Сапалы эссе жазу ұсыныстары



бет1/9
Дата19.10.2022
өлшемі39,2 Kb.
#153794
  1   2   3   4   5   6   7   8   9
Байланысты:
эссеге керек




Сапалы эссе жазу ұсыныстары
(эссе құрылымы, назар аударатын деталь, ескерілетін элементтер, жазба көлемінің ауқымы)
Эссе құрылымы:
Кіріспе бөлім

  • Тақырыпқа қатысты түсінік беру сөйлемі, ой үзігі

  • Тезис

Негізгі бөлім

  • Тезиске қатысты пікір

  • Пікірді талқылау, ойды дәйектеу, дәлелдеу, жинақтау аргументтері

Қорытынды бөлім

  • Абзацта айтылған ойлар түйіні

  • Эссені қорытындылайтын ой тұжырымы

Эссе құрылымындағы ескерілетін ұғымдардың түсініктері:
Тезис – негізгі идея, тақырыпқа қатысты қысқа да нұсқа түйінді ой, көзқарас (сөйлем).
Тезиске қатысты пікір – жазып отырған адамның тақырыпқа байланысты ақпаратты «ой сүзгісінен өткізуін», мәлімет пен деректерге негіздеуін қажет ететін, соған арқау болатын жеке пікірі (сөйлем, ой).
Пікірге қатысты аргумент – тезиске, айтылған пікірге түсінік беріп, көтерілген мәселені әр қырынан қарастыру (сыни талдау, жинақтау, дәйектеу, дәлелдеу және т.б.).
Ой тұжырымы – көтерілген мәселе, берілген сұрақ немесе тақырыпқа байланысты тезисті (түйінделген ой, көзқарас, ұстанымды) қорытындылау: жалпы қорытынды шешім немесе өзіндік ұсыныс, өзіндік тың пікір (жазба иесінің ойлау ерекшелігіне орай, ой қозғайтын сұрақ, көпшіліктің ойын қозғауды көздеген екіұшты пікір болуы да мүмкін).
Нақты түсініп, білу үшін осы түсініктердің үлгісін көрсетіп, мысал келтірсек, эссе жазып үйрену жеңіл болар деп ойлаймыз.
Тақырып:
Ерлік жасау кез келген адамға тән қасиет деп ойлайсың ба?
Ерлік – адам баласына тән ерекше қасиет. Жауапкершілікті сезінуден туындайтын саналы тіршілік иесінің әрекеті, орын алған оқиғаға қатысты орынды шешімі, іскер қимылы деп түсінемін. Менің ойымша, бұл тақырып – тұлға ретінде қалыптасуға талпынған жас ұрпақ, мен және менің достарым үшін шешімді пікір айтуға, толғана ой түюге мүмкіндік тудыратын, аса маңызды сұрақ. Иә, ерлік жасау – кез келген адам бойынан табылатын қасиет. Ал сол қасиеттің қайнар көзі – адамгершілік сезімдер толқыны, намыс пен рухани жігер, жауапкершілікпен шешім қабылдау.
Ерлік жасау – жағдайға сай жүзеге асырылатын, адамгершілік қадам. Орын алған оқиғаға, берік шешім мен әрекетті талап ететін тарихи сәттерге енжарлық танытпауға, елеусіз қалдырмауға ықпал етіп, адам белсенділігін арттыратын ішкі күштердің болатыны анық. Жоғарыда ерлік жасаудың қайнар көзін санамалап, ерекше қимыл жасауға әсер ететін ішкі қабілеттерді атап көрсеттім. Ойымды нақтылау мақсатында психология оқулығынан үзінді ұсынамын: «Қабілет – белгілі бір істі үздік орындауға мүмкіндік беретін адамның әртүрлі жеке қасиеттерінің қиысып келуі, яғни адам қасиеттерінің синтезі». Демек, әр адамның бойында қалыптасып, толыса беретін қабілеттер жиынтығы болады және белгілі бір сәттерде өзіндік шешім, әрекетін паш етуіне бастау болады. Міне, сол уақытта, оқиғаның шарықтау шегінде, кез келген адам қоғамды елең еткізген, тарихта тіркелген немесе елдің есінде қалатын ерлікті жасау мүмкіндігіне ие болады.
«Ерлік жасау кез келген адамға тән қасиет және барлық адамдар ерлік жасай алады» деген пікірге күмән тууы заңды, адамдардың барлығы біркелкі ойламайды ғой. «Уикипедия» энциклопедиясында «Ерлік – бірнеше мағыналы сөз, ол адам бойындағы батылдықты, батырлықты, ұстамдылықты, табандылықты, қайсарлықты, өжеттікті білдіретін ұғым. Ерлік істеген сәтте адам өзіне өлім қаупі төнсе де тайынбай, рухын жоғары ұстайды» дей келе, оның көбінесе қоғамдық мәні бар істерде көрінетінін, азаматтық қасиеттердің негізгі көрсеткіші екеніне тоқталады. Осы тұста қарсы пікірлер туындайды: кез келген адам қоғам мүддесін жеке мақсатынан жоғары қоя бермейді; екінің бірі шешім қабылдай алмайды т.б. Қарсы пікірді қабылдау маңызды: біріншіден, сынды батыл қабылдау – ерлік, ал екіншіден, дұрыс пен бұрысты талдап, салыстыру – берік шешім негізі. Демек, ойлану, шындықпен бетпе-бет келу, байлам жасау – ерлікке апаратын жол, ендеше осының кемінде біреуін әр адам өз өмірінде жасайтыны даусыз.
Қорыта айтқанда, әр адам ерлік жасауға қабілетті. Ерлік әртүрлі сипатта болады: майданда жеңіс үшін, ал бейбіт өмірде қоғам мүдделері тұрғысынан да жүзеге асырылады. Меніңше, өмірдегі басты ерлік – адами адал болмысты сақтау! Қайрат, ақыл серік болсын!



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет