СҮДІГЕРДЕ ИЗЕН
ЫЗЫҢДАЙДЫ
Сүдігерде изен мен мия ызыңдайды.
Егер мия у болмай, жеуге жараса, біз ашықпас
едік. Күрдек бас мия жасымықтан үлкен топ-толық
дəнін көтере алмай, жерге жеткенше еңкейіп қалыпты.
Ал Шақпақтың желі тұрғанда, күрдек бас мия мен
қызыл изен ызыңдайды. Бір-бірімен жарысып ебелек
домалайды.
Суық тиіп ауырғалы бері басымды көтеріп терезеге
қарап отырғаным бүгін. Кеше Айша қызыл жантақ
қайнатып, соның суын ішкізгелі бері тəуір болғандағым.
Бірақ төсектен тұрып кетер дəрмен жоқ. Тұрсам да
бəрібір далаға шыға алмас едім.
Айша таңертең:
– Жалаң аяқ қалып ауырдың ғой, Барсхан. Сенен
аяғанды ит жесін. Өтсе – жалғыз тоқтыны сатып, саған
бəтеңке қарастырайын, – деп базарға кеткен.
Күн бесіннен ауып, терезе алдындағы сүдігер
қарауыта түскендей болды. Айша əлі жоқ.
Кешегі күн шуақты қоңыр күзде сүдігерді Жақаш
екеуміз жыртқанбыз. Жақаш маған қарағанда ересектеу,
бойы да ұзын. Бригадир əдейі қосқа бір кішкентайдың
қасына бір ересектеу бала қойған ғой. Онысы ақыл
болған. Әйтпесе мен өліп қалар едім...
Менің соқам алдында, Жақаштікі артта болатын.
Менің соқама жегілген екі тарғыл өгіз – соқамен жер
14
Сүдігерде изен ызыңдайды
жыртудың чемпиондары. Жақаштікі – екі қызыл өгіз.
Біреуінің мүйізі сынық.
Мен соқаның жалтыраған екі тісінің арасына
аяғымды тіреп, шоқиып отырғанды ұнатушы едім.
Жап-жалтыр өткір тістер қопарған қыртыс топырақ
қара бұйраланып, шексіз қара су ағып жатқандай. Ұзақ
қарап отыра берсең басын айналады.
Әлдене тырылдағандай, əлде тыраулағандай болды.
«О не»? – деп жан-жағыма қарап едім – бөтен нəрсе
көрінбеді. «Айырплан ба?» – деп аспанға шалқайып
едім: екі қатар нүкте сызық көрінді де, екеуінің алдыңғы
ұшы бірігіп кетіп, сəлден кейін жалғыз нүкте жеке-дара
сақа шықты. Содан үшкіл пайда болды. Тырналар.
Жақаш екеуіміз жыртып жатқан сүдігердің үстінде
біраз аялдағандай болды да, Аспантаудың Шоқыбас
шыңына бет түзеді. «Енді көрінбей кететін болды-
ау» дегенімше, сақа-нүкте Манас шоқысына қарай
бұрылды. Бірте-бірте ылдилай Маймақ, Күркүреусу
тауын сауырлап, Күйік асуының тұсынан аунап түсіп,
Қаратауды жебелеп көп ұшты. Батыстағы Боралдай,
Құлан, Шақпақтауларын айналып өтіп, қайтадан біздің
сүдігердің үстін күннен көлегейлеп сəл тұрды да,
тура батысты бетке алып, тыраулап ұшып кете барды.
Сонда барып «А-а-ай!» деп айқайлап жібергенім
есімде... Сөйтсем, тырналар дегенім адамдар сияқты
елестеп кеткен екен. Сақа-нүкте – Орха көкем. Ол фин
соғысында болып оралған. Соғыс көрген деп алдына
қойған шығар. Үшкіл сызықты суретке салса мынадай
болады.
*ОРХА!
*Ноха! Жиренбай!
*Сұлтан! Төреқұл!
15
Сүдігерде изен ызыңдайды
*Нəметқұл! Өскен!
*Сейсенбай! Сəмбет!
*Байбосын! Қайып!
*Махан! Рəсілхан!
*Нұралы! Бейшенбек!
*Найын! Тұрарбек!
*Кəмет! Сайлау!
*Өскенбай! Қожагелді!
*Поштақұл Сайлаубек!
*Тəшкен! Жарқынбек!
*Тоққұлы! Сыпабек!
*Егемберді! Күзембай!
*Алдаберген! Әнуарбек!
*Құдайберген! Сəрсенқызы!
*Ержан! Орынбек!
*Таутана! Кəрібай!
*Тарбақбай! Керімбай!
*Сияқұл!
«А-а-ай!» – деп айқайлап жібергенім есімде... Одан
əрі, сірə: «Мені де ала кетіңдер!» – деп айқайласам
керек, бірақ үнім шықты ма, шықпады ма – білмеймін.
«Мені де...» деп қол созып тұра бергенімде, қос өгіз
қолымдағы жыландай ысқырған қамшыдан қорықты
ма, білмеймін, əйтеуір, оқыс бұрылып, бораздадан
шығып кетіп, мен соқаның екі тісінің арасына құлап
түсіппін...
Әбүйір болғанда, Жақаш көріп қалып, айқай
салып, екі тарғыл өгізді əрең тоқтатып, мені екі тістің
арасына кептеліп қалған жерімнен шығарып алды.
Аузы-мұрныма қара топырақ тығылып, енді болмаса
тұншығып өлетін екенмін.
Жақаш əуелі:
|