190-бап. Салықтық есепке алу және есепке алу құжаттамасы
1. Салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты қорыту және жүйелеу, сондай-ақ салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу және салықтық есептілікті жасау мақсатында салық төлеушінің (салық агентінің) осы Кодекстің талаптарына сәйкес есепке алу құжаттамасын жүргізу процесі салықтық есепке алу болып табылады.
Бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі жай серiктестiк нысанында осындай қызмет бойынша тұтастай және бірлескен қызмет туралы шартқа әрбір қатысушының қатысу үлесі бойынша да жүзеге асыратын салықтық есепке алу жиынтық салықтық есепке алу болып табылады.
2. Есепке алу құжаттамасы:
1) "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны жүргізу жөніндегі міндет жүктелген тұлғалар үшін – бухгалтерлік құжаттаманы;
2) осы файлдарды ерікті түрде ұсынатын тұлғалар үшін – тексерудің стандартты файлы;
3) осы баптың 4-тармағында аталған тұлғалар үшін – бастапқы есепке алу құжаттарын;
4) салық нысандарын;
5) салықтық есепке алу саясатын;
6) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау үшін, сондай-ақ салықтық міндеттемені есептеу үшін негіз болып табылатын өзге де құжаттарды қамтиды.
3. Егер осы баптың 4-тармағында өзгеше белгіленбесе, салықтық есепке алу бухгалтерлік есепке алу деректеріне негізделеді. Бухгалтерлік құжаттаманы жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасымен белгіленеді.
4. "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізу және қаржылық есептілікті жасау жөніндегі міндет жүктелмеген тұлғалар осы тарауға, осы Кодекстің 24-тарауына және уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес салықтық есепке алуды ұйымдастырады және жүргізеді.
5. Салық төлеуші (салық агенті) өзі дербес және (немесе) жиынтық салықтық есепке алуды жүргізуге жауапты, бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушылардың уәкілетті өкілі арқылы салықтық есепке алуды ұйымдастырады және мыналарды:
1) салықтық кезең ішінде салық төлеуші (салық агенті) жүзеге асырған операцияларды салық салу мақсатында есепке алу тәртібі туралы толық және анық ақпараттың қалыптастырылуын;
2) салықтық есептілік нысандарының әрбір жолының таратып жазылуын;
3) салықтық есептіліктің анық жасалуын;
4) салықтық бақылау үшін салық органдарына ақпарат беруді қамтамасыз ету үшін салықтық тіркелімдер түрінде ақпаратты қорыту мен жүйелеу нысандарын айқындайды.
6. Салықтық есепке алуды жүргізу тәртібі салық төлеуші (салық агенті) осы Кодекстің талаптарын ескере отырып өзі дербес бекіткен құжат – салықтық есепке алу саясатымен белгіленеді.
Салықтық есепке алу саясаты, "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бухгалтерлік есепке алуды жүргізу және қаржылық есептілікті жасау жөніндегі міндет жүктелмеген салық төлеушінің салықтық есепке алу саясатын қоспағанда, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес әзірленген есепке алу саясатына жеке бөлім түрінде енгізілуі мүмкін.
7. Патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық есепке алу саясатын бекітеді.
Достарыңызбен бөлісу: |