17-БӨЛІМ. ТІРКЕЛГЕН САЛЫҚ
67-тарау. ТІРКЕЛГЕН САЛЫҚ
543-бап. Осы тарауда қолданылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда қолданылатын негізгі ұғымдар мыналарды бiлдiредi:
1) арнайы аймақ – аумағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункттері бар елді мекендер (республикалық маңызы бар қалаларды, астананы және облыстардың әкімшілік орталықтарын қоспағанда);
2) бильярд үстелi – торлары (жақтауларда саңылаулары) бар және оларсыз бильярд ойынына арналған арнаулы үстел;
3) карт – шанақсыз, дифференциалсыз және дөңгелектерiнде серпiндi аспа жоқ, жұмыс көлемi 250 текше сантиметрге дейін және ең жоғары жылдамдығы сағатына 150 километр болатын екiтактiлi қозғалтқышы бар, көлемi шағын жарыс автомобилi
4) ойын жолы – боулинг ойынына арналған арнаулы жол (кегельбан);
5) уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банк болып табылмайтын, қолма-қол шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыру қызметін жүзеге асыруға лицензиясы және оған уәкілетті ұйымның айырбастау пункті (айырбастау пункттері) көрсетілген қосымшасы (қосымшалары) бар заңды тұлға;
6) ұтыссыз ойын автоматы – ойындар өткiзу үшiн пайдаланылатын арнаулы жабдық (механикалық, электрлi, электрондық және өзге де техникалық жабдық).
Ескерту. 543-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2018 № 210-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |