жүр ғой, олардың да барлығы бірдей емес. Дос санап, жаныңа келіп, жақсы көргенімен қолдарыңда тас атары, қойындарында тас жүреді көбісінің. Болмаса, амалдарын асырып, осындай қараңғы түнді жамылып келіп тарпа бас салады».

Ұябасар – Ана кептердің есіне ата-бабаларының өмірі оралды. Ех, дәурен деген, міне, солардікі...Ертеде адамдар оларды аялап күткен екен, әрқайсысының өз есімдері, тату үйірлері, тіпті кең, ұшып-қонуға ыңғайлы кептерханалары болған екен деседі. Ата-бабалары да адамдарға ақ адал қызметімен жағып, оларды айшылық алыс жерлердегі патшалықтармен байланыстырып, хат-хабар тасыған. Соңғы кезде Ана кептер көзін жұмса болды, зеңгір аспандағы ақша бұлттардың астында қанаттары жарқ-жұрқ етіп, суылдап, сұр жебедей есіп келе жатқан сол хат тасушы бабаларын көретін болып жүр. Ал көзін ашса, амал қанша, аспанның бауырынан әлгі көгілдір үміт құсын емес, күміс қанатты алып лайнердің ұшып бара жатқанын көріп, күрсінеді. Адамдар өздерін әлдеқашан ұмытып, естерінен шығарған сияқты.

Бұл жолы қараңғы түкпірдегі тасыр-тұсырдың молайып, әлдекімдердің ысқырып-түшкіргендері анық естілді. Сыбыр-сыбыр етіп, айналасынан әлдене іздеп жүрген сияқты. Кептер ананың сезімтал жүрегі бір сұмдықты анық сезді. «Мынау тегін емес. Ұрпақтарымды сақтандырайын». Сол сол-ақ екен, Ана кептер таяу қалған жауының түр-түсін де көрместен «аттан, аттанға» басты.



– Құр-құр-р-р-р.... Құр-р... Ояныңдар, ұшыңдар, көгершіндерім, ұшыңдар...

Шатырдың іші лезде астаң-кестең болды да кетті. Жылы орындарынан дүрліге көтерілген кептерлер қапелімде ештеңенің байыбына бара алмай, бір- бірімен қақтығысып, одан қала берді шатырдың астындағы шым-шытырық тіреулерге соғысып, құлап түсіп жатыр. Бейшара көгершіндер, дәл қазір мынау әлемтапырақ дүниеден иненің жасуындай саңылау болса да зып беріп, құтылып кетердей.

– Дәрменсіздерім менің, далаға... түн қойнауына қарай ұшыңдар...

Ана кептер жүрегі аузына тығылып, соңғы рет шырылдады да, жалп ете түскен тордың ішінде тұтқын боп қала берді. Есі шыққан байғұс анаға сол сәт ұрпақтары үшін шексіз-шетсіз түн қойнауынан өзге араша болар жан жоқтай көрініп еді.
ЕРКІНДІК ТАҢЫ
Ана кептер, арада қанша уақыт өткені есінде жоқ, есін жиып, көзін ашты. Қанаттары қайырылып, мамықтарының да түте-түтесі шығыпты әбден. Денесі зіл қара тас сияқты, қозғалтпайды. Жан-жағынан тұмшалаған қараңғылық пердесіне көзі үйренген сәтте байқады - өзімен бірге тағы бірнеше кептер торға түсіпті. Мұндай сұмдықты көрмеген бейшаралар көздері мөлиіп, мойындары былқ-сылқ етеді.

Көп ұзамай Ана кептер өздерін торға түсірген қарақшыларды да көрді: Мақсат пен Бағдат, әрекеттеріне көңілдері тоқ, көпіріп сөйлеп отыр.

– Жолымыз болды. Кім білген, бұл байғұстар қараңғыда торға түскен бұлбұлдай бейшара екен ғой.

– Апайды қуантатын болдық, соны айтсайшы бәрінен де.

Бағдат езуін жырта есінеп алды.

– Ұйқым келіп кетті. Мыналар таң атқанша өліп қалмай ма?

– Өлмейді. Тек ертерек келетін болайық, әйтпесе біреу-міреу байқап қалып жүрер.

– Жарайды.

Мақсат пен Бағдат кептерлерді қапқа салған қалпында бастырманың астына салбыратып іліп қойып, ешқайда бұрылмастан үйлеріне тартты.

Қарақшылардың аяқ дыбысы ұзаған кезде Ана кептер қозғалақтап, денесін бір уыс қылып тұрған шеңгел құрсаудың тырнағынан құтылмаққа әрекеттенді. Онысы әурешілік екен, қозғалған сайын шыбын жаны көзіне көрінеді. Енді жазмыштың дегеніне мойынсұнғаннан өзге шарасы қалмаған сияқты. Көзінің алды бұлдыр-бұлдыр елес. Бейне бір өзі торда тұтқында емес, қым-қуыт, құс базарының қақ ортасында құс базары дегені өзінің бауырынан түлеп ұшқан үрім-бұтақтары екен дейді - қанатын қомдап қойып, аналық мейіріммен «құр, құрлап», өсиет айтып отыр. «Біздің ата-бабаларымыз момын, өзінің табан ақы, маңдай терімен күнелткен ішкі елге ізетті, сыртқы елге сыйлы болған, - дейді екен бұл ұрпақтарына. - Сөйтіп,жүріп арманы асыл нелер аталарымыз сахараның ми қайнатар ыстығында қанаттары күйіп, қаза тапты. Нелер ақ жүрек әзиз аналарымыз жазықсыздан-жазықсыз қараниет қаскөйлердің жебесінің ұшына ілінді. Сол қауіп бұлтынан әлі де құтылған жоқпыз. Әл әзір құтылмақ та емеспіз. Неге десеңдер, тағдырлары бір кеменің үстінде тұрған адамзат баласы да ықылым заманнан бері осы қатерлі қауіппен күресіп келеді. Бірақ бейкүнә ұрпақтарым менің, жұдырықтай ғана боп жаратылған біздің тыныштық құсы екенімізді, сол қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған жерұйық мекеннің желбіреген туы – бейбітшілікке деген сенімнің шынайы иесі екенімізді ұмытпаңдар...» - дейді.

Бастырманың есігі ашылып, іштегі тымырсық ауа сәл желкем тартқандай болды да, Ана кептер өзінен өзі жұмылып бара жатқан көзін күштеп ашып алды. Ашық есіктен сұлбалары қарауытып тағы біреулер кіріп келе жатқан сияқты. Іле маналы бері тартқан азаптың әсерінен тосаңдана бастаған құлағына біреуінің:

– Алмас, таптым. Мінеки, мұнда іліп қойыпты, - деген үні талып естілгендей болды.

– Аһ, оңбағандар-ай! Володя, ақырын... Қауырсыңдары зақымданып қалмасын.

Ана кептер көзін қайта ашқанда өзінің аяқ-қолының бос екенін сезді. Басын көтеріп, жан-жағына қарады. Иә, рас. Бұлар – азат.

Алдарына жайқуат табаққа су толтырып құйып қойыпты. Жем де шашқан ба, қалай? Бірақ қазір ас-суға зауық қайда!.. Сана-сезімі әлі кірелі-шығасы, өң мен түстің арасында. Анадай жерде отырған екі баланы көріп, бойын жиып ала қойып еді, бірақ олар ыржиып күлгендері болмаса, жаулық ниет таныта қоймады. Қайта, мүсіркеп, жем мен суды кептердің алдына қарай әлсін-әлсін жылжыта береді.



– Володя, не істейміз? Өздері естерін жиды ғой деймін.

– Ана оңбағандарды айтам да, байғұстардың әбден үрейін алғанға ұқсайды. Ас-суға жолар емес.

– Босатып, еріктеріне қоя берейік те онда.

– Жарайды.

Балалар кептерлерді электр шамының шақырайған жарығының астынан далаға алып шықты. Таң да жақын екен, айнала төңірек аққаймақтанып, түннің қара шымылдығы түріле бастапты. Ана кептер таңғы таза ауаны кеудесін толтыра жұтып, жұлқынып-жұлқынып қалды.

– Әй, Аусар, мына кептер әлі тың екен.

– Кәне, олай болса бастарына азаттық беріп, еріктеріне қоя берейік.

Балалар кептерлерді көкке серпе лақтырды. Кептерлер ә дегенде тұс-тұсқа бытырай ұшты, бірақ іле аумақты шеңбер жасап барып, топтана қалды.

Ана кептер балалардың қолынан босаған бойы тым-тым биіктеп кетті. Ол осы бетте мекеніне қайырылып, ондағы қазір өнбойларын үрей билеп отырған ұрпақтарымен жүздесіп, одан ары көз көрмес, құлақ естімес жаққа ұшып кетпек болған. Бірақ жерге көзі түскенде қап-қара екі ноқатқа айналған манағы балалардың сүп-сүйкімді жүздері есіне түсті. Сосын қанат қағысын бәсеңдетіп, балалардың үстін айнала ұшты.

– Алақай, алақай...

– Самға, көгершінім, самға...

Құлағына төмендегі балалардың қуанышты үндері жетті. Ол балалармен соңғы рет қоштасты да, бағытын мекеніне түзеді. Қанаттары су-су етіп, ойланып келеді. «Жоқ, бұл шатыр енді бізге жайлы ұя бола алмайды. Сұғанақ қолдың суық табы қалған жерде мұның жып-жылы жұмыртқаларының жатуы мүмкін емес. Ата серті осылай...».

Сол күні түнде Ана кептер қалада жоқ болып шықты. Оның бір алыс сапарға жиналып, алтын күннің астына қарай бұлдырап ұшып бара жатқанын осы оқиғаның бүге-шігесіне дейін куә болған Тоқ-Қуат қана көріпті.
Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет