Сайқымазақ ДҮние



бет4/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

ШАРБАҚТЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗЫ
Еркіндік дегеніміз - жалғыздық.

А. КАМЮ.

Біз неғұрлым ұлтжанды болсақ,

солғұрлым бүкіл адамзаттық бола түсеміз.

Ф. ДОСТОЕВСКИЙ.
Байшыкештердің жүгермектері жексенбі күні шәниіп-шәниіп «Шыңғысханда» отырса, бұл пақырыңыз мысықтай мияулап, күшіктей қыңсылап мазасын алған ішек-қарнына ел қондырсам деген есек дәмемен Шарбақтының қи сасыған мал базарына жетеді. «Арқада күн жылы болса, арқар ауып несі бар» дейді Шаншархан. Көңіл-күйім бай-бағыландардың не ішем, не кием демейтін еркетотайларындай болса, менің-дағы қызық қуған беймарал жұрттан жырылып нем бар?..

Көтерем тоқтының бүйіріндей қабысқан қарныма қабағының астымен қарап тұрып «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп мүсіркейтін де қу Шаншу. Сөзі де, өзі де көңіліме жақын сол жаны жайсаң көкемнің қойын қосақтасып, қоржын-қосқолаңын көтеріп, базар жағалап жүрсем, тамағыма талғажау боларлық бірдеңе сірдеңенің бұйыратынын мен де жақсы білем.

Сіз менің Шаншархан көкемді бес-алты қойын қосақтап қойып, мал базардың ортасында бойы сорайып бекерден-бекер тұр деп ойлап қалмаңыз. Ұқсамасаң тумағырдың қайдағы жоқты тауып айтатыны тура Шаңырақшы атама тартқан. Бірақ, әттеген-айы сол, қайран сөз қи сасыған базардың ортасында, Шахаңның аузынан шыққанын шыққанша қағып алатын адамына жолықпай, текке рәсуә боп жатыр. Қайта, оның қасында Шарбақтының тауық екеш тауықтары бақытты. Айналақарынның үйінің күл-қоқысын шашып, қыт- қыттап жүретін бейбақтардың қанша жұмыртқа тапқанын қай сұңғыланың шотқа салып отыратынын қайдам, әйтеуір есеп-санақ басқармасының тоқсан сайынғы мәліметінен бірінші орынды бермей шүпірлейді де тұрады. Ал сөз бен ойға ден қойып, есепке алып отырған ешкімді көрмедім. Базарды күн сайын сұқ итше бір сүзіп шықпаса сыбағасынан құр қалғандай түнімен дөңбекшіп шығатын шенеуніктер Шахаңның сөзін құнттамақ тұрмақ, оның сорайған бойын көргеннен-ақ байқамағансып жылыстай бастайды.



Шарбақтының кеңқолтық базарында кім жоқ дейсіз? Тәңіртаудың ар жағы да, бер жағы да осында. Қазақ пен қырғыз, қытай мен кәріс, ұйғыр мен дұңған, өзбек пен тәжік, орыс пен татар мидай араласып кеткен...

Мынау жалмаң-жалмаң еткен шақшабас кім болды екен? Домаланған жүзі үрген қарындай тырсылдап тұр. Жіпсиген жанары адамда емес, малда. Жан- жағына сұқтана қарап, тірідей ішіп-жеп келеді. Міне, сәлем-сауқат жоқ Шаншарханның құйрығы кетпендей еділбай қойының қыр арқасынан шеңгелдеп ұстады да, байғұс саулықты ыңқ еткізіп жоғары көтеріп кеп қалды. Еділбайдың артқы екі аяғы тырбаңдап ауаға ілінді. Байғұсты бауыздауға підә болды екен деп те осылай басынуға бола ма? Маңырағаннан басқа қайраны жоқ жандықтарды қалай жұлмаласақ та құқымыз бар деп еркінсігендер қашан тыйылар екен осы?

Әне, еділбайдың арқасынан жұлынған жүннің бір шөкімі шақшабастың быртиған саусақтарының арасында тұр. Мына шоқпардай жүндес қолда талай қоңырдың обалы бар ғой. Шаншархан дандайсыған неменің озбырлығына қитығып қалды білем, даусын пандана созып:



Қамыр, - деді.

Қайран, Шахаң! Тіл институтының қасқабас профессорлары бақ десе де, шақ десе де, бір шара боп көпсіп тұрған қамырды әйелінің сыпырасынан әкеп базардағы сауда-саттықтың тіліне ашытқыдай араластырды да жіберді. Дәл қазір оған қойының терісін шымши ұстаған шақшабасқа «семіз» деп құлдық ұрғаннан гөрі, соны «қамыр» деген бір ауыз сөзбен сыздана жеткізудің ләззәты анағұрлым артық. Бір қызығы, тілдің соңына шам алып түскен ғалымдардың өзі желкесін қаситын Шаншарханның «шифрлы тіліне» қойдың асты-үстіне үңіліп, құнжыңдап жүрген жіпсік көз бірден түсінді. Сосын қосақтағы қойларды олай бір жұлмалап, бұлай бір жұлмалап, түк мін таппаған соң жүндес қолымен аша тұяқтың аузына жармасып, жоңыршқаның көгі жұққан тісіне шұқшиған. Шаншархан бұрынғыдан бетер паңданды.

Пышақ.

Мен күліп жібердім. Қоңды малының құйрығын қамырға теңеп тапқырлық танытқан Шахаң тіс тұрғысындағы мәліметті шарықтастан жаңа шыққан селебедей жалаңдатып тұрса күлмегенде ше? Сосын қасындағы майда-шүйде сатып отырған жалбашашқа бұрылып, енжар ғана:

Қызым-әй, бір тал темекі берші? - деді.

Темекінің талын бір-бірлеп сататын майда-шүйде сауданың шыққаны Шаншархан екеуміз сияқты можантопайларға жүдә жақсы болды.

Қайсысын?

«Бондтан»...

Ағын ба, қызылын ба?

Ағын.

Үш теңгеден, ағай.

Мә...

Ағай, үшеуін ала салыңызшы...

Он теңгелік бақырдан қалған тиын-тебенді қайтарып беруге қимай, қипақтап тұрған қыз балаға Шаншархан кеңшілік жасап, қолын сілтеді де, сіріңкесін шырт еткізіп темекісін тұтатты. Ақ «Бондтың» көк түтіні бұрқ еткен қалпы бошалаған сиырдың шылымындай шұбатылып барып базардың үстіндегі мұнартқан ауаға араласып жоқ болды.

Қайда жүрсің?

Демалыс қой...

Сен осы ненің оқуындамын деп ең?

Құқық қорғаушы ғой...

«Әй, соныңды қойшы» дегендей Шахаң қолын селқос сілтей салды. Сілтенген қол серейген күйі «қазақтың құқын қорғайтын адвокат әлі туған жоқ» дегенді меңзеп, базардың шуаш сасыған ауасын сүлесоқтау сызып өтті.

Құқық қорғаушылар деп, әне, анау жөйттің балдарын айт. Басқаларыңдікі Абай атамыз айтқан шен тағып, шекпен кию ғана ...

Әңгіме азаматтық құқық туралы мәселеге кеп тірелгенде арманда кеткен ата-бабасының малын жоқтаған көкемнің іші қазандай қайнап қоя береді. Делдал болғалы бері қалтасынан тастамайтын калькуляторы да әлгі бай-манаптардың малын түгін қалдырмай санап беруге келгенде АҚШ зымырандарының өзін шаң қаптырғандай ұшқыр.

Мысалы, - дейді Шаншархан сүйегі әлдеқашан ақ сөңке боп қурап кеткен атасының «бизнес жоспарын» тауып алғандай ежірейіп, - Шопанбайдың бес мың қойының әр қайсысы бір қозыдан туды дегеннің өзінде екі жылда он мың бола ма? Болады. Оған тағы екі жылдың төлін қосыңыз, әлгі он мыңыңыз жиырма мың бола ма? Болады...

Өз қиялына өзі масайраған Шахаң бастауыш сыныптың математикасына сұранып тұрған есеп-қисабын ежіктеп, біраз жерге барып қайтады. Мен болсам саудасы жүрмей қиналған кезде темекі алатын теңгеге зар боп қалатын көкемнің мынандай қайталана бермейтін бақытты сәтін ұзарта түскім кеп:

Түйе ше, - деймін жерден жеті қоян тапқандай өтірік қуанып, - жарықтық Шопанбай атамның түйелері екі жылда бір рет боталағанның өзінде осы күнге дейін Жиекқұмның бетін жауып қалар еді ғой.

Дұрыс айтасың, заңгерім. - Шаншархан көңілденген кезде «заңгерім» деп, өтірік қана алдаусыратып қояды.

Менің ата-бабамның мыңғырган малының арқасында аяқ астынан миллионерге айналған шенеуніктердің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін байлық қой бұл...

Шіркін-ай, сонда осындай өсімтал мал жетпіс бес жылда қанша болар еді, а?

Шаншарханның көңілінің ауанына жығыламын деп отырып отар-отар қойдың сүрлеуіне түскен аш қасқырдай менің-дағы сілекейім шұбырып кетеді. Өйткені Шаншарханның қиялының жаны бар сияқты. Қазірдің өзінде Шарбақтының ана жер, мына жерінен екі мың, бес мың қой айдаған байлар шыға бастады. Және бұл бар болғаны он-он бес жылдың төңірегіндегі әңгіме. Алдында елу мың қойы бар Шопанбай атасы дәл қазір «іри, қойым» деп, Тәңіртауды бөктерлеп келе жатқандай желпінген Шаншархан:

Бұған Шахаңның калькуляторының саны жетер-ау, бірақ жайылым жете ме? Айналақарын партком боп тұрған кезде ен далаға небары 45 мың қойды сиғыза алмай басы қатқан жоқ па? Ол дегенің Шопанбай сияқты төрт-бес байдың ғана малы болатын. Міне, саған ата-бабамның мал-жанының есеп-қисабы керек болса! - дейді.

Шаншархан Американың №1-ші миллиардерімен терезесі тең адамша паңданып шыға келеді. «Әттең,деймін іштей, - осыдан жетпіс, сексен жыл бұрын Шопанбай марқұмның мыңғырған малын «қызыл билеттілер» тігерге тұяқ қалдырмай тартып алып, өзін итжеккенге айдатып жібермегенде, мына Шаншархан сияқтылар анау атқосшы ерткен әкімқараларға сәлем бермей, талтаңдап жүрер бай-бағыландардың сортынан болатын екен-ау!».

Мынау Еуропадағы неміс деген елдің балалары өте үлкен жүректі халық боп келеді екен. Гитлердей қандастарының қаскүнемдігі үшін кешегі қырылғаны қырылып, аман қалғандары аты-жөнін өзгертіп, жан-жаққа ауып кеткен жөйттердің ұрпақтарына өкіртіп тұрып өтемақы төлеп берді. Төлеместеріне жандарын қоймаған жөйттер де мықты екен-әй! Ал қазақ байларының қызығын көрген кешегі «қызыл билетті» бәлшебектердің мұрагерлері өтемақы тұрмақ, ауылдағы кедей-кепшікке құдайы тамақ та таратқан жоқ. Осыдан кейін бес минөтсіз адвокат менен бастап бүкіл исі қазақтың шен тағып, шекпен киген заңгеріне Шахаңның өкпесі қара қазандай болмағанда, қайтеді?!.
* **

Мал базардың айналасы қаптаған асхана. Соңғы кездері осы қаптаған асхананың қасынан киіз үйлер де қымсынбай бой көрсете бастады. Қымсынбай дейтінім, киіз үйлердің тағдыры да шарбақтылықтардың тілі сияқты: кей өкіметтің тұсында кәдеге аспай қаңырап қалса, кей өкіметтің тұсында төсегінен жаңа тұрған аурудай қалқайып, қатарға қосылып қалады.



Шахаң қосақтаулы қойларын шақшабастың шүлдірлей сұраған бағасына өткізіп, қи жұққан сарыала жібін беліне байлап алған соң, ұзынды-қысқалы, ағалы-інілі боп осы үйлердің біріне келіп кірдік. Менің жексенбі сайын базарға келіп делдал көкемнің саудасына көмектесетінім, ал оның тапқан табысының бірер пайызына маған жүрек жалғар бірдеңе-сірдеңе сатып әперетіні дәстүрге айналып кеткен. Сонан соң оған менің қылжақбастығым ұнаса керек. Әйтеуір шарбақтылық екі шерменденің арасында жібек жіптей үзілмейтін бір жылы сезім орныққан.

Шахаң киіз үйдің төріне шығуын шықса да, жалп етіп бірден отыра кетпей, шаңыраққа қарады. Тегіне тартып үйдің сүйегін байқағысы келді ме, әйтеуір түндігі жартылай ашық тұрған киіз үйдің төбесіне қараңқырап, біраз бөгеліп қалды. Одан жанары төмен сырғып уықтарға ауысты. Қаламы шаңырақтың көзінен шығып кеткен бір уық өзінің шодырайған шынтағы құсап епетейсіздеу салбырап тұр екен.

Уық та қарашаның кебі сияқты. Шаңырақ ауыр болса, қанша майысқақ болғанымен күндердің-күнінде шарт сынады...

«Оппозиционер» уық үшін қарадай ыңғайсызданып қалған қымызханашы келіншектің басындағы қолайсыз жағдайды Шаншарханның табан астында тауып айтқан пәлсапасы жуып-шайып жіберді. Тоғышарларды мақтамен бауыздайтын тағдыр-талайы ауыр Эзоптайын Шахаңдардың тұспалы да түскен жерін солқ еткізер зіл батпан. Бірақ Шаншархан «Бондтың» түтінін іргеге қарай ширата үрледі де:

Дегенмен, басқа бір гәпті де ұмытпау керек, - деп, кергіді.

О не?

Күлдібадам шаңырақ кімге пана болсын?

Шаншархан сұңғыланың нені меңзеп отырғанын ішім сезе қойды. Семіздігінен Айналақарын атанып кеткен базаркомның қай наданға салдырып әкелгенін қайдам, мал базардың кіре берісінде былтырдан бері құрақ көрпеше сияқты түрлі-түсті бір шаңырақ іспетті сұлбаның суреті жарқанаттай жабысып тұр. Базаркомның суретшісі шаңыраққа неше түрлі бояуларды баттастырып жаға беріпті. Осы күлдібадамның түбінен күн сайын өтетін Шаншархан күйінбегенде, кім күйінеді енді. Дегенмен жығылған шабандозға жалын төсейтін жылқы малы сияқты тәй-тәй басқан тәуелсіз жұрттың болашақ құқық қорғаушысы ретінде бірдеңе деуім керек сияқты.

Ауқатты атаңыздың түйелері сияқты кері қарай шаптыра беретініңіз не осы? Шаңырақтың мәнісін базаркомның қазан басы білмесе де, сіздің сопақ басыңыз білуі керек қой. Кезінде кім көрінгенге күлкі болған киіз үйіміздің төрінде шәниіп жатқанымыз да осы қара шаңырақтың амандығының арқасы емес пе? Құдай қаласа, төрімізге салт-дәстүріміз де озды. Әйтпесе, кешегі күніміз босағадағы жетім баладай еді ғой.

Шаншархан тышқанмен ойнаған мысықтай бір бүгіліп, бір жазылды. Сірә, менің шенеуніктердің қолынан шыққан баяндамадай қан-сөлсіз гәбіме оның тулақтай боп қатып қалған жүрегі аса жіби қоймаса керек.

Далбаса! Мен бірдеңе білсем, Шарбақтыдан шыққан дүбәралар қазақтайын халықты сайлаудың кезінде ғана есіне алады. Басқа уақта сіз бен біздің ұлттық құндылықтарымыздың бәрі анау уық сияқты салбырап тұрғаны тұрған.

Шахаң «оппозиционер» уықты енді басқа қырынан мысалға алды. Бұл енді, шынында, мен күтпеген соққы. Бірақ қалай болғанда да Шаншарханның ыстық ботқаша жабысқан пәлсапасынан құтылу керек.

Жасасын оппозиция!

Кекетпей-ақ қой, құқық қорғаушым. Қойдың өрісі көкжалсыз болмас.

Шаншархан менің «әй, қанша мықты болсаң да, осы жолы бұлтара алмассың» деп сенім артқан ең соңғы аргументімді де тас-талқан қылды. Енді онымен бұдан ары сөз жарыстырудың пайдасы шамалы.«Айналайын, Бірежінібім-ай, сен армандаған коммунизмнен секектеп жүріп сексенінші жылы-ақ өтіп кетіппіз ғой...» деп, әлі күнге дейін аһ ұрып отыратын жүгеріші әкемді бетіме салық қып, дымымды құртпай тұрғанда жекпе-жекті доғару ләзім. Бірақ Ыстыбай атам дүниеден қызғыштай қорып өткен қасиетті шаңырақтың қи сасығын мал базардың маңдайшасында нотариустың мөріндей баттиып тұрғаны көңілімді жермай ішкендей әлем-жәлем қыла берді.

Шарбақтылықтар енді-енді ғана жуыса бастаған кәсіпкерлікті Ыстыбай атам сонау Некәлай патшаның заманында-ақ меңгеріп алыпты. Содан көпшілікке ортақ кәсібін шолақ белсенділер қанша қорқытып-үркітсе де қойдыра алмаған.

Мысалы, Айналақарын ауылда екі адамды жек көрсе, оның біріншісі Әмір қожа да, екіншісі Ыстыбай атам еді. Қожа-молданың жәйі белгілі, о байғұсты басыңа қазандай ғып сәлде орайсың, елді жаназаға жиып, жұртты ісләм дініне уағыздайсың деп, ағаш атқа теріс мінгізсе, Ыстыбай атама келгенде оның қиылып келген ауылдасына шаңырақ жасап бергені үшін алатын бір танасын күндеп, қасқыр көрген ешкідей ежірейетін. «Көлденең табысқа құныққан пайдакүнем әкеңе қой демесең, партиядан шығасың» деп, Шаншарханға шүйлігетін кеп. Міне, сол коммунистердің қолшоқпары болған Айналақарын сонау Қоянды жәрмеңкесімен түйдей құрдас мал базарға әкесінің меншігіндей аяқ астынан қожайын боп шыға келді. Қазір жалғанды жалпағынан басып жүр. Сонда кім пайдакүнем? Шаппа-шотпен шаңырақ шапқан Ыстыбай ма, әлде «сары бала, қара қазанның» қамы үшін тапқан-таянғанын пұлдауға келген жарлы-жақыбайлардың базарға кірген-шыққанын аңдып, ақша тауып отырған Айналақарын ба?

Кемшілігін бетіне басқаныңды бауырың да жақсы көрмейді. Кеңес өкіметі-боса болмаса. Айналақарын партком боп тұрғанда бір үйлі жанды асырап отырған атамның шағын ғана шаруасын тұншықтыру мақсатымен шапқылап жүріп қаладағы тұрмыс қажетін өтеу комбинатының қасынан киіз үй жасайтын цех ашқызды. Содан бастап Қожанасырдың күркесіне ұқсас қуыршақтай қап-қара үйлер қаптап кетті. Ал жанның қадірін білетін қойшылар сықырлаған темірге жабылған кұрым киізден гөрі, атамның аппақ үйіне жәутеңдеп қарай беретін. Өйткені тал бойына темір-терсекті дарытпаған киіз үйден далалықтарға тән бір даралық сезілетін. Сол даралықты мұқату үшін не істелмеді?..

Қай жылдары құдай-ау, Айналақарын қаланың қақ ортасынан жайлау жасаймын деп қатты желікті. Желіккенімен қоймай, Ыстыбай атамның киіз үйін қалаға алдыртты. Қит етсе баласының «партиялылығын» көлденең тартып, қорқытып-үркітіп отыратын өкіметтің қатыбастығынан зәрезап болған атам «қай қазақ киіз үйін шыбын-шіркейі быжынаған сайға тігіп еді» деп, кіжіне берді. Шынында, лүп еткен самалы жоқ сайға қай жанынан безген барып демалсын. Жыл он екі ай болмай жатып жайлаудың сәні кетті. Киіз үйге қымыз емес, арақ-шарап іздеген албастылар ғана үйір болды. Оның соңы жын-ойнаққа айналды. Жаман хабар жерде жата ма, Айналақарынның жер-жаһанға жар сап, мақтанып жүрген жайлауы жын-бақсының ордасына айналыпты деген сөздің де гу ете қалғаны осы түс. Көп ұзамай киіз үйдің туырлықтары мен үзіктеріне қап-қара боп күйе түсіп, жиди бастады...

Сайдың үстінде аспалы көпір бар болатын. Бір күні қаланың қырық сідік жұрты осы көпірден автобуспен өтіп бара жатып киіз үйдің туырлығын әлдекімнің қасқыр тартқандай ойып алып кеткенін көрді. Жосаға боялған нау кереге шөгеріп қойып терісін сыпырған қара нардың қабырғасындай ырсыйып тұр. Бірақ ешқайсысы былқ еткен жоқ. Екінші күні киіз үйдің үзігі сыпырылып жерде жатты. Жалаңаш уықтар тарам-тарам саусақтарын көкке жайып: «мына ит қорлықты көретін көз бар ма, жоқ па?» деп, шашын жұлған кейуанадай тым қасіретті еді. Автобус іші тағы датым-тырыс. Тіпті алғашқы күнгідей «қала басшысы мына масқараны әдейі көрмей отыр ма? Айналақарын қайда?» деп күңкілдегендер де болған жоқ. Қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмаған соң сайдың ішіндегі иесіз жайлауды емін-еркін жайлап алған найсаптар ең соңында түңлікке қол салды. Түңлігінен айырылған үйдің шошайған шаңырағы бір қасиетсіз кеп бөркін жұлып алған ақсақалдың әзіз басындай қорғансыз еді...

Атам алғашқыда өз көзіне өзі сенбеді. Киелі шаңырақтың іші әжетханаға айналыпты. Бір кездері ауылдың игі жақсылары ғана мәслихат құрып отыратын қасиетті төрінің боқ-сідігі шығып жатқанын көргенде қызыл иегі кемсеңдеп кетті. Жұлым-жұлым болған туырлық пен сөгілген керегеге қарап «атаңа нәлет тексіздер-ай, ақ ордамды әбден ыламайлапсыңдар- ау» деп, көзінен аққан тарам-тарам жасқа ерік беріп, екі иығы бүлкілдеп отыра кетті. Еңіреп отырып «бұ дүниеде сатылмайтын ештеңе қалған жоқ, сатсаң да сатасың, сатпасаң да сатасыңның» астына алып, тақымдап қоймай қойған Айналақарынды ал кеп қарғап-сіледі.



Шөкелеп отырған қалпы ұзақ егілген шал біруақтар болғанда орнынан тұрып, ойран-ботқа үйді ретке келтірмек болған. Сүрініп кетті. Кебісі пәршек-пәршек боп жатқан домбыраның ішегіне ілініпті. Домбыра! Жошыханға ұлының қайғылы қазасын безілдеген бебеуімен жеткізген қара домбыра! Қазақтың қайран тілі! Қайран, Кетбұға! Оңдамақ боп әуреленіп еді, қарт шебердің қолы қараптан-қарап дірілдеп, түк шығара алмады. Бір бүлінген дүние бастапқы қалпына кәйтіп келсін!.

Ертеңіне таң ата көп қабатты үйлердің пәтерлеріндегі қалақтай радиолар:
«Ақпыз, сарымыз, қарамыз,

Туысқанбыз бәріміз...»
деп, таңдайлары тақылдап жатқанда әлгі аспалы көпір арқылы өтетін автобустағы қырық сідік жұрттың өкілдері сайдың табанынан көтерілген қып-қызыл алауға куә болды. Атам шаңырақтың ағашын доғалап тұрып иер кезде шарт сынып кетпес үшін оны алдымен ыстық қозға көміп, талбойын әбден балқытып алатын. Мен осы қозды дайындау үшін кәшек-құшақты шарбақтың ортасына алаулата кеп жағатынмын. Өрт тура сол алау құсап, пышырлап тұрып жанды. Көліктерін өкіртіп-бақырып өрт сөндірушілер жеткенде жалын басылып та қалған еді. Бет-аузындағы күйеден көздері ғана жылтыраған атам шаңырақты біреу тартып алатындай тас қып құшақтап алыпты. «О, Жаратқам ием, басымыз бүтін, бауырымыз түгелде, бұл қай қорлығы-ең» деп, өксіп-өксіп қояды. Көпірдің үстіне қызыл автобусты қаңтарып қойып, осының бәріне қызыға қарап тұрған манағы марғау жұртқа көзінің жасын көрсетпейін дегендей теріс айнала берген Шаншархан әкесіне «кім көрінген керегін алып, керек емесіне тышып-сиіп кеткен шаңырақ саған-ақ қастерлі ме?» деп, қыстыға жылап жіберді. Менің де жанарым жасаурап, көңілім босады. «Атынан айырылса да, ертоқымынан айырылмайтын елдің қайраны таусылған қайран да қайран қарттары- ай!..» деймін, Шарбақтының базарындағы шаршы топтың алдында тайсалмай сөз бастайтын Шаншархан көкемше шамырқанып.
* **

Шындықты айтқан адам қашан да жалғыз. Шарбақтының жалғызы -Шаншархан. Сосын ішіндегі шерін мен сияқты болашақ «құқық қорғаушыға» ақтармағанда, кімге ақтарады? Шаншархандай от ауызды, орақ тілді жалғыздары жоқ елдердің болашағы бордай тозатынын кешегі шаңырағы ортасына түскен елдердің мысалынан көрдік қой.

Кекірік ата ішкен қымыз бен Шаншархан көкем қалтама шытырлатып сап берген 200 теңге қанымды қыздырып, көңілімді көтерді білем:

Көке, «Ахау, қасқа атты» айтыңызшы, - деймін масайрап.

Сенің аңдығаның сайқымазақ сөз ғой, - деп, Шахаң іргедегі аққу мойын үкілі домбыраға қол созады.

Ахау, қасқа ат дегенде, ахау қасқа ат,

Алматыда ойнайды бес жүз солдат.

Кеңес өкіметінің құдіретінен айналайын,

Сымтемірдің ішінен тоқ жүргізген...

Қымызханашы келіншек сылқ-сылқ күледі де:

Осындай да өлең бола ма екен, аға, - дейді.

Неге болмасын. Мысалы, қымыз құйып отырған мына сен де өлеңсің, - дейді де қу Шаншу «Бір келіншек» деген әнге басады. Келіншекті бір желпіндіріп алған соң, өзімен-өзі оңаша қалғандай бір тұңғиық ойға беріліп, домбыраның ішегін тыңқылдата бастайды. Тыңқ-тыңқ, тыңқ-тыңқ еткен домбыраға ілесіп:

Кереге басы кер жылан-ай,

Бері қарай кел жылан-ай...

деген үн, естіледі. Тамағындағы жұтқыншақтың түбінен қырылдап шыққан мұңды мақам киіз үйдің бау-шуын дірілдетіп жібергендей болады...

Менің көзім жұмылып барады. Шамасы, Шахаң айта беретін «үш арсыздың» әуелгісі ай-шайға қаратар емес. Өзім де әбден қалжырап, шаршасам керек. Күні бойы бірі келіп, бірі кетіп жатқан жіпсік көздермен тікеңнен тік тұрып саудаласу оңай деймісің.

...Анаң қара, Тәңіртауды бөктерлеп Ыстыбай атам кетіп барады. Жетегіндегі аруананың үстінде дәу шаңырақ тербеледі.

Ата!..

Айналақарыннан тақыр көңілі қалғандай шал базар жаққа мойын бұрмайды. Қайда бет алды екен? Мынау диірменнің тасындай шыр айналған дүниенің бір күнгідей болмай бұлбұл ұшарын білгенде: «Түсімде біздің үйдің шаңырағын көтереміз деп бақанға таласқан бір топ алапесті көрдім. Есім барда кім-көрінгенге көтертпеп ем. Шаңыраққа... шаңыраққауақап болыңдаршы» деген екен жарықтық. Әлде сол түсін Айналақарынның әрекеттеріне жорып, қыстығып жүр ме? О тоба, Тәңіртаудың кір шалмаған ақ бас шыңын ұп-ұзын құйрығымен оңынан да, солынан да орап алған мына бір үш басты айдаһар қайдан пайда бола кетті? Өздері адам сияқты:

Қайда барсаң да Қорқыттың көрі, шал. Бәрібір қашып құтыла алмайсың, -дейді, атамның артынан шәңк-шәңк етіп.

Көзімді ашып алсам үйге Айналақарын мен манағы жанары жіпсиген шақшабас екеуі шиқ-шиқ күліп кіріп келе жатыр екен. Баса-көктеп төрге озған бетте келіншекке «қымыз әкел» деп, сығырая қарағанына қарағанда уығы салбыраған шаңырақтың иесі шақшабас болды. Далбасалап Шаншархан отырған көрпешені сипасам, орны баяғыда суып қалыпты...

ЭЛЕКТОРАТ
Сайлаубек саясатпен айналысайын деген пенде емес. Бақай есеп, арзан беделмен о бастан дүрдараз. Аспанға түкіріп, жайбарақат жатқан адамның миын меңдуана жегендей мең-зең қылатын саясат түскірдің өзі. Төріндегі түрлі-түсті телебезерінің «тілі мен жағы» аман тұрғанда сайтанның сапалағындай пәледен қашып құтыла алмайды екен жүдә.

Арзанқол сағат кешкі жиырманы нұқығанда, телебезердің маңдайына біткен жалғыздай тәлпіштеніп сөйлейтін диктор таңдайын тақылдатып шыға келеді. «Ауыз ашарын» жаңалықтармен бастайтын ат төбеліндей аздың бірі болған соң Сайлаубек тәлпіштің бұл «қорлығына» амал жоқ шыдайды. О баста осыған бет-аузыңды қисаңдатқаныңды қойсайшы, атаңдай адамдардың алдында отырсың ғой дейтін адам бар ма, жоқ па? деп, әлгі тәлпіш телебезерден «кеткенше» әйелі екеуі жүйкелерін жүндей түтіп бітетін. Кәзір шыбын шаққан ғұрлы көрмейтін болды. Өйткені жұрт жақтырмайды екен деп мынау дарақы дүниенің беті қып-қызыл болғанын әлі-әзір көрген жоқ.



Соңғы кезде жаңалықтардың басы тәтті болғанмен, аяғы қатты боп барады. Бала Буш тағына отырар-отырмастан «біссімілдәсін» Ауғанстанды бомбылаудан бастады. Қатын-қалаш, бала-шағаға обал деп айылын жиған жоқ. Аспан асты, жер үсті ысқырған оқ. Сайлаубек болса ойы мен қыры ойран-ботқа боп жатқан елді көрсеткен сайын «ойпырайлайды» да отырады. Бен Ладен деген бәле де табыла қоймады. Бұрынғының телебезері өлген адамның мәйітін көрсетпек түгіл, айтуға қорқушы еді. Кәзір, телебезерді ашып қалсаң шыбынша қырылған адамдар, бет-ауызы бұзылған мәйіттер. Бірде үйіндінің астында қалған анасының мәйітін құшақтап жылап отырған кішкентай қызды көріп қалып, қапелімде көзінен жас шығып кеткені. «Е-е, жаратқан ием, қазағымды осындай бәлеңнен сақтай гөр». Өзінен өзі үрейленіп, үйінің шаңын шығарып жүрген Әйгерімін шақырып, тәмпіш мұрнынан сүйіп-сүйіп алады. «Айно-лай-ын...». Әкесінің аяқ астынан ет бауыры елжірей қалғанын құрттай қыз да кішігірім «спектакльге» айналдырып, «әке-оу, балмұздақ әперші» деп мойнына орала кетеді. Айтты ғой, бұл саясат дейтін сайтанның жүрмейтін жері жоқ деп. Қарашы, бала екеш балаға шейін бас пайдасын біліп алғанын.

Екі көзінен жас парлаған ауған қызының жүзіндегі қасірет қандай қорқынышты еді. Бейне бір араны ашылған ажал бет-аузы көгеріп әлемді аралап жүрген сияқты. Қан болса жылымдай ағып бір елден екінші елге өтіп келеді. Үлкен боп – үлкен, кіші боп – кіші бұл лаңды қояйық демейді. Бөдене төбелестіргендей үшінші ел отыр. Олардың саясаты түгел, сайтандары дін аман.



Ауғанның әңгімесі бітті дегенде Израил мен Палестинаның «кәрі жындары» қозды. Мұнда да күнде жарылыс, күнде өлім. Сайлаубектің әкесі қара болса да қожа-молданың қасына көп ілескен діндар адам еді. Сол кісі «Ерусалимде сегіз бұрышты ғажайып мешіт болған. Мұхаммед пайғамбар ғалейкім уассәлам осы қасиетті жердегі мұғаллақ деген тасқа аяғын салып пырағына мініпті» деп тамсанып қойып, тәспісін тартып отырушы еді. Ендігі оның да жермен-жексені шыққан шығар...

Қазақ жұрты, құдайға шүкір, тыныш. Дегенмен ырың-жырың бар. Анау құрақ көрпешенің үстіндегі қобырап жатқан гәзиттердің беті алабажақ саясат. Жағадан алған – жау, етектен тартқан – бөрі. Қаптап жүр.

Кешелі бері тәлпіш қыз «әлигәрхия» дегенді тәптіштеп кетті. Бірақ «әлигәрхияның» мәнісін бір білсе Жайлаубек білер. Мектепті жетпіс алтының жаңбырсыз жазында бітіргендерден ауылда бұл, Жайлаубек және Мүсірәлі қалған. «Р»-ды «ығ» деп, француз мақамына салатыны болмаса, Жайлаубек тәп-тәуір мұғалім. Сайлаубектің сегізіншіде оқитын Сейсенәлі деген жүгермегі бар. Бірде соның дәптерінен «үшті» көріп, түрі бұзылып кетті. Сөйтсе, құрдасының қарындашы ылғи «труба» деген сөздердің жон арқасына сүліктей қадала беріпті...

Әй, мынау не пәле?

Ағайдың өзі ғой.

Немене өзі?

«Тұғыба» деген.

Анықтап сұрадың ба?

Иә.

Не деді?

Бәрібір «тұғыба» дейді.

Сосын?

Сосын «трубаны» қазақшалаған екен ғой деп «тұрба» деп жаздым.

Сейсенәлі мұрнын қорс еткізіп бір тартып қойды.

Сен немене, терминком бе ең, ей? Қасыңдағыларға көзіңнің қиығын салмайсың ба? Қап, иттің ғана күшігі-ай!

Сомадай боп көшірем бе?

Сол Жайлаубектің нан сұрап жерлік орысшасы бар. «Қой, мен бұл «әлигәрхияның» мәнісін сол Жайлаубектен сұрап білейін».

Дәлізге шыққан Сайлаубек состиып тұрып қалды. Табалдырықтың алдындағы бағдаршамға аялдаған мәшинелердей иін тірескен ат көпір аяқ киімдердің арасында мұның кәлөші жоқ. «Қайсысы қағып кетті екен?». Бала-шаға, құдайға шүкір, жетеді. Қырық жылқы қыз-қырқынды санамағанда, еркек кіндіктің өзі Аманәлі, Мәденәлі, Дүйсенәлі, Сейсенәлі, Әшірәлі, Иманәлі сияқты арыстай-арыстай алтауға жетті. «Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары, алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бастары, сары да жалқын су болар, жалғыздық сені қайтейін!». Қайран, Ақтамберді жырау! Бірақ әзірге «жүрегінің бастары алтын менен бу болған» алтау жоқ. Қыл аяғы кәлөшіне шейін бір жаққа сүйретіп кеткенін қараш. Қаны басына шапты. Ашуы алқымына тығылғанда өстетін жаман әдеті. Жұқарған жүйкеге «сап-сап» деген. «Мына тұрған жер ғой, басқасын-ақ іле салайын». Бірақ, тұмсығы тасқа соғылмай тоқтамайтын кете балықтай табалдырықтың алдына келіп шүпірлеп қалған аяқ киімдердің ішінен аяққа ілуге жарайтынын тапсайшы. Өкшесі қисайып, сірісі мыжылған кіл бірдеңе. Қытайдың мүкәммалы ғой. Әйтеуір арзан. Дәтке қуаты да сол. «Болмады. Айқайламасқа жанды қоюшы ма еді бұлар?».

Кә-лөш!

Есіктің тұтқасына жармасып, дәліздегі сыз еденді басуға жиіркеніп тұрған Сайлаубектің жандауысы шықты.

Кәлөш жоқ. Кәлөшті киіп кеткеннен де дыбыс жоқ. Сайлаубек күйіп кетті. «Міні, бірдеңе істей ғояйын десең ыңғи осы...».

Әй, қайыс-сың барсың?

Сырттан Сайлаубектің кәлөшін тырп-тырп сүйретіп, жүгіре басқан дыбыс шықты. Кәлөшті қағып кеткен Қырмызы екен. Қайықтай қайқиған дәу кәлөшті әкесінің аяғының астына тастай салды да, зып беріп үйге кіріп кетті. «Баланың өскені де бәле екен-ай. Мектепте сөйлескендері аздай, үйге келгесін тағы бір сыбырласпаса тұра алмайды түге. Дәу де болса үйдің сыртына бақатамақ Мүсірәлі пұшықтың телефонға тыным бермейтін бәлекейі кеп кеткен ғой».
* **

Жайлаубек жалғыз емес екен. Қасында Мүсірәлі отыр. Екеуінің ыпыны пәре алып, түрмеге қамалған «теркомның» қоян жымын шиырлап, түк таппаған адамға ұқсайды.

Әй, бұны да босатып жібереді-ау.

Прокурормен пікірлесіп келгендей Жайлаубекпаң.

Бәлкім, қашырып жіберуі...

Мүсірәлі мүләйім үнмен жапа шеккен адамның кебін кие қалды. Сайлаубек төтесіне көшті.

Әй, екі ит, гәзиттер «әлигәрхия» деп неменеге шуласып кетті өзі? Түкке түсінсем бұйырмасын. Бұл өзі қазақшасы бар сөз бе?

Олигархтар десейші. Тіліңе теріскен шыққан ба?

Мүсірәлінің ұлықсынғанына Сайлаубек күйіп кетті.

Менің ана тіліме келгенде төрешінің қаптай қалатындары қалай осы?

«Ығы»-лап сөйлейтін Жайлаубек үстелінің суырмасынан орысша-қазақша сөздікті шығарды. Қолға алмағалы қай заман. Сыртын қалың шаң тұтып қалыпты. Сүрте қояйын деп еді, қапелімде жөндемді шүберек табыла қоймады. Айғайлап әйелін шақырайын десе есіктің алдында шемішке сатып отырған көкдауылдан сөз естіп, екі қызылкөздің мазағына қалары кәдік. Амал жоқ көйлегінің жеңімен қалың кітапты ысқылап, дорбадай аузымен үрлеп кеп жіберді...

«О»-дан басталатын орысша мұндай көп болар ма? Түбің түскір «әлигәрхия» бірінші томнан ұстатпады. Екінші томды ашты. Тырнағымен сөздіктің сарғыш тартқан парағын тесіп жіберердей шүйіліккен Жайлаубек күбір-күбір етеді.

Олива – зәйтүн ағашы, оливковое масло зәйтүн ағашының майы, тәк...

Міні, табылды. Пәлені түсіну де қиын екен ғой. «Ат төбеліндей ақсүйектердің яки капиталистердің финанс магнаттарының саяси және эконмикалық үстемдігі» депті.

Ақсүйек деп қожаларды айтпаушы ма ек?

Мүсірәлі өтірік мүләйімсіді.

Бүгінгінің қожасы да, қожайыны да - байлағ-ғ... ғой.

Базарком – депутат, кәсіпкер – сенатор, рэкеткәсіпкер болды. Қош делік. Сонда бұлардың арманы енді ел басқару болғаны ма?

Сайлаубек сауалын сексеуіл құлатқандай солқ еткізді. Екі қолын жеңінің ішіне тығып, жүгіне қалған Мүсірәлі:

«Кедей бай болсам дейді, бай құдай болсам дейдінің» кері десейші. Сонда біз кімбіз? - деп ыздиды.

Біз — электоғатпыз! — деп күңк еткен, Жайлаубек сөздігін қайта парақтады.

Әліпбидің аяғында жүретін «э» қазақтар сияқты қараң-құраң ғана екен. Бірақ «электорат» деген сөз зым-зия жоқ. Жайлаубек шаң басқан сөздігіне үңіліп біраз отырды да:

«Электғ-ғ...»-дің қасында болуы кеғек еді, - деп күмілжіді.

Сенің мынауың қай жылы шыққан кітап өзі?

Кітаптың мұқабасында «Қазақ Совет энциклопедиясының бас редакциясы. Алматы, 1978 жыл» деп бадырайып тұр еді. Бодандық пен тәуелсіздіктің ара жігін бес саусағындай біліп қалған баяғы шопан, бүгінгі «тәксис» Мүсірәлі:

Түу, менің тұңғышым құралпы екен ғой. Бәсе, кәмунистердің ғалымдары электоратты не қылсын?

Жайлаубек қызарақтап қалды. Үйіне тоқсаныншы жылдан бері кітап кірмепті. Көбіне Шымкенттен шығатын жекеменшік газеттердің өсек-аяңдарын оқитын Жайлаубек «ғылым мен білімге деген көзқағасты өзгеғтетін уақыт болған сияқты, Жақа» деп қойды ішінен. «Мына жаман шопығдың өзі кеше мен бүгіннің айығмасын біғ кісідей біліп отығ...».
* **

Мүсірәлі былтыр бір жылқыға құдасының ескі «Мәскеуішін» сатып алған. Біраз болды сонымен жолаушы тасып жүр. Әйелі мектеп директорының орынбасары болып жоғарылады. Жақында тұңғыш қызы мұғалім болды. Мына екі көксоққан сол күні-ақ «қызыңның алғашқы табысын жу» деп, бір табақ ет пен екі бөтелке «Парламентті» жайғап кеткен. «Сарығаштың» суын есептемегенде. Бұл «іс-шарадан» тоқсаныншы жылдардың алағай-бұлағайында «апырайлап» ауылда қалған үш құрдастың әжептеуір оңалып қалғанын байқауға болар еді.

Қанша қалталы болса да «әлигәғхияның» қазақсыз таңы атып, тауығы шақығмайды.

Жайлаубек арзанқол темекісін тұтатты. Түтіні оппозиция серкелерінің тіліндей удай екен.

Баяғы бір жыл әкім болған базарком да әлигәрхия ма еді? - деп, Сайлаубек шақшасын іздеді.

Ол әлигәрхиядан өткен жынды еді ғой, - деп Мүсірәлі лекіте күлді. - «Мой адрес - ни дом и не улица, мой адрес - Советский Союз» деп әндететін мекен-жайсыз сұм емес пе ол?

Сайлаубек ел арасында «базарком-әкім» атанып кеткен басшыны бекерге еске алған жоқ. О кезде мұражайда қарауыл боп жүрген. Бір күні әлгі базарком-әкім мұражайға нөкерлерімен сау ете қалсын.

Мынау не? - деді, сәлем-сауқат жоқ, мұражайдың ауласының қақ ортасына талтайып тұра қалған ол.

Мұражайдың директоры Мәшһүр деген аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен зиялы кісі болатын.

ХТЗ-ы ғой.

Бұл мұнда неғып тұр?

Көненің көзі емес пе? Жем-су сұрап жатқан жоқ.

Бүгіннен қалдырмай көзін құртыңдар. Ал мыналарың не?

Мынау ма?!.

Жойқын шабуылдан жасып қалған директордың жанарынан «мұны білмеуіңіз барып тұрған...» деген сөз «жүгіртпе жолдай» зыр етіп өте шықты. Бірақ әпербақан әкім діңкілдеуін үдетпесе, тоқтатқан жоқ.

Соны айтам.

Балбал тас қой. Мынаны Тайтөбенің бауырынан, мынаусын Ақыртастың басынан алып келдім. Бетіндегі таңбаларын көрдіңіз бе? Мынаусы Талас жазулары... Мынау Андронов дәуіріндегі...

Құртыңдар көзін!

Мемлекеттің қарауындағы жәдігерлер ғой бәрі. Тауарих қой...

Құрт деген соң, құрт. «Халам-баламдарды» бұл жерден ендігәрі көрмейтін болайын. Біз бұл арадан мынауский казино жасаймыз. Ескі-құсқының исі мүңкіген мұражайдан пайда жоқ. Солай ма, Барон?

Базарком-әкімнің қасындағы бадырақ көздің қалайша Барон атанып жүргеніне Сайлаубек таң қалды. Анау жайнаң-жайнаң етеді.

Мәтіби Мәтбіиевич, мықындары былқылдаған қыз-келіншектерді билетіп қойсақ, қаладағы кәрі- жастың бәрі осы араға құзғынша құжынайды.

Дұрыс айтасың, анау «Қыз Жібектің» бишілері осы жерде билейтін болсын.

Мұражайдың директорының жанын алуға келгендей қабақтары қату нөкерлердің арасында шашын қап-қара ғып бояп, көзіне қап-қара көзілдірік киіп, мәймиіп жүретін мәдениет басқармасының маңқа бастығы болатын. Сол байғұс «өлетін бала молаға қарай жүгіреді» дегендей қолын көтерді.

Мәтіби Мәтібиевич...

Не?

«Қыз Жібектің» бишілері ақысыз билемейміз деп жүр.

Ақша керек болса, мына Баронға тиіп алсын! Әйтпесе анау буаз кесірткедей былқ-былқ еткен бөксеңді бұраңдатып өзіңді билетемін!

Шекесі шып-шып терлеген маңқа бастық нөкерлердің тасасына тығыла берді. «Барон» қарқ-қарқ күлді. Құдай жарылқап табан астында бір топ мекиенге ие боп шыға келген қораздай жан-жағына қоқиланып, тәкәппар қарайды.

Мұражайды қайтеміз?

Мәшһүр өлім жазасына кесіліп, ақтық сөзін айтқан айыпкердей үздікті.

Алдымен ақшаны ойлаңдар...
* **

Сөз пұшық дендей нөкерлерін ертіп жөнеле берген Мәтіби Мәтібиевич кенет осқырынып тұра қалды. Екі қолы қалтасында. Тілшілер шаңқиған күннің астына иіріліп тұр.

Айтпақшы, «қазақ тілі құрып барады» деп қақсай беретін қай журналист еді, сол мықты менің ана тілімді неге сұрамайды?

Аптап ыстықтың астында тұрған тілшілер «мынаған күн өткен бе, не деп сандырақтап тұр өзі? Қазақтың ана тілі қазақ тілі болмағанда, шошқаның басы бола ма?» дегендей жым-жырт.

Кеше біраз басқармаларды аралап шықтым, - деп ыңыранды базарком-әкім. - Қаптаған қазақ. Кадр саясаты многонациональный болуы керек. Неге? Себебі, біз многонациональный ортамен ешқашан ұшпаққа шыға алмаймыз. Мысалы, менің ана тілім... жоқ.

Мәтіби Мәтібиевич «ә, бәлем, қатырдым ба» дегендей, бұрыла беріп шырт түкірді. Түкірік балбал тасқа қашалып жазылған Ұмай ананың тура аузына барып былш ете түсті. Жұрт тым-тырыс. Әпербақан әкімнің балбал-ананың бетімен сырғи аққан түкірігін көрсе де көрмеген боп тұр. Тыныштықты мұражайдың директоры Мәшһүр бұзды.

Сонда ұлтыңыз кім?

Мәтіби Мәтібиевич басқаны күтсе де, дәл мұндай сойқан сауалды күтпесе керек. Беті лап ете қалды. Оның ойынша тілшілер: «Мәтіби Мәтібиевич, «ана тілім жоқ» деп мәлімдеуіңіздің сыры неде?» деп таң қалуы керек екен да, бұл өзінің түрлі ұлт өкілдерінің ортасында өскенін майын тамыза тәптіштеуі керек екен. Бірақ мұражайдың мұңға батып, мең-зең боп тұрған директоры алдын-ала дайындалған сценарийдің быт-шытын шығарды. Табан астында не дерін білмеген базарком-әкім түкірігіне шашалып қалды. Сосын Мәшһүрге ызғар шашып:

Ертең нөл-нөл тоғызда облыстық әкімшілікке кел! Жауабын сонда айтам! - деп барқ етті де, Баронға «кеттік» деп жөнеле берді. Нөкерлері топырлап соңынан ерді.

Сайлаубек мұражайдың директорына бір қатердің төнгенін сезді.

Әй, осы сұрақты бекер-ақ қойдыңыз-ау.

Өлеміз бе енді...

Ертеңіне мұражайға қырық жыл еңбегі сіңген Мәшһүр мырза қызметімен қош айтысты да, оның орнына әпербақан әкімнің аузынан түскендей қитар көз інісі келді...
* **

Әй, қатын, менің байым сенің үйіңде отыр ма?

Терезенің тұсынан естілген дауысқа саясат соғып отырған үшеу елең ете түсіп, бір-біріне қарады. Мүсірәлі мен Жайлаубек «сенің әйеліңнің дауысы ғой» дегендей Сайлаубекке ежірейді.

Байыңды мен тығып қойғандай айғайлайтының не, әй?

Бұл – есіктің алдында өткен-кеткендерге шемішке сатып отырған Жайлаубектің көкдауылының үні.

Сайлаубектің сұлуы көк базарға барып көкөніс сатады. Жайлаубек болса Жібегіне есігінің алдынан дүңгіршек жасап берген. Дүңгіршектің ең өтімді тауарышемішке. Олардың осы еңбектері күйеулерінің алдында өктем-өктем сөйлетеді.

Орнынан алдымен Мүсірәлі түрегелді. Өзінің қызметін қал-қадірінше атқарған сөздікті Жайлаубек құтты орнына қойды.

Бұлардың бастары қосылса бастықтарды жамандайтын әдеттері емес пе?

Сайлаубектің әйелі үш құрдасты бір шымшып өтті.

Әлигархтардай екі қабатты үйде тұрып, астарына ақ «Мерседес» мініп жүрсе, көрер ем жамандағандарын, - деп Жайлаубектің әйелі қабаттасты.

Сендер не білесіңдер...

Сайлаубек күңк етті. Мұның әлигәрхтарда алты аласы, бес бересісі жоқ. Оның ит-жынын қоздыратыны әлгі «әлигәрх» деп ат қойып, айдар тағып жүргендердің бойынан атажұрттың иісінің аңқымайтыны. Қарға тамырлы қазақ қанына тартпаушы ма еді? Ау, анасының бетіне түкіріп отырып қазақты басқарам деп өршеленетіні несі бұлардың? Бәрібір дейтін кеңес өкіметінің заманы емес қой қазір.

Сонау сексен алтыда Сайлаубек те секеңдеген жастардың бірі еді. Ереуілге шыққандарға ерем деп басы да жарылған. Елдің қамын жеген ерлерді топырлатып соттағанын да көрді. Сонда әлгі базаркомдар мен «барондар» облыстық тұтынушылар одағының шотын теріс қағып, халықтың несібесін жеп жатты емес пе?

Әй, үйге қайтасың ба, жоқ па? Әлде Жайлаубектің көкдауылының қасында қалғың кеп тұр ма?

Қалса несі бар, нарық заманында екі шал көптік қыла қоймас.

Әй, қысқағтыңдағ-ғ, жетеғ-ғ енді.

Жайлаубек әйеліне жорта қабақ шытқан болды. Бірақ «қой» дегенге қоя салатын Жайлаубектің көкдауылы ма? Бәледен машайық қашыпты дегендей үйіне қарай зытып бара жатқан Мүсірәлінің соңынан айқай салды.

Мүсеке, бастық қатыныңа ет астыра бер. Кешке қызыңның айлық алғанын құттықтап барамыз.

Жайлаубек ыңғайсызданып қалды.

Өй, өткенде жуып қойған.

Немене, біз адам емеспіз бе?

Сайлаубек көкдауылдың қабынан бір уыс шемішкені іліп алды да үйіне қарай аяңдады.

Немене, өліп баратқандай жетіп кепсің?

Әдірам қал, не қылам сені. Бағана базардан ілмиген Мәшһүр мырзаңды көргем. Сені сұрап, кеп кетсінші деді.

Менің малға шығып кеткенімді айттың ба?

Айттым.

Мәшһүрді екі дүниеде де ұмытпас Сайлаубек. Жұмыссыз қалған кезінде қарауылдыққа алған сол еді. Танысып-білісуі де қызық. Осы шаңырақтың тұмар белгісіндей сандығының түбінде жататын қара қылыш бар болатын. Әкесі жаз сайын қой сойып, құдайы тамақ таратады. Сол кезде сандықта ашылады. «Батыр бабамыздың қылышын көреміз» деген жұрт тұс-тұстан ағылады. Жұрттың құмары басылды-ау деген кезде қылышты жаңа матаға орап, сандықтың түбіне қайта салып қояды. Ескі шүберекті әйелдер «батыр атамыздан тәбәрік болсын» деп қылдай бөлісіп алады. Әке кеткелі қалыптасқан сол дәстүр бұзылды. Сөйтіп жүргенде Кекіліксеңгірдің балбал тасын әкетуге келген Мәшһүр қылыш туралы естіп ал, кеп жабыссын. Айтуынша облыстағы тарихи өлкетану мұражайында тұрса бұл қылыштың көсегесі көгереді екен. Құжатқа кімнен алғанын қатырып тұрып жазып қояды екен.

Сен менің атымды жазып неғыласың, - деген Сайлаубек, - одан да «Кенесары ханның сарбазы Ыстыбай батырдың қылышы. 1843 жыл» деп жазып қой.

Неге жазбасқа?

Қайдам, баяғыда шашы жылтыраған бір хатшыға қылышты көрсетіп, тарихын айтқанымда «Қанішер Кенесарыны не деп насихаттайсың?» деп ыршып түскен.

Қорықпа, ол қазір қазақтың батырлары мен бақсыларын зерттеуге көшкен. Бірақ менің қылышыңа төлейтін көк тиыным жоқ. Білесің ғой, облфин айлықтың өзіне әрең ақша бөліп отыр. Қарауылдық жұмысқа қалай қарайсың?

Екі қолы алдына сыймай, қаракетсіз жүрген Сайлаубек қарауыл болуға қуана келісті. Міні, бар болған-біткені осы. Базарком-әкім «мұражайдың ішіндегі «халам-баламның» бәрін құртыңдар» деген күні шынының астында жатқан қылышты алып Сайлаубек те мұражайдан біржола қарасын батырған.

Қылыштың әңгімесі шығар...

Қайдам...

Ертесіне Сайлаубек інісі бағып жатқан жылқыға кетті. Қырғыздардан сатып әкелген жылқы Кекіліксеңгірді жатсынған жоқ. Бір айырмасы, бұл енді баяғы кеңестік жүйенің үйір-үйір жылқысы емес. Өздерінікі. Жекеменшік.

Киізбен қаптаған ыдыстағы салқын қымызды сылқылдата жұтқан Сайлаубектің жансарайы ашылып сала берді. Мұртына жұққан ақты тоқшылықтың белгісіне ырымдап, біразға шейін сүртпей отырды. Кешегі гәп есінен әлі кетпеген.

Кекіліксеңгірдің биігінен дүрбі салды. Шәһарға шығатын қасқа жолда Мүсірәлінің ескі «Мәскеуіші» зырлап барады. Мәшиненің бөксе жағы бал араның құйрығындай сүйретіліп қалғанына қарағанда, кәбіңкесін жолаушыға лық толтырып алған шамасы. Жайлаубектің көкдауылының дүңгіршегі қараяды.

Жайлаубек «ығ-ғылап» қойып Сейсенәліге дәріс оқып жатқан шығар. Жібегі базардан не деп келер екен?

Жұдырықтай радионың түймесін басты. «Орыс радиосы», әдеттегідей, қақсап жатыр. «Әл-Жазира» Бен Ладенді көрсетіпті дейді... «Әмериканы топан су басты» дейді... «Палестинада тағы да жарылыс боп, жүз қаралы адам қырылып қалды» дейді...

Ау, бұ жұртқа не жетпейді осы? Жаратқан ием, бізді осындай пәле-жалаңнан сақтай гөр!

Сайлаубек «Қазақ радиосын» қосты. Олар да «Әлигәрх» деп, «Сайлау» деп қақсап жатыр екен.

Ел-жұртқа ет жақын біреуді сайлап алмаса, әсілі сауда-саттыққа ауған әлигархтар халықты ұшпаққа шығара қоймас, - деп күбірлеген Сайлаубек Кекіліксеңгірдің биігіне шығып, төрткүл дүниенің тыныштығына бас-көз болуға серт берген адам сияқты малдас құрып отырды...

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет