Жақсы, Иса Мәсіх өмір сүрді дейік. Бірак, мен сенің Иса — Құдайдың рухани Ұлы деген пікіріңе неге сенуім керек? Мен Оған дүниеге адамгершілік туралы ұлы ілім қалдырған ізгіліктің уағыздаушысы деп қараймын.
Мұрат, мынаны ұмытпағаның жақсы: бұндағы «Құдайдың Ұлы» яки «рухани Ұлы» деген атақ табиғи туу арқылы пайда болған тәндік туыстықты емес, Иса мен Құдай арасындағы ерекше рухани байланысты бейнелейді. Ендеше Исаны адамгершіліктің ұлы уағыздаушысы деп қарайық. Ал мұндай ізгі жандар өтірікке үйретпейді ғой, солай емес пе? Олар қолынан келмей- тін нәрсені істей аламын деп те адамдарды алдамайды, бұнымен келісесің бе? Сонымен қатар, олар бір ұлы нәрсеге, мысалы, өзін Құдай сияқтымын деуге таласып, негізсіз мәлімдемелерді де жасамайды, рас емес пе?
Иә, рас. Иса осының бәрін айтып па еді?
Әрине, Ол бұлардың бәрін айтқан. Исаның кезінде яһудилер Құдай туралы айтқанда басқа сөздермен қатар «Әке» деген есімді де қолданған. Бүгін де яһуди дінін ұстанушылар мен Исаның жолымен жүргендер Оны солай деп атайды. Бір күні Філіп деген бір шәкірті Исадан: «Мырзам, бізге Әкені көрсетіңіз», — деп өтінді. Иса оған былай деп жауап берді: «Мен көптен бері қас- тарыңдамын, сонда да Мені шынымен білген жоқсың ба, Філіп? Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені. Бізге Әкені көрсетіңіз деп неге айтасың? Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сенбейсің бе? Сендерге айтып жүрген сөздерім Өзімдікі емес, Әкемдікі. Сол сияқты Менімен тығыз байланыстағы Әкем Өзінің істерін де Мен арқылы істеп жатыр. Менің Әкеммен, Әкемнің Менімен тығыз байланыста екенімізге сеніңдер! Әйтпесе істеген кереметтеріме сүйеніп Маған сеніңдер» (Жохан 14:8-11).
Басқа бір жолы Иса шәкірттеріне көктегі Әкесінің оларға деген рақымдылығын түсіндіріп, сөзін былай деп бітірді: «Әкем Екеуіміз біртұтаспыз». Яһуди басшылары Исаның нені айтып тұрғанын толық түсінді. Себебі Ол осы сөздерімен «Менің болмысым — құдайлық болмыс» дегенді білдірді. Яһудилер үшін бұл сөздер Құдайды қорлаумен бірдей еді. Сондықтан Оны сол үшін жазаламақ болып, тас лақтырып өлтіру үшін жерден тас алды. Иса оларға: «Көз алдарыңда Әкем тапсырған көп игі істер істедім. Солардың қайсысына бола Мені тас лақтырып өлтірмексіңдер?» — деп сұрақ қойды. Діндар яһудилер: «Сені игі ісің үшін емес, Құдайды қорла- ғаның үшін тас лақтырып өлтірмекпіз. Сен адам бола тұра, Өзіңнен Құдай жасағың келеді!» — деп кінәлады (Жохан 10:30-33).
Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларының түп-нұсқасында Құдайдың ең жиі қолданылатын аты «Яһуә» еді. Көне еврей тілінен сөзбе-сөз аударғанда бұл «(Мәңгі) Бар Болушы» яки «Жаратқан» дегенді білдіреді. Осы есім Құдайдың мәңгілік бар болып келгенін және Оның барлық нәрселердің де «алғашқы себебі» екенін білдіреді. Құдайдың «(Мәңгі) Бар Болушы» яки «Жаратқан Ие» деген бұл есімі Өзінің бар екендігімен бірге Оның ешкімге міндетті еместігін білдіреді, Ол ешбір нәрсенің салдары емес, керісінше, Өзі — барлық нәрселердің де алғашқы себебі (Мысырдан шығұ 3:13-15).
Замандас яһудилермен қатар Исаның Өзі де Құдайдың осы есімімен жақсы таныс болатын. Ол яһуди басшыларына былай деді: «Түп аталарың Ыбырайым Менің дүниеге келетін күнімді көретініне шаттанды; ол сол күнді көріп, қуанды да». Бұған яһудилер былай деді: «Сен әлі елуге де келген жоқсың, Ыбырайымды көрдім дейсің бе?» Иса оларға: «Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: Ыбырайым тумастан бұрын да (Мәңгі) Бар Болушы Менмін», — деді (Жохан 8:56-58). Өзі мен Ыбырайымның арасындағы айырмашылықты анықтап көрсеткенін байқадың ба? Иса Ыбырайым «туды» деп тұр, яғни оның жер бетінде болғаны оның тууымен және өлімімен шектелген. Ал Иса Өзі туралы: «(Мәңгі) Бар Болушымын» деді, ягни Ол жай ғана болған емес, немесе болады емес, әрқашан да бар болған және бола береді. Бұған яһудилер не деп жауап берген? «Сонда олар ашуланып, Оны тас лақтырып өлтіру үшін жерден тас алды» (Жохан 8:59).
Өзінің Құдайдың рухани Ұлы екендігін Исаның Өзі ғана айтып қойған емес, Оның шәкірттері де соған сенген. Елші Жохан — Исаның ең жақын шәкірттерінің бірі. Жохан өзінің «Ізгі хабарының» бірінші аятында-ақ Исаны Құдай деп атайды. Әріректе Жохан Исаның және бір шәкірті Томаның сөзін келтіреді, ол да Исаны Құдай деп атайды (Жохан 20:28). Оның тағы бір жақын шәкірті Петір Оны өзінің екінші хатының алғашқы аятында Құдай деп атайды (Петір. 2-хаты 1:1). Елші Пауыл да Тит есімді қызметтес серігіне жазған хатында Исаны Құдай деп атайды (Тит. хат 2:13).
Ербол-ау, бұлар осының бәрі шындық дегеннің дәлелі емес қой. Егер біреу өзін Құдаймын десе, бұл оның шынында да Құдай екенін білдірмейді.
Дұрыс айтасың, Мұрат. Ал сен не ұсына аласың? Исаның «Құдаймын» деп айтқанын білеміз. Егер Ол Құдай болмаса, Оның бұл талабын қалай түсіндіре аламыз?
Мысалы, алдау деп түсіндіре аламыз.
Исаны өтірікші болды дейсің бе? Ол әрдайым өтірікті айыптайтын. Тіпті психологиялық тұрғыдан қарағанда да, өтірікті ымырасыз және табандылықпен айыптап жүрген Оңың Өзі өтірікші болды деу қисынсыз. Бұған қоса, Ол жұртты әдейі алдап жүрген деген ойдың өзі Оның мінезімен мүлде үйлеспейді. Иса балаларды жақсы көрді. Оларға көмектесу үшін, Өзінің маңызды шаруасын тастай салатын. Иса адамдарды ауруларынан сауықтырушы еді. Олардың басқа қиын жағдайларында да көмектесіп, ашыққандарды тамақтандырды. Иса адамдарды бір-бірін сүюге шақырып, бұны қалай істеу керек екенін оларға айтатын. Осындай Адамды, оның үстіне құдайлық қасиетке үміткер болып жүрсе, өтірікші болды деп ойлаудың өзі қисынсыз.
Мүмкін, Ол Өзінің алдауын ұғынбаған шығар. Адам өзін шынымен біреумін немесе бір нәрсемін деп есептеп жүретін қиялилықтың түрі болады.
Мұрат, сонда Оны есі ауысқан деп ойлайсың ба? Бұл болжам да Ол туралы білетінімізбен мүлде үйлеспейді. Оның адам психологиясы жайлы, барға қанағат ету, ризашылық білдіру, басқаларға қызмет ету және бақытқа жету жолы туралы ілімдері психологтардың көпшілігіне түгелдей түсінікті, дұрыс әрі ақылға қонымды. Егер адамдар Оның «Таудағы уағызында» берген өсиеттерін (Матай 5-7) ұстанса, онда олардың өмірлері әлдеқайда бақыттырақ, рухани сау болады.
Белгілі жазушы және ғалым Клайв С. Льюис көп жылдар бойы алдымен атеист, содан кейін агностик болып жүріп, соңында Мәсіхтің жолына түсті. Сол кезде ол Англиядағы Кембридж және Оксфорд университеттерінде Орта ғасыр әдебиеті мен пәлсапасының профессоры болатын. Өзінің «Нағыз мәсіхшілік» деген кітабында ол екеуіміз әңгіме етіп отырған мәселені былай деп баса айтқан:
«Иса жайында «Оны адамгершіліктің ұлы ұстазы деп қабылдауға дайынмын, бірақ Оның Құдаймын дегенін қабылдамаймын» деп айтылғанды жиі естуге тура келіп жүр. Осы сияқты түкке тұрмайтын ақымақтықты айтушылардың жолын кесуге тырысудамын. Себебі бұл — айтуға болмайтын бірден-бір нәрсе. Қарапайым көптің бірі бола тұра, Исаның айтқандарын айтып жүрген әркімді адамгершіліктің ұлы ұстазы деп тіпті де атауға болмайды. Ол — не өзін «қуырылған жұмыртқамын» деп жүрген есі ауысқан біреу, не тозақтың әзәзілі. Бұл Кісі немесе Құдайдың (рухани) Ұлы болған және қазір де солай, немесе есі ауысқан яки одан әрмен бейшара біреу».
Әлбетте, айналып келгенде сен өзің шешім қабылдауға тиіссің. Исаның шын мәнінде кім болғанын — өтірікші ме, есі ауысқан біреу ме, немесе Өзін адам болып дүниеге келген Құдаймын деп жүрген кісі ме — осыны анықтайтын бір-ақ мүмкіндігің бар. Мұны Інжіл шарифтегі төрт Ізгі хабарды оқи отырып, Оның Өзімен танысқанда біле аласың. Солардың, тым болмаса, біреуін оқып шық, сөйтіп Иса жөнінде анық хабардар боласың. Содан кейін Ол өтірікші ме, ақымақ па, немесе Құдай ма, соны өзің тұжырымда.
Мүмкін, Иса Құдай орнына үміткер болмаған да шығар, бұл Інжіл шарифті жазғандардың ойдан шығарғаны болар? Исаның өмірі мен ілімі туралы олардың әңгімелері дәл шындыққа сай келмесе, қайтеміз?
Негізінде мұндай мүмкіндікті жоққа шығаруға болмайды, алайда барлық мәліметтер бүған қарсы болып тұр.
Біріншіден, Исаның заманындағы Таяу Шығысты арнайы зерттеп жүрген археологтар мен тарихшылар (араларында Құдайға сенушілер де, сенбейтіндер де болған) барған сайын Інжіл шариф тарихи материалдардың өте сенімді жинағы екеніне көз жеткізуде. Інжіл шарифте бір оқиға туралы мәлімет берілсе, сол ғалымдар оның шынында да болғанын тауып отыр.
Исаның Өзі туралы айтқандарын шәкірттерінің ойдан шығармағандықтарының тағы бір дәлелі бар: Оның (елшілер деп аталған) ең жақын он екі шәкіртінің он бірін қудалаушылар аса қорқынышты азаппен өлтірді. Себебі олар Исаға деген сенімдерінен, Оның қайта тірілгенін, Құдай екендігін уағыздаудан бас тартпады. Он екінші елші Жоханды мәсіхшілерге қарсы шыққан билеушілер қартайған шағында өз елінен жер аудартты. Ол да Мәсіхке деген сенімінен бас тартқан жоқ. Осы кісілердің бәрі қатты қуғынға ұшыраса да, сенімдерінен тайған емес.
Адамдар өздері жалған деп есептеген нәрсе үшін өлімге бармайды ғой. Мейлінше күмәнсыз шындық деп сенгендері үшін ғана жандарын қияды. Елшілер өздерін Исаиың қайта тірілуіне куәмыз деген. Олар Оның берген тәлімін өз құлағымен естіп, адамдарды жамандықтың құлдығынан азат ету үшін Құдайдың жібергендігіне көздері жетті. Елшілердің Иса туралы өтірік айтуы ықтимал деп жорамалдаудың өзі қисынсыз.
Ақыр соңында, Иса Өзін кіммін десе, шынында да Сол болғандығының тағы бір дәлелін айта кетейік: Өзінің өліп, қайта тірілетінін Ол алдын ала айтқан және бұл керемет -— Оның Өзі туралы айтқандарының бәрінің шын екендігінің ең басты дәлелі. Исаның қайта тірілуі — Оның құдайлық қасиетінің және барлық мәсіхшілік ілімнің шынайы екендігінің ең салиқалы дәлелі.
КЕРЕМЕТ, ҒАЖАП ІСТЕРДІҢ БОЛУЫ МҮМКІН БЕ?
Ербол, енді мәсіхшіліктің шынайы екендігінің бұлжытпас дәлелі ретінде табиғаттан тыс оқиға туралы айтып тұрсың. Бірақ табиғаттан тыс оқиға болмайды, бұл табиғат заңдарына қайшы келеді. Оларды бұзуға болмайтынын білесің.
Табиғат заңдары бізге ненің болып, ненің болмайтыны туралы айтпайды. Олар тек сырттан ықпал болмаған жағдайда табиғатта не бола алатынын ғана білдіреді. Егер табиғаттан тыс еш нәрсе болмаса, онда табиғаттың өзінің қолынан келетінінен басқа еш оқиғаның болуы мүмкін емес. Ал егер табиғаттан тыс оған әсер ете алатын бір нәрсе болып жатса, онда табиғаттың өзі істей алмайтын оқиғалардың да орын алуы мүмкін.
Сен екеуіміз жаңа ғана табиғаттан басқа ақылды және құдіретті тағы бір нәрсе — Құдай бар деп келістік. Біз Құдайдың табиғатқа әсер ете алатынын білеміз, себебі оны Өзі жаратқан. Табиғатты Құдай жаратса, онда Ол соған өз қалауынша әсер ете алады.
Керемет оқиға — табиғат заңының бұзылуы емес, жай ғана сыртқы әсердің нәтижесі, табиғаттың өздігінен туындата алмайтын оқиғаның орын алуы.
Табиғат заңдары жай ғана салдарлардың өздерін туғызған себептерге сәйкес екенін айтады. Табиғи себептер табиғи салдарларды туғызады. Ал табиғаттан тыс себептер оған әсер еткенде, табиғаттан тыс салдарларды туғызады. Осылайша табиғаттан тыс тұрған Құдай оған әсер етіп, табиғаттың қолынан келмейтінді — Мәсіхтің қайта тірілуін іске асырды.
ИСА ШЫНЫМЕН ҚАЙТА ТІРІЛДІ МЕ?
Жарайды, кереметтердің болу мүмкіндігімен келісемін. Бірақ Исаның шынымен қайта тірілгенін қайдан білесің? Сондай оқиғаның мүмкін болуы оның шынымен болғандығын білдірмейді ғой!
Мұрат, біз кез келген болған оқиға туралы қайдан білеміз? Тарихи дәлелдерге сүйене отырып емес пе? Сол сияқты, Исаның өлімнен тірілгенінің тарихи дәлелдері де бар. Алдымен осы дәлелдерге біраз шолу жасайық. Сонда оларды түсіну бізге оңайырақ болады.
Жер бетіндегі өмірінің соңғы үш жылында Иса Өзінің айқышқа шегеленіп, өліп, содан үш күн өткен соң қайта тірілетіні туралы бірнеше рет алдын ала айтқан болатын. (Иса Өзінің құрбан болуы адамзаттың күнәларының құнын өтеу үшін қажет деп түсіндірді.) Мысалы, өлімге кесілеріне бір аптадай уақыт қалғанда, Иса Өзінің ең жақын шәкірттеріне былай деген еді: «Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні (яғни Исаның Өзін) басты діни қызметкерлер мен дін мүғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақ етіп, қамшымен сабайды, ақырында айқышқа шегелеп өлтіреді. Алайда Ол үшінші күні қайта тіріледі!» (Матай 20:18-19; Исаның осы мағынадағы сөздерін төмендегі аяттардан табуға болады: Матай 12:40; 16:4; 17:22-23; 23:32; Лұқа 9:22,31; 24:6-7; Марқа 9:9; 10:34).
Осындағы көңіл аударарлық бір жайт — шәкірттердің Исаның бұл сөздерін мүлдем түсінбегені. Иса бір күні, керемет бір оқиғадан кейін шәкірттеріне сол туралы ештеңе айтпауды бұйырған еді: «Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға, көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендері туралы ешкімге тіс жармауға бұйырды. Үшеуі осы айтылғанды естеріне сақтап, «өлімнен қайта тірілгенше» деген сөздің мәнін өзара сұрасты» (Марқа 9:9-10).
Иса тірі жүргенде шәкірттері Оған толығымен сенсе де, Ол өлгеннен кейін оларда ешбір қайрат-жігер қалмады. Шәкірттері Исаның өлімнен қайта тірілетіні жайлы мүлдем ойлаған жоқ.
Сөйтіп, Оның өлімінен кейін, екі шәкірті бір күні жол жүріп кетіп бара жатқанда оларға басқа бір жолаушы ұшырасады. Жолаушы олардың көңілдерінде бір уайым бар екенін байқайды. Сұрастыра келе, олар Исаның өліміне қайғырып жүргендерін айтады. Екі шәкірттің бірі жолаушыға:
Иерусалимге келген, бірақ осы күндері онда не болғанынан еш хабары жоқ жалғыз Сіз шығарсыз? — деген сұрақ қойды. Жолаушы:
Не болған еді? — деп сұрады. Олар былай жауап берді:
Назареттік Исамен болған нәрсені айтамыз. Ол Құдай алдында да, бүкіл халық алдында да сөзімен де, ісімен де құдіретті Пайғамбар болды. Алайда біздің басты діни қызметкерлер мен рубасыларымыз Оны өлімге кестіру үшін ұстап беріп, айқышқа шегелетіп өлтіртті. Ал біз, Исраил елін Құтқарушы — Сол деп үміттенген едік (Лұқа 24:17-21).
Шәкірттер «үміттенген едік» деді. Демек, олардың енді үміттері қалған жоқ деген сөз. Олар бұрын үміттенген еді, бірақ Иса өлген соң, олардың үміттері де үзілді.
Содан соң бір ғажап нәрсе болды. Жолаушы адам оларға: «Ей, түйсіксіз шабандарым-ай, пайғамбарлардың алдын ала айтқандарының бәріне шын жүректен сенбегенсіңдер! Мәсіх Өзінің салтанатты ұлылығына енуінен бұрын осындай азаптарды көруге тиіс емес пе еді?!» — деп, бүкіл Таурат, Забур, Пайғамбарлар жазбаларында Мәсіхтің өлімі мен қайта тірілуі туралы алдын ала айтылған пайғамбарлық сөздерді түсіндіріп берді. Ең соңында жолаушы кісі оларға өзінің кім екенін де ашып көрсетті: олар танымай тұрса да, Бұл Исаның Өзі еді! (Лұқа 24:25-31)
Көп ұзамай, әлгі екі шәкірт Иерусалимдегі басқа шәкірттермен кездескенде, Исаның тағы бір шәкірті — Шимон Петірге көрінгендігі туралы естіді (Лұқа 24:34). Олар осы оқиғалар туралы сөйлесіп тұрғанда, «Иса Мәсіхтің Өзі жиналғандардың орталарына келіп, тұра қалды да, оларға: «Сендерге амандық пен тыныштық болсын!» деп батасын берді. Олар қатты абыржып, қорқып, елес көріп тұрмыз деп ойлады. Бірақ Иса:
Неге абыржып тұрсыңдар? Көңілдеріңе неге ондай шүбәлы ой келеді? Қол-аяғыма қараңдар: бұл — Менің Өзім. Маған қол тигізіп денемнің шынайы екеніне көз жеткізіңдер! Елестің еті мен сүйегі болмайды ғой, — деді де, қол-аяғын көрсетті.
Олар қуаныштан әлі де сенбей таңырқап тұрғанда (Көріп тұрсың, шәкірттер де оп-оңай сене қоятын адамдар болған емес! Өзің сияқты, олар да сенімді дәлелдер келтірілмей тұрып, Исаны өлімнен қайта тірілді дегенге сенбей тұрды!) Иса:
Жейтін бір нәрселерің бар ма? — деп сұрады. Шәкірттері қуырылған балықтан бір үзіп берді. Иса оны алып, көздерінше жеді» (Лұқа 24:36-43).
Исаның шәкірттерінің бірі, Тома, айрықша күмәншыл адам болатын. Қайта тірілген Исаны басқа шәкірттер өз көздерімен көріп, соны Томаға айтса да, ол бәрібір бұған сенуден бас тартты. Тіпті басқа шәкірттер: «Біз Иемізді көрдік!» дегенде де, ол: «Мен Оның қолдарынан шегелердің орнын көрмесем, саусағыммен шегелердің орнын сипап, бүйіріндегі тыртығын қолыммен ұстап көрмесем, Оның тірілгеніне еш сенбеймін», — деп жауап берді (Жохан 20:25).
Содан сегіз күн өткен соң, шәкірттердің бәрі жиналғанда, Иса кенеттен олардың арасында пайда болды. Ол Томаға жақындап келді де, оған: «Менің қолыма саусақтарыңды тигізіп қара, алақаныңды бүйіріме қой және сенімсіз бол май, сенетін бол!» — деді. Осылайша бұл күмәншыл да сеніп, Исаға: «Ием менің, Құдайым менің!» — деп мойынсұнды (Жохан 20:26-28).
Лұқа өзінің бірінші жазбасында Исаның өмірі мен тәлімін тәптіштеп баяндаса, екіншісінде Исаның өліп, қайта тірілгенінен кейін шәкірттерінің істегендері туралы жазды. Осы екінші жазбасының басында ол өз оқырманы Теофилге Исаға сенудің себептерінің қандай күшті екені туралы жазады: «Қымбатты Теофил! Бірінші кітабымда мен Иса қызметіне кіріскен уақыттан бастап, Оның көкке көтерілген күніне дейінгі аралықта не істеп, не үйреткені туралы түгел баяндадым. Ол көтерілмес бұрын Киелі Рухтың жетелеуімен таңдап алған елшілеріне нұсқауларын берді. Азапталып өлгеннен кейін оларға адам сенетін көп дәлелдер арқылы Өзінің тірі екенін көрсетті: қырық күн бойы елшілеріне көрініп, Құдай Патшалығы туралы айтып жүрді» (Елшілер. істері 1:1-3).
Исаның шәкірттері айтқан сөзге оп-оңай сене салатын адамдар болған емес! Исаның өлімнен қайта тірілгеніне көз жеткізу үшін олар соның «адам сенетін көп дәлелдерін» талап етті. Ал бұның ақиқат екендігіне көздерін жеткізген соң олар бар өмірлерін осыны бүкіл адамзатқа білдіруге бағыштады.
АЛ ЕГЕР БҰНЫ ШӘКІРТТЕРДІҢ ӨЗДЕРІ ОЙЛАП ТАПСА ШЕ?
Ербол, мұның бәрін майын тамызып, келістіріп айтып отырсың. Алайда шәкірттердің бәрі де Исаның ең жақын достары емес пе еді? Осы әңгімені олардыц өздері бастан-аяқ ойлап шығармағанына кім кепіл?
Мейлі, Мұрат. Сондай мүмкіндік те болар еді. Бірақ біз әңгімемізде ойдан шыққан жай мүмкіндіктерді емес, сенімді дәлелдерді ғана қарастырмаймыз ба? Ғылыми қағидаларға сүйенетін адамның санасы беталды лаға бермей, тек сенімді дәлелдер мен шынымен ықтимал болған оқиғалардың нұсқап жатқан жағына қарай жылжиды емес пе?
Шәкірттері осының бәрін ойлап шығарды деген мүмкіндікті елестетуге болса да, оның ықтималдығы жоқтың қасы. Біріншіден, шәкірттер Исаның Өзінің қайта тірілетіндігі туралы алдын ала айтқан сөздерінің мағынасы өздерінің ой-санасынан тыс қалғанын мойындайды. Олар Исаның қайта тірілетіндігіне сене қоймаған екен, Ол қайта тірілді деп оларға ойдан хабар шығарып не бар? Екіншіден, бұрынырақ айтып өткеніміздей, бір жайттың өтірік екенін біле тұра, сол өтірік үшін жанын қиятын есі түзу адам болмайды.
Шәкірттер осы оқиғаны ойдан шығармағандығының үшінші дәлелі де бар. Яһуди басшылары Исаны мойындаудан бас тартқан еді ғой? Шәкірттер Иса өлімнен қайта тірілді деп Иерусалим мен оның атырабында жариялай бастағанда, яһуди басшылары Исаның денесін қабірден қайта шығарып алып, оны бүкіл халыққа көрсетіп, осы «жалған қауесеттің» тамырына балта шаппас па еді?
Төртінші дәлел де келтіруге болады. Елшілердің бірі — Пауыл Исаның жолына түскен алғашқы елшілердің қатарында болған жоқ. Керісінше, Иса өліп, қайта тірілгеннен кейінгі алғашқы жылдары Пауыл (сол кезде оны көбіне Саул деп атайтын) Исаның жолына түскен адам- дарды аямай қудалап, біреулерін түрмеге жауып, басқаларының көзін құртып жүрді. Бұл кезде Исаға сенушілердің ең қауіпті де ымырасыз жауы сол болатын.
Бірақ бір нәрсе Саулды да аяқ астынан өзгертті. Ол Исаның жолымен жүргендерді қудалау үшін Дамаск қаласына бара жатқанда, «оған көктен түскен бір жарық кенеттен нұрын төгіп жіберді. Саул жерге құлап түсіп:
Саул, Саул! Неге Мені қудалайсың? — деген дауысты естіді. Саул:
Сен кімсің, Ием? — деп сұрады. Ол:
Мен сен қудалап жүрген Исамын! Тұр да, қалаға бар! Не істеуге тиіс екенің саған сол жерде айтылады! — деді» (Елшілер. істері 9:3-6).
Осы оқиғаның салдарынан Саулдың көзі көрмей қалады. Үш күн өткен соң Дамаскідегі сенушілердің бірі, Анания, оған келіп, көру қабілетін қайтарып береді. Сол оқиғадан кейін Пауыл ең табанды да қайратты сенушіге айналып, Исаның елшісі ретінде Ізгі хабарды Рим империясының түрлі аймақтарына тарата бастады. Пауыл Иса үшін адам айтқысыз азаптарға төзіп, басынан небір қудалауларды өткізді. Ақыры, Құдай жолында шейіт болып жанын қиды. Мұның бірден-бір себебі Пауылдың өлімнен қайта тірілген Исаны өз көзімен көріп, Оның елшісі болуға тағайындалғаны туралы талмай куәлік бергені болды.
Жазған хаттарының бірінде Пауыл Мәсіхтің қайта тірілгендігінің дәлелдерін былай деп атап шығады: «Менің қабылдап алып, сендерге жеткізген ең басты хабарым мынау болды: Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Мәсіх біздің күнәларымыздың құнын өтеу үшін жанын қиды. Осы жазбалардың тағы алдын ала айтып кеткеніндей, Мәсіх қабірге қойылып, үшінші күні қайта тірілді. Ол Кефаға (яғни Петірге), содан кейін он екі елшінің бәріне көрінді. Мұнан соң Оны бес жүзден аса бауырластарымыз да бір мезгілде өз көздерімен көрді: олардың көпшілігі әлі тірі, біразы ғана қайтыс болды. Содан кейін Мәсіх Жақыпқа, сондай-ақ барлық елшілеріне көрінді.
Бәрінен кейін, дер кезінде жаңа өмірге дайын болмаған мен де Мәсіхті көзіммен көрдім. Елшілердің ішіндегі ең лайықсызымын, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі мен Құдайдың қауымын қуғындадым. Бірақ та Құдайдың рақымымен қазір қандай болсам, сондай болдым. Оның рақымы бойымда бекер болған да емес. Қайта, басқалардың барлығынан көп еңбек еттім, ал шын мәнісінде мен өзім емес, маған жар болған Құдайдың рақымы еңбектенді» (Қорынт. 1-хат 15:3-10).
Көріп отырсың, Иса қайта тірілді дегенді шәкірттері ойлап шығарды деген уәж қисынсыз. Өз басым бұндай әлсіз дәлелге емес, жаңа ғана айтылған күшті дәлелдерге сенуді құп көремін.
ДЕРЕКТЕРДІ БАСҚАША ДА ТҮСІНДІРУГЕ БОЛМАЙ МА?
Яһуди басшылары Исаның мүрдесін қабірден таппады деп жаңа айтып кеттің. Мүмкін, олар қабірлерді шатастырып, бос жатқан басқа бір қабірге тап болған шығар?
Онда басшылар ғана емес, қалғандар да адасып, басқа бір қабірге тап болды деген сөз. Ол тірілді деген хабарды ести салысымен, соның анық-қанығына жету үшін шәкірттердің кейбіреулері сол жерге жүгіріп бармап па еді? Демек, олар да Оның денесі қойылған қабірдің нақты қай жерде орналасқанын ұмытып қалды деген сөз. Исаның қабіріне алдымен барған бірнеше әйел болатын. Олар содан 36 сағат қана бұрын Исаның мәйітінің сол жерге қойылғанын өз көздерімен көрген еді. Менің ойымша, олар үш күн өтпей жатып қабірдің нақты орналасқан жерін ұмытып қалды деу ақылға қонбайды.
Оның үстіне, яһуди басшылары да Исаның өлімнен қайта тірілетіндігі туралы хабарды естіген болатын. Сондықтан олар ешкім Исаның денесін ұрлап әкетіп, кейін Оны қайта тірілді деген хабарды таратпасын деп, соның алдын алмақ та болған. Бұл үшін олар римдік әміршіден Исаның қабіріне күзет қоюды сұрады. Күзеттің сарбаздары, римдік әкімшілік, яһуди басшылары, бәрі де қабірдің қайда екенін жақсы білді. Тіпті білмеген жағдайда да, оларға сол маңдағы қабірлердің бәрін тексеріп, денені тауып, қайта тірілу туралы уағыздауды тоқтату қиынға соқпас еді.
Оның үстіне, бұлардың бәрі қабірді шатастырып алды деген болжам Исаның өліп, жерленгенінен кейін көптеген адамдарға көрініп, олармен бірге тамақ ішіп, уақыт өткізгеніне қисынды түсінік бере алмайды.
Ы-м-м... Мүмкін, Иса айқышта өлмеген де шығар? Ол айқышта есінен танып, кейін қабірде есін жиып, одан шығып кеткен шығар?
Бұл да мүмкіндік, бірақ мардымсыз ғана. Исаны өлді дегенде, римдік жауынгер соған көз жеткізу үшін найзасын Оның бүйіріне, дәл жүрегінің тұсына сұғып алды. Адамдарға өлім жазасын жүзеге асыратын римдік жасақшылар шетінен бұл істі жетік меңгергендер еді. Есінен танып қалған адамды шын өлген адамнан олар оп-оңай ажыратып алар еді. Сондықтан олардың қателесу ықтималдығы өте мардымсыз.
Тіпті олар шынымен қателесіп, Иса расында да айқышта есінен танып, кейінірек жаны кіріп, есін жинады десек те, бұл Оның қайта тірілгені туралы хабарды дәлелдей алмас еді. Себебі Иса толығымен шыншыл адам болғандықтан, Өзін өліп, қайта тірілді деп жүрген шәкірттеріне міндетті түрде тоқтау айтар еді. Және Иса ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір өліп, бұл Оның шәкірттерінің үмітін біржолата өшірер еді.
Есін жинау жорамалы Исаның өлімнен қайта тірілгенінен кейін шәкірттеріне бірнеше рет көрінгенін түсіндіре алмайды. Он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген, өзі Исаның қайта тірілгеніне сенбеген Давид Фридрих Штраус деген тарихшы және ойшыл Исаның уақытша есінен тануының жорамалы жайында былай деген:
«Қабірден шалажансар күйінде жасырын шыққан, әлсіз де науқас әрі дәрігерлік көмек, бағып-қағу, жараларын таңуға зар болып, ақыр соңында бәрібір қайтыс болған бір сормаңдай кісі Өзін шәкірттеріне өлім мен о дүниенің Жеңімпазы, Тіршіліктің Патшасы етіп көрсете алмас еді. Алайда Оның Өзін осындай тұрғыда көрсеткені шәкірттерінің кейінгі қызметтерінің негізі болды. Ол іс жүзінде өліп, қайта тірілмей, жай есін жинаған болса, бұл жайт Оның өмірі мен өлімі арқылы шәкірттеріне жасаған терең әсерін тек әлсіретіп қана қояр еді. Әрі кеткенде, бұл шәкірттерді Ол туралы: «Қайран Иса!» дегізіп қана қояр еді. Бірақ бұл олардың қайғысын қуаныш пен қайрат-жігерге айналдырып, Исаны құрметтеулерін Оған Ием деп мойынсұну дәрежесіне көтере алмас еді».
Ербол, біреу келіп, мүрдені ұрлап әкеткен болса ше? Онда Исаның шәкірттері бұны білмей, Ол шынымен өлімнен қайта тірілген екен деп ойлап қалулары мүмкін ғой!
Бәрібір, осы рас болса, онда шәкірттері не себептен Оны көрдік деп айтады? Ұмытпа, кейбір шәкірттер қайта тірілген Исаны өз көздерімен көргендері туралы айтқандарынан қайтпағандары үшін тіпті өмірлерін қиды.
Оның үстіне, мүрдені ұрлау кімге керек? Немесе оны кім ұрлар еді? Римдіктерге мүрдені ұрлаудың еш қажеті болған жоқ.Тіпті ұрлаған болса да, шәкірттер Исаны өлімнен қайта тірілді деп жариялай бастағанда, римдіктер қуана-қуана өлі денені жұртшылыққа көрсеткен болар еді. Демек, римдіктер мүрдені ұрлаған жоқ.
Яһуди басшыларының да мүрдені ұрлайтын еш себептері болған жоқ. Керісінше, олар сүйектің қабірден шығарылмай, сонда жата беруіне мейлінше мүдделі еді. Олардың римдіктерден қабірге күзет қоюды сүрауларының да себебі осы. Тіпті мүрдені ұрлап алған өздері болса да, олар оны кейін көрсетіп, қайта тірілу туралы ілімді тоқтатқан болар еді.
Сол кездегі яһуди елінде Исаның мәйітіне не болғаны тек Исаға сенушілерді ғана қызықтыратын еді. Бірақ мәйітті ұрлауға олардың да еш себептері болған жоқ. Иса өлгеннен кейін олардың қайрат-жігерлері құм болып, не істерлерін білмей, қозғалысты жалғастыратын жолды іздеп табуға ешқандай ұмтылыстарының болмағанын өздері де жазбаларында мойындайды. Олар тіпті Исаның қайта тірілемін деген сөздерін де жете түсінген жоқ. Және, әрине, бұрынырақ айтқанымыздай, өтірік екенін біле тұра, елшілердің сол үшін жанын қиюға әзір болғанына да сену қиын. Басқа-басқа, дұрыс қару-жарақтары да жоқ, өмірінде соғыс көрмеген балықшылардың тіс қаққан, дүниенің бар әскерімен соғысып шыңдалған римдік жауынгерлерге бас салып, олардан Исаның денесін тартып алды дегенге сену енді қиындау.
Көріп отырсың, Исаның қабірінің неге бос екенін түсіндіретін алуан түрлі болжамдар бар. Бірақ Иса өлімнен қайта тірілді дегеннен басқасының бәрі дүдәмал жорамалдар ғана. Саналы адам ретінде әркім ең ықтимал деген мүмкіндікке сүйеніп шешім қабылдауы керек. Осындай мүмкіндіктердің ең ықтималы — Исаның шынымен өлімнен қайта тірілгені. Ал оған көз жеткізудің төте жолы —- Исаға сиынып, Өзін саған көрсетуін, сенің Иең болып, күнәларыңды кешіруін және Құдаймен тығыз қарым-қатынас орнатуын өтіну.
Ербол, Исаның шынымен өлімнен қайта тірілгенінің тарихи ықтималдығы жоғары екенін және Ол Өзін кіммін десе, Сол болғанына сенуге болатын шығар. Бірақ мен сонда да бұған жай сене салғым келмейді. Сенің айтқаныңның бәрі бұлтартпас дәлел емес кой. Исаның өлімнен қайта тірілгенін әрі Оның Құдай екендігін сен ғылыми тұрғыдан дәлелдей алмайтындығыңнан, Оған сену ақылға сыйымды дей алмаймын. Маған Құдайға бүкіл өміріңді көпе-көрнеу бағыштай сал деп отырсың, бұл үшін маған бұлтартпас дәлелдер қажет.
Сен бұндай дәлелдерді сұрамай-ақ, өміріңді күнделікті түрлі нәрселерге сеніп тапсырып жүрген жайың жоқ па? Сен онсыз да күн сайын тәуекелге бел байлап жүрсің. Мысалы, көлікке мінгенде, сол көлігіңнен жанармай тамшылап, оған ұшқын тиіп, жарылып кетпейтіні туралы сенде бұлтартпас дәлел, толық кепіл болмаса да, мінесің ғой! Немесе, көп қабатты үйдің лифтіне мінгенде, сенде оның тросы үзіліп, лифт жерге құлап, мерт болмайсың деген кепіл бар ма? Әрине, жоқ.
Біз бұрынырақ ең ықтимал мүмкіндікке негізделіп шешім қабылдау туралы сөйлесіп едік қой, есіңде ме? Кейде белгілі бір мәселенің шешіміне көп нәрсе тәуелді болғандықтан, біздің қолда бар дәлелдер онша сендірерлік болмаса да, өзімізге сеніп шешім қабылдауымыз қажет болады. Мен бұл жерде мәсіхшіліктің дәлелдері онша сендірерлік емес деп отырғаным жоқ. Керісінше, оның дәлелдерін мен өз басым өте қисынды деп ойлаймын. Әйтеуір, сол дәлелдер тіпті онша күшті болмаса да, әркімнің Иса Мәсіхке сенуі сенбегеннен гөрі ақылдырақ шешім болар еді, өйткені мұның құны өте жоғары. Кім Исаға сенбесе, сол күнәларының жазасын өзі тартып, мәңгілікке Құдайдан түбегейлі ажырап, азап шегетін болады.
ИСА ҚҰДАЙҒА АПАРАТЫН ЖАЛҒЫЗ ЖОЛ МА?
Құдайға жағу үшін мен неліктен міндетті түрде Исаға сенуім керек? Бұған басқа бір жолмен қол жеткізуге болмай ма?
Иса Өзін Құдаймын деген. Егер Оның осы айтқаны рас болса, онда Оның басқа айтқанының бәрі де рас. Ал Оның сөздерінің растығына мен жоғарыда дәлелдерді, соның ішінде ең күшті дәлел — оның өлімнен қайта тірілгенін келтірген едім. Демек, Исаның айтқан сөзіне сенуге негіз бар. Ол былай деген: «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды» (Жохан 14:6).
Біз күнәларымыз үшін Құдайдың жазасын тартуға тиіспіз. Ол Өзі кемелді, ешбір күнәсыз болғандықтан, бізден де сондай болуымызды талап етеді. Ал адам баласының бірде-бірі ондай емес, бола да алмайды. Біз Құдайдың талабын орындамаған болып шығамыз. Құдай шексіз әділ болғандықтан, Өзінің еркін орындамағандардың бәрін жазалауы керек. Иса Өзінің өмірін күнә- ларымыздың төлемі ретінде беріп, бізді осы жазадан құтқаруға келгенін айтқан (Матай 20:28).
Бұның бәрі неге керек? Құдай бізді кемшіліктерімізге қарамай-ақ қабылдай алмай ма?
Құдай әрбір адамды Өзімен тығыз қарым-қатынаста болсын деп жаратқан, бірақ біздің күнәларымыз Оның жиренішін туғызады. Яһудилердің ежелде өткен бір пайғамбары, Аббақұқ, бірде Құдайға былай деп мінажат еткен: «Пәк таза көздерің жамаңдыққа разылықпен қара- майды, Сен зұлымдыққа ризашылықпен қарай алмайсың» (Аббақұқ 1:13). Сонымен адамзаттың күнәкарлығы оны Құдайдан мүлдем ажыратқан. Алайда Құдайдың адам баласына деген сүйіспеишілігінің зор болғаны сонша, бізді құтқаратын: демек, біздің орнымызға бізге тиісті жазаны қабылдап, бізді күнә мен оның жазасынан азат ететін біреуді — тіпті, Өзінің рухани Ұлын жіберуді уәде етті. Құдай ежелден-ақ Құтқарушы жіберемін деген уәдесін Иса Мәсіхті жіберіп орындады.
Құдайдың бізді күнәның жазасынан құтқару үшін төлеген құны — Өзінің рухани Ұлы — шексіз қымбат болды. Егер бізді Құдайға жеткізе алатын басқа бір жол болса, онда Исаның жанын құрбан етуі қажет болмас еді. Бірақ Құдайдың Исаны жібергені — адамзатты құтқарудың басқа жолы жоқ екенінің айғағы. Исаның өлімнен қайта тірілгені екі нәрсені дәлелдеді: Исаның шынымен Құдай жіберген Құтқарушы екенін және Оның күнәларымыздың құнын шынымен өтегенін.
МӘСІХКЕ ТИІСТІ БАРЛЫҚ ПАЙҒАМБАРЛЫҚ СӨЗДЕРДІ ИСА ОРЫНДАЙ АЛДЫ МА?
Ербол, сен Құдай Құтқарушыны жіберемін деп уәде еткен, Исаның келуімен сол уәде орындалды дейсің. Ал Құдайдың осындай уәде бергенін сен қалай дәлелдей аласың? Сол уәделерді орындаған басқа емес, Иса екенін де қайдан білдің?
Құдай осындай уәделерді көп берген, олардың бірі қалмай бәрі Иса арқылы орындалды. Мысалы, Исаның тууынан 1000 жыл бұрын Исраил патшасы Дәуіт пайғамбар Құтқарушының айқышқа шегеленетінін айтты. Забурдағы 21 жырда пайғамбар айқышта жазаланудың қандай болатынын бүге-шігесіне дейін тәптіштеп суреттеді. Ал өлім жазасының бұл түрін римдіктер тек Дәуіт пайғамбардан 800 жылдан кейін ғана ойлап тапты!
Исаның тууынан 500 жыл бұрын Зәкәрия пайғамбар Құдайдың адам болып дүниеге келетіні және Өзі таңдаған халқы Оны өлтіретіндігі туралы жазды.
Ишая пайғамбар Мәсіхтің пәк қыздан туатынын білдірген болатын (Ишая 7:14). Бұндай кереметті ешбір адам қолдан жасай алмайды, ал Иса шынымен пәк қыздан туды (Матай 1:18-25).
Исаның тууынан 700 жыл бұрын Миха пайғамбар Құтқарушы Бетлехем қаласында дүниеге келеді деп айтқан еді (Миха 5:2), ал Иса сол Бетлехемнің нақ өзінде туды (Матай 2:1).
Исадан 600 жыл бұрын Еремия пайғамбар, Құтқарушы Иса туған кезде Нәрестенің көзін құртқысы келгендер сол атырапта тұрып жатқан нәрестелердің бәрін өлтіреді деп жазып кетті (Еремия 31:15). Яһуда патшасы Ирод Иса дүниеге келгенде, Оны өлтірмек болып, кездейсоқ тірі қалдырмас үшін сол аймақтағы жасы екіден төмен ер балалардың бәрін өлтіруге бұйрық берді де (Матай 2:16). Алайда бұл туралы Құдайдың ескертуімен білген Исаның ата-анасы Жүсіп пен Мәриям Нәрестені алып, Мысырға қашып құтылды. Олардың осылай Мысырға бас сауғалайтыны туралы да Алла Тағала Ошия пайғамбар арқылы содан 700 жыл бұрын білдірген болатын (Ошия 11:1)!
Дәуіт пайғамбар Құтқарушыға жақын досы сатқындық жасайды деген (Забур жыр. 40:10; 55:13-15), ол солай болып шықты да (Матай 10:4; 26:49-50; Жохан 13:21).
Зәкәрия пайғамбар Құтқарушыны сатқан адам сонысы үшін отыз күміс теңге сыйақы алады деген еді (Зәкәрия 11:12), ал Исаға сатқындық жасаған Яһуда Исқариот дәл осы мөлшерде ақша алды (Матай 26:14). Сатқындық жасаған кісі кейін сол ісіне өкініп, ақшаны ғибадатханаға қайта әкеліп, сонда тастайды делінсе (Зәкәрия 11:13), Яһуда Исқариот дәл осы нәрсені істеді (Матай 27:5). Осы ақша кейін бір құмырашының егіндік жерін сатып алуға жұмсалады деп жазылса, солай болды да (Зәкәрия 11:13; Матай 27:7). Дәуіт пайғамбар жалған куәгерлер Құтқарушыға жала жабады деген еді (Забур жыр. 34:11), шынында да солай болды (Матай 26:59-61).
Ишая пайғамбар Құдайдың әділ Қызметшісі Өзін айыптаушылардың алдында үнсіз болады деп жазған еді, Иса дәл осылай істеді (Матай 27:12-19). Пайғамбар Құтқарушы адамдардың күнәсы үшін жараланып, жапа шегеді деген еді (Ишая 53), ол солай болды (Матай 27:26, 67; 20:28), әрі басқалар Оны ұрып, Оған түкіреді деген еді (Ишая 50:6), солай болды да (Матай 26:67).
Дәуіт пайғамбар Құтқарушының қорланатынын айтқан еді (Забур жыр. 21:7-9), ол да солай болды (Матай 27:31). Оның аяқ-қолдарын бір нәрсе түйреп жаралайды деп айтылған еді (Забур жыр. 21:17). Иса айқышқа ілінгенде Оның аяқ-қолдарын шеге тесті. Ишая пайғамбар Мәсіхті қылмыскерлермен бірге өлімге кесіледі деген еді (Ишая 53:12), ол солай болды (Матай 27:38; Марқа 15:27-28). Ишая тіпті Құтқарушы Өзін өлтіріп жатқан өз халқы үшін де Құдайға мінажат ететін болады деген еді (Ишая 53:12), ал Иса айқыш ағашта жан тәсілім етейін деп тұрғанда «Әке, оларды кешіре гөр! Олар не істеп жатқандарын түсінбейді» (Лұқа 23:34) деп, осы сөзді де орындады.
Иса Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларында осы және тағы басқа көптеген пайғамбарлық сөздерді жүзеге асырды. Олардың барлығы да жалғыз Исаның жеке басында орындалатынының ықтималдығы мейлінше аз. Айталық, Иса туралы осындай тек қана он пайғамбарлық сөз болса әрі Исаның оларды орындауының мүмкіндігі 50% болса (ал шын мәнінде ол одан әлдеқайда төмен), сонда осы он сөздің барлығын орындаудың ықтималдығы 2-100, немесе 2048-ден бір болар еді. Бірақ Иса туралы пайғамбарлық сөздердің саны 10 емес, 300 шамасында. Онда ықтималды 2-300 дәрежесінен бір шамасында, яғни екі көбейтілтен онның тоқсан дәрежесінің бір шамасынан да аз болады!
Осының бәрінен ақылға сыйымды тек мына бір қорытындыға келуге болады: Құтқарушы туралы ежелде алдын ала айтылған пайғамбарлық сөздерді Құдайдың Өзі білдірген және Иса Құдайдың уәде еткен Құтқарушысы болғандықтан осы сөздер Оның өмірінде жүзеге асты.
Мұрат, көріп отырғаныңдай, Иса Өзін кіммін десе, шынымен Сол, яғни адам кейпіне енген Құдай болғаны. Және Оның біздің күнәларымыз үшін өлгенінің де шындық болғаны. Сондықтан әрбір адамда Оған сеніп, мойьшсұнудан басқа еш шара қалмайды.
Ал дін әлсіз адамдарға арналган «балдақ» қана емес пе? Маған да оның керегі шамалы.
Әлбетте, Мәсіхке деген сенім — өмірінде басқа сүйенер ешкімі жоқ адамдарға арналған «балдақ». Бірақ ол «балдақ» болғаны үшін ғана өтірік болмайды. Аяғы зақымдалған адамдардың балдақты қолдануы орынды, оларды ешкім сол үшін жазғырмайды. Дәл сол сияқты, рухани дағдарысқа ұшыраған адамдарға да оларға өмір сүруге көмектесетін осындай «рухани балдақ» керек. Олардың бұндайды қолданғандары ақымақтық емес, нағыз ақылдың белгісі!
Мейлі. Басқаларға керек болса керек шығар. Бірақ маған емес!
Онда сен бір ерекше адам болғаның ғой. Бірақ мен сен өзіңді елден ерекше адаммын деп ойлайды дегенге сенбеймін. Бұрынырақ сен өзің кейде күнә жасайтынынды, істеуге керектіні істемей, істемеуге тиістіні істейтінінді мойындаған едің. Әрине, кейде сен игі іс те жасайсың. Бірақ әрқашан емес.
Құдай Мұса арқылы Таурат заңын бергенде, Құдайға толығымен ұнамды болу үшін осы заңның бір жерін де бұзбай мүлтіксіз орындау керек деген болатын. «Осы Таурат заңының ережелерін бұлжытпай орындамайтын әркімді қарғыс атады!» делінген (Заң. қайтал. 27:26). Пауыл елші: «Тауратта жазылған барлық ережелерді бұлжытпай орындамайтын әркімді қарғыс атады!» дегенде де осыны айтты. (Ғалат. хат 3:10). Құдай мінсіз кемелділікке ғана риза болады. Тіпті сен, достым, қанша жақсы адам болсаң да, өзіңді мінсізбін деп айтпайсың ғой. Демек, басқаларға керек болғандай, осы «балдақ» саған да керек.
Ал, Ербол, өзіңнің айтуыңша, осы Таурат заңы тек яһудилерге ғана арпалмап па еді? Демек, Құдай оны маған арнап берген жоқ. Ендеше мен қалайша сол заңға бағынуым керек?
Біріншіден, сен Құдай бұйырған осы заң туралы енді білесің. Мысалы, оның «Он осиет» деп аталған ең басты ережелері мыналар:
«Мен ... Құдайың — Жаратқан Иемін. Сенің Менен басқа ешқандай тәңірлерің болмасын!
Аспанда, жерде не суда бар нәрселердің ешқайсысынан өзіңе тәңір бейнелерін жасама!
Құдай Иеңнің атын орынсыз аузыңа алма!
Демалыс күнін Тәңірге бағыштауды ұмытпа!
Ата-анаңды сыйла!
Кісі өлтірме!
Неке адалдығын бұзба!
Ұрлық жасама!
Ешкімді бекерге айыптама!
Басқаның үйіне ие болуға сұқтанба!
(Мысыр. шығу 20:1-17)
Сонымен сен Құдай бұйырған бұл заңға мойынсұнуға тиіссің. Екіншіден, Құдай адамдардың барлығына Өзінің заңын жазба түрде берген болмаса да, әрбір адамға ар-ұждан берілген. Ал ар-ұждан дегеніміз — бүкіл әлемдегі адамдарға Құдайдың заңындағы талаптарды білдіріп тұратын өз ақыл-саналарындағы түйсік. Құдайдың елшісі Пауыл Інжіл шарифте дәл осыны былай деп айтып кетті: «Таурат заңы жоқ басқа ұлттар өз еріктерімен оның талаптарын орындаса, онда олар өздерінің сол заңсыз-ақ не істеп, не қою керек екенін білетіндіктерін көрсетеді. Осы арқылы олар Таурат заңының талаптарының өз жүректерінде жазулы екенін дәлелдейді. Бұған олардың ар-ұждандары куә, яғни оларды іштей қаралайтын немесе ақтайтын осы ұждандарынан туған ойлары куә» (Рим. хат 2:14,15). Адам Құдайдың заңында жазылған талаптармен таныс болмаса да, өзінің ар-ұжданы арқылы Құдайдың талаптарын: жалған тәңірлерге бағынбау, ата-ананы сыйлау, ұрлық жасамау, өтірік айтпау, басқаларды алдамау қажет екендігін біледі. Осы себепті, Құдайдың заңында жазылғанды білсе де, білмесе де, әрбір адам осы заңдарды бұзғаны үшін Құдайға жауап беруге тиіс.
Мұрат, бұрынырақ сен кейбір істерді істеуге болмайтынын біле тұра істеп, ал өзің істеуге тиісті істерді істемейтініңді айтып мойындаған едің. Демек, сен білген әділ ережелерді орындап келген жоқсың, сол үшін сен Құдайға жауап беруге тиіс боласың.
Сонда қалай, менің жақсы істерімнің пайдасыз болғаны ма? Жақсы адам болып өмір сүрсем, бұған Құдай риза болмай ма?
Сенің өмір бойы істеген істеріңнің барлығы, біреуі қалмай, жақсы да дұрыс болған жағдайда ғана олар Құдайдың алдында пайдалы болар еді. Кімде-кім күнәсыз өмір сүрсе, Құдай оны соның негізінде-ақ қабылдайды деп Киелі кітапта жазылған. Басқаша айтқанда, егер іс-әрекетіңнің барлығы Құдайдың заңына толық сәйкес болса, онда Құдай сені сол үшін жұмаққа қабылдайды.
Сонымен Құдай пенденің істеген жаманы мен жақсысын таразылап, қайсысы басымырақ екен деп қарап отырмайды. Құдайдың пендеге қоятын талабы —- мінсіз кемелділік. Егер сен осы мінсіз кемелділіктен иненің жасуындай ғана мөлшерге ауытқысаң, болды, Құдайдың талабын орындамаған болып шығасың. «Бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды» деп Киелі кітапта жазылған (Рим. хат 3:23). Мұндағы мәселе адам баласы күнәны көп жасады ма, аз жасады ма дегенде емес. Адамның күнә жасағандығының өзі оны Құдайдың талап еткен мінсіз кемелділігінен жұрдай қылады.
Ал Құдайдың бізден мінсіз кемелді бол деп талап етуі дұрыс па?
Енді, Ол біздің Жаратушымыз ғой... Біздің Жаратушымыз болғандықтан, Ол бізден барлық нәрсені де талап ете алады. Және біздің бұған шағымдануға құқығымыз жоқ. Алайда Киелі кітапта Құдайдың шексіз әділ екендігі туралы айтылған. Барлық жағынан болғандай, әділдік жағынан да Алла Тағалаға ешкім тең келе алмайды. «Жаратқан Ие әділ, Ол ешқандай әділетсіздік істемейді. Әрбір таң атқан сайын Өзінің әділ сотын жүргізеді, Ол ешқандай қате жібермейді» (Софони 3:5).
Ал шындығында Құдай бізге Өзінің алдында кемелді болу үшін қоятын талаптарына сәйкес келуге бір мүмкіндік берді. Ол мүмкіндік — Құтқарушы Исаға сену.
Бұл да дұрыс емес. Құдайдың талаптарын орындау үшін мен неге Исаға сенуім керек?
Ал бір кұрделі аспапты құрастырғанда, жақсы жұмыс істесін десең, оны неге нұсқауларға сүйеніп құрастыру керек? Компьютерді жұмыс істету үшін неге дұрыс түймелерді басу керек? Бұлар да дұрыс емес пе? Әрине, жоқ! Сол кұрделі аспапты немесе компьютерді ойлап шығарғандар оларды белгілі бір шарттар орындалғанда ғана жұмыс істейтін етіп шығарған.
Құдай да бізді осылай жаратқан. «Жақсы жұмыс істеп», яғни Өзі белгілеген талаптарға сәйкес болуымыз үшін не істеу керектігін Құдай Тағала бізге білдірген. Оның бізге қойған талаптарын орындау өз мүмкіндігімізден артық болмағандықтан, Оның бұндай талап қоюы орынды. Негізінде сенде мына екі мүмкіндік бар: не өз күшіңмен, не Исаға сену арқылы кемелділікке қол жеткізу. Егер өз күшіммен жете алмаймын деп санасаң, онда екінші жолды таңдап ала аласың. Ал егер, керісінше, екінші жолды жақтырмай, алғашқысын таңдап алсаң, ол үшін өзің жауап бересің. Бұл жерде ешқандай әділетсіздік жоқ.
Киелі кітапта ешбір адам баласының өз күшімен Құдайдың қоятын талаптарына сәйкес келе алмайтыны нақты айтылған. Ол еш адам баласы жұмаққа өз күшімен бара алмайды, ізгі істердің де бұл мақсатқа жеткізетін күші жоқ дейді. Ізгі істер арқылы Құдаймен тығыз байланыс орнату мүмкін емес. Оған қол жету үшін құн төлеудің қажеті жоқ. Ал шынында Иса Өзінің пәк өмірін біз үшін құрбан еткені арқылы соның құнын төледі.
Рас, мен бұрынырақ күнә жасайтынымды мойындаған едім. Бірақ та мен сондай бір шектен шыққан жаман күнәкар да емеспін ғой. Құдай Гитлер сияқтыларды тозаққа жіберсе, бұл әбден дұрыс. Бірақ Гитлер кім, мен кім? Азын-аулақ күнәларым болса да, олар сондай зор емес қой.
Өз күнәларыңды өзің азын-аулақ деп кішірейткеніңмен, Құдайға олай көрінбейді. Түсінесің бе, Құдай біздің күнәларымыздың басқаларға қаншама зиян келтіргеніне онша назар аудармайды, Оның назар аударатыны — сенің күнә жасау арқылы Оны лайықты түрде қастерлемегенің. Құдай Жаратушымыз болғандықтан, біздің Өзін толық қастерлеуімізге лайық. Ал егер күнә жасасаң, демек, Оны тиісінше қастерлемейсің деген сөз. Ал бұл енді өтірік айту, ұрлау, алдаудан әлдеқайда ауыр іс. Осы себеппен Исаның туған інісі Жақып Інжіл шарифтегі хатында былай деп жазған: «Тіпті бүкіл Таурат заңын орындай тұра, бір жерінде сүрінген адам оны түгел бұз- ғандай айыпты» (Жақып. хаты 2:10).
Мүмкін, сен өзіңнің күнәларыңды аса ауыр емес, майда-шүйде бірдеңе деп ойлайтын шығарсың. Бірақ Құдай олай ойламайды. Егер Құдай олай ойласа, күнәларыңның құнын өтеу үшін Өзінің рухани Ұлын өмірін құрбан етсін деп жібермес еді.
Алайда мен Құдайды қастерлемейтін біреу емеспін!
Күнә жасау дегеніміздің өзі — Құдайды қастерлемеу. Ал егер сен шынымен Құдайды қастерлейтін болсаң, онда Құдайга келудің жалғыз жолын қабылдауың қажет. Бұл жол — Исаға Құтқарушы Ием деп мойынсұну.
Құдай бұны шынымен айта ма?
Бұдан бұрынырақ біз Исаның Өзін Құдай жіберген Құтқарушымын деп атап, бұл сөзін өлімнен қайта тірілуі арқылы дәлелдегенін көрген едік. Оның не айтқаны есіңде ме? «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды» (Жохан 14:6). Петір елші де халыққа: «Исадан басқа ешкім де бізді (Құдайдың қаһарынан) құтқара алмайды! Аспан астында бізді құтқаратын басқа ешкімнің есімі адамдарға бұйырмаған!» — деген (Елшілер. істері 4:12).
Құдай әрбір адам баласына Иса арқылы құтқарылуды ұсынады. Құтқарылудың бұдан басқа жалғыз жолы Құдайдың заңын мүлтіксіз орындау болар еді. Бірақ ешбір адам баласының мұны істеуге қауқары жоқ. Ал осы екеуінен өзге құтқарылудың ешбір жолы жоқ. Исаға сеніп мойынсұну арқылы құтқарылуға мүмкіндік беруі Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігінің қаншама зор екендігін көрсетеді. «Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады. Құдай Өзінің рухани Ұлын адамзатты соттауға емес, құтқаруға жіберді. Оған сенушілер қияметте сотталмайды, ал Құдайдың жалғыз рухани Ұлына сенбейтіндер әлдеқашан сотталған» (Жохан 3:16-18).
Достарыңызбен бөлісу: |