Науки юношей питают,
Отраду старым подают,
В счастливой жизни украшают,
В несчастный случай берегут;
В домашних трудностях утеха
И в дальних странствах не помеха.
Науки пользуют везде:
Среди народов и в пустыне,
В градском шуму и наедине,
В покое сладки и в труде...-деп, бітірді.
«Бұны мен емес, ұлы Ломоносов айтқан» деді трибунадан түсіп бара жатып. Сол-ақ екен зал іші дүр ете түсті. Қол соғылып жатыр. Зиялы қауым, ғылыми орта бір сөзбен айтқанда жас жігіттің талабына да, талантына да тәнті болды. Қол соғуларын тоқтатпай қойған соң жиналысты жүргізіп отырған адам: «тоқтаңыздар, тоқтаңыздар, концертте отырған жоқсыздар ғой, бұл ғылыми кеңес!» деп, әрең дегенде дамылдатты. Ақырында, Есенов Шахмарданның бұл ғылыми жаңалығы Мәскеу ғалымдарынан қолдау тауып, Жезқазған кенінің «жаңа картасы» жасалатын болды. Жасалынды да. Бұл жаңалық «Жезқазған типтес кен орындары», «Жезқазған әдісі» аталынып, барша Кеңестер Одағында геология ғылымының айналымына түсті.
Геолог-барлаушы, инженер жас Шахмарданның Жезқазған жеріндегі алғашқы үлкен жетістіктері мен жеңістері, міне, осылай басталып еді...
Жезқазғанда алғаш рет жер қойнында жатқан байлықты бұрынғы таптаурын болған әдіспен емес, ендігі жерде жаңа технологиялық әдіс-бұрғылауды бір-біріне қапталдата орнатып, бұрынғыдай біреу-екеу мұнара емес, қатар-қатар кен мұнарасын тұрғызып, байлықты түптеп, ауқымын кеңейтіп іздеуді қолға алды. Бұл өте тиімді әдіс болып, кен байлығын өндіру Жезқазған жерінде жедел өсті. Нәтижесінде Сарыарқа төсінен Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақбай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас мыс кеніштері және Жыланды, Қумола көгілдір асбест... теңдесі жоқ кен орындары ашылды.
Жезқазған жеріндегі Шахмарданның айтарлықтай атқарған бір ісі—жер асты теңіз көзін тауып, ауыз сумен халықты қамтамасыз ету болды.
Айналасында гүрілдеп аққан өзен мен көгілдір көлі болмаған соң Жезқазған тұрғындары мен өндіріс орындары судың тақсіретін тартып отырғалы талай жыл. Сусыз өмір, өмір ме? Жер бетіндегі тіршіліктің өзі су ішінде басталмап па еді?! Олай болса халықты бұлай қинауға болмас, су көзін табу керек деп Шахмардан геологтарына жаңа мақсат қойды. Жері таулы- қыратты, Ұлытауды айнала ағып жатқан жылғалы бұлақ аз емес. Ғылымға жүгінсек мұндай аймақта жер асты су көзінің болмауы мүмкін емес, тек таба білу керек. Бұл мәселе геологтар алдына бұдан бұрын да талай қойылған. Бірақ, үнемі бастауын бастағанмен аяқсыз қалып, кейінге шегеріле берді. Енді, шегіне жеткен су проблемасы шегінерге жер қалдырмай тұр. Жезқазғанда өндіріс ошақтары көбейді, қала өсті, халық көбейді. Суға деген мұқтаждық өсті. Мұқтаждықты жоюдың жолы—су асты көлдер көзін табу. Осындай сауапты да, салиқалы міндет Шахмардан экспедициясына жүктелді. Тапсырманың маңыздылығын түсінген олар оны орындауға құлшына кірісті.
Жер асты суын айлап, жылдап іздеді. Ғылыми тұжырымдарға сүйенді, халық сөзіне құлақ түріп, ескі, көзі жабылып қалған бұлақ пен өзен табандарын іздеді. Не керек, күндердің бір күнінде Жанай мен Айдос мекенінен тап-таза, мөп-мөлдір су аспанға атылды. Ойхой, ол күнгі жезқазғандықтардың қуанышында шек болған жоқ. Шахмардан бастаған геологтарға айтылып жатқан алғыс пен марапатта шек болсайшы. Енді қайтсін, өмір бойы суға жарымай Артынша жер-жерге құбыр тартылып, көп қабатты үйлерге алғаш су кіргізілді, өмір гүлденіп, тіршілік мәнденіп қалды. Рудниктер мен көптеген шахталар суға «тойып», халық бау-бақша салып, көкке ауыздары тиді. Осы еңбегін бағалап оған «Жанай мен Айдостан су көзін тапқан Бас геолог» деген диплом берілді. Бұл марапаттың жас Шахмарданға берген құш-қайраты аз болған жоқ. Іштей ол да: «халықтан алған алғысқа ештеңе жетпейді» деп, түрленіп қалған-ды.
Шахмардан Жезқазған мен ұлы Ұлытау арасын, тораңғылы толған дала мен ақселеуі желкілдеген кер жазықты оңды-солды кезді, сырын ішіне бүгіп жатқан жер қабатын зерттеді, көңіл көзін жүгіртті. Жастың талабын көрген, белсенділігін байқаған, біліміне сенген басшылар оны аз уақытта отряд геологі қызметінен аға геолог қызметіне көтерді. Барлау жұмысының көп сырларына қанықты. Институтта жақсы оқыған ол «бәрін білемін» деп жүргені бекер, кітап теориясынан дала «теориясы» жұмбақтау, кей тұста алшақтау екенін түсінді.
Біртіндеп-біртіндеп Шахмардан алдынан геологиялық барлаудың түрлі проблемалары шыға бастады. Шешуге ұмтылды, бастамашы болды. Ол Жезқазған кенді аймағының ірі масштабты геологиялық болжау картасы сызылып, онда мыс, қорғасын және мырыш рудалары таралған аудандардың шекаралары айқындалып, олардың таралу географиясы бұрын белгілі болған кенді аймақтан да сыртқары жатқаны анықталды. Осыған орай Шахмардан тың ойларын ұстазы Қаныш Сәтбаевқа айтып, ақылдаса келіп Мәскеу мен Алматының тиісті министрліктерінің алдына мәселе етіп қойды.
Бұл істің мән-жайын жақсы білетін ғалымдар, академиктер С.М.Қожахметов пен Х.А.Беспаев былай дейді:
«- Алғашқыда отряд геологы қызметінен бастаған ол аз уақыттың ішінде аға геолог дәрежесіне дейін көтеріліп, көп кешікпей экспедицияның Бас геологы, ал, 1957 жылдан бастап Қазақстан және сол кездегі Одаққа белгілі аса ірі Жезқазған кешенді геологиялық экспедициясының Бас инженері қызметін атқарды.
Ұлытау-Жезқазған өңірінде жүргізілген геологиялық жұмыстарды Ш.Есенов 11 жыл бойы үзбей басқарып, мыс, түсті металлдардың республика бойынша аса ірі шикізат қорын жасауға үлкен ықпал жасады. Оның тікелей инициативасы және басшылығымен 50-ші жылдарда Жезқазған кенді аймағының ірі масштабты геологиялық болжау картасы сызылып, онда мыс, қорғасын және мырыш рудалары таралған аудандардың шекаралары айқындалып, олардың таралу географиясының кенді аймақтың территориясынан да сыртқары жатқаны белгілі болды.
Міне, осы болжамға қарап, сол кезде Жезқазғанның айқындалған қорын 3-4 есе ұлғайтуға болатындығы жайында тың идея туды. Келешегі жоғары саналатын аудандарда қолда бар күшпен жан-жақты толық бұрғы салып барлау жұмысын жүргізу мүмкін де емес еді, әрі көп уақытқа созылатыны белгілі. Осыған орай перспективасы жоғары аудандарды небәрі 10 жылдың ішінде барлау үшін Шахмардан Есенов экспедицияның басқа да басшыларымен келісе отырып, бұрғы жұмысының көлемін (бұрғылау техникасын) 5 есе арттыру мәселесін алға қойды. Осындай батыл ұсынысты Ғылым Академиясы (Қ.И.Сәтбаев) және Қазақ ССР-інің Геология және жер қойнауын қорғау министірлігі де қолдады. Қуатты бұрғы техникасын, 100-ден артық бұрғылау агрегаттарын пайдалану, Жезқазғандағы мүмкіншілікті барынша арттырды, сонымен бірге 60-шы жылдардың басында Ш.Есенов басқарған геологтардың болжауы таңқаларлық дәлдікпен анықталды. Бұл Жезқазғанның сол кездегі қорын 2,5-3 ұлғайтуға мүмкіндік берді, оны кейінгі жылдарда кен орындарында жүргізілген бас есептеу нәтижесі көрсетті. Осы кезеңде Жыланды мыс кендерінде (Итауыз, Сарыоба, Қарашажақ, Қыпшақбай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас,т.б.) барлау жұмыстары жүргізіліп, олардың болашағы айқындалды. Осындай аса ірі көлемде жүргізілген жұмыстарының нәтижесі үшін «Ш.Есенов кен орындарын алғаш ашушы» деген дипломын алды.
Шахмардан Жорабекұлы өзінің Жезқазған өңірінде жасаған қызметі кезінде мыс кен орындарын барлау және бағалау жұмыстарымен ғана айналысып қойған жоқ, сол сияқты басқа да металлдар кен көздерін ашуға барынша ат салысты: кендіртас, марганец, полиметалл, никель, кобалть, темір, тағы басқа да металлдар қорларын айқындады. Осы кезе ол үлкен әрі бағалы жаңалық ашты: кен орындарына жан-жақты тексеру және барлау жұмыстарын өзі арнайы жасаған әдістемесі бойынша жүргізді. Осы әдіс бойынша аса ірі стратегиялық маңызы жоғары родусит-кендір тасы бар Қумола кенін анықтады. Елімізде оны «Жезқазған түрі» деп атады. Айта кететін бір жәйт Ш.Есенов жүргізген кен орындарының барлау және бағалау әдісі сол кезде қолданылып жүрген құжаттардың нормасы мен талаптарына мүлде кереғар болатын, бірақ жаңа әдістеменің уақытты тиімді пайдаланып, үлкен экономикалық жетістіктерге жол ашатыны белгілі болды. Осындай жаңа барлау әдістемесінің кен орындарын барлау және бағалауда бұрыннан қолданылып жүрген құжаттар талаптарына қайшылықтарына қарамастан Қумола өңіріндегі кендіртас кен орындарының жаңа әдіспен есептелген қоры СССР Мемлекеттік Қор комиссиясында бекітілді. Осылай родусит-кендіртас кен орыны өте қысқа мерзім ішінде өндіріске енгізіліп, Шахмардан Жорабекұлының әдістемесі бұрынғы Одақтық геология салалары бойынша негізгі құжат болып қабылданды...
Көп жылғы қажырлы еңбегі және аса білікті инженерлік қызметі, кенді аймақтың байлығын ашу бағытында жан-жақты кең ауқымды және кешенді жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары, минералды ресурстарды тездетіп іске қосу, игеру, басқа да көптеген кезегін күтіп тұрған проблемаларды дер кезінде шешуі—ол үшін тамаша өмір мектебі болды. Практикалық жұмыста жинақтаған бай тәжірибесін, терең ғылыми білімін және ұйымдастырушылық талантын Ш.Есенов кейінгі жылдардағы лауазымды қызметтерінде де толық пайдалана білді...»
***
Зымыран уақыт бір сәтке артына қарайлап тоқтасайшы. Жоқ, оның тоқтауға мүмкіндігі жоқ. Табиғат заңы солай. Сол заңмен ол өз шығырында шыр айнала береді. Шахмардан: «Барлау... Ұлытау... Жезді... алтын, күміс, мыс, жез...» деп жүргенде біраз жылдардың өтіп те кеткенін байқамапты. Бұл кезде Кәмила мектепте оқу ісінің меңгерушісі болатын. Шәрипа ана тұңғыш немересі Шайзаданы бауырына басып, қызық көрген кезі. Ендігі тілегі жалғызымның ізін жалғайтын бір ер бала болса деп армандап, іштей тілейді. Жаратушы көп ұзамай Шарипаның тілегін берді, екінші немересі ұл болып, атын ырымдап, мақсатты, мұратты болсын деп «Мақсұтбек» қойды. Оның соңынан Ескендірбек, Сұлтанбек келді өмірге.
Сол бір жылдардың естелігін Кәмила апайдың аузынан естігіміз келіп, әңгімеге тарттық. «Е, несін сұрайсың, қалқам...» деп, жеңіл ғана күрсініп алды да:
--Шахаң, «Өтті де кетті-ау қайран бір, көктемгі тасқын суындай» деп, Тургенов өлеңін соңғы жылдары жиі еске алып, айтып отыратын. Сол секілді бәрі де өтті де кетті ғой. Өткен өмірге өкінуге хақым жоқ, тек Батырдың өмірден ертелеу кеткені болмаса.., - деді, көңілі жабырқап. Біз «Батырым» деп кімді айтып отыр екен деп, енді сұрақ қоя бергенімізде: - бәрі түсінікті болу үшін әңгімені басынан бастайын, қалқам. Біз де жас болдық, біз де ғашық болдық, Батыр сөзіне де, ісіне де берік жігіт екенін дәлелдеп, мен институтты бітіргенше күтті, ақырында үй болдық, балалы-шағалы болдық.
Олар төрт жігіт: Темеш, Ғазиз, Далабай, Батыр (Шахмардан) Алматының Кен-металлургия институтын бір жылда бітіріп Жезқазғанға бірге келді. Айналайын, сен мені дұрыс түсін, тіршілікте бақырайтып-бадырайтып «Шахмардан!» деп атамай «Батырым» деп кетіп едім. Көзі жоқ болса да солай атаймын әлі. Оның сыры мынадай. Жаңадан келін болып түсіп, жат ортаға енді-енді үйреніп жатқан кезім. Әлгі төрт дос байқастап қарасам бірін-бірі «Батыр» деп атайды екен. Қандай жақсы. Қазақ айтпай ма, «Өсер елдің баласы бірін бірі батыр дер, өспес елдің баласы бірін бірі қатын дер» деп. Олардың бір-біріне деген мұндай ілтипаты маған қатты ұнады. Өсер елдің ұлдарын көргендей қуандым. Қарасам олардың әйелдері де ерлерінің есімін атамай бәрі «батыр» дейді екен. Бізден басқалары үйлі- баранды, балалы- шағалы болып қойған. Содан мен де Шахаңды «Батыр» деуге көштім. Бір қызығы, «Батыр» деп атау екеуміздің арамызда бір жола қалып қойды. Шынында да Шахаң «Батыр» деген атқа ылайық еді. Бойы да, ойы да сай азамат еді-ау...
Несін сұрайсыз, ол жылдар біздің өміріміздің ең бір тәтті, қызықты кезеңі. Қызық. Бірде олардың бір жолдасы брезент туфли сатып алыпты. Тапшылық кез ғой, теріден тігілген туфлиге ақша қайда. Содан оған Батырлар жу да, жу деп қоймайды ғой баяғы. Таңертең қарасам әлгі жігіт брезент туфлиін арықтың суына жуып отыр. Маған: «Кәмилаш, сенің Батырларың оңбайды... қарашы, кеше ғана алған брезент туфлимді батпаққа батырып... «жаңа затты жуу керек» деп, қояр да қоймай жуғызды, алған бағасынан үш есеге асып түсті. Солай да бола ма, Кәмилаш!... Ең болмаса кожынный болса да өкінбес едім ғой...әй, бұл батырлар ма, батырлар...» деп қойып, өзі шиқ- шиқ күледі.
Жас адамның әр күні қызыққа толы болады екен. Есейе келе ғой, балалар өсіп, түрлі проблемалардың шығатыны. Біздің жастық шағымыз бәрінен де қызық болған секілді. Әрқайсымыздың соңымызда екі-үш баладан, не керек «құстың базары» сияқты улап-шулап бір-біріміздің туған күнімізді, мерекелерді бірге өткіземіз. Әсіресе, «Батырларымыздың» бір-біріне деген достығы мықты болды, қайда барса да жұптарын жазбай, төрт жігіт қатар жүретін. Олар отырған той-жиын, отырыс қызықты, думанды өтетін, Батырлар ән де айтатын, биді де билейтін. Қалжыңды қандай әдемі айтушы еді. Әйтеуір, жатқан бір қыран-топан күлкі болатын. Шіркін-ай, десеңізші, Абай айтпай ма, «бұл өмір қызығыңды білдірмей ұрлайды» деп. Ақыры солай болды.
Қалқам-ай, айтып-айтпай не керек, төртеуі де дарынды, өз істерін жетік білетін мықты маман, қызметтеріне белсенді, берік болды. Соның нәтижесі шығар, мысалы, Темеш (Садуақасов) көптеген шахтаның бас инженері, басқарма бастығы болды. Жезқазған қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, сосын, Орталық Комитетте ауырөнеркәсіп бөлім бастығының орынбасары, бір жылдары Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы, Түсті металлдар министрлігінде министрдің орынбасары қызметін атқарды. Осы қызметтен зейнеткерлікке шықты. Ол Еңбек Қызыл Ту орденімен үш рет марапатталды.
Ал, Ғазиз (Омаров) болса өзі Ұлытаудың тумасы болатын. Қызметті смена бастығы, сосын Бас инженер болды, шахта басқармасының бастығы, «Жезқазғанкенбайыту» басқармасында партия комитетінің хатшысы, ал, 1966 жылы жаңадан «Жезқазғаншахтапроходка» тресі құрылып, сонда бірінші басқарма бастығы болды. Осы қызметте ол 21 жыл істеп, зейнеткерлікке шықты. Кейіннен «Қазақмыс» болып құрылған кезде тау-кен мәселесі бойынша корпорация президентінің кеңесшісі қызметін атқарды. Оның көп жылғы жиған тәжірибесі мен білімін жаңа басшылар пайдалана білді. Көптеген орден, медалдармен марапатталды, Социалистік Еңбек Ері атанды.
Тау-кен саласында маркшейдер деген мамандық бар. Далабай (Ешпанов) еңбек жолын осы мамандықтан бастады. Бірақ бұл жерден оны атақты кенші Байқоңыров бір шахтаға учаске бастығы, сосын бас инженер етіп жіберді. Себебі, сол кезде жаңадан табылған бір әдісті, тәсілді кен байыту жұмысына тез енгізу керек болып, бұл міндетті Далабай ойдағыдай орындап шықты. Бұдан кейін оны Шығыстағы «Түрліметаллкенбайыту» комбинатына директор етіп жіберді. Ол «Жезқазғанкенбайыту» басқармасында Бас инженер, Ақшатау «Тау-кен металлургия», Балхаш «Таукенметаллургия» комбинатында директор болып қызмет атқарды. Далабай СССР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды, Қазақстанның Еңбек сіңірген кеншісі деген де атағы бар.
Ал, Шахаңды білесіз, сол кездің ең жоғарғы марапаттарының бірі- Лениндік сыйлықтың лауреаты атанды. Кейде ойланып отырамын да, біздің жігіттеріміз қандай мықты болған, батыр десе батыр екен-ау өздері деп қоямын. Тау- кен мамандығының нағыз майталмандары бола білді, төртеуі де. Бүгінде балаларыма, немерелеріме айтып отырамын. Бәрі де әруаққа айналып кетті. Жатқан жерлері жайлы болсын, жарықтықтардың...
...Төрт баламыз да сол Жезқазғанда дүниеге келді. Ол жақтың қысы қатты ғой. Бұрғылау станоктары қатып қалмасын деп Батыр түнде бір аралап келетін. Даладағы аяздан үсті-басы аппақ қырау-қырау болып үйге кіріп келгенде балалары: «Аяз ата келді, аяз ата келді!» деп, алдынан шұрқырай шығатын, мәз болатын. Дәл осындай сәттерде Батыр мен анасы өздерін ең бақытты жандардай сезінетін. Оларға қарап менің де жүрегім қуанышқа толатын. Апам жарықтық «тәубасын» тауысқан емес, өмір бойы жалғыз үлының, немерелерінің тілеуін тілеумен өтті. Баласы жалғыз болып, баланың кемдігін көргеннен болар деп ұғатынмын. Өзі жалғыз өскен соң ба білмеймін, Батыр балаларын өте жақсы көрді, бірақ беталды еркелетпеді. «Өмірге әкелдік пе, жақсылап тәрбиелейік, Батыр» деп, қатты айтсам ренжіп қала ма дегендей ойын еркелете тұрып жеткізетін маған. Пейілін түсіндім де, балалардың басы көбейген соң мектептегі оқу ісінің меңгерушілігі қызметімді қоя қойып, үй шаруасымен айналыстым, анамызға қарадым.Батырдың анасы алтын адам еді, жалғыз баламның әйелі ғой деді ме білмеймін, еш ренжіп, бетіме келген емес. Айтар ақылын аялап, жұмсартып қана жеткізетін. Бір үйдің қызындай тату-тәтті өмір сүрдік...
Мына бір оқиға дәл кешегідей көз алдымда тұрады да қояды. Ер баламыз Мақсұтбек өмірге келгенде апам да, Батыр да қатты қуанды. Түсінікті ғой. Біреуінің баласы жалғыз, біреуінің өзі жалғыз. Тіршіліктің жалғасы келгендей қатты қуанды. Бір күні Батыр жұмыстан келе сала:
-Апа, Жорабектің ұрпағын жалғастыратын Мақсұтбек деген ұлды дүниеге әкелген келініңізге сый-сяпат жасауға рұқсат етіңізші, -деді, дәу тұлғасын қайда тығарын білмей, еңкейіп, анасына жалт-жалт қарап, балаша еркелеп. Ол кісі не болғалы тұрғанын аса түсінбесе де, әйтеуір, «рұқсат, рұқсат, құлыным!» деп жатыр. Бір кезде Батыр қалтасынан алтын сағат алып менің қолыма тақты, шифон матаны иығыма жапты. Кімнің әйелі ұл бала таппай жатыр дейсің,қалқам! Батыр өзінің жалғыздығын кей-кейде сезініп, соғыстан оралмаған ағасы Шаһйзаданды есіне алып, мұңайып қалатын. Мақсұтбекті өзіне серік, таяныш болатын болды-ау деп қуанған түрі ғой. Мен апамнан ыңғайсызданып көйлекті Сіз киіңіз деп жатырмын..,- деді де Камила апай үнсіз отырып қалды. Біз бұл үнсіздікті бұза алмадық. Салықов Кәкімбек ағамыз айтпай ма, «өмір кездесу мен қоштасудан тұрады, ал, оның арасын жалғап тұратын сағыныш деген асыл бір сезім бар» деп. Кәмила апайдың Батырына деген бүгінгі сарғайған сағынышы сол күндерге бастап әкеткенін сездік те үндемедік. Бір кезде өз-өзіне келіп:-- Содан біздер, бас-аяғы Жезқазғанда 11 жыл тұрып, жора жолдас, дос, ағайын-туыс тауып Алматыға оралдық. Себебі, 1960 жылы Қазақстан Геология министрінің орынбасары болып тағайындалды Батыр...».
***
Елуінші жылдардың аяғында Есенов Шахмардан есімі Жезқазған өңірінен асып, білгір геолог-барлаушы, геолог-инженер ретінде барша Қазақстанға есімі таныла бастады. Қашанда ел үшін еткен еңбегіңе баға беріп, бақылап отыратын саяси басшылық қой. Облыс басшыларының қолдауымен, халықтың ілтипатымен ол 1953 жылы Жезқазған аудандық Кеңесінің депутаттығына ұсынылды, сайлады. Одан соң 1955 жылы Жезқазған қалалық Кеңесінің депутаты, халық қалаулысы атанды. 1959 жылы Шолақтау сайлау округі бойынша депутаттыққа түсіп, сайланды. Ал, 1960 жылы Бүкілодақтық «Білім» қоғамының мүшесі болу құрметіне ие болды. Не керек, Шахмардан орда бұзар отызына ылайықты белсенді әрекеттерін көрсетіп, өмірге деген жалынды құлшынысын, іскер ұйымдастырушы екенін танытты.
Және Шахмарданды өз ортасынан оздырып тұрған оның білімділігі мен сөзге шешендігі еді. Онымен қай тақырыпта болса да шешіле отырып сөйлесіп, көсіле тұрып пікір таластыруға болатын-ды. Онымен жұмыс бабында болсын, жора-жолдастың ортасында болсын арласу өте қызықты, көңілді және өзіңе сабақ алатындай салиқалы бір әңгіме еститінсің. Мұндай пікірді бізге әріптес, қызметтес болғандар көп айтты. Күн сайын қасында болған жары Кәмила апай айтады ғой: «Шахмардан жүрген ортасын, отырған айналасын күлкіге көміп отыратын» деп.
Көптің көкейінде қалу үшін, көпке бір нәрсе айту үшін өзің бір нәрсе біліуің керек қой. Ал, Шахмарданның шын мәнінде білері көп еді. Ол әке мен анадан келген зеректік пен алғырлықты біліммен толықтырды. Тағы да Кәмила апай айтады:«күнделікті газет-журналдарды, қазақ жазушыларының шығармаларын, шет ел әдебиетін үзбей оқитын» деп. Ойлап қарасаңыз, бұл оның ішкі жан-дүниесінің сұранысы, сол сұранысты қанағаттандырудан туған жақсы қасиет екен. Әлкей Марғұлан айтқандай-ақ: «Білеміз! Білген соң айтамыз да». Көп оқыған адамның көп білетіні заңды. Шахмарданның көп оқығанын да, көп біліетінін де оның жазған хаттарынан, жасаған баяндамаларынан, айтқан әңгімелерінен көрдік, көзіміз жетті, таныдық.
От басында, жары Кәмиланың қолында Шахмардан ағаның қолжазба-құжаттары мол. Сол құжаттардың ішінен мына бір мақала назар аудартпай қоймады. Геолог ғалым бұл мақаласында Қазақстанның бар байлығын қолмен қойғандай етіп, талдап, таратып, бүгіні мен болашағын болжамайды, нақ айтады. Таң қаламыз, біздің еліміз қандай бай мемлекет деп. Есенов айтқандай: «сондай байлық үстінде отырып біз неге қайыршымыз?» деген сұрақ біздің де көмейімізге келіп кептеле береді. Оқып көріңіз, Сізге де қызықты болады, өзіңіз бұрын біле бермейтін Қазақстанның кен байлықтары жөнінен мағұлымат алап, көзіңіз көп нәрсеге ашылады.
Достарыңызбен бөлісу: |