712-бап. Инвестициялық басым жобаларды іске асыратын ұйымдарға салық салу
1. Жаңа өндірістерді құру және (немесе) жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту, жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым:
1) инвестициялық келісімшартта көрсетілген қызметтің басым түрлерін жүзеге асырудан алынған кірістер бойынша осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтады.
Инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйымның қызметтің басым түрлеріне жатпайтын өзге түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістеріне жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен корпоративтік табыс салығы салынуға жатады.
Инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым инвестициялық келісімшарттың шеңберінде қызметтің басым түрі бойынша салықтық міндеттемелерді есептеу мақсатында салық салу объектілерін және (немесе) салық салумен байланысты объектілерді бөлек салықтық есепке алуды жүргізеді.
Егер жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарттың ережелерінде өнімді шығаратын тіркелген активтерді кезең-кезеңмен енгізу көзделсе, онда бөлек салықтық есепке алу салықтық есепке алу саясатына сәйкес өнімді шығаратын әрбір тіркелген актив бойынша жүргізіледі.
Инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым мұндай жоба бойынша корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды көздейтін, осы Кодекстің басқа ережелерін қабылдауға құқылы емес;
2) инвестициялық басым жоба шеңберінде пайдалануға берілген, тіркелген активтер топтарының (кіші топтарының) құндық баланстары бойынша амортизациялық аударымдарды осы Кодекстің 271-бабының 2-тармағында белгіленген амортизацияның нормаларын салықтық кезеңнің соңында осындай топтардың (кіші топтардың) құндық баланстарына қолдану арқылы айқындайды.
2. Инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттар бойынша осы баптың 1-тармағын қолданудың шекті мерзімі:
1) жаңа өндірістерді құру бойынша:
инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдың 1 қаңтарынан басталады;
инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін он жылдан кешіктірілмей аяқталады.
2) осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайлардан басқа, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша:
инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт шеңберінде өнім шығаратын, соңғы тіркелген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан басталады;
инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт шеңберінде өнім шығаратын, соңғы тіркелген активтерді пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін үш жылдан кешіктірілмей аяқталады;
3) инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшартта көзделген өнімді шығаратын, тіркелген активтерді кезең-кезеңмен енгізу кезінде жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша:
инвестициялық жоба шеңберінде өнім шығаратын, тіркелген активті пайдалануға беру жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан басталады;
инвестициялық жоба шеңберінде өнім шығаратын, пайдалануға берілген тіркелген активті енгізу жүргізілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін үш жылдан кешіктірілмей аяқталады.
Шекті мерзім өнім шығаратын және жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту және (немесе) жаңарту бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшартта көзделген әрбір тіркелген активке қатысты қолданылады.
3. Инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын есептеу кезінде жаңа өндірістерді құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым жер салығының тиісті мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігін қолданудың шекті мерзімі:
1) жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған айдың 1-күнінен басталады;
2) жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарт жасалған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін он жылдан кешіктірілмей аяқталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері инвестициялық басым жобаны іске асыру үшін пайдаланылатын жер учаскесін немесе оның бір бөлігін (ондағы үй-жайлармен, құрылыстармен, ғимараттармен бірге не оларсыз) мүліктік жалдауға (жалға) беру, өзге де негіздерде пайдалануға беру жағдайларында қолданылмайды.
4. Жаңа өндірістер құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыратын ұйым Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет пайдалануға берілген объектілер бойынша мүлік салығын салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлеме бойынша есептейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілетін және Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшартқа қосымша болып табылатын жұмыс бағдарламасында көзделген активтерге қатысты қолданылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігін қолданудың шекті мерзімі:
1) бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген айдың 1-күнінен басталады;
2) бірінші актив халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес негізгі құралдар құрамында ескерілген жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап есептелетін, қатарынан келетін сегіз жылдан кешіктірілмей аяқталады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері салық салу объектілерін пайдалануға, сенімгерлік басқаруға немесе жалға беру жағдайларында қолданылмайды.
5. Осы баптың ережелері, егер жаңа өндірістерді құру бойынша инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық жобада:
осы Кодекстің 302-бабына сәйкес есептелген корпоративтік табыс салығын 100 пайызға азайтуды;
жер салығының мөлшерлемелеріне 0 коэффициентті;
мүлік салығын есептеу кезінде салықтық базаға 0 пайыз мөлшерлемені қолдану көзделсе, қолданылады.
22-БӨЛІМ. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ
81-тарау. ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ
Достарыңызбен бөлісу: |