122-бап. Банктік шоттардағы ақша есебінен бюджетке берешекті өндіріп алу
1. Салық органы салық төлеушiнің (салық агентінің) банктік шоттарынан салықтық берешек сомасын тәуекелдерді басқару жүйесіне сәйкес:
тәуекел деңгейі жоғары санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң;
тәуекел деңгейі орташа санатқа жатқызылған салық төлеуші (салық агенті) салықтық берешек сомаларын төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда – салықтық берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен бастап жиырма жұмыс күні өткен соң мәжбүрлеу тәртiбiмен өндіріп алады.
Осы тармақтың ережелерi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес өндiрiп алуды қолдануға жол берiлмейтiн банктік шоттарға қолданылмайды.
2. Салық төлеушінің (салық агентінің) екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған банктік шоттарынан салықтық берешек сомасын өндіріп алу, осындай екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым берген қарыздар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын ақша сомасын қоспағанда, көрсетiлген қарыздың өтелмеген негiзгi борышы мөлшерiнде салық органының инкассалық өкімі негізінде жүргізіледі.
3. Салық органы инкассалық өкімді оны жасау күнгі салықтық берешек сомасы туралы деректер негізінде жасайды.
4. Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің (салық агентінің) бір банктік шотынан инкассалық өкімді орындаған кезде салық төлеушінің (салық агентінің) көрсетілген екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашқан басқа банктік шоттарына шығарылған инкассалық өкімдер, егер мұндай инкассалық өкімдер сол күнмен, сол сомаға, берешектің сол түрі бойынша шығарылған болса, салық органына орындалмай қайтарылады.
5. Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің (салық агентінің) бірнеше банктік шотынан инкассалық өкімде көрсетілген жалпы сомаға ақшаны есептен шығару арқылы осындай инкассалық өкімді толық орындаған кезде, салық төлеушінің (салық агентінің) көрсетілген екінші деңгейдегі банкте немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымда ашылған басқа банктік шоттарына сол күнмен, сол сомаға, берешектің сол түрі бойынша шығарылған инкассалық өкімдер орындалмай қайтарылады.
6. Инкассалық өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен нысан бойынша шығарылады және салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық берешек сомаларын өндiрiп алу жүргiзiлетiн сол банктік шотын көрсетуді қамтиды.
Салық органы инкассалық өкімді екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді. Электрондық нысанда инкассалық өкім Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген форматтарға сәйкес қалыптастырылады.
7. Салық төлеушiнiң (салық агентінің) банктік шотында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда, салықтық берешекті өндіріп алу салық органдары ұлттық валютада шығарған инкассалық өкiмдер негiзiнде шетел валютасындағы банктік шоттардан жүргізіледі.
8. Клиентке қойылған талаптардың барлығын қанағаттандыру үшін клиенттің екінші деңгейдегі банктегі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдағы ақшасы жеткілікті болған кезде салықтық берешек сомасын өндіріп алу туралы инкассалық өкімді екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым бірінші кезектегі тәртіппен және көрсетілген өкімді алған күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірмей, банктік шоттағы сомалар шегінде орындайды.
9. Клиентке бiрнеше талап қойылған кезде салық төлеушiнiң (салық агентінің) банктік шоттарында ақша болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда, екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым осындай шоттарға ақша түсуiне қарай және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде белгiленген кезектiлiк тәртібімен салықтық берешекті өтеу есебіне клиенттiң ақшасын алып қоюды жүргiзедi.
10. Екінші деңгейдегі банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шоты жабылған кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілген инкассалық өкімді тиісті салық органына салық төлеушінің (салық агентінің) банктік шотының жабылғаны туралы хабарламамен бірге қайтарады.
11. Салық органы салықтық берешек өтелген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей инкассалық өкімді кері қайтарып алады.
Салық органы инкассалық өкімді кері қайтарып алуды екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда телекоммуникация желілері бойынша беру арқылы жібереді. Электрондық нысанда инкассалық өкімді кері қайтарып алу Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген форматтарға сәйкес қалыптастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |