464-бап. Салық салу объектісі
1. Мыналар акциз салынатын объект болып табылады:
1) акциз төлеуші өзі шығарған және (немесе) өндірген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарлармен жүзеге асыратын мынадай операциялар:
акцизделетін тауарларды өткізу;
акцизделетiн тауарларды алыс-беріс негiзінде қайта өңдеуге беру;
алыс-берiстік, оның iшiнде акцизделетiн шикiзат пен материалдарды қайта өңдеу өнiмi болып табылатын акцизделетiн тауарларды беру;
жарғылық капиталға жарна;
акцизделетін тауарларды заттай нысанда пайдалы қазбаларды өндіру салығын, экспортқа рента салығын төлеу есебіне беру жағдайларынан басқа, акцизделетiн тауарларды заттай ақы төлеген кезде пайдалану;
өндіруші өзiнiң құрылымдық бөлiмшелерiне жүзеге асыратын акцизделетiн тауарларды тиеп-жөнелту;
өндiрушiнің жасап шығарған және (немесе) өндiрген және (немесе) ыдысқа құйған акцизделетін тауарларды өздерiнiң өндiрiстiк мұқтаждары үшін және акцизделетін тауарларды өздері өндіруі үшін пайдалануы;
өндіруші жүзеге асыратын акцизделетін тауарлардың лицензияда көрсетілген өндіріс мекенжайынан орын ауыстыруы;
2) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын көтерме саудада өткiзу;
3) бензинді (авиациялық бензиндi қоспағанда) және дизель отынын бөлшек саудада өткiзу;
4) мүліктік массаны, тәркiленген және (немесе) иесiз, мұрагерлiк құқығы бойынша мемлекетке өткен және мемлекет меншiгiне өтеусiз берiлген акцизделетін тауарларды өткiзу;
5) акцизделетiн тауарлардың бүлiнуi, жоғалуы;
6) акцизделетін тауарлардың Қазақстан Республикасының аумағына импорты.
2. Акциздік маркалардың, есепке алу-бақылау маркаларының бүлінуі, жоғалуы акцизделетін тауарларды өткізу ретінде қаралады.
3. Мыналар акциз салудан босатылады:
1) егер осы Кодекстiң 471-бабында белгіленген талаптарға сай келсе, акцизделетiн тауарлардың экспорты;
2) этил спиртi мен алкоголь өнімін өндiрудi және оның айналымын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайтын квоталар шегiнде:
тиісті қызмет түріне лицензиясы болған жағдайда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру үшін;
өз қызметін бастағаны туралы белгіленген тәртіппен хабарлаған мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына берілетін этил спирті;
3) жаңа үлгідегі есепке алу-бақылау немесе акциздік маркалармен қайта таңбалауға жататын, осы Кодекстің 172-бабының 2-тармағында көрсетілген акцизделетін тауарлар, егер аталған тауарлар бойынша акциз бұрын төленсе;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген медициналық мақсаттағы құрамында спирті бар өнім (бальзамдардан басқа).
Ескерту. 464-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 28.12.2018 № 211-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |