Тоталитарлы саясаттық жүйе - мемлекеттің қоғамға және жеке адамға толықтай, тұтас бақылау орнатуымен сипатталатын саяси жүйенің бір түрі. Оған тән ерекше белгілер:
1. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының барынша бұзылуы; барлық деңгейдегі биліктің жоғарыдан тағайындалуы;
2. Билік бөлінісі принципінің жойылуы, яғни, биліктің барлық - атқарушы, заңшығарушы, сот тармақтарының тұтасып кетуі;
3. Басында көсемі бар бір ғана билеуші партияның болуы және оның мемлекетпен тұтасып кетуі;
4. Басқа партиялардың және ұйымдардың қызметінің ресми "қозғалыс" қызметімен алмастырылуы;
5. Қоғамның барлық мүшелеріне бір ресми идеологиялық доктринаның таңылуы;
6. Тек қана мемлекеттік нысандағы бұқаралық ақпарат құралдарының болуы, қандай да болмасын ақпараттың қатаң "сүзгіден" өткізілуі;
7. Үздіксіз әрі тұтастай зорлыққа негізделген мемлекеттік ұйымдасқан лаңкестік.
Авторитаризм - (гр. 'autoritas' - билік, ықпал ету) - саяси тәртіп түрі. Авторитарлылық - біржақты билеу, басқарушылардың бағынушыларға жүргізетін үстемдігі. Түрлері: абсолютті монархия, диктатура, теократиялық және посттоталитарлық тәртіптер. Әртүрлі саяси мәселелерді шешу тәсілдері (реформалар, қоғамды қайта құру), сондай-ақ төңкерістер мен соғыстар авторитаризмге әкеліп соқтыруы мүмкін. Тоталитарлы тәртіптен елеулі түрде ерекшеленеді: оларда шектеулер едәуір дәрежеде аз және жеке адамның еркіндіктері мен құқықтары емес, саяси еркіндіктер мен құқықтар шектеледі; тәртіп саяси партиялар мен идеологияға сүйенбей, әскер күші мен дәстүрлі діндерді арқа тұтады; қоғамға жаңа құндылықтар жүйесін құрып, енгізуге талпынбайды; азаматтық қоғам құруды мақсат етпейді. Ал экономикалық (жекеменшік түрлерінің көптігі, еркін нарық, кәсіпкерліктің қолдау табуы және т.б.), саяси (кәбіне партиялық одақ немесе қозғалысқа сүйенеді), әлеуметтік (бір-біріне жау таптарды, жіктерді жоюды көздемейді), идеологиялық (дәстүрліден басқа да құндылықтар жүйесінің шектеулі және жасырын өмір сүруіне жол береді) салаларда билігі едәуір шектеулі.
Дәстүрлер - авторитаризм билігінің негізгі шектеушісі. Дегенмен, оның тоталитаризммен ортақ белгілері де бар: мемлекеттік биліктің мирасқорлық жайы заңдастырылмайды; азаматтардың демократиялық құқықтары мен бостандықтары шектеледі; оппозициядағы партиялар мен қозғалыстардың біразына немесе барлығына тыйым салынады; мемлекеттік органдарға сайлану шектеледі және парламентті екінші дәрежелі, арзан қол органға айналдырады; басқарушы партия мемлекеттік органмен ұласып, тұтасып кетеді;жергілікті өзін-өзі басқару және билік органдарының өкілеттілігі шектеулі әрі іс-әрекеті ресми түрде болады; оппозициялық бағыттағы баспасөзге қатаң тыйым салынады; қарсыластарымен күресте лаңкестік әдісті пайдаланады. Басқаруда мемлекеттік билікті қатаң орталықтандырып, әміршіл әдісті қолданады.Барлық мемлекеттік билікті бір адамның немесе адамдар тобының қолына шоғырландыру арқылы, саяси бостандықтарды барынша жоғары немесе аз деңгейде шектеуді білдіретін саяси режим түрінің бірі.