Жамбыл Жабаев пен Күләш Байсейітова Осыдан 80 жыл бұрын Кремльде қазақ әдебиеті мен өнерінің өкілдері ел рухын паш етті Бұл – осыдан 80 жыл бұрын болған қазақ өнері мен мәдениетінің ерекше қайталанбас сәттері. Мамырдың шуақты күнінде қазақтың өнері мен мәдениетінің танымал өкілдерінен құралған үлкен көш Алматыдан арнайы пойызбен Мәскеуді бетке алып аттанып кетті. .
Өзара «кіші құрылтай» деп атап кеткен арнайы құрылған комиссия декадаға байланысты театрда туындаған мәселелерді күнделікті қарап, дайындық барысын жіті қадағалап отырған. Алдымен өнер айдынында жүріп өткен 8 жылдық тарихы, өнерпаздардың жинақтаған сахналық тәжірибесі бар қазақ драма театры орыс тілді ортаға ұғынықты болатын, ал құрылғанына екі-ақ жыл болғанымен жолы, желісі бөлек қазақ музыкалық театры декаданың негізгі жүгін көтеріп баратыны анықталады. Белді драма театрының актерлері музыкалық спектакльге қатыстырылады. Музыкалық театрдың төңірегіне өзге де декадаға баратын өнерпаздар, әдебиет пен өнер қайраткерлері ұйысып, жаппай дайындық барысы «жалпыұлттық екпінді өнер майданына» айналады. Жас театр репертуарында үлкен табыспен жүріп келген «Айман-Шолпан», «Шұға», «Қыз Жібек», «Жалбыр» спектакльдерінің ішінен декадаға соңғы екеуін таңдайды. Бұл спектакльдердің бәрі де соңғы бірер жыл төңірегінде тұсауы кесіліп, халықтың көңілінен шыққан, осы кездің үздік қойылымдары болатын. «Әлбетте, көптеген қобалжулар мен реніштер де болып жатты. Әуезов және басқа жолдастар Москвада «Айман-Шолпанды» көрсету қажет деп қатты күш салды.