Сайқымазақ ДҮние



бет9/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

ҚҰЗҒЫНДАР ҚАЗЫ БОЛСА
Бәйге алғандардың арасынан жарықшақ дауыстарымен жұртты ығыр қылған Қарға, Сауысқан және Жарқанатты көргенде торғайлар таң қалды.

Ау, мыналарға бәйге беріп жүрген кімдер?

Құлақтың құрышын қандыратын Бұлбұлымыз қайда?

Бозторғай өзегінде нәрі жоқ, бұтақтары қатып-семіп қалған талдың басында тоқ басып отырған Құзғын, Тазқара, Күшігендерді көрсетті.

Құзғындарға төрелік айтқызса Бұлбұл түгілі Қараторғайдың үніне зар боларсыңдар әлі.

Бұл бір қисық-қыңыр кәрі ағаштары мол, қураған бұтақтарының басынан ертелі-кеш Қарғалардың қарқылы үзілмейтін сасық тоғай еді. Сымдай майысқан сәмбі талдар мен оқтаудай түзу ақ қайыңдар «мына бәлелерден аулақ жүрейікші» дегендей таудың самалы үзілмейтін биігіне қарай таласа өсіпті. Құлаққа жағымды әдемі әуен де сол жақтан естіледі.
СҰҢҚАРДЫҢ СЫЙЫ
Сұңқардың сыйы Бұлбұлға бұйырды. Бірақ қанаттылар қауымы тым-тырыс. Сездірмейміз дегенімен іштерін өртеген қызғаныштың табы құбақандай құбылған өңдерінен лап-лап ете қалды. Бозторғай ғана мәз. Жүрек жарды қуанышын бөлісейін деп Күшігенге бұрылған.

Естідің бе, Бұлбұл бекерге шырылдамапты. Күшіген қуанудың орнына күңк ете қалды.

Естідім, Қаршығаның арқасында апты ғой.

Өзінен өнері асқан туысының қуанышына ортақтаса білу бақыты екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді екен. Бозторғайдың қараптан-қарап күшеніп жүретін Күшігеннен көңілі қалды. Осы кезде өзінен-өзі алақ-жұлақ етіп, ойға да, қырға да шапқылай беретін Сауысқан сап ете қалды. Бозторғай Құдайдан үміті бар біреуден әлі күдер үзбеген.

Естідің бе, Бұлбұл...

Бірақ оның да құйрығы шошаң ете қалды.

Шауыпкел деген атым бар. Маған беретін жөндері еді...

Сұңқардың сыйынан бір орнында омалып отырғаннан басқа түк бітірмейтін Құзғынның шабарманы атанған Сауысқан екеш Сауысқан да дәмелі екен.
ЖАПАЛАҚ
Мынау – Бұлбұл, мынау – Жапалақ демей бәрін бір торға қамаған. Жемсауы бүлкілдеп, көзі бақырайған Жапалақ та сандуғаштардың қатарына қосылды. Боққа мәз Қарға, құйрығы шыжбыңдаған Сауысқан, жапан далада жүні жалбыраған Тазқаралар да әнші атанып, мырзалардың лақтырып тастаған өлексесінен өз үлестерін таласып-тармасып алып жатты.

Бірақ, азаттық таңы атқалы Жапалақ байғұстың жайы болмай кетті. Ол о бастағы қараңғы қуысына тығылып ап, баяғы «әнші» атанған заманын көксеп, түнімен күңіренетінді шығарды. Дайын жем-суға дәніккен байғұс тышқан аулауды да ұмытып қалып еді...
ТЫРАҚЫ
Көзі бақырайып, қарны қампиып, шидей аяқтарын аспанға көтеріп жатқан жұдырықтай құсты көріп Тырна таңғалды.

Оу, бәтшағар, шәниіп бұл не жатыс?

Демалып... - деп, ыңыранды ол.

Бәрекелді, ал аяқтарыңды көтеріп алғаныңа жол болсын?

Аспан құлап түссе, басып қалмасын дегенім ғой.

?..



Түк бітірмесе де дүниенің тұтқасын ұстап жүргендей шіреніп жататын бұл құстың аты Тырақы еді.
ҚҰЗҒЫНДАРДЫҢ КӨЗҚАРАСЫ
Қарақойын ауылындағы қара талдың басына бір топ Құзғындар жиналып қалыпты. Гу-гу етеді. Орталарында боққа семірген дәу қара Құзғын қарқылдап отыр.

Тәуелсіз ештеңе жоқ, - дейді қарқ-қарқ етіп, - анамыздың жатырында жатқанда-ақ тәуелді болғанбыз. Бола береміз. Құл болып, қызмет қылмасақ, бізді кім қорасына жолатады? Боқтың арасындағы дәнді қалай емін-еркін шоқып жейміз?

Қарны қампайған қара Құзғынды қоршаған жаман-жәутік Қарғалар шу ете қалды.

Дұрыс айтасыз басеке, анау Көкбөрі тәуелсіздік деп жүріп не тапты? Ақыр соңында айдалада ұлып қалған жоқ па? Құтжол құсап ең болмағанда қора күзетіп жүргенде құда да, құдағи да тыныш еді. Қазір елдің бәрінің Бөріні атарға оғы жоқ.

Дәу Құзғын масайрады.

Бәрекелді, анау Арыстанды қара, мынау Жолбарысты ал. Бәрі де бастарына үйірілген шыбыртқымен санасып, масқарапаздардан кем өнер көрсетіп жүрген жоқ. Жады болған кісідей шыр айналып, нанын тауып жеп жүр. Егер тәуелсіздік тәуір болса, ең бірінші солар қиғылық салмас па еді?

Байлаулы баспақтар жасасын!

Ноқта болса, бас дайын!

Құзғындардың қарқылынан айнала азан-қазан болды. «Жаманның айтқаны келмейді, сандырағы келеді». Ауылымыздың ақыл-есі түзу адамдарының еркіндікке еті үйреніп, мұң-мұқтаждарын айылын жимай айтуды меңгере бастағанын көпсінгендей мыналар не деп қарқылдап отыр? Егер екі басты қызыл Самұрық алып қанатымен күннің көзін көлегейлеп ұшып келе қалса, онда мына кәрі Құзғындардың «тақсырекелеп» қайта құлдық ұрудан тайынатын түрі жоқ қой. Сұңқылдата бермей, үркітіп жіберетін екен өздерін. «Көп қарғаға бір кесек». Жан-жағыма қарадым. Парақорлығымен «шаңсорғыш» деген атқа ие болған ауыл қожайыны сыпырып-сиырып жиып алған ба, жерде жөні түзу кесек те қалмапты. Кесек дегенің ұстасаң үгітіліп тұрған бірдеңе. Онымен бөтегесі бұлтиған тоқ Құзғындарға не істей аласың?..
ТЕКТІЛІК
Қарақойын ауылының иттері өте көп. Шарбақтары алқа-салқа көшесінен қашан өтіп кеткеніңше атыңның құйрығынан тістелеп мазаңды алады.

Ата, осы жердің иттері жер-дүниені дүрліктіріп неге сонша шабаланады? -деймін, таңғалып.

Е, балам-ай, иттердің міндеті үру емес пе?

Топтан жырылып үш ит шықты. Аттың тұяғына түсіп кете жаздап, өршелене үрген төбетке жолаушының қамшысы тиген бе, көзі айрандай әппақ болып кеткен. Ал анда-санда маңқ еткен дәу төбеттің жамбас жүні жидіп, терісі жалтырап қалыпты. Бір қызығы осы екеуі де орталарындағы семіз қара төбетке жалтақ-жалтақ қарап, жағынғандай абайлады. Атамның қара айғыры шәу-шәу еткен иттерді елең қылар емес. Жалын сілкіп тастап Қарақойын ауылының ортасын қақ жарып келеді. Ақ көз сұмдық ызақор екен. Аяғынан бір тістемей айызы қанбайтындай Қара айғырдың соңынан тісін ақситып қалар емес.

Мына шіркінді шабаландыра бермей неге бір теппейді, - деймін, ертоқымда жардай боп отырған атамның қақпақтай иығына қарап.

Есіңде болсын, текті мал теппейді. Қара айғырдың тұқымы асыл, - дейді атам.

Ат төбеліндей ауылды у-шу қылған иттер артта қалды. Жауды жапырып қайтқандай тоқмейілсіген ақ көз төбет бір түп бұтаның түбіне барып сарымаққа бұтын көтерген. Топырақ тырмалаған семіз төбет мықшиып отыра қалды. Жамбас жүні жидіп түсіп қалған жадау төбет екеуіне кезе-кезек қарап, аңқиып тұр.

Қарақойынды шулатқан төбеттердің қылығына қараптан-қарап күлкім келді.
ҚАРАҚОЙЫН
Ол... қарақойын адам, - деді маған, бәленше туралы. - Әуелде дос адамдай мойныңнан құшақтап жүреді. Сосын... буындырып өлтіреді.

Рас болса, сұмдық екен...
«АМНИСТИЯ БОЛА МА ЕКЕН?..»
Билік басына коммунистер келген. Дүниені дүрліктіріп ұлы көршімізге қайтадан қосыламыз дейді. Қудалау. Тәуелсіз елдің шен-шекпенділерін қойша топырлатып шетінен қамап жатыр. Тарихшысымақтың телефоны шыр ете түсті. Сенатор туысқаны екен.

Естідің бе (Үнінде үрей бар)?

Естідім...

Телефон қыжылдап кетті. Тарихшысымақ жанталасты. Бейшара соңғы он жылда батырлар мен датқалардың атын шығарамыз деп жүрген қорлардың ақшасына бірталай кітаптар жазып тастап еді. Сорпасының майы жоқ шығармаларында өзі отыз жыл нанын жеген партиясын жерден алып, жерге салған тұстары да аз емес. Қосүрей болатұғыны да сол.

-Әлеу, әлеу, мені естіп тұрсыз ба? Жаздым-жаңылдым дегендерге амнистия бола ма екен? Менің «Ұлы жұртқа өз еркімізбен қосылуымыздың 250 жылдығы» деген еңбегім бәйге алып еді ғой. Әлеу, егер амнистия болса, сол ескерілетін шығар... Әлеу, амнистия...

Ол айғайлап жатып оянып кетті. Түсі екен.
«МЕМЛЕКТТІК НӨМІР»

немесе «00-63* ҚЫРТ» хикаясы
Бір шаһардың бір шетіндегі бір гаражда... Сталиннің көзін көрген көне-е-е «полуторка» өкпесі сырылдап әлі жүр. Мемлекеттік нөмірі «00-63 ҚЫРТ». Ыңыршағы айналып, құр сүлдері қалса да сол «полуторканың» күрежолдан шыққысы келмейді. Кейде көзі аларып, жаңа көліктерді мүйіздеп алады.

Гараждың төріндегі құрметті орын да соған берілген. Қиралаңдап жүрсе де салтанатты шерулерде саптың алдына сол шығарылады. Гараждың сыртына сүйреп шығарып, «көненің көзі еді ғой» деп тұғырдың үстіне қонжитып қоюға «мемлекеттік нөмірі» анандай...
КӨКБӨРІ
Егер мұның ұлы ата-бабалары болмаса түркі халықтарынан ұрпақ қалмай, тұқым-тұқиянымен құрып кеткендей екен. Ұлы анасы қос аяқты қос жетімекті емшек сүтін беріп аман сақтап қалыпты. Көбейткен де, көсегесін көгерткен де сол дала тағылары. Сондықтан да ежелгі түркілер байрағына бөрінің бейнесін салып, мұның ата-бабаларына табыныпты. «Бөрі азығы мен Ер азығы жолда» деп, елдіктің ұранын еркіндіктен іздепті. Бірақ өздерін ер түріктің ұрпағымыз деп мақтанып жүрген бүгінгілердің тіршілігі басқа. Бөріні еркіндіктің айғағы деп емес, мал-жанның қас жауы деп қарайды. Байраққа бейнесін салу былай тұрсын, аттарын да айтқысы келмейді. Ит-құс дей салады. Керісінше өздері қасқырдың ең азып-тозған жұрнағыиттерді жанындай жақсы көреді. Мінездерінде де ұқсастық бар. «Айтаққа» ереді. Бөрі мінез бөріктілер жоққа тән. Тұқымдастарының (бөріктілердің де, бөрібасарлардың да) тұқымын тұздай құртып жүрген де сол құлақ кесті құлдық мінездің салдары. Абылай ханнан ары қарай айтпағанда, кешегі Кенесарының түбіне жеткен, Сыздық сұлтанды сандалтқан, 1916, ...32, ...37 жылдары бірін-бірі қырып салған да сол бөрі тектес халықтың бодандыққа бір жола мойынсұнған бектерінің кесірі болатын.

Шалқасынан туған Айдың сәулесі шаңытып тұр. Көкбөрі ауылдың желкесіндегі төбенің үстіне көтерілді. Ұйқы құшағындағы ауылдың иесі –маң төбеттер. Маң төбеттердің сыры белгілі. Ата жауының (тұқымдас болса да!) өткір исі май тұмсықтарын қытықтаған заматтан бастап абалап қоя берді. Бірақ бәрінікі дөң айбат. Қожайынының қынжыла құйып жүрген жуындысын (ит тойған жеріне!) ақтау үшін айқайға сүрең қосқаны әшейін. Әйтпесе, қотанның шетіне шығып үруге тәуекелі жетпейді. Қора айналған талайының шаптары жарқырап, ішек-қарындары ақтарылып қалған. Иттерінен түк шықпасын білген соң далаға айғай сап отағасы шығады. Оныкі де қоқан-лоққы. Бет-алды мылтық атады. Ақыр аяғында өзін ес тұтып шабаланып қоймай қойған төбетін «жат, әкеңнің аузын...» деп, бір тебеді. Анау құйрығын екі бұтының арасына тығып, қыңсылай үріп, босағаны барып сағалайды. «Итте нең бар, әй...» деп, есіктің алдына қожайынның «қожайыны» - әйелі шығады. Шаң-шұң дауыс енді көпке дейін басылмайды. Мыналарды кешегі Ұлы даланы ұрандатып өткен көк түріктің баһадүр ұлдарының ұрпағы деуге қарның ашқандай...

Достан да, дұшпаннан да көңілі жеріген Көкбөрі төбенің үстіне «мені көрдіңдер ме?» дегендей шоқиып отырды да, аспандағы шалқасынан туған айга тұмсығын созып ұлып-ұлып жіберді. Бұйыққан ауылдағы қандастарының қанын жайлап, күннен-күнге жегідей жеп бара жатқан бойкүйездікпен бұдан былай осылай күресуге серт еткендей жан түршіктірерлік үнмен ұли берді, ұли берді...
ҚҰДАЙДЫҢ ҚҰДІРЕТІ
Түркістан. Той. Алласы бір, айласы бөлек жұрттың ішінде Ол да келе жатыр. Өзін төре санайды. Төңірегінде – төлеңгіттері. Туған жерінде Ол туралы «ой, сабаз-ай, облысты он жыл басқарса да жұрт алғысын айта жүретін бір игі іс жасамады ғой» деген реніш бар.

Маңғаз мазардың іргесіне тігілген киіз үйдің қасындағы қараң-құраң тобыр алдынан жүгіре шығып сәлемдесті. Дәмге шақырды. Өзінің орнына басшы болған баланың пысықтығына іші күйіп кетті. Күннен- күнге елге сыйы артып келе жатқан пысық немені орнынан кетірудің ретін таба алмай жүрген қасындағы ас ішіп, аяқ босатарларына ыза болды.

Өтірік ыржиған ол нөкерлерімен бірге топырлап ақ боз үйдің табалдырығынан аттаған. Бірақ, төрелер төрге озып үлгерместен он екі қанат ақ боз үйдің астындағы тіреуі берік тұғыр ағаш сықырлап барып, киіз үй бір шетіне қарай шоңқайды да қалды. Үй іргесіндегі күй үзіліп, күлкілер сап тыйылды. Опырылған үйдің ортасында тұра беруден ұялған ол «мүриттерін» бастап далаға беттеді.

Қасиетті шаһардағы тойдың дүбірін естіп үйінде жата алмай жаяу-жалпылап келген бір шал осының бәрін көріп отырған. «Астапыралда, - деді, ол жағасын ұстап, - мына кәпірдің ниеті жаман екен-ау. Бағанадан бері жүз адам кіріп, жүз адам шығып жатса да құламаған үйдің тура осының келуін күтіп тұрғандай шоңқая салуын көрдің бе?! Жасаған ием оның туған жерінің дәм-тұзынан ауыз тиюіне де қарсы болды-ау сірә. Біссіміллә, біссіміллә...».

Осыдан кейін «о, соқыр Құдай» деп аспандағы Алла тағалаға тіл тигізіп көр.
КҮШІК ПЕН ШЕНЕУНІК
Бала кезімде нан мен қантты көп жеуші ем. Анам жесір болса да бұл мәселеде тапшылық көрсетпеді. Үйден таба нанның жартысын алып шыққанымды көрген Ақтөс алдымнан жүгіріп шығады. Көзін жәутеңдетіп, құйрығын бұлғаңдатып менен өз үлесін дәметеді де баяғы. «Сыбағасын» ә дегеннен асата салмаймын. Бір үзім нанды қысқан қолымды жан-жаққа алып қашып байғұсты әбден әурелеймін. Хайуанның жәутеңдеген жалынышты жанары қолымның бағытымен бірге зыр жүгіргенін қызық көрем. Кейін Ақтөс қолымда нан жоқ болса да қимылымды бағып тұратын болды.

Арада отыз жыл өтті. Қызмет бабымен бір шенеуніктің кеңсесіне бас сұқтым. Сәлемдескеннен кейін қолымды қалтама салып едім, жас жігіттің жанары жалт етіп саусақтарым сүңгіген қалтама барып аялдады. Біраз уақыттан кейін қаламсабымды алмаққа төс қалтамды қарманғам. Шенеуніктің жанары жалт етіп тағы да үйреншікті әдетін қайталады.

Сыртқа шыққан соң қасымда бірге болған жолдасым:

Сүйек-саяқтан дәметіп, жаман үйреніп қапты ғой байғұс бала. Бұралқы иттей жәутеңдеп қолыңа қарағыштай береді екен, - деді, шенеуніктің қылығын жақтырмай.

Осы кезде Ақтөстің жәутеңдеп қолыма қарағыштай беретіні есіме сап ете түскені. О немені жаман үйреткен мен едім. Ал мына жап-жас шенеунікті жәутеңдетіп қойған кім болды екен? Қарабай қоғам ба, Сарыбай қоғам ба?!..
КӨКЕКТІҢ БАЛАПАНЫ
Көкектерді осыншама қатігез болады деп ойламаушы ем...

Америка киногерлерінің камерасы қалың тоғайдағы көкекті «нысанаға» алып тұр. Көкектің екі көзі торғайда. Әккі аңшыдай тапжылар емес. Міне, ұябасар торғай әлдеқайда ұшып кетті. Осы оңтайлы сәтті манадан бері «кірпік қақпай» аңдып отырған көкек «іске сәт» дегендей, бұқпантайлаған бұтағынан көтерілді. Бос қалған ұяда жалғыз жұмыртқа жатыр екен. Бөтен ұяға бауырын емін-еркін төсеген көкек біраз уақыттан кейін қайта көтерілді. Енді ұяда екінші жұмыртқа пайда болды. Секпіл баланың бетіндей шұбар жұмыртқалардың бір-бірінен айырмасы – көкектікі сәл ірілеу. Бірақ, аңқау торғай бұл айырмашылықты аңғарған жоқ. Екеуін де бауырына басып, екеуіне де жылуын бірдей бөлді.

Көкектің балапаны бірінші болып жарыққа шықты. Кәдімгі торғайдың қызылшақасы дерсің. Бірақ, өктем, жұлқар. Жұмыртқаның жұп-жұқа қабығын жарып, жарыққа шыққан бетте торғайдың жұмыртқасын тепкілеп, ұядан құлатуға әрекет жасай бастады. Әлі көзін ашып үлгермеген балапанның бойындағы өшпенділіктің күші өте сұмдық. Торғайдың жұмыртқасын аяғымен ызалана итергені сонша, талдың басынан төмен қарай бұршақтай боп өзі де құлап түсе жаздады. Бірақ, дегеніне жетті. Ұяда жалғыз өзі ғана қалды! Енді оның несібесіне ешкім таласпайды! Қашан қанаты қатайғанша ұяның еркесі де, серкесі де өзі боп өседі. Ал торғайдың жұмыртқасына келсек, ол байғұс құрт-құмырсқа үймелеген шөптің үстіне барып быт-шыт болып жарылды да қалды. Жарылған қабықтың ішіндегі қоймалжың уыздың арасынан қыбыр-қыбыр еткен тіршілік байқалды. Бұл – жарық дүниеге келмей жатып аяусыз қатігездікке тап болған торғайдың қызылшақа балапаны еді. Айналасындағы қаптаған құрт-құмырсқалар байғұсқа одан әрі өмір сүргізе ме, жоқ па, белгісіз...
АВТОНОМИЯ...
Бір көзін шел басқан бетпақ шал өзінен өзі өзеуреп отыр. Осы қызылкөз туралы «қала көшелерінің жартысына жуығының атын ала-шапқын боп жүріп өзінің ата-бабаларына алып берді» деген жағымсыз әңгіме жиі-жиі айтылады. Кейбіреулер, тіпті, көзіне шұқымаса да «бәленбай батыр, түгенбай болыстың бәрі тек қана осы қызылкөздің ата-бабаларынан шыққан екен да жүдә» деп мысқылдап, сыртынан мырс-мырс күліп жүр. Бірақ туған-туыстарының қолтығына су бүркіп, «үрит, соқтырып» отырған мына қитұрқысының қасында көше-мөше, ауыл-пауылыңның аттары жіп есе алмай қалғандай.

Біздің атамыздың ұрпағының саны қазірдің өзінде қазақ халқының тең жартысынан асып кетті. Мынау таудың ар жағы мен бер жағы, анау жыңғылды-жүзгенді жалпақ дала түгел біздің жеріміз. Біздің ата-бабамыз...

Бетпақ шалдың жылдан-жылға асқынып бара жатқан рушылдық ауруына арқасы ұстап, шекесі тырысып жүретін көкем оның дәл осы жолғы жарапазанына күйіп кетті-ау деймін:

Ой, оттаған аузыңды... Онда үкіметке хат жазып, ата-бабаларыңның бықып жүрген ұрпағына автономия сұрамайсың ба? Аз қазақтың баласын алалаған сендейлерге жетпей жүргені енді Елбасынан автономия сұрау еді, - деп, әлгі басы қалт-құлт етіп, көзі алақ-жұлақ еткен бетпақ шалды мәнерлеп тұрып бір боқтады да кете барды.

Қызылкөз аузы аңқиып, сілекейі шұбырып, омалып отырды да қалды.
АҚЫЛБАЙДЫҢ АТЫ
Ақылбайдың атында мін жоқ. Кінә қожайынында. Оң қолымен қамшы ұрса, сол қолымен тізгінді тартады. Сосын ат байғұс амал жоқ бір орнында айналшықтай береді, айналшықтай береді. Жануар кейде көзі алайып көткеншектеп те кетеді.

Ақылбайдың аты мен біздің тіліміздің тағдырында өте ұқсастық бар.


КӨЛЕҢКЕ
«Көлеңке» деген сөздің өзіне де көлеңке түсті. «Көлеңкелі экономика», «көлеңкелі бизнес», терезесін көлеңкелеген көліктер...

Күнге шағылысқан айнадай көлеңкелі әйнектердің ар жағынан сұғын қадап тұрған кім? Қарауылға алған қанішер ме? Әлде ақ ордаңның астынан ор қазуды ойлаған опасыз ба? Жұмбақ...

Парламенттің дастарқанынан дәметкен бір шұнақ құл көзін көлеңкелеп елге келді. Қап-қара көзілдірік жалпақ бетінің жартысын жауып жатыр. Көлеңкеленгендерден зәрезап болған жұрт аясын ба, оның аялдамаға жапсырылған табақтай суретінің бетіне «көзіңді көлеңкелесең де көкейің белгілі ғой, кәззәп!» деп, шимайлап кетті.
СӘМЕТТІҢ ЖАНЫ СІРІ ЕКЕН...
Осыдан біраз жыл бұрын Мұхтар Мағауиннің Сәмет деген кейіпкерімен «танысып», иманым қасым болған. Ол ғылымды не өзі көгертпейтін, не өзгеге жол ашқысы келмейтін қалт-құлт еткен шал еді. Бұндай қасіретті тағдырды бұрын-соңды еш жерден оқымағандықтан ба, әңгіменің әсері өте қатты болды. Шағын ғана шығарманың оқиғасын әлі күнге дейін ұмыта алмай жүргенім сондықтан да шығар.

Мұхаңның том-том материалдардың ортасында құзғындай қарауытып отыратын да қоятын жетпісінші жылдардағы сол кейіпкерінің «тұқымдасын» жақында бір мұрағаттан өз көзіммен көрдім. Сәмет сияқтылар әлі бар екен. Түр-түсі, мінез-құлқы, тіпті дімкәстігіне дейін құдды Мұқаң суреттеген шалдан аусайшы. Бұл шал да«мефистофель күлкімен мысқылдай жымияды». Столында том-том құжаттар толып тұр. Аялай сипап қояды. Бірақ «жоғарғы жақтағылар ешкімге берме деген» деп, маңайына ешкімді жуытпайды.



Ау, бұл ортақ игілік емес пе?

Тапқан мен.

Онда жарияламайсың ба?

«Жоғарғы жақ» жариялатпайды.

Неге?

Өзіміз кітап қып шығарамыз деген.

Қашан шығарады?

Білмеймін.

«Жоғары жағына» беделімді салып «бер» деген сөзді айтқыздым. Бірақ тарихи құнды құжаттарды бауырына басқан күшігендей ышқынған архивариус қолы қалт-құлт етіп бәрібір сараңдық танытты. Көне қаланың тойына тамызық болатын ойлар Сәметтің сыр-сыр еткен кеудесінде көміліп қала берді.

Мұха, құттықтаймын, кейіпкерлеріңіздің жаны сірі екен!

ҚАЗА ТУРАЛЫ АЗА
ТАЛАНТТЫҢ дәмі таусылды. Бірақ таланттар ауылының төрін жайлаған Құзғындар мұны көп қазаның бірі деп қабылдады. Сықсыңдаған сығанымен «қызыл көз бәледен құтылдық па, жоқ па» деп қуанғандай қаламгердің туған-туысқандарына көңіл айтып, қазанама беруге де кісіліктері жетпеді.

ШЕНЕУНІК қаза болды. Шенеуніктердің төрінде отырғандар мұны орны толмас өкініш деп қабылдады. Азаматтың атын көзден кетсе де көңілден кетпейтіндей ғып ақтық сапарға қарақұрым халық болып шығарып салды. Ақ жамылып, әруаққа айналған марқұмның артындағы жылап-еңіреп қалған мүміндерге осы ақиқи көңілден артықтың керегі де жоқ еді.
* **

Тайқымаңдай таланттылардың төрінде жамбастап жатқандардың арасынан қаламгердің қазасына состиып үш адам ғана төбе көрсетті. Ауыр қазадан хабарсыз қалып, талантты ұлдың дүниеден өткенін бірнеше күннен кейін естіген есті кісілер жағаларын ұстады. «Ау, неге хабар бермедіңдер? Ол осы өңірдегі Азаматтық үні мен Ұлттық мені бар аздың бірі емес пе еді...».

Бірақ бұл нала-өкінішке “Талантбекті жерлеп келдік” деп, түк болмағандай қара шәйін сораптап отырған салпы еріннің қап-қара беті бүлк етпеді.
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ЕЛГЕЗЕК БАҒДАРШАМ,

ТОҚ-ҚУАТ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
ертегі-хикаят
Балалар! Сәлематсыңдар ма! Бұл ертегінің оқиғасы ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде емес, осы күндердің бірінде айналасын ақ бас шыңды әйбәт таулар көмкерген, баурайында жап-жасыл жанға сая, дертке дауа бау-бағы һәм өздерің оқып, дәріс алып жүрген мектеп деген зәулім ғимараты бар кәдімгі қалада өтеді. Бәлкім, қиялдарыңдағы түрлі-түрлі қызықтар-өздерің ойлағандай әлдеқайда, түу-түу алыста емес, өз қалаларында, иә, иә, дәл жандарыңда жүрген шығар, кім біледі.

Кәне, ертегіні зер салып, мұқият оқып көріңдерші! Дәл солай, өздерің күнде көріп жүрсеңдер де көңіл бөліп, көп мән бере бермейтін қарапайым заттарды бейне бір сайрап тұрған шежіре екен дерсің. Тек, ыждаһатпен, мезгіл - мезгіл сөздеріне құлақ қойып, тыңдасаңдар болды.
ТОҚ –ҚУАТ
Бағдаршам оянып кетті. Аң-таң. Көздері жыпылық-жыпылық етеді. Біреу бүйірінен жайлап түрткен сияқты ма өзі? Түрткен кім? Қайда тұр? Ол лезде өз сұрақтарына жауап таппақ болып ойлағанша құлағының түбінен әлдекім сыңғырлап тіл қатты.

– Сәлеметсің бе, көрші, ұйқың қанды ма?

Сә-ле-мет.... Ой, сен кімсің?

Кел, әуелі танысып алайық. Мен –Тоқпын. Тоқ-Қуат десең де болады.

Тоқ-Қуат?!

Бағдаршам таңдана сұрады.

Мен онда – Бағдаршаммын.

Білем, білем. Әлгінде сені осында әкеліп, бағананың басына байлап, бекіте бастағаннан-ақ қуанғанымнан секіріп-секіріп түстім. Сенсең бар ғой, өзіңмен танысқанша бір орнымда тағат тауып тұра алғаным жоқ.

Бағдаршам енді байқады, өзі көшенің бұрышындағы аласа темір бағананың басында ілулі тұр екен. Көше толы сапырылысқан қозғалыс. У-шу. Бағдаршам солардың үстінен төне қарайды. Ештеңеге түсініп болар емес. Неге іліп қойған? Көшедегілердің бұл жасыл көзін ашқанда қозғалып, қызыл түсті көзін ашқанда аялдайтыны қалай? Бағдаршамның ойын сезгендей Тоқ тағы да сыңғырлап сөйлей жөнелді.

Әлі-ақ түсінесің, Бағдаршам. Менің бұл қалада бармаған үйім, кезбеген көшем қалған жоқ. Әр үйге жарық сыйлаймын. Менің бір сәт болмай қалған кезімдегі адамдардың ренжігенін көрсең ғой, еһ...

Тоқ буырқанған алып күш иесі ғана емес, сонымен бірге елгезек, әсершіл әрі ақылды да еді.

Адамдар?! Олар кімдер?

Адамдарды бүкіл тіршілік атаулының қожайыны десе де болады. Мені де, сені де, анау көшедегі агылып жатқан машиналарды да сол адамдар ойлап тапқан.

Осы кезде барып Бағдаршам есіне әлдене оралғандай күлімдеп қоя берді. Сонан соң:

Ә, енді есіме түсті, - деп, қуана айғайлап жіберді.
БАҒДАРШАМ ЖАРЫҚ ДҮНИЕГЕ ҚАЛАЙ КЕЛДІ?
Бағдаршамның о баста жалт-жұлт еткен шынысы бір бөлек, бүйірі томпайған кішкентай шамы да бір бөлек, сыртындағы қорабы бір бөлек болатын. Олардың бәрі зауытта тоқайласты. Сол жерде жиылып, жұмысшылардың епті қолына тиген соң, бір-бірінен ажырамайтын әп-әдемі затқа айнала кетті. Үлкен демесең, былайша сүйкімді ғана ойыншық деуге болғандай өзін. Жалт-жұлт етіп, қарадай көздің жауын алады. Жұмысшылар оған Бағдаршам деп ат қойды. Ол Тоқ айтқан әлдегі адамдардың үнін сонда естіп, өздерін де алғаш сонда көріп еді.

Адамдар Бағдаршамның ең соңғы бұрандаларын бұрап, мықтап бекіткен соң, тексеріп көруге тоққа жалғаған. Бұл көздерін жарқ еткізіп ашып алды. Әуелгі байқағаны –зәулім залдың төбесіндегі самаладай жарқыраған шамдар. Сонан кейін жанары өзін қолдан-қолға көшіріп, сүйсіне тамашалаған адамдарға ауды. Әлден уақытта бір жұмысшының қатқылдау, бірақ бір түрлі аялы алақанымен өзін мейірлене сипап тұрып:

Өте тамаша жасалыпты, - деп сүйсінген даусын естіді. Ұмытпаса, екінші жұмысшы:

Дер кезінде байқай біледі, бұл бір елгезек Бағдаршам болады екен,-деп қуанған.

Үшінші жұмысшының не дегені есінде қалмапты. Бірақ өзін оның да даттамағаны анық.

Ал жолың болсын! Адамдарға абыроймен қызмет көрсет. Сенің оларға ұнағаның, біздің де еңбегіміздің еш болмағаны...

Осылай деп тебірене сөйлеген алғашқы жұмысшы Бағдаршамды қолына алып, қоштасуға қимағандай бірауық мәпелеп ұстап тұрды да, тоқтан ажыратып, жұмсақ қағазға орап, жәшікке салып қойды.

Міне, содан кейін көзін ашып, жарық дүниені көріп тұрғаны осы. Ал зауыттан қоймаға, қоймадан қаланың шетіндегі осы көшенің бұрышына келгенше ол тәп-тәтті ұйқының құшағында жатты ғой.
Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет