Семинар сабақ 15 сағат ожсөЖ 45 сағат Барлығы 135 сағат Орал 2009 ж



бет78/140
Дата06.02.2022
өлшемі2,18 Mb.
#38528
түріСеминар
1   ...   74   75   76   77   78   79   80   81   ...   140
Қарастырылатын сұрақтар: Көне дәуірлердегі Грекиядағы алғашқы қоғамдық – тарихи құрылым – қауымдық құрылыс. Қауымдық идеология. Грек мифологиясының бастаулары.
Дәріс мақсаты: Көне дәуір, яғни антика әдебиеті және мәдениетінен толықтай хабардар болу.
Дәріс мазмұны:
Туған тілдің мемлекеттік дәреже алуы өзіміздің ана тілімізде көршілес елдермен шетелдің мәдени-рухани құндылықтарын игеріп, салыстырмалы тұрғыда меңгеруге жол ашты. Қазақ өзінің дүнияуи (материалдық) және рухани жетістіктерін Шетелге таныстырып, ырзығына ортақтастығына ынталы ел екендігін ескерсек, сондай ынтызарлықпен өзге елдің де жетістіктеріне зер салып, ең болмағанда шетелдің әдебиетін меңгеруге ұмтылуы бұл да, құптарлық.
Көне дәуірлердегі Грекиядағы алғашқы қоғамдық – тарихи құрылым – қауымдық құрылыс. Алдымен ауызша, соңынан жазбаша формадағы әдебиет үлгілерін өмірге әкелген грек халқының бүкіл бітім-болмысы мен тұрмыс-тіршілігі осы құрылыспен тығыз байланысты. Бұл кезде мемлекет пен оған байланысты қоғамдық институттар әлі пайда болған жоқ, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық салалар да орнықты дами қоймаған болатын. Осындай қауымдық құрылым жағдайында өмір сүрген адамдардың санасы, олардың өмірге деген көзқарасы мен ол туралы наным-сенімдері, ұғымдары да осы тарихи белеспен тығыз байланысты, оған тікелей тәуелді болды. Қандай да болмасын қоғамдық топ тек стихиялық-ұжымдық (коллективизм), яғни туыстық қарым-қатынастар негізінде ғана пайда бола алды. Бұл жағдай қауымдық идеологияның пайда болуына себепші болды да, ал бұл идеология, өз кезегінде, адам өміріндегі, оның ішкі жан-дүниесі мен сыртқы ортасындағы қандай да болмасын құбылысты танып-білу мен сараптау әрекеттерінің барлығына да тікелей ықпал етті.
Сонымен, алғашқы қауымдық идеология – ең алдымен, туыстық қарым-қатынастар идеологиясы. Не себепті? Себебі, осы көне дәуірлерде тіршілік құрған адамдарға жалпы қоғамдық қарым-қатынастардың тек осы түрі ғана таныс, түсінікті болды. Ежелгі гректер мұндай қарым-қатынастар тек жанды құбылыстардың ғана арасында болады деп есептеді. Сол себепті қауымдық құрылыс өкілі табиғат және әлем туралы ой қозғаса, бұл нәрселер оған жанды және бір-біріне жақын құбылыстар болып көрінді. Яғни, бүкіл ғалам, бар космос жанды нәрселерден тұрады, сонымен қатар бұл құбылыстар да адамдар секілді белгілі бір қауым құрайды.
Сөйтіп, Күн, Ай, жұлдыздар, өзен-көлдер, тау-теңіздер және тағы басқалары бір-біріне деген белгілі бір туыстық қатынастары бар жанды нәрселер болып түсінілді. Бұл құбылыс ғылымда “мифология” деп аталады. Сөйтіп, мифология – алғашқы қауымдық құрылыстың идеологиясы болып саналады.
Антикалық әдебиет ғасырлар бойы қалыптасып дамыған халық ауыз әдебиетінен бастау алып, өз бойына оның көптеген қасиеттерін қабылдады. Ежелгі римдіктер өздерінің дербес, ұлттық наным-сенімдері бола тұра (олардың бізге кейбір жұрнақтары ғана жеткен), б.э.д. ҮІ ғасырдан бастап грек мифологиясына көшіп, грек құдайларына римше, яғни датынша атау бере бастаған. Римдіктердің өзіндік мифологиясы грек мифтерімен толысып, грек мифологиясымен қатарласа дамыды. Бізге рим мифологиясының көптеген үлгілері белгілі, әсіресе ежелгі рим аңыздары: Ромулдың Рим мемлекетінің негізін қалауы, Эней батыр туралы, Горацийлер мен Куриацийлер арасындағы қанды қырғын, өз-өзіне қол жұмсаған Лукреция, Римді күйреуден аман алып қалған қаздар туралы аңыздар және т.б.
Грек мифологиясының бастаулары.
Антикалық теогонияны (яғни құдайлардың пайда болуы, өсіп-өрбуі) төмендегідей схема арқылы қарастыруға болады: түпсіз Хаостан (тұңғиық, түпсіздік, тәртіпсіздік) – Космос (тәртіп, әлем, сұлулық, үйлесім) пайда болады. Сонымен қатар алғашқы құдайлар да, яғни құдайлардың бірінші ұрпағы дүниеге келген: Гея (Жер), Никта (Түн), Эреб (Қараңғылық), Тартар (Тұңғиық), Эрос (Махаббат). Геядан Уран (Аспан) мен Понт (Теңіз) дүниеге келеді. Бұл құдайлардың сыртқы тұлғалық пішіні жоқ, олар көп жағдайда табиғи стихиялармен теңестіріледі. Бұлар құдайлардың алғашқы, бірінші ұрпағы боп саналады.
Құдайлардың екінші ұрпағы осылапдың бір-бірімен құрған некесінен туындайды. Эреб пен Никта өмірге үш мойраны (тағдыр иесі әйел құдайлар: Лахесис өмір жолын өлшеп береді, Клото тағдыр жібін иіреді, ал Атропос оны қияды), үш эринияны (кек алушы әйел құдайлар: Алекто, Мегера және Тизифона), Гипносты (ұйқы құдайы), Момды (ащы мысқыл құдайы), Немезиданы (әділ жаза беруші әйел құдай), Танатосты (ажал құдайы), Харонды (өлген адамдардың жанын Стикс өзені арқылы өлілер патшалығына жеткізуші), Эриданы (дау-жанжалдың әйел құдайы), Эфирді (ауа стихиясы) және т.б. әкелген. Гея мен Хаос қорқынышты жылан Пифонды туса, Гея мен Тартар аузынан от шашқан дәу Тифон мен жартылай әйел-жартылай жылан Ехиднаға өмір берген. Гея мен Понт - Нерейді (теңіз астының мейірімді қария иесі), теңіз құбыжықтарының әміршілері – Форкий мен оның жұбайы Кетоны дүниеге әкелген. Гея мен Уран - үш гекатонхейрді (жүз қолды, елу басты дәулер), үш циклопты (бір көзді дию), 13 алыпты (гигант), 12 титанды (олардың ішінде Океан, оның жұбайы Тефида, Гиперион, оның жұбайы Тейя, Фемида - әділ сот, Крон – Уақыт, оның жұбайы Рея бар) және т.б. таратқан.
Крон мен Реядан құдайлардың үшінші ұрпағы тарайды: Гестия – шаңырақтың әйел құдайы, Деметра – табиғаттың гүлдену, жетілуінің әйел құдайы, Гера – неке құдайы, Аид – жер асты елінің патшасы, посейдон – теңіз құдайы, Зевс – Кронның кенже ұлы, грек пантеонының ең жоғарғы әміршісі. Осы ұрпаққа Океан мен Тефиданың ұрпақтары жатады: өзен-көлдердің 3000 құдайы, 3000 океанидтер (олардың ішінде Азия, Калипсо, Плуто, Стикс, Электра бар), Нерей мен Дориданың ұрпақтары – 50 нереидтер (олардың ішінде Фетида, Галатея бар), Гиперион мен Тейяның ұрпақтары – Гелиос (күн құдайы), Селена (Ай ханшайымы), Эос (таңғы шапақтың әйел құдайы), Тавмант пен Электраның ұрпақтары – Ирида (кемпірқосақтың әйел құдайы), гартиялар (қорқынышты жартылай әйел-жартылай құстар), Форкий мен Кетоның ұрпақтары – Ладон (Атлас тауындағы алтын алмалы бақты қорғаушы айдаһар), граялар (тумысынан ақ шашты, үшеуге ортақ бір көзді және бір тісті кемпірлер), горгоналар (Медуза, Сфено, Эфриала) және т.б. Тифон мен Ехиднаның ұрпақтары – Кербер, Лерней гидрасы, Немей арыстаны, Зевстің қыраны, Орф, Сфинкс, Химера: Иапет пен Клименаның ұлдары – Атлант, Прометей және т.б.
Құдайлардың 4 ұрпағына Зевстің 2 ұрпаққа жататын әйел құдайлармен бірлесіп өмірге әкелген балалары жатады. Оның екінші жұбайы Фемидадан – оралар (тәртіп пен әділдіктің әйел құдайлары), Мнемозинадан – музалар (өнердің әйел құдайлары: Каллиопа (эпикалық поэзия), Клио (тарих), Мельпомена (трагедия), Полигимния (салтанатты гимндер), Талия (комедия), Терпсихора (би), Урания (астрономия), Эвтерпа (лирикалық поэзия), Эрато (махаббат поэзиясы)) өмірге келген.
Зевс және 3 ұрпаққа жататын әйел құдайлардан: бірінші жұбайы Метидадан – даналықтың әйел құдайы Афина, Эвриномадан – хариталар (сұлулық пен тіршілік қуанышының әйел құдайлары), Плутодан – Тантал, Летодан – Аполлон (өнер мен көркемдік шабыт құдайы) мен Артемида (аңшылықтың әйел құдайы), Деметрадан – Персефона, үшәншә әйелі Герадан – Арес (соғыс құдайы), Геба (жастық шақтың пірі), Гефест (от пен ұсталық өнер құдайы) тараған.
Зевс пен 4 ұрпаққа жататын әйел құдайлардан: Эгинадан – Эак (өлілер патшалығындағы сот), Майядан – Гермес (сауда құдайы және құдайлар хабаршысы) өмірге келген.
Сонымен қатар, Зевстің ұрпақтары – Ү-ХІІ ұрпақтарға жататын әйел құдайлар мен адамдардан туған құдайлар мен батырлар: Семеладан – Дионис (шарап жасау ісінің құдайы), Ледадан – Сұлу Елена, Данаядан – Персей, Алкменадан – Геракл. ІҮ ұрпаққа, сонымен бірге, Посейдонның ұлдары (Антей, Тритон, Пегас, Протей, Полифем, Тезей және т.б.), Атланттың ұрпақтары – плеядалар, Гелиостың балалары – Фаэтон және т.б. жатады.
Құдайлардың ұрпақтан-ұрпаққа қарай өсіп-жетілу барысында мынадай тенденция байдалады: алдымен нақтылы пішінсіз, жыныссыз бастау – сонан соң табиғи стихиялар – құбыжықтар – адамға ұқсас құдайлар – батырлар (ажалды пенделер), яғни Хаостан (түпсіз, пішінсіз, қараңғы да мағынасыз тұңғиықтан) – әсем де сұлу, заңды да үйлесімді әлем Космосқа, жағымсыз, сүйкімсіз формалардан - әсем, үйлесімге толы формаларға деген қозғалыс.
ІІІ және ІҮ ұрпаққа жататын құдайлар негізгі антикалық құдайлар тобын құрай ды. оларды кейде 12 Олимп құдайы деп те атайды. грек мәдениетімен бірге наным-сенімдерін де қабылдаған римдіктер грек құдайларына өз римше атаулар берді: Зевс – Юпитер, Гера – Юнона, Аид – Плутон, Посейдон – Нептун, Гестия – Веста, Деметра – Церера, Аполлон – Аполлон, Арем – Марс, Гермес – Меркурий, Гефест – Вулкан, Афина – Минерва, Артемида – Диана, Дионис – Вакх, Бахус, Афродита – Венера, Эрос – Амур, Крон – Сатурн, Ника – Виктория, Пан – Фавн, Тихе – Фортуна, Эос – Аврора, мойралар – паркалар, музалар – каменалар, хариталар – грациялар, Геракл – Геркулес, Одиссей – Улисс және т.б.
Дионистік және аполлондық бастау.
Әйгілі неміс философы Ф.Ницше өзінің «Трагедияның музыка рухынан пайда болуы» (1872) атты еңбегінде екі ежелгі грек құдайының есімін пайдалана отырып, жалпы адамзат мәдениетіндегі бар бір-біріне қарама-қарсы екі бастау, екі сарынды көрсетіп берді. Біріншісі – дионистік бастау (өміршең, асау сезім, сонымен қатар надан, қараңғы, ессіз оргияға бейім сарын), екіншісі – апллондық бастау (ақыл, парасат, логика, сұлулық пен нұрға талпыныс), Ницшенің пікірінше, ең жан-жақты дамыған адам, яғни идеал адам – осы өз бойындағы екі бастауды бір-бірімен ұштастыра алған, оларды бір-бірімен теңестіре алған адам деп есептейді. Шын мәнінде, нұрлы да парасатты Аполлонның бойында көлеңкелі тұстар да бар, ал қараңғы да асау сезімді Дионистің бойында ақыл мен әсемдік жұрнағы да табылады.

2- дәріс. КӨНЕ ДӘУІР ӘДЕБИЕТІ. ЕГИПЕТ




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   74   75   76   77   78   79   80   81   ...   140




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет