420-бап. Қосымша шот-фактураны жазып беру
1. Қосымша шот-фактураны өнім беруші:
1) осы Кодекстің 383-бабына сәйкес айналым мөлшері түзетілген;
2) осы Кодекстің 197-бабының талаптары сақталмаған жағдайларда жазып береді.
2. Қосымша шот-фактура:
1) шот-фактураларды жазып беруге қойылатын, осы тарауда белгіленген талаптарға сәйкес келуге;
2) мына ақпаратты:
шот-фактура қосымша болып табылатыны туралы белгіні;
қосымша шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;
қосымша шот-фактура жазып берілетін шот-фактураның реттік нөмірі мен жазып берілген күнін;
айналым мөлшері өзгертілген жағдайда, оны түзету сомасын;
қосылған құн салығы өзгертілген жағдайда, оны түзету сомасын;
электрондық нысанда жазып берілген кезде айналым мөлшерін түзету сомасына айналым жасалған күнді;
осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген жағдайда, "Салық кодексінің 197-бабын сақтамау" деген белгіні қамтуға тиіс.
3. Қосымша шот-фактура айналым жасалған күннен ерте емес және көрсетілген айналым жасалған күннен кейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмей жазып беріледі.
4. Қағаз жеткізгіште жазып берілген қосымша шот-фактура бойынша осындай шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының алғаны туралы төменде санамаланған растаулардың бірінің:
1) осы Кодекстің 412-бабының 12-тармағына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының осындай шот-фактураны қолтаңбаларымен және мөрімен растауының;
2) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді берушінің шот-фактураны тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының мекенжайына тапсырысты хатпен жіберуі және оның алынғаны туралы хабарламаның болуы;
3) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының қол қойылған және:
заңды тұлғалар үшiн – егер осы тұлғада Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөр болуға тиіс болса, оның атауы қамтылған және ұйымдық-құқықтық нысаны көрсетiлген;
дара кәсiпкерлер үшiн – мөрі болған кезде, тегi, аты, әкесiнiң аты (егер ол жеке басты куаландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) атауы қамтылған мөр басылған осындай шот-фактураны алғандығы туралы хаты болуы міндетті.
5. Электрондық нысанда жазып берілген қосымша шот-фактура бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы осындай қосымша шот-фактураны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде электрондық нысанда жазып берілетін шот-фактуралардың құжат айналымы тәртібіне сәйкес осындай шот-фактураның жазып берілуіне келіспейтінін көрсетуге құқылы.
48-тарау. САЛЫҚТЫ ЕСЕПТЕУ ЖӘНЕ ТӨЛЕУ ТӘРТІБІ
Достарыңызбен бөлісу: |