419-бап. Шот-фактураға өзгерістер мен толықтырулар енгізу
1. Түзетілген шот-фактура бұрын жазып берілген шот-фактураға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушіні және (немесе) алушыны ауыстыруға әкеп соқпайтын қателерді түзету қажет болған жағдайда жазып беріледі.
Түзетілген шот-фактура жазып берілген кезде бұрын жазып берілген шот-фактураның күші жойылады.
2. Түзетілген шот-фактура:
1) шот-фактураларды жазып беруге қойылатын, осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес келуге;
2) мынадай ақпаратты:
шот-фактура түзетілген болып табылатыны туралы белгіні;
түзетілген шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;
алғашқы шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;
күші жойылатын шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін қамтуға тиіс.
3. Қағаз жеткізгіште жазып берілген түзетілген шот-фактура бойынша осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының алғаны туралы төменде санамаланған растаулардың бірінің:
1) осы Кодекстің 412-бабының 12-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай шот-фактураны қолтаңбаларымен және мөрімен растауы;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының мекенжайына тапсырысты хатпен жіберуі және оның алынғаны туралы хабарламаның болуы;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының қол қойылған және:
заңды тұлғалар үшiн – егер осы тұлғада Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөр болуға тиіс болса, оның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетiлген;
дара кәсiпкерлер үшiн – мөрі болған кезде, тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куаландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) атауы қамтылған мөр басылған осындай шот-фактураны алғандығы туралы хаты болуы міндетті.
4. Электрондық нысанда жазып берілген түзетілген шот-фактура бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы осындай түзетілген шот-фактураны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымы тәртібіне сәйкес осындай шот-фактураның жазып берілуіне келіспейтінін көрсетуге құқылы.
Осы баптың ережелері осы Кодекстің 420-бабында көзделген жағдайларда қолданылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |