Сайқымазақ ДҮние



бет7/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13

ҚЫЗҒАНЫШ
«Алдын ала сезу қабілеті маған әкемнен дарыған....»

Марио БЕННЕДЕТТИ.
Әпкем менің жанымды түсінбейді. Түсінбегені сол емес пе, төрдегі құрақ көрпешенің үстінде етпетінен түсіп жатқан інісінің көңіл түкпіріндегі шер-шеменнің сыры неде екенін сұраудың орнына, күйіп-пісіп ұрысып жүр.

Неменеге етпетіңнен түсе қалғансың, әй. Ойыңа не түсіп кетгі? Осы-ақ қай-қайдағыны бастайды да жүреді екен ылғи. Айттым ғой түк сезбейді деп.

Оған мен қаладағы әке-шешемді ойлап, сағыныштан қамығып жатқандай көрінетін болсам керек. Жоқ, қателесесің әпке! Басқа басқа, дәл осы жолғы ашуың орынсыз.

Шіркін-ай, адам дегендер бір-бірінің жан дүниесіндегі қуанышы мен қайғысын неге көздеріне қарап-ақ оқып, ортақтаса бермейді екен! Біле-білсе тап қазір кеудемді от-жалынға орап жатқан күйіктің басты себепкері өзі емес пе? Айттым ғой түсінбейді деп. Түсінбеген соң, кіәлі де ылғи мен болып шығамын.

Менің әпкемнің жанында қайта осы уақытқа дейін бір әдеби кітап оқып көрмеген Бақыттың әпкесі қу. Аты – Алма. Сол Алма ылғи інісі Бақытты мақтап отырады.

Біздің Бақыт тек тиісті сабақтарын ғана оқиды, - дейді ол әпкеме, - менің Том Сойер, Гекльбери Фин, Робинзон Крузо, Шерлок Холмс, Айвенго, Спартактардың қилы-қилы қызықтарына құныға түскенімді жақтырмағандай. Әпкеме де осы сөз керек.

Ми жоқ қой мұнда, пайдасыз кітаптарды оқығанша сабағыңмен шұғылданбайсың ба? - деп табанда шап ете қалады. Бірақ менің бір қасиетім, сірә, сабақтың бұған қатысы шамалы-ау деймін, осылай отырып-ақ Алманың менің кітапқа деген құштарлығымды іштей қызғанып, інісі Бақыттың мұрнына мынау әлемдік үлгілердің иісі де бармайтынына өкініштен іші жарылғалы отырғанын сезе қоямын. Ал, әпкем Айзада аңқау-ау, аңқау. Дәл қазір оның ойы жаңа түскен қылаудай таза. Алма әпкемнің осы аузын ашса, жүрегі көрінетін ақкөңіл мінезін де көре алмайды. Ойпыр-ай десеңші, тіпті ол менің осы сезімталдығымды, яғни біреудің ойынан өзіме деғен болмашы қулық- сұмдықты сезе қалсам, көңіл-күйімнің табан астында су сепкендей басылып қалатынын да біледі. Осы жолы да кеудемдегі қызғаныш отын тұтатып, үрлеп жіберген Алма...

Түс ауа штандр ойнағанбыз. Ойын маған алғашқы сәттен-ақ ұнаған жоқ. Екі-үш күн болды, Алма менің әпкеме «Нұрлан» деген бір есімді кенеше жапсырып, мазақтап жүр. Бұл менің жүрегіме шаншудай қадалды. Әрине, «Нұрлан» деген есімнің менің әпкеме қырындап жүрген жігіт екенін ойлағанда, қызғаныштан іштей күйіп-пісіп, не істерімді білмеймін. Ал әпкем, айттым ғой, түк сезбейді деп, інісінің ішіне ала мысық кіріп кеткенінен мүлде бейхабар.

Сонымен ойын басталып, Алма «Штандр, штандр...» деп әлгі әпкеме таңылған есімді атап допты бір-екі рет аспанға әулете лақтырып та үлгерді. Менің ит-жынымды ұстатқан да осы. Қызғаныштан түсім өзгеріп кетсе керек, Алма менің сезімтал көңілімнің неден алай-түлей болып тұрғанын тап баса қойды.

Сол-ақ екен ол енді мені қызғаныш дертімен бір жолата тұралатып тастау үшін допты тезірек қолына түсіріп, тағы да «Штандр, штандр, Нұрлан» деген әуеніне баспақшы болды.

Міне, доп Алманың қолында. Не дер екен? Допты кімді атап лақтырар екен? Мен ойым он саққа жүгіріп, демімді ішіме тартып тұрмын. Жүрегімнің дүрс-дүрс соққанын өзім ғана емес, барлық балалар естіп тұрғандай.

«Тым болмаса осы жолы атамаса екен әлгі жігітсымақтың есімін». Өкінішке орай, Алма менің қызарақтап, қобалжып тұрған көңіл-күйімді тағы да сезіп қойды. Демек, ол енді осы сәтті қалай да өз пайдасына шешуге тырысады. Бірақ бұл жолы «жауын өлтірмес» бұрын, біраз азаптап алғысы келген сияқты. «Штандр, штандр...» деп әпкеме бір, маған бір қарап күле берді...

«Штандр, штандр...». Алма әлі күліп тұр. Басқалар ұмыт қалған, әпкем екеумізге ғана кезек-кезек қарайды. Міне, енді маған жылы шырай танытқандай болды. Иә, шынында көзімен: «Таңат, қамдан, қазір сені атаймын» дегенді оқытып, қолындағы қызыл добын ыңғайлай берді. Мен сендім. Көңілімнің түкпірінде, оған деген үміт шырағынан гөрі күдік тұманы қоюырақ болса да, менің жанымды қашанғы жаралай берер дейсің деп өзімді өзім еріксіз сендіруге мәжбүр болдым. Сөйтіп Алма допты менің қолыма ұстататындай болып: «Штандр, штандр...» дей берді. Бір сәттің ішінде маған деген көңіл хошы оянып, мүсіркегеніне оның барлық «күнәсін» кешіріп, мен де ұмытыла бергем, бірақ...

Бірақ... еһ, Алмаш-ай, аямайды екенсің де адамды, аспанга ұшқан қызыл, жасыл әдемі доппен бірге Нұрлан есімі тағы әуелеп кетті. Бұдан ары мен ойыннан шықтым да, үйге келіп төрдегі құрақ көрпешеге етпетімнен түсіп жатып қалдым. Ал әпкем түкке түсінбейді, ұрсып жүр.

Әже-ау, мына балаңызға тұр деп айтсаңызшы. Жер бауырлап жатысын қараңызшы.

Оған әжемнің қамқор үні қосылады.

Тұра ғой, құлыным, ымырт жабылғанда үйде жатпайды, далаға шық... Қарашы, өзіңдей балалардың бәрі сыртта ойнап жүр.

Әжемнің үні сондай жұмсақ. Жаныңа да жағымды. Қайтейін тұрғым-ақ келеді, бірақ белгісіз бір зілбатпан күш екі иығымнан басып көтертпейді.

Бәрібір тұрмайды ол. Айттым ғой әке-шешесін ойлап, емшегі езіліп жатыр деп...

Әпкем тағы да шапылдап келе жатыр еді, әжем тиып тастады.

Тек, әй! Немене жас балаға сонша шүйілгенің. Тұрады, неге тұрмайды...

Әжем неге екені белгісіз, қаладағы әке-шешем жайлы айтыла бастаса әңгімені тезірек басқа арнаға бұрып жібереді. Тегі немерелерім мені тастап, кетіп қалады деп қорқатын болуы керек. Жоқ, әжетай. Мен сені ешкімге айырбастамаймын. Тіпті, ең жақыныма да.

Сүйретіліп орнымнан тұрдым. Уақыт өткен сайын әпкеме деген «ашуым» да тарқай бастаған. Бұдан әрі «өкпелеудің» де құны түсер еді.

Сыртқа шықтым. Шынында, кешкілік өрістен қайтқан малдың тұяғынан көтеріліп, тымық ауада белуарға дейін кілкіп тұрып қалған шаңның арасында балалар у-шу болып ойнап жүр екен. Күн Дүйсенбек шалдың қалың талының төбесіне қонақтап, күлімдеп тұр.

Мен балаларға барып қосылдым. Бағанағы өткінші жауынмен араласа жүретін найзағайдай жан дүниемді осқылап өткен ашу-ыза көңілімнен біртін-біртін арыла бастаған. Мен «ата жауым» Алманың үйіне қарадым. Өзі көрінбейді. Інісі Бақыт шырттай киініп, балалардың ойынан сырттай қызықтап тұр...



Таң-а-ат, кел, тамағыңды іш, - деген әпкемнің үні жетті соңымнан. Манағыдай емес, дауысында зіл жоқ.

Қазір.

Менің әпкеме қайтарған жауабым да қошуақ көңілден, көтеріңкі естілді. Біз әпкеміз екеуіміз менің сезімтал көңілім тағы бір нәрседен секем алып, өзімнен-өзім ой тұңғиығына батқанға дейін татумыз. Бірақ ол менің «штандрды» өзі үшін тастап кеткенімді бәрібір сезген жоқ.
ТҰҒЫРҒА БІТКЕН ТІКЕН
Ауылға келген сайын көрші-қолаңдарымның арасынан бір қимас адамымды жоғалтып аламын. Сосын өзі жоқ, көкірегімде—сөзі, көңілімде—бейнесі қалған асыл жанның қасиеті жайлы ал кеп ой қауза. Бір-бірінің қадірін өлгеннен кейін білетін ағайын бұл жолы ақыреттің ақ жолына Ізтілеуді аттандырып сап отыр екен...

Қай бір жылы «әйелі өліп, шиеттей бала-шағасымен жағдайы болмай жүр» деп естігем. Өзіне кездейсоқ жолыққанымда «сен тентек те адам болдың, ә» деп бір мәз болып еді. Иә, бейкүнә бала сияқты марқұмның өз сөзіне өзі күлетін ерсілеу әдеті бар еді. Бірақ айналасына әжім үйірілген көзіне көзім түскен тұста бұл жолғы күлкісінің шарасыз бейбақтың сайқымазақ күлкісі екенін байқап қалғам.

Кішкентай ғана елді мекеннің үй-жайы кәдімгідей сиреп қалыпты. Отын үшін жаппай отап тастаған ба, шіліңгір шілдеде күннің ыстығын өткізбейтін қалың тал да сиреп қалған.

Қолындағы оншақты түлігін алданыш қылған кәрі - құртаңдар болмаса, ауылда ешкім қалған жоқ, - деді менің көшкен елдің жұртына тап болған жолаушыдай жетімсіреп қалған жан дүниемді байқаған Бақыт.

Анау Қарақожаның мешітінің орны емес пе?

Иә.

Бақыт күрсінді.
* * *

Қар еріп, жер қарая бастаған кез. Күмбезіне көрген адамның көзі тоятын Қарақожаның мешітінің алды дегди бастаған. Қожыр-қожыр жердің бетіне ақ ұлпа тозаң да қонақтап үлгеріпті. Тозаң, әрине, Мұсатай бригадир мешітке сонау боқырауда әкеп төккізген бидайдан шығып жатыр. Тоқ етерін айтсам, тозаң мешіттің күншуағындағы «екі иығын» жұлып жеп, селкілдеп тұрған агрегаттың қуыс-қуысынан бұрқырайды. Қарша бораған шаң-тозаңнан бидай тазалайтын агрегат та аппақ, қасындағы қараң-құраң етіп жұмыс істеп жүрген екеу де аппақ. Шаң-тозаң кірпіктеріне дейін кіреукелеген күпәйкелі адамдардың бірі – Ізтілеу. Біреулер оны туа керең екен десе, біреулер әйелі құлағын тазалаймын деп отырып жарғағын жарып алыпты десетін. Бірақ ел аузындағы күңкіл-сүңкілді елең ғып жүрген Ізтілеу жоқ. Әңгіме десе айналасын әжім шимайлаған көзі күлмеңдеп, кебірсіген құрғақ жүзіне шырай жүгіріп, жадырап сала береді.

Ізтілеудің қасындағы –Мұстапа. Оның Ізтілеуден айырмасы – бір ауыз сөзді базардан сатып алғандай салмақтап, «осыны айтсам ба екен, әлде айтпай-ақ қойсам ба екен?» дегендей көмейінен он ойланып, жүз толғанып әрең шығаратын бұл өңірде жоқ паңдығы.



Баяғыда мынау аяқ асты боп жатқан дәннің бір уысын үйіндегі ана сияқты шартық қарындарының қамы үшін (осы кезде анандай жерде шекесі тырысып отырған шалға қарап ішек-сілесі қата күліп алады) іш көйлегінің ішіне тығып алып қайтқан қатындарды Мұсатай талай шырылдатып еді...

Шақша орнына ұстап жүрген кішкентай құтысын қалтасынан шығарып, онысының шайдың жылтырақ қағазынан сән үшін әдейі орап жасаған «тығынын» саусақтарының арасына салтанатпен қыстырып, ернінің астына тастаған көкбұйра насыбайдың «кәйпі» тарқап кете ме деп қорқа ма, жіпсіктей жанары жасаурап тұрған Мұстапа үндемейді. Шаң қауып, түсі бозғылт тартқан бидайдың бойынан көтерілген тозаң кеңсірігін қытықтап, мешіттің күмбезін жаңғырықтыра түшкіріп-түшкіріп алған Ізтілеу мұны «сенбедіге» жорып, әңгімесін одан әрі тәптіштейді.

Құ-дай үшін рас айтам. Қырманнан қайтарда қатын біткеннің қойны-қонышын осы Мұсатай бір-бірлеп тексеріп шығатын. Бірде Жалқыемес жеңгеміздің іш көйлегіне тығып алған бір дорба бидайын суырып алғаны бар сұмның.

Ізтілеу агрегаттың ұңғысына тұқымдық бидайды қайтадан бұрқыратып лақтыра бастады. Әңгіме де, Мұстапа да жайына қалған. Ақыры езуіндегі насыбайын аулақтата түкіріп тастаған Мұстапа ерінбестен агрегатты айналып Ізтілеудің жанына келді. Ізтілеу де оның бірдеңе демекші болған ыңғайын жақындағанынан сезіп, тұмағының салбыраған баулығын жоғары көтеріп, құлағын Мұстапаның аузына тоса қойды.

Әй, неғып үндемей қалдың? Айта бермейсің бе?

Нені?

Әлгі ше...

Мұстапа оған жаңа ғана өзі айтқан әңгімені ыммен көрсетті.

Ә-ә...

Ізтілеу әп-сәтте манағы көңілді қалпына қайта түсті де, өзінен-өзі сақылдап тұрып күліп алды.

О, сойқанның мінезін білмеуші ме ең. Келін-кепшіктерінің қойнын ашқан ұятсыз бригадирдің қылығына у-шу болған қатындарға «әй, неменеге шулайсыңдар түге. Қойнымды ашса бөтен деймісің, өзімнің ақсақ қайнағам ғой. «Жалқы» деп пе едіңдер» деп салған ғой. Бірақ үйіне барғаннан кейін ыза мен күйіктен әбден жылапты дейді байғұсты...

Мен мұны білмеуші едім. Бірақ Қайырдың апасын үлкен кісілердің Жамал деудің орнына «Жалқыемес» дейтіні таңқалдырып жүретін.

Ойпырай, ә! Заман да кінәлі.

Әр сөзін сағыздай созып сөйлейтін Мұстапа күлудің орнына ойланып қалған.

Еріккен қу керең!

Ақсақ бригадир Ізтілеуге деген қыжылын өзі ғана еститіндей ғып ернінен ысылдап қана шығарады. Ізтілеудің қаперінде түк жоқ, қолы қимылдаса тілі де қоса қимылдайды. Біресе өзінен өзі жымың-жымың етіп, біресе сақылдап тұрып күліп алып, «тас дәуіріндегі» тарихты тірілтеді. Екі жұмысшысының әңгімесі қытығына тиіп, қарадай тынысы тарылған Мұсатай отырған жерінен бір тұрып, бір отырды. Жұп-жұқа танауы біресе қусырылып, біресе делдиіп, шалдың кәрі кеудесінен бір ақ сайтанның бас көтеріп келе жатқаны білінеді. Қабағы қарс түйіліп, ұрттары жыбыр-жыбыр етеді.

Қап, тас керең-ай! Әй, қысыр әңгімені тиясыңдар ма, жоқ па?! Мұндайда сыбырлап айтқан сөзді де қағып ала қоятын Ізтілеу қабағы қырыстанған шалдың қытығына одан сайын тие түсейін дей ме, тағы да қутыңдап шыға келді. Кереңнің сойған түлкідей осы ыржалақтағанынан-ақ зәрезап болған Мұсатай қамшысымен қонышын сарт еткізе бір ұрып, теріс айналып кетті.

Тіпу, сен саңырауға дауа жоқ шығар!

Бірақ шалдың қытығына тиді екен деп тілінің ұшына келіп қалған сөзді іркіп қалатын Ізтілеу жоқ.

Ал, енді кеп мына иен тегін бидайға ие бола алмай жатырмыз. Бір кезде Гәләшөкін деген халыққа жаужұмыр жегізіпті ғой. Одан кейін «жоқ, жүгері жақсы» деп Хұрышев шығыпты...

Бірақ сол өзекті жанға ортақ ашаршылықтың кезінде кейбір шолақ белсенділердің кекірігі азбаған деседі.

Мұстапа қабағын керіп, көзінің қиығымен Мұсатайға қарап қойды. Үлкендерді қайдам, бала атаулы ол кезде Мұсатай бригадирден өлердей қорқатын. Той-домалақ түгілі өлім-жітімнің өзінде көпшілікке көп үйірілмей саяқ жүретін, ал зәуімен алқа-қотан топтың ортасына түсіп қалса, адамдардың арқа-жарқа у-шуын жаратпай, уы сыртына тепкен бүйідей тырсия қалатын. Айналасын ұмсынған кісінің қолы жетпейтін биік шарбақпен шегендеп тастаған үйінің сыртқы көрінісі де тым сұсты. Ішінде не болып, не қойып жатқанын бір құдай білсін. Базда бір келетін айт кезінде кез-келген үйдің табалдырығынан айылын жимай аттайтын ауыл балалары ар жағынан қасқыр иттері қосарлана абалаған Мұсатайдың темір шарбағына келіп, кері қайтатын.

Әй, әй! Сен найсап, тіл мен жағыңа сүйеніп,аузыңа келгенді оттай берме, білдің бе? Сандалып кетерсің!..

Шал безгек буғандай қалшылдап кетті. Мен оны бұлай ашуланады деп ойламап едім. Үкімі кесіліп, дар ағашының алдына желкелеп әкелген опасыздай екі көзі айранданып, аузынан түкірігі шашырап кетті.

Мұстапаның да ит жыны ұстап, қитыға қалған.

Қиын қылғаның қызығын тышқан көрген бидайды тазалатпау болса, әнеки күрегің! Құдайдан қорықпай қасиетті мешітті дәрі сасыған қамбаға айналдырған сенен бәрін күтуге болады. Бірақ екі қолға бір кетпен табылатынын да ұмытпа. Ізтілеу, жинал! Кетеміз...

Әй, Мұстапа, қой деймін саған. Кеттігің не, әй! Сапхоз ертең себуге тұқым сұрайды. Кежегең кейін тартып тұрса өзің-ақ қайта бер. Ізтілеу, әй, сен ілеспе оған...

Буынып-түйініп, оны-мұныларын жинастыра бастаган екеуді қайтып жұмысқа жеге алмасы жетесіне жеткен Мұсатай қанден итше шабаланды да қалды. Аяқ астынан шыққан ұрыстың төркінін түсінбей тұрып қалсам керек, Мұсатай жетімсіріп қалған агрегатты тоқтан ажыратып, айналаға мүлгіген тыныштық орнаған кезде барып есімді жидым.

Міне, сол кездегі түсініксіз дауға менімен бірге куә болған Қарақожа мешітінің орны осы. Шалбарымның балағынан өтіп, балтырымды шым-шым «тістеген» қып-қызыл жантағы болмаса, мешіттің орны жым-жылас, ешқандай белгі қалмаған. Бір кездері Қарақожа атты Құран кәрімді жатқа оқитын қари осы арадан мешіт соққызып, медресе ашып еді, бірақ кейін заман ағымымен ескіліктің жұрнағы ретінде адыра болып қалған кезінде оған біресе тыңайтқыш, біресе тұқымдық бидай сақтаған Мұсатай бригадир осы жерде Ізтілеу, Мұстапа деген мұндарлармен ұрысып қалып еді десең, анау қолпылдаған керзі етігінің қонышы балтырын соғып, сиыр айдап бара жатқан бала иланар ма? Иланса да «Онда тұрған қандай ғибрат бар аға-ау?» деп иығын қушитар-ау...



Қарақожа мешітінің жұртын артқа тастап ауылдың сыртына қарай беттедім. Бағытым – керзі етігі қонышын қаққан қара сирақ бала сиырын қуалап кеткен ескі қырман жақ. Кенет көзім цементтен құйылған тұғырға түсті. Мен оны алғаш көрген кезде үстінде ақ түске боялған кісінің мүсіні бар болатын...

Онда жоңышқаның қарауылы Естібай атамның тірі кезі. Бірде сол атамның қара айғырына мінгесіп ауылға келгенмін. Сонда мектептің қасындағы текпішек-текпішек тұғырдың үстіндегі кісіні алғаш рет көргем. Бір қолын кителінің өңіріне қойып, ал екінші қолын алға қарай созып тұр. Бірақ мені қызықтырған текпішек тұғыр да, оның үстіндегі әкпен боялған кісі де емес, соған бір шығып, бір түсіп мәз болып жүрген балалар еді. Қызыққаным сонша аттан секіріп түсіп, асыр салған балаларға араласып кеткім келді.

Ата, анаң қара...

Тек, шошайтпа қолыңды! Әй, кәне, көздеріңді байытыңдар бұл арадан. Ойнайтын жер құрып қалды ма басқа?

Атам менің қолымды қағып тастап, атын тебінді де, әлгі балаларды тас мүсіннің жанынан аулақтата қуып тастаған.

Тұғырға шығып ойнайтынымыз есіңе түсіп кетті ме?

Осы тұғырдағы мүсінді алып тастауға жұмысшылардың ешқайсысын көндіре алмағанда топтың ішінен Ізтілеу ғана жұлқынып шығыпты дейді ғой. Сол рас па?

Рас болғанда қандай. Мұстапаның тракторына трос жалғап құлатты да, сол күйі Таластың жағасындағы Талды ауылға сүйреп тастапты. Қаңқалары әлі күнге дейін шашылып жатыр. Бірақ ел оны Ізтілеудің «жындылығынан» көріп жүрген жоқ...

Өзінен өзі жиі күле беретін болған соң Ізтілеуді «есалаң» дейтіндер де бар еді ауылда.

Керең де болса іші бәрін сезеді дейді.

Шынымен солай дей ма?

Есіме Қарақожа мешітінің жанындағы баяғы ұрыс-керіс оралды. Бала кездегі бір мезгіл ермегімжем тазалайтын агрегатты Мұсатай өшіріп тастаған соң көңілім жабырқап үйге келгем. Қарап отырмай шай үстінде әжеме мұңымды шақтым. «Ізтілеуді балағаттаса, ол кәрі құзғында иман жоқ екен. Әкесінің түбіне жеткені аз ба еді?» деген сонда әжем. Бірақ ол кезде бұл сөздің мәнісін сұрайтындай жаста ма едім.

Мұсатай қайтыс болғалы жантақ басып кетті өзін. Уақ малына деп шөп орғанда осы төңіректегі жантақты да тазалап орып алатұғын.

Бақыт тұғырға қарап тұрып Мұсатайды еске алды. Көз алдыма баяғы Естібай атамның қара айғырына мінгесіп ауылға келген кезімдегі тұғыр мен үстіндегі мүсіннің бейнесі елестеді. Бірақ баяғыдай емес... бұл жолы толық кескін-келбетімен көрінді. Бір қолын кителінің өңіріне қойып, екінші қолын алға қарай созған қою мұртты, түксиген қалың қабақты кісі. Толқындаған шашын артқа қайырып тараған. Бейне бір қайта тіріліп «құдайларыңды ұмытып кеттіңдер ме» деп саусағын безеп тұрғандай...

Қой, үйге қайтайық. Сәрсен де шай жасап, күтіп отырған шығар.

Бақыт жүр-жүрдің астына алды. Мені ойдан арашаламақ түрі.

Бақыт десе...

Әу.

Бүгін қолың тисе ата-бабаларымыздың қорымдарына барып құран оқып қайтайықшы.

Жарайды.

Көңіл-күйімді айтқызбай ұққан Бақыт тез келісті. Күні кеше ғана дүниеден өткен Ізтілеудің рухы да сол қорымда жатыр. Бақыт «енді аялдай бермейік» дегендей, тікен өскен тас тұғырға үрейлене бір қарап қойып, үйіне апаратын жолға бастай берді. Қайтып келе жатып тас тұғырға өскен жантақтың тікені бүгін балтырымызды жырса, «нағыз тікен» Ізтілеудің қақ жүрегіне қадалыпты-ау деп ойладым. Соған шыдамаған ол, о, сұмдық, шер толқытқан ойларын айту үшін өтірік есалаң болып жүруі де мүмкін екен-ау.

ШЕТКЕРІ ҮЙДІҢ ЖАРЫҒЫ



хикаят
1. ҚАЛАДАН ҚАШЫҚ ҮЙ

Мен Бақытжанмен қаланың қиян шетіндегі үлкен ауласы бар, оңаша үйде таныстым. Үй, сірә ертеректе бір байдың еншісі болған-ау шамасы, бірақ кейінірек сықыр-сықыр еткен ескі еденін Қазан төңкерісінің солдаттары шаң басқан керзі етіктерінің нілді өкшесімен талай таптаган Кеңес өкіметінің бір құжырасы болғаны анық көрініп тұр, қазір Алтай өлкелік СПИД-ке қарсы емдеу орталығының мекен-жайы екен.

Үйдің ауласы құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Айналасын қоршаған кісі бойындай саңылауы жоқ үлкен шарбақ. Шарбақтың ішіндегі алуан түрлі ағаштардың ұйысқан жапырағы қаладан жетіп жатқан дабыр мен дүбірді өткізбейтін берік қамал сынды. Бірақ мен сияқты мынау бейдауа өмірден зәрезап болып, ештеңеге алаңдамастан бір тыныққысы кеп жүргендердің оң жамбасына келетін тып-тыныш, жанға жайлы бақ дәл қазір еңсемді езгені болмаса, көңілімді сергітер емес.

Мезгіл де күз еді. Қалың талдың арасындағы жалғыз аяқ жолды жапырақтар көрпе ғып көміп тастапты. Аяқ басқан сайын судыр-судыр етеді. Мүлгіген бақтағы бұл оқыс дыбыстан өзіңді бейне бір мынау ұлы жіңгір дүниенің тұтқасын ұстаған, сезімнен гөрі сенімге ерік берген шалдуар ұлдарының ырду-дырдуы мен ырың-жырыңынан шаршап, бір сәт мызғып алғысы келіп демалып жатқан Жер-Ананың шәйі көрпесінің шетіне саусағың тиіп кеткендей сезініп, ыңғайсыз күйге тап болады екенсің.

Бақытжан болса, әлі бала ғой, кейде әлгінде ғана екеуара болған ауыр әңгіменің әсерін кәдімгідей-ақ ұмытып, о, құдіретті құдай, қарғадай баланың басынан азғантай бақытты аяғаның не, еңселі емен ағашының басынан сарыала қанат көбелекке ұқсап қалбалақтап келе жатқан жапырақтарды қағып алмақ болып, соңынан қуалай жүгіріп кетеді. Туа сала аяқтанатын ерке кұлыншақтай секіріп-секіріп қоятынын қайтерсің! Жапырақтардың қалың боп үйіліп қалған тұсында ылғал бар, қай күнгі жауған жаңбырдан шығар, Бақытжан соны әдейі кешіп жүгіргенде аяғындағы аппақ красовкасы суланып, жапырақтар жабысып қалады.

Бұтында өзіне құйып қойғандай шап-шақ жаңа джинси шалбары бар, үстінде шетелдік қара майка. Құдай-ау, деймін ішімнен, Бақытжанды мынау құлазыған тыныштыққа елтіп тым-тырыс мүлгіген қабырғаның ішінен емес, иә, иә, шүмегінен сарылдап су құлаған гүлзар қауыздың маңынан немесе әткеншекке таласып асыр салған бақтан көрсем қайтер едім? Басындағы бақытсыздықты танып, білер ме едім? Жо-жоқ. Ойыма ештеңе алмастан «кәдімгі тентек балалардың бірі ғой» деп өте шығар едім-ау қасынан...

О, Жаратқан ием! Кейде тым қатал қарайсың-ау, пендеңе! Адамзатты астамсып кетті деп ойлап тапқаның ба бұл? Әлде пендеңнің ала-құла туған ұлдары үшін Бақытжан сияқты бейкүнә балалар зардап шегуі керек пе? Бейшара ананың еңірегенде етегі жасқа толып, сай сүйегіңді сырқыратады...

«Әкесінен де айырылып, екеуден-екеу қалып едік, шошайып. Енді Құдайдың мұны да көп көрген түрі бар маған. Жарым көңіл, жалғыз тұяқ қой, мауқын бір басайыншы деп велосипед сатып әперіп едім. Мен мұны қайдан білейін қасіреттің тап сол шайтан арбадан келетінін... Құдай-ау, не жаздым саған!.. Жалғыз жарығымды, жалқы жұлдызымды шынымен-ақ мезгілінен ерте сөндірмексің бе? Бақсының моласындай жапан далада жалғыз қалдырмақсың ба?.. Бақытжаным -ау, қайтейін енді...



Жүйкемді жүндей түтіп, жүрегімді қанжардай осқылаған бұл сөздерді бағана Бақытжанның анасы Еңлік зар еңіреп отырып айтқан кезде мен оның қарсы алдындағы төсекте басымды жерден көтере алмай төмен қарап отырғанмын. Себебі, біреудің ішіндегі «бітеу жарасының» аузын тырнап ашқандай болғаныма қысылып, бір жағы шерлі ананың жас шайған әжім-әжім түріне, қасірет көлеңкесі ұялаған жанарына шіміркенбей тік қарауға дәтім жетпеген. Әйтеуір, абырой болғанда, ол кезде қасымызда Бақытжан жоқ еді, оны кезекті инесін қабылдауға алып кеткен. Бірақ баланың сол иненің арқасында ғана жарық күн кешіп жүргенін ойлағанда біреу менің жүрегімде де біз тығып алғандай кеудем шаншып, қабағым кіржиіп кеткен...

Осы қарғыс атқыр ауруды біз құдайдан тілеп алғандай бүкіл ауылдың үдере қашқанын айтпаймысың?!. Көзге шыққан сүйелдей ғып балама да, өзіме де күн көрсетпеді ғой түге. Қайтейін, оларды да түсінем, «бала-шағамыз бар, бәле-жаладан аулақ болайық» дейді дағы. Бірақ ормандағы аңнан айырмамыз болған соң мысқалдай болса да мейірім, шапағат деген болмаушы ма еді адамда?!. Уһ!. Енді айтты не, айтпады не...

Жапырақ бүркенген жалғыз аяқ жол бізді терең өзекке алып келді. Өзектегі судың жағасында отырып демалуға да, шетіндегі соқпақпен ары-бері қыдырыстап жүруге де болады. Ал біз Бақытжан екеуміз, жағаға келіп отырдық. Үнсізбіз. Егер мен оған сұрақ қойып, әңгімеге тартпасам, Бақытжан өздігінен сыр аша бермейді. Бәрі әлгі аурудың кесірі...



Қайраңнан жалпақ тас тауып алып, оны судың бетіне атып «қаймақ» жемек болып едім, бала кездегі бұл ойынды еске алғаным, қамкөңіл Бақытжанның жан дүниесін сергіту үшін ғой, ол ойымнан түк шықпады. Бетіне жапырақ пен балдыр жүзген суға шолп етті де, тасым тұңғиыққа батып, жоқ болды. Айналамыз сол баяғысынша тым-тырыс.

Бақытжан!

Әу (үні тым солғын).

Биыл мектепке барасың ба?

Жоқ.

Неге? (Неге бармайтынын, әрине білемін. Бірақ соны Бақытжанның өз аузынан естігім келеді. Жазушылық әуестік қой. Әлгі сөзді айтқанда қандай күйде болады соны көңіл қағазына түсіріп алмақпын).

Ұрады... Боқтайды... (Бала ғой, жыламсыраса да шынын айтып тұр).

Не үшін ұрады сонда?

?..



(Үндемейді. Үндемеген сайын басы екі тізесінің арасына қарай салбырап саусағымен жер шұқылап, шөгіп барады).

Бекерден бекер ұрып-соға ма дегенім ғой енді...

Себебі... мен... аурумын ғой... (Тамағына өксік келіп тығылды да үні бұрынғыдан да бәсең, булығып шықты).

Қандай ауру екенін білесің бе?

Білем.

Қандай?

?..



Мейлі, айтпай-ақ қой.

Басы салбырап, құнысып отырған баланы аяп кеттім. Бір жағынан дәрігер мен анасының әңгімесі арқылы оның ауруға шалдыққалы бергі өмірі маған аз да болса белгілі еді. Сондықтан Бақытжанның өзі не айтқысы келсе мен де соның ыңғайына қарай бейімделе бердім. Кім біледі, бәлкім бұл оның өміріндегі ешнәрсеге айырбастамайтын ең бір қимас сәттері шығар...
2. МЕН АНАМДЫ КЕРЕМЕТ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН
Ауруханаға түскен соң тіпті сағынатынды шығардым. Ақ төсекке таңылғаннан кейін қабырғаға тесіліп жатып уақыт өткізер ермегім үйді (үй дегенім –анам ғой) ойлау еді...

Менің анам... Шіркін, менің анам елде жоқ мейірімді жан ғой. Білемін, анасы туралы балалардың барлығы осылай дейді. Бірақ, мен ауылдағы балалардың шешелерін көріп жүрмін ғой. Нұрғаным апай дүкеннің жанына отырып алып ертеден қара кешке дейін пісте сатады. Немересі Нұрқанат бізге ілесіп дүкеннің жанына жолап кетсе қолына не түссе, сонымен салып кеп жібереді. «Жоғал үйге жүгермек! Анау бұзауды суғар, ешкіні арқанда!..» Сорлы Нұрқанат бізді тастап үйіне қарай құстай ұшады. (Бақытжанның езуіне болмашы күлкі үйіріліп, жанарынан сәулесі солғын бір ұшқын жылт ете қалады да лезде қайта сөнеді). Ал Ерболдың анасы Жарқынай қолына тоқып жүрген шұлығын алып үйді-үйді аралап, әңгіме соғып, шай ішумен кеш батырады. Біздің үйге келген сайын менің анама ұрсып кететіні де бар.



Түу, осы қатынның-ақ тірлігі бітпейді түге! Адам құсап бір әңгімелесейінші деп келсең...көйлегі сауыс-сауыс болып күбі піседі де жатады.

Анам үндемей күбісін пісе береді. Жарқынай апаға бұл да ұнамайды.

Тоңқаңдап өзің піскенше мынаған неге піскізбейсің. Соқталдай боп жатысын... (Мен «Балдырғандағы» суреттерді қарап төрде етбетімнен жататынмын).

Осы баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірем деп қиналғаның аз ба?

Анамның өз пәлсапасы бар.

Жаратқан ием қиындықты біздің-ақ маңдайымызға жазсын-да...

Әй, сен қатынға дауа жоқ екен...

Жарқынай апай аузы жыбыр-жыбыр етіп, өзінен-өзі сөйлесіп келесі үйге қарай беттер еді.

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет