Сайқымазақ ДҮние


СОП-ТИАК-ТИ Досым Бауыржан Үсенге ескерткіш



бет3/13
Дата20.06.2018
өлшемі445,2 Kb.
#43996
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

СОП-ТИАК-ТИ
Досым Бауыржан Үсенге ескерткіш.

АВТОР.

Ой-бай, ой-бай...

Ауылға анда-санда «Джиптерімен» шаңдатып кеп, шаңдатып кететін; шаңдатып келген сайын Мәдениет үйінің төріне жиналып ап, быртиған қолдарымен қозы қарындарын құшақтап, шәниіп-шәниіп тұра қалатын; шәниіп-шәниіп тұра қалған сайын бастықтарына қарап «алдияр, сіз бастаңыз» дегендей күнбағысша иілетін домалақ шенеуніктерше сап түзеген асықтарының шекесіне сарт ете түскен сары сақасының күшіне мейманасы тасыды білем, киіз үйдің іргесінде өзімен-өзі ойнап отырған Тінәлі ойда-жоқта ойбайға бассын.

Ой-бай, ой-бай...

Ойбайының екпіні ерен. Шешемнің шала бүлініп, ашуланғанын қызық көре ме, кейде Тінәштің қараптан қарап отырып ойбайға басатыны болушы еді. Бірақ бұл жолғысы оған ұқсамайды. Екі кештің арасында жаман ырым бастады демесең, Тінәштің сырнайдай сызылтып салған «ойбайының» астар-әдібінен жаманшылық іздеудің өзі күнә-сынды. Дауысын қандай әуенге салып алғанын бір құдайым білсін, әйтеуір, әннің сөзіндей құйқылжып тұр.

Ой-ы-бай, ой-ы-бай...

Бірақ, қанша жерден бұлбұл болса да, ойбайдың аты ойбай. Анам да, әкем де «ойбайдың» қандай шаңырақты жағалайтынын қалқан құлағымызға әбден құйып қойған. Әсіресе, бейуақта жылағаннан жандары жаман түршігеді. Ал мына батырдың жамандық шақырғандай төрт көзі түгел әке-шешесінен төрт қадам жерде отырып ап «ойбайға» басқанын жақсылыққа жоруға бола қояр ма екен? Қазір әке-шешем осы қылығы үшін сазайын бермесе неғылсын? Қауіптенгенімдей болды. Тінәлінің «әні» ең алдымен шешемнің зәресін ұшырды.

Мына тұқымың өскірдің пәлекет шақырып отқаны несі-әй, а?

Арқасындағы құжынаған шыбын-шіркейді құйрығымен сабалап, ауылдың желке тұсындағы жусанды жазықта арқандаулы тұратын жауыр атын анда-санда бір байқастап қоятын дағдысымен үйдің сырт жағында жүрген әкемнің құлағы да ерке ұлының оғаш қылығын қалт жібермепті. Беліне көлденең ұстап келе жатқан таяғын Тінәліге туралап кеп сілтеп қалды. Қолдан қолға өтіп, әбден жылтыраған келте таяқ ысылдай ұшқан күйі киіз үйдің жосасы кете бастаған көне керегесіне сарт ете түсті. Таяқтың сарт ете түскен дыбысымен қоса әкемнің:

Сайтаныңды қағып алайын ба осы, аһ? - деген құмығыңқы үні естілді.

Бұл ма, бұл тұқымың өскірдің шығармайтыны жоқ.

Шешемнің от басы, ошақ бұтынан шыққан бір ауыз «мәлімдемесі» сырттағы ашулы шалына коалицияның ұрынарға қара тапай жүрген ұр да жық әскерлеріндей «одақтас» екенін ұқтырды. Ә дегенде не болып, не қойғанын аңдамай қалған Тінәлі әке-шешемнің «бірлескен шабуылының» сыңайы санасына сарт ете қалған тұста, аяқ астынан пайда болған «сыртқы» және «ішкі» жаулардан жансауғаламаса жағдайының мүшкіл болатынын сезіп, жанға жайлы көлеңкені жандәрмен дегенде «жау қолына» тастап шықты. Сосын, не болса соған күйіп-пісіп, айқайлай беретін әке-шешесін келемеждегендей санын шапаттап қаша жөнелді. Бірақ ерулінің соңынан іле-шала атқа қонған қарулының жоқ екенін сезген соң анандай жердегі Совтрактордың есегі «аунап-қунайтын» тулақтай тақырға барып талтайып тұра қалды да, сай жаққа қарап «ойбайын» одан бетер үдетті.



Жалға алған азын-аулақ жеріне Орлик деген кәріспен қосылып пияз егіп, Құдай тағаладан сол ащы сабақтың ормандай болып өсуін тілеп жүрген әке-шешемнің халықаралық мәміледен хабары шамалы. Мысалы, кіші халықтардың басындағы қасіретті мына аяқ астынан сүтке тиген мысықтай «түрткі көрген» Тінәлі бейбақтың басындағы «қорлықпен» салыстырып қарасаңыз, кез-келген шетін мәселені атыс-шабыспен шешеміз деген асылықты қою керек деген байламға келесің. Жалпы, Шаншарханның «бір күн ұрыс болған үйден, қырық күн береке кетеді» деген мақалының жаны бар. Бірақ баяғы плантаторлармен бірге тұқымы тұздай құрыған әлімжеттіктің мынау ғылым-білімі таңдай қақтырған үшінші мыңжылдықтың табалдырығында тым дөрекілеу көрінетінін менің арам шөп отаймыз деп жүріп өңдері қап-қара боп күнге күйіп кеткен әке-шешем тұрмақ, мұхиттың ар жақ, бер жағын аузына қаратқан ақ жағалы ақсүйектердің өздері де пайымдап жатқан жоқ.

Тау халқының даңқты ұлы Шәміл елім мен жерім ақ патшаның аждаһадай аранына түсіп кетпесін деп қан кешіп жүргенде жұртын «Кіші халықтарға үлкен қанжар керек» деп қамшылапты. Бәрекелді! Содан арада жүз жыл өткенде Әбутәліп деген ақын қандасы оны «Кіші халықтарға үлкен дос керек» деп өңдепті.

Жөн-ақ! Әбутәліп ақынның осы «түзетуінен» кейін де. міне, бірсыпыра мүшел өтті. Бақсақ, бәрі де бекер сияқты. Кіші халықтарға «үлкен қанжар» да, «үлкен дос» та қорған болып жарытпады. Тіпті, дос өшіксе, дұшпаннан да жаман болады екен. Үшінші мыңжылдықтың буымен бостандықты аңсап, «мінез» көрсеткен Тінәлі сияқты кіші халықтардың кейбірін үй-орман, бау-шарбағымен қоса атқылап, жермен-жексен ғып жіберген сол «достары» емес пе? Сонда маңдайларына «кіші халық» деген таңба басылған ел-жұрт дымын шығармай, тым-тырыс отыруы керек пе?

Шаншархан болса сақал-мұртын сыйпалап отырып:

Кіші халықтарға білім мен ғылым керек, - дейді.

Сонда оларға жүзінен жұрт сескенетін қанжар да, қас-қабағына қарап өбектеп отыратын дос та өзінен-өзі табылады.

Тәуелсіздік ше?

Тәуелсіздіктің діңгегі әуелден-ақ ілім-білімде ғой.

Мен бұдан ары «Шарбақтының Шәмілімен» таласа алмаймын.

Жаман әдет жұққыш келеді. Шешем де «шаңырағымызға жамандық шақырды» деп Тінәшқа айдың-күннің аманында ай-шай жоқ дүрсе қоя берді. Ал әкем болса қай жағынан алып қарасаң да дәреже-дәргейі кіші халықтардың қатарына жататын Тінәліге алпауыт елдердің ұр да жық тәсілімен «қару» қолданып, жағдайды мүлде ушықтырып жіберді. Одан да ойда-жоқта біздің үйдің «№1-лаңкесіне» айналып шыға келген Тінәлінің «ойбайының» астарындағы мәселеге саясат төңірегіндегі сақа мәмілегерлерше салмақпен қарағанда, ол батыр мына құсап бүкіл ауылды басына көтермес еді. Енді, міні, дарылдаған дауысын бүкіл Шарбақты естісін дегендей: «Ой-бай, ой-бай, ал, қайтесің, ой-бай, ой-бай...Соп-тиак-тидың үйінің ай жағында ой-бай, ой-бай...», - деп, қасарыса «бақырып» тұр.



Қап, әттеген-ай! Мына күшіктің сонша азынағаны несі-ей, а-аһ?!.

Әкем айласы таусылып, айран-асыр болған адамның сыңайымен керегенің көзіне тұрып қалған таяғын алып, босағаның іш жағына әкеп сүйеді де, дастарқанның шетіне келіп, даусын соза «Е-е, Аллаһ» деп, малдас құрып отырды.

Сені ма, осыдан үйге бір келерсің...

Шешем білегіндегі күміс білезіктері сылдырлап диірменді қолына алды. Таңғалмай-ақ қойыңыз, Шарбақтыда «Майкрософтың» соңғы үлгідегі бағдарламасы салынған жапон компьютері қазақтың қол диірменімен құдайы көршідей қатар тұра береді. Тінәлі ойбайына «Соп-тиак-тидың үйінің ай жағында ой-бай...» деген бәлені қосып «әндеткен» кезде төрдегі «Самсунг» компьютеріне шимай-шатпақтарымды жазып отырған менің бүйрегім бүлк ете қалды.

Совтрактор көкемді айтам да, жарықтық трактор десе тура трактор ғой. Сексенді сеңгірлеп қалса да қаламұшы мен қағазын шошаңдатып бала-шағамен бірге шапқылайды да жүреді. Балағымен дүниенің топырағын «күреп», ауыл-ауылды ақтап шыққанын айтпағанда, «штаттан тыс тілшімін» деп аңғал әкімдерден жамбаспұл мен жолкіре алып, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Сосын әр жердегі ет жеп, қымыз ішкендерін тәптіштейтін «тәпсірлерін» жариялату үшін баласымен жасты редакторлармен қызылкеңірдек болып, айтысып-тартысып жүргені.

Тә - ә - әк, арағыңды қойдырдым, енді темекіңді қойдырсам...

Көк түтінге көміліп, өзімен-өзі ойға шомып отырған Шаншарханның қасына тапырақтап жетіп келген Совтрактордың аузынан шыққан алғашқы сөздің сиқы осы болды. Адамдарды «ассалаумағалейкүміне» қарап бағалайтын шарбақтылықтар үшін бұл, әлбетте, ерсілеу қылық. Бірақ Айдапкелден әрең дегенде сұрап алған бір тал темекісінің түтінін құныға жұтқан Шаншархан селт еткен жоқ. Сырбаз. Бұл сырбаздық Совтрактордың шамына тиеді. Сосын сарышұнақша шақ-шақ етіп, бұрыш-бұрышты тіміскілей бастайды. Бірақ тұздығы бұзылған бөшкедей әлемтапырақ бөлменің ауасын қанша иіскесе де дым сезбес. Міне, осы кезде сәңкиген мұрнының іске аспай қалғанына ызаланғандай шылым шегіп тұрғандарға шүйлігер. Нысанаға, әлбетте, ең бірінші боп Шаншарханның жүн басқан бет-аузы ілінеді. Қақпағы ашық қазандай қарауытқан ауыздың айналасын Совтрактордың тұмсығы ұры иттей тіміскіп өткен кезде, Мәдениет үйіндегі шиландай шылымшы бір-біріне «абайлаңдар, мына алжыған төбет Бауырмалды құртқаны аздай, тағы біреуіміздің түбімізге жетіп жүрмесін» дегендей сақтана бастайды. Шалдың пенделігіне мырс ете түскендер де болар. Бірақ айылын жиятын Совтрактор жоқ. «Әгәрәки, мен бүгін осы шаңырақтан бір жағымсыз иіс таппасам, онда мына сәңкиген мұрнымның қалғанын кесіп алғың» деп, ауыл әкімі Айдапкелмен бәстесіп келгендей дегбірсізденіп бітеді.

Ұмытып барады екем, айтпақшы, трактор көкемнің әу бастағы аты Советғали екен деген әңгіме бар. Төңкеріс, интернацинолист, большевик деген тақырып та баяғы. Бірақ бертін келе тілінің тікенегі бар қушыкештер әп-әдемі аттың «ғалиын» алып тастап,«тракторды» тіркеп қойыпты. Шаншархан болса бұл оғаштау атқа оның шаш ал десе, бас алатын ұрма-перме мінезі кінәлі дейді.

Ол кезде облыстық партия комитетінің хатшысынан «қоңырау» жетсе бітті аудандағы шымалдай қаптаған шенеуніктер дереу Советғалиді тауып ала қояды екен. Тауып алатыны «Ойбай, Сәбеке, құрыдық. Шарбақтының ауқаттылары әке-шешесінің қабіріне күмбез тұрғызамыз деп «біріншінің» қаһарына ілігіп қалыпты. Орталықтан бұрын өзіміз сынап жібермесек, нағыз қызылкөз бәлеге қаламыз» десе бітті, жын ұрғандай «Шарбақтының моласы қайдасың?» деп, шаба жөнелетін көрінеді. Ол шапты дегенше, шаруа бітті дей бер. Ертесіне-ақ газетке «Сағаналар сап түзеді» деген фельетон жарқ ете қалады. Ауылдағылар болса мынаны жазғанның ата-бабасы көмусіз қалған ба, әлде жын-шайтаннан підә болған ба?» деп, жағасын ұстайды. «Діндәр шалдардың еркінсуіне жол берген ауыл кеңес» болса қызметінен ұшып түседі. Ал фельетоншының артынан топырақ шашқан ауылкеңестің отбасы «Көмусіз қалғыр, сәңкі! Тілін шайнаған балаң басыңа белгі тұрғызбайтын болған соң жазып отырсың ғой» деп ойбайлап қала береді.

Көп ұзамай тағы «дабыл» түседі. Бұл жолы «Ойбай, құрыдық. Құлмырза деген қу сүндет той жасапты. Сол бәленің сазайын тартқызу керек» деп, тапсырма беріледі. Бұл жолы «Сүт кенже мен сүндет той» деген фельетон парткомның түбіне жетеді. Парткомның әйелі болса баласын жиырмадан асқанша сүндеттетпеген соң жазып отыр ғой деп, қарғап-сілеп қала береді. Бертін келе шенеуніктердің өздері де «ауылдарыңда әлгі трактор бар емес пе, соған айтсаңдаршы тас-талқанын шығарсын» дейтін болыпты. Сөйтіп көкеміздің кеңес өкіметінің құрметіне үкілеп қойған аты ұмытылып, Совтракторға айналып шыға келіпті. Айтпақшы, Совтрактордың мазарлар туралы шатпағын оқыған Шаншархан «анау айтаққа еріп, жөн-жосықсыз шабалана беретін төбетке айтыңдар, әке-шешесінін опырылып жатқан моласын қарайтпаса, трактормен көмгізіп тастасын» депті-мыс деген әңгіме де тараған. Содан бері Совтрактор... кешіріңіз, көкем мен Шаншарханның арасы ит пен мысықтай.



* **

Сол Совтрактор шапқаннан шауып кеп Шаншарханға «тә-ә-әк, арағыңды қойғыздым, енді темекіңді қойғызсам» деуі қамқорсу емес, «мен айттым, сен көндінің» дөңайбаты еді.

Шаншархан арағын өлгенде қоюшы ма еді. Бүгін де жұмысқа басы мең-зең боп келген. Әйтеуір көкем келіп, ауаны тіміскілемей тұрғанда тиын- тебенімізді ортаға салып, басын «жөндеп» бергенбіз. Айдапкелден аттай қалап алған бір тал темекісін қалт-құлт еткен саусақтарына Шәкең содан кейін ғана қыстырған. Совтрактор болса бірдеңеден құр қалғандай тапырақтап, міне, осы кезде жетіп келген. Әншейінде қой аузынан шөп алмайтын Шаншархан осы жолы күйіп кетті-ау деймін:

Дүниеде темекіден де тұрпайы нәрселер көп қой. Бірақ күресіңді алдымен анау нашақор балаңнан бастасай, - деп, Шауыпкелдің жанды жерінен бір-ақ ұрды.

«Балам «обкомның» қызымен бірге оқиды» деп мақтанатын көкем кеңес өкіметінің күні қараң болғалы бері жуасып қалған. Сенген хатшысы шекара асып кетті. Бұл кітапханасының төріндегі шаң басқан қызыл туды көк байраққа ауыстырды. Бірақ ту өзгергенмен көкем өзгерген жоқ. Оның түсінігінше хатшылардың тұсындағы шаш ал десе, бас алатын белсенділер бүгінгі шенеуніктерге де керек. Белсенділерсіз өкімет өкімет пе? Тек мазмұны бөлек болсын. Мәселенки, кеше «жолдас, хатшы» деп сүйреңдесең, бүгін «әкім мырза» деп мәймөңкеле...



Шаншарханның «шиті мылтығының» оғы нысанасына дөп тиді-ау деймін, Шауыпкел шатқаяқтап кетті. Аңдамай басқан кетпенінің сабы маңдайына сарт ете қалғандай басын ұстап ойланып тұр. Совтрактор екені рас болса дәл қазір бір сұмдықты қойып қалары анық. Бекерге күдіктенбеппін.

Қатын-балам жаман болса да қасымда отыр. Сен құсатып жұртқа тастап кеткен жоқ, білдің бе?

Ұшына әб жыланның уы жағылған сұр жебе Совтрактор жақтан ысқыра ұшып келіп енді күрк-күрк жөтеліп отырған Шаншарханның жарымжан жүрегіне кірш ете қалды. Шаншарханның жолым үйдің жабығындай жел улеген қырық-шұрық көңілі қатын-бала мәселесіне кеп тірелген тұста басылып қалады. Қайсы күні менің шеберханама келіп, бүгежектеп біраз тұрыңқырап қалды. Күмілжи берген соң бірдеңе айтқысы келгенін сезіп «о, нелеп» қоймай қойып ем:

Бар болса, айлыққа дейін бес жүз теңге бере тұрсаң,-дегені.

Шәке-ау, сол да сөз болып па?

Қалтамда Тінәліні арзанқол ойыншықтармен алдаймын ба деп жүрген мың теңгем бар тұғын, жалма-жан суырып бердім. Шәкең қолымды қайта-қайта қысып, енді болмаса мыж-мыж мың теңгеден айырылып қалатындай құжырамнан апыл-ғұпыл шыға жөнелді. Қуанышын қызықтасам керек Шаншарханның соңынан жынды адам құсап ербиіп мен де дәлізге ілесе шықтым. Шәкең темекі шегетін бұрышта бір асықтай баламен шүйіркелесіп тұр екен. Осы кезде Совтрактор қасымнан әжетханаға қарай зу етіп өте берді де аса маңызды хабар жеткізгендей:



Баласы ғой, - деп, сыбыр ете қалды.

Түкке түсінсем бұйырмасын. Әжеті бір минөттен асты ма, жоқ па білмеймін, қолын екі жағына сілкілеп Совтрактор тағы кеп қалды. Мына құйын-перен жылдамдықтың жанында Ирактың ойран-ботқасын шығарған суперзымырандар жіп есе алмас. Ербеңдеген екі қолынан шашыраған судың тамшылары адасқан оқтұмсықтай ерніме келіп жабысты. Совтрактор болса бұл бейбастағы аздай бетіме бетін тақап тұра қалды да әлгі сыбырлап кеткен суыт хабарының жалғасын тәптіштеді.

Сауда жасаймын деп желігіп жүріп, байға тиіп кеткен әйелінің баласы ғой. Анда-санда ақша сұрап Шаншарханға кеп тұрады. Сорлы бала бұл көксаудың жарымай жүргенін қайдан білсін...

Ішіне ит өлгендей демінің иісі мұндай жаман болар ма? Аузынан аңқыған бәлекет қала маңындағы шайынды судан мүңкитін сасық иісті есіме түсіріп, жүрегім айнып кетті. Әлде... Шаншарханның соңына шам алып түскені шошытты ма екен?

Сұмдық екен...

Мең-зең болып тұрып айтқан сөзімді өзінің пайдасына балаған Совтрактор айызы қанған адамның пошымымен кітапханасына қарай тапырақтай жөнелді.

Бірақ мұның бәрі ананың қасында түк емес. Онда Айдапкелдің партком кезі. Әскери дайындықтан өтіп келген күні қарап отырмай:

Мен де бір мақтанайыншы, - деді қатпар-қатпар қарнын ышқырлықтың тұсынан жоғары қарай бір көтеріп қойып.

Е, мақтаныңыз, - деді Шаншархан.

Мақтансам, мен - лейтенантпын.

Совтракторге бұл мақтан ұнамай қалды.

Капитандық болмаса, лейтенанттың жұлдызын мен баяғыда алып қойғанмын.

Әскерге жарамай қалған шегірге қайдағы капитандық.

Совтрактор ақиып шыға келді.

Кім шегір? Сен Кі-Гі-Бі-нің запастағы лейтенантымын ойнама! Капитанның шенін сенен бұрын алмасам әкел қолыңды.

Совтракторге қол беретін Айдапкел ма:

«Салпаңқұлақпын» десейші одан да,- деп кеңкілдей күлді.

Қамалып кетпе сорлы!

Баяғы баскесер билікті аңсап отырсың ба?

Совтрактор бұдан ары айтысарға уәж таппай кітапханасына қарай жортақтай жөнелді.

Бірақ Совтрактордың айтқаны айдай келді.

Осы қураған қу шен-шекпеннің жолында Шарбақтының бір бозымын «құрбандыққа» шалып жіберді жексұрын, - дейді Шаншархан тістеніп.

Бауырмал бөлек жаратылыс еді. Арқа-жарқа азаттықты сүйетін. Шабыты шалқыған кезде өлеңдерін оқитын. Ол өлең оқығанда Шаншарханның көздері жайнап кетеді. Тұңғиық ойлардың иірімі шыркөбелек айналдырып, түбіне тартқандай жанұшыратын. Елжірейтін, егілетін. Көңілі босап, бәрімізді сыраханаға шақыратын. Қызып алған кезде:

Айналайын-ай, сенің жырларыңды түсінетін жұрт жындыханаларда жүр ғой, - деп жылайтын.

Бауырмалдың балладасынан ұққаным, баяғы заманда, сірә, біздің ата-бабаларымыз Еділ үшін егесіп, Тептер үшін тебісіп жүрген тұста-ау деймін, Америкадағы үндістер де шарбақтылықтар сияқты «ақ табан шұбырынды, алқа көл сұламаны» бастарынан көп кешіпті. Мұхит асып келген басқыншылар қызыл жонды қайсар халықты қойша иіріп, қынадай қырып салыпты. Аман қалған үндістер ата-мекенінен ауа көшіп, үркіншілікке ұшырапты. Шаншархан осы балладаны Бауырмалға қайта-қайта оқыта берген соң мен де жаттап алғам. Міне, былай. Айтпақшы, ол өлеңін бастамас бұрын қабағын түйіп: «Ақтүсті адамдардың келуімен қандай келісті халық жер бетінен түп-түгел дерлік құрып кетті?!» деп, Американың атақты ақыны Генри Уодсворт Лонгфеллоның өксікке толы өкінішін айтып, біраз үнсіз қалатын. Сосын мақпалдай барқыт даусын баппен созып, мұңы мен зарына өзі ғана қанық жұмбақ халық туралы толғанып кететін.

Жүгірткенмен сан-саққа әрі-бері,

Болмағанмен ғалымы, дәрігері.

Сарайда емес, күркеде өмір сүрген,

«Жабайы еді», бірақ та халық еді.
Сәтті аңшылық, бай егін - ел тілегі,

Самал желмен джунгли желпінеді.

Қалпақ киіп, бант тағып, кофе ішпеген,

«Жабайы еді», бірақ та еркін еді.
Байлықтың да, бақтың да кезі өтеді,

Еркіндікке алайда не жетеді?!

Зіркілдеген зеңбірек, мылтығы жоқ,

«Жабайы еді», бірақ та өжет еді.
Адамға емес, тек аңға жақ кезеді,

Суларындай сүйріктің тәтті өзегі.

Өмір мұнда ұйыған сүттей еді,

Күлкісіндей сәбидің тап-таза еді.
Түк көрсетпей бір сұмдық түлесе күн,

Лапылдатып жағатын күрес отын.

Көбелекпен жарысып қыз өсетін,

Қабыланмен алысып ұл өсетін.
Суда - балық, нуда - Үндіс сайран құрсын,

Иірімінде уақыт айналдырсын.

Колумб жар салды: «Жер аштым!» - деп,

Ұрпағы отар қыларын қайдан білсін.

Мұрттан күліп, тапқандай мықты арманын,

Отаршылдар баптады «Сырттандарын».

Жағалауға мұхиттан кеме келді,

Кесепаттың басы боп құртқан бәрін...
Шаншархан балладаны тыңдап болған соң жағын таянып, ойланып отырып қалады.

Үндіс дегені болмаса тура бізді айтып отыр.

Онда шарбақтылықтар деп неге ашық айта бермейді? - деймін мен.

Ойбай-ау, құртады ғой.

Кімдер?

Совтракторлар...

Олар кім сонша?

Жас жемтік үшін жан алып, жан беретін құзғындар ғой.

Құзғын демекші, Шаншархан кейде Бауырмалға «Қара құзғын» деген өлеңді оқытады. «Қара құзғынның» тыңдаушылары сирек. Сол сиректің өзі ақынның дауысы естіле бастаған кезде жан-жағына алақтай бастайтын. Өлеңдегі «Қарақұзғын» дәл кәзір сырахананың сыртында «мыналар қашан шығады?» деп күтіп тұрғандай үрейленетін. Өздерінің Сәкен, Ілияс, Бейімбеттерден артық емес екенін, бұлардың да күбір-сыбырын Совтрактордың құлағы шалса аямайтынын жүректері сезетін.



Ақыры солай болды. Азаттықты аңсаған бозымнан қалай айырылып қалғанымызды білмей қалдық. Неге кетті? Кімдер кетірді? Жұмбақ. Білетініміз, Совтрактор жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген жерінен «Тәңіртаудағы ұлтшыл жастар ЦК-ның шешіміне қарсы шығып жатыр» деп, жерден жеті қоян тапқандай далақтап Шарбақтыға қайтып келді. Онымен қоймай парткомның құжырасына кіргіштеуді жиілетті. Түрі өрт сөндіргендей. «Уыздай ұйыған елді алатайдай бүлдіретін сендер сияқты заржақтар» дегендей Бауырмалға кектене қарайды...

Сыбырлағанды Құдай естиді. Бұдан ары Тінәш екеуміздің де жасырып-жабатын ештеңеміз қалмаған сияқты. Тінәлінің тілінің ептеп сақаулығы бар. Бірақ «ептеп» деп сыпайылаудың керегі жоқ.

Не бәлесі барын қайдам Тінекең «р» дегенді айта алмай-ақ қойды. «Өзі-ақ түзеліп кетеді» деп, әке-шешем аса мән бермегенімен, бауырымның тілін сындыру үшін мен ішінде «р»-дың көкесін көзіне көрсететін неше түрлі сөздерді іздеймін де жүремін. Дүние жүзіндегі халықтардың «р»-ға екпін түсіре айтатын сөздерінің бәрін айтып тауыстық десем де болады. Бала-шағалардың «қаһарманына» айналған «Рембо» мен «Терминатордың» өздері түкке жарамай қалды. Оларды қайталай-қайталай Тінәлі де жалықты. Испандардың «Корридосын» да байқап көрдік. Ол да болмады.

Кеше Совтрактордың үйінің қасындағы саңғырық сасыған қара талдың көлеңкесінде саясатшылардың аузынан түспейтін «террорист» деген сөздегі қаптаған «р»-ға Тінәлінің тілін келтіре алмай қиналып отырғанымда, басы сопайып Шаншарханның келе қалмасы бар ма.



Осы да сөз боп па? - деді Шаншархан бізден мұқым түңілген адамның сыңайын танытып. - Осыны да сөз деп айтып отырсыңдар ма, айналайындар-ау?!. Қайдағы бір қаскөйлерді көксеп, сау бастарыңа сақина тілегенше, Шарбақтының құдайға қараған сөзін неге үйретпейсің балаға? Шарбақтыда кеңес өкіметінің мүлкі талан-тараж болса да, ата-бабаларыңнан қалған қара сөзге қасқыр шапқан жоқ қой.

Шаншархан Совтрактордың үйіне қысық көзін сығырайта бір қарап қойды. Жұрт анадайдан айналып өтетін үйге мен де үрке қарадым.

Мысалы, шарбақтылықтардың кәдімгі «ор» деген сөзі бар емес пе? Соны неге үйретпейсің балаға? Кәні, «Совтрактордың үйінің ар жағында ор бар» деп айтқызып көрші.

Екі күннің бірінде мас боп жүретін Шаншарханның патриоттық сезімі менің жеті жұрттың кітабын тауысқан білімдарлығымның быт-шытын шығарды. Шынында Гамлеттейін бейбақтың «боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?» деген жаны сірі сауалы сияқты Шарбақтының тілі де екіұдай күйде тұр екен-ау» деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Шаншарханның алдында кәдімгідей мысым басылып қалды. Осы уақытқа дейін анау Тәңіртаудың етегіндегі түтінге тұншыққан дімкәс шаһардан мынау таяқ тастам жердегі ат төбеліндей ауылға келіп «Шарбақтыдағы Мәдениет үйінің тас-талқаны шығыпты-ау!» деп, бір шенеунік әттеген-ай деді ма? Жоқ! Ендеше «Шарбақтылықтар тілінен айырылыпты» десе де қабырғасы қайысатын шенеунік табылмайды. Өйткені дүниенің екі тізгін, бір шылбырына таласып, Жаратқанның алдында астамшылық жасап жүргендердің Шарбақты сияқты ұсақ-түйекпен ісі жоқ.



Совтрактор естісе ұят қой.

Несі ұят оның? Исі қазақта Шарбақтының Совтракторынан басқа Совтрактор құрып қалып па? Қане, Тінәш, «ор» деп айта қойшы?

Тінәлі күмілжіді. Бірақ Шаншархан қояр емес.

Кәні, кәні, қысылма, екі-ақ әріп қой.

«Екі-ақ әріп қой» дегенге оп-оңай екен деп қалды-ау деймін:

Ой, - деп, таңдайы тақ ете түскен Тінәлінің беті қып-қызыл боп кетті.

Шаншарханның қысық көзінің айналасына күлкі үйіріле қалды.

«Ой...» деме, «Ор» де. «Ор-р-р...» «Сов-трак-тордың үйінің ар-р-р жағында ор-р-р бар-р...». Кәні, тағы бір қайталап жібер.

Соп-тиак-тидың үйінің ай жағындай ой бай...

Шаншарханның ішек-сілесі қатты. Діттеген мақсатына жеткен сияқты. Қысық көзі жұмылып, сылқ-сылқ күледі. Мәз.

Үйбай, ішегім-ай, - дейді ішін басып, - осыған «р»-ды үйретпей-ақ қойсақ қайтеді...

Неге?

Ленин де сақау болған ғой. Біздің Тінәш те былдырлап жүріп, жиырма бірінші ғасырда тағы бір қазан төңкерісін жасайтын шығар...

Менің жыным келді. Өйткені Кремльдің қызыл қабырғасының алдындағы тас молада мәйітін не Құдай, не Жер қабылдамай қатып-семіп жатқан Лениннің кім екенін Тінәш білмесе де, мен бір кісідей білемін. Мешіттер мен шіркеулерді бұздырып, құдайсыз ел жасауға талап қылған кәпір ақыры сол Құдайдың қаһарына ұшырап тынған.

Тінәлі қызарақтап тұр. Тәңіртаудың басындағы қысқа күнде қырық рет құбылатын қап-қара бұлттайын ағайынды екеуміздің әлемтапырық бола бастаған түрімізді байқаған Шаншархан өзінің ерсілеу қылығын жуып-шайғысы келді-ау деймін:

Оқасы жоқ, алдымен «ор бар» деп, тіліңді әбден жаттықтырып ал, сосын «Совтрактордың үйінің ар жағында» дегенді қосасың, - дейді көзінен аққан жасты сүртіп.

Әке-шешем шәйға кіріскен. Тінәлі бағана өзі «ат шалдырған» тулақтай ғана тақырдың үстінде «бақырып» тұра беруден жалығып, шешем кеше ғана шатырдай ғып жуып берген шалбарына обал болады-ау деместен топырақтың үстіне жалп етіп отыра кетті. Ұрмай-соқпай жылаудан өзі де зеріккен сияқты. Ендігісі «үйдегілер мені ұмытып кеткен жоқ па өзі» дегенді білдіретін ыңыл. Бірақ бүйткен «ыңылы» бар болсын. «Ой-ы-бай, ой-ы-бай, Соп-тиак-тидың үйінің ай жағында ой байға» енді «ойдың ай жағында сай бай, сайдың ай жағында мола бай» деп, ел естімеген қайдағы бір сұмдықтарды қосып зәремді ұшырды. Сірә, Шаншархан мен жоқта Тінәліні бәйгеге қосатын тұлпардай тағы «суытса» керек. Тоқта, тоқта, Шаншархан қу «Совтрактордың үйінің ар жағында ор бар, ордың ар жағында мола бар...» дегенде оның Бауырмалды алыстағы ауданның Мәдениет үйіне «жер аударып» жібергенін меңзеп тұрған жоқ па осы? Совтрактор... ор... мола... Құлағыма түрпідей тиген мына «тың тіркестердің» сарынында ғаламат астар жатыр ғой құдай-ау!..

Дегенмен «ойбай» мен «моланы» әнге қосқан баланы кім «қарағым» десін. Шешемді қайдам, ал әкемнің кәрі жыны қозса, бұдан кейін қандай сандуғаш болса да Тінәлінің жон арқасынан таспа тілетіні анық. Іс насырға шаппай тұрғанда әке-шешеме бар шындықты жайып салу керек болды.



Тінәліге бұл «өлеңсымақты» үйреткен Шаншархан,дедім, компьютерден басымды көтеріп.

Өлеңі несі?

Шешем Тінәлінің «ойбайының» астарындағы қитұрқы сөздердің мағынасын әлі пайымдамаған екен. Тінәлі сойқан да «ойбайға» көбірек екпін түсіріп, мәселені мүлде ушықтырып жіберді емес пе.

«Совтрактордың үйінің ар жағында ор бар...» дегенді Тінәліге «р»-ды үйретем деп Шаншархан жаттатқан.

Дастарқанның басында малдас құрып отыра беруге белі шыдамай жантайып жатқан әкем шешеме «не ұқтың?» дегендей таңдана қарады. «Ойбайдың» сырын енді түсінген шешем болса ернін сылп еткізді.

Шығармайтыны жоқ сол қысық көздің. Кішкентай балаға...

Онда дұрыс екен, - дейді әкем, - бәледен машайық қашыпты деген, кімнің кім екенін біліп жүрсін дегені шығар...

Тінәлінің басына үйірілген қауіп бұлты сейіле бастады. Иракты аузына қаратқан коалиция әскерлеріндей ымырасы бір әке-шешем екеуара бәтуаласа келіп, өздері біздің үйдің «№1 лаңкесі» деп тапқан інімнің шәйдің шырқын бұзған тосын «бүлікке» ешқандай қатысы жоқтығын ескеріп, дастарханға шақырды.

Шәй іш те анау қазан бұзар, үй тентегіңе.

Сен де таяғыңды көстеңдетіп сонша лақтырдың, қате тиіп кетсе қайтесің.

Қаршадай баланың жүрегін ұшыра жаздадың ғой.

Шаншархан найсапты айтам да, тілінің қыршаңқысын қарашы.

Басқа сөз құрып қалғандай, Трәктір қайнағаның атын айтқызғаны несі?

Ирактағы бейкүнә балалардың обал-сауабын ойламастан, бейбіт шаһардың берекесін алған әскерилердің «қауіпті қару» таппай ауыздары топайдай болмап па еді? Тіпті, Біріккен Ұлттар Ұйымының бәтуасын да құлағына ілмей қойып еді ғой. Оның қасында әке-шешемнің ашуын басып, бір ауыз сөзбен Тінәліні шаңыраққа шақыртқызған менің «мәлімдемем» БҰҰ-ның әлемге әйгілі Бас хатшысының желкесін қасытқандай басалқалы уәж болып шыққан сияқты. Ал шайға маңдайы жіпсіп, Тінәлінің хикаясына Қожанасыр әпендінің қағытпаларын тыңдағандай көңілденген әкем «ойпыр-ай, мына Шаншарханның айтқышын-ай» деп, мырс-мырс күліп қояды. Мен үшін шаруадан қажып жүрген әке-шешемнің жадыраған жүзін көруден асқан бақыт жоқ. Тінәліге де керегі осы...

Каталог: admin -> files
files -> Ббк 83. 3 (5 Қаз) Қ 25 Қ25 Қалдыбаев Ә. Көңіл көмбесі
files -> Баймаханбет ахмет аяулы соқПАҚ Тараз, 2008 жыл. Менің президентім
files -> Аула драмалық шығармалар әрқилы ойлар атланта жоқ, америка сапары
files -> Тақталас. Пьесалар, бірқақпайлар. Тараз, «Сенім» баспасы, 2006-256 бет
files -> Шағын хикаяттар, әңгімелер, ертегілер, мысалдар
files -> Баймаханбет ахмет жас шынар, ТӘкаппар шынар тараз – 2013 жыл
files -> Арғынбай бекбосын фәнилік драма (2500 рубаят)
files -> Тұрсынхан Жақыпқызы (Сембаевна) Бердалина Өлеңдер мен әңгімелер
files -> Елен Әлімжан бауыржанның пырағЫ
files -> Үміт битенова көҢіл күнделігі


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет