МАСКҮНЕМДІК, ТЕМЕКІ ШЕГУШІЛІК ЖӘНЕ НАШАҚОРЛЫҚ ПРОБЛЕМАЛАР Маскүнемдік, темекі шегушілік және нашақорлық қазіргі заманның әлеуметтік, экономикалық, психология-педагогикалық, медицина-биологиялық проблемалардың ең маңызды және өзектісі болып отыр. Ғалымдардың есептеуі бойынша маскүнемдік, темекі шегушілік және нашақорлық тек еркектердің ғана арасында емес, балалардың, жасөспірім, жеткіншектердің, әйелдердің де арасында ең басты дерт болып отыр.
Ішімдіктерді, нашаны қолдану және темекі шегуге құштарлық - әсіресе бала жасында қауіпті, ол баланың өзін-өзі билеу психикасы мен мінез-құлқын реттеу өзегінің бұзылуына әкеліп соқтырады.
Темекі, анаша, ішімдікке әуестік – тек қолданушының ғана денсаулығына зиянын тигізіп қана қоймай, қоршаған ортадағы адамдардың да өміріне зиянын тигізеді. Темекі шегушілер өз жақындарының денсаулығын ойламайды, былайша айтқанда оларды да өзімен бірге «темекі шегулеріне» мәжбүрлейді, ал нашақорлар мен маскүнемдер өздерінің қылықтары мен әрекеттерін қадағалай алмай, жауапкершілік сезімдерін жоғалту арқылы қоршаған ортаға әлеуметтік зиян тигізулері мүмкін.
Темекінің түтіні арқылы асқынатын аурулардан жыл сайын әлемде 1,5 миллионға жуық адам өледі екен. Шылым шегу адам иммунитетін төмендетеді, еңбекке жарамсыздыққа ерте ұшырауға әкеліп соқтырады. Темекінің жануынан туған көміртек тотығы адам ағзасына тамырдағы қан арқылы тарап, ағзаны оттегімен қамтамасыз етуші эритроциттердің өміршеңдігін төмендетеді, сол арқылы қанайналым жүйесі бұзылып, көптеген аурулар туады: қан ұйығы пайда болып, аяқ-қолдағы қан айналым жүйесін бұзады. Уақыт өте келе аяқтың ұстамалы ақсауы және буынның, тамырдың басқа да аурулары асқынады.
Темекені үнемі шегетін адамның сырт бейнесіне де өзгерістер енеді: тырнағы, тісі сарғайып, шашының талы жұқарып, сынғыш келеді, табиғи жылтырауын жоғалтады.
Темекі шегуші тек өзіне ғана емес, өз жақындарының да денсаулығына қауіп төндіреді. Темекі шегуші темекі түтінінің 25%-ын жұтатыны белгілі, ал қалған төрттен үш бөлігі сол түтінді жұтуға мәжбүр болғандарға бұйырады, осылайша олар «ырықсыз темекі шегушілер» қатарына жатады.
Ырықсыз темекі шегуші үнемі темекі шегілетін бөлмеде болса, бір сағаттың өзінде жарты темекі шеккенде алынатын зиянды заттарды қабылдайды екен. Осылайша ол да темекі шегушіде болатын денсаулық ақауларына ұшырайды. Сондықтан, темекі шегу жеке бастың ісі деп қана қарауға мүлдем болмайды.
Темекі шегу – адамның ең жаман әдеттерінің бірі. Соңғы жылдары темекі шегушілер саны артып отыр.