710-бап. Салықтық кезең және салықтық есептілік
Салықтық кезең, салық және бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсынудың тәртібі мен мерзімдері осы Кодекске сәйкес айқындалады.
80-тарау. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАСЫМ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРАТЫН ҰЙЫМДАРҒА САЛЫҚ САЛУ
711-бап. Жалпы ережелер
1. Осы Кодекстің мақсаттары үшін бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін заңды тұлға:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруды және салықтар бойынша преференциялар беруді көздейтін инвестициялық келісімшарт жасасса;
2) инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін айқындалған қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкес келетін қызмет түрлерін жүзеге асырса;
3) арнаулы салық режимдерін қолданбаса, инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым болып табылады.
Инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған қызметтердің басым түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2. Егер Қазақстан Республикасының салық заңнамасының өзгерістерінде және (немесе) толықтыруларында жер салығын және (немесе) мүлік салығын есептеу кезінде қолданылатын коэффициенттерді және (немесе) мөлшерлемелерді арттыру не корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде азайту мөлшерін өзгерту көзделсе, инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшартты жасасқан ұйым коэффициенттерді қолдана отырып және (немесе) мөлшерлемелер бойынша инвестициялық басым жобаны іске асырумен байланысты қызмет бойынша салықтық міндеттемелерді айқындайды, сондай-ақ осы инвестициялық келісімшартты жасасу күнінде қолданылған корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде азайту мөлшерін қолданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері осы Кодекстің 712-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімде қолданылады.
3. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, салықтар бойынша преференциялар және Қазақстан Республикасының салық заңнамасы тұрақтылығының кепілдігі оны жасасқан күннен бастап күшін жояды.
Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде салық төлеуші инвестициялық келісімшарт бұзылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, осы инвестициялық келісімшарт жасалған күннен бастап оны бұзу күнін қоса алғанда, салықтық кезеңдер үшін бюджетке төленуге жататын салықтар сомаларын ұлғайтуды көздейтін қосымша салықтық есептілікті табыс етуге міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |