...бірақ жас ұлғайған сайын шабан тартып, кедергілер көбейіп, көңілің түсіп, құлшынысың азая береді екен..,--деп, Қаныш ағасы әңгімесін аз-кем тоқтатып тұрды. Қаншама адамдардан көрген қиянат пен қызғаныштан туған жала-жапасы «мені де айт!» деп, кеудесін тепкілеп, дабыл қағып тұрса да табиғат берген сабырлығы мен салқын ақылына салып сыр шашпады. Қиянат жасап, тырнақ астынан кір іздеп, тіптен қуғын-сүргінге салған адамдар атын атап, түсін түстемеді. Ондағысы, жаны таза, арманы асқақ, тіршілік қарекетіне енді араласқалы отырған жастың санасын уландырғысы келмеді. Одан көрі болашақтың мақсатын, ғылым жаңалықтарын айтқысы келді. Әрі қарай әңгімесін жалғап:
--Айналайын Шахмардан, Қазақстан территориясына: Англия, Франция Испания, Австрия, Бельгия, Голландия, Дания тәрізді жеті мемлекетті орналастыруға болады. Ол өзінің шетсіз, шексіз кеңдігімен ғана емес, кен байлығымен де әлемді таң қалдырады. Қазіргі Қарсақбай, Жезқазған, Қоңырат, Қарағанды, Шымкент қорғасын зауыты, Ақтөбе химкобинаты—Бүкіл Одақ көлемінде алыптар санатында тұр. Ұлы Отан соғысында жауға қарсы атылған он оқтың тоғызы Қазақстанда жасалынды. Қазақтың кең байтақ даласы, оның бұйра құмдары мен тау-қыраты толған алтын мен күміс, жез бен мыс, көмір мен мұнай... Кезінде ол шеті мен бұл шетіне ұшқан құстың қанаты талатын кең алқаптың асты, жер қойнауы кенге толы. Бейне бір алып қойма ма дерсің. Тек соны таба біліп, ел-халық игілігіне жарату керек. Атақты орыс ғалымы Ломоносовты білесің, оқыдың, сол кезінде «Россия жерінде сан жетпес байлық бар, оны игеру үшін ғылым керек!» деп халқына ұран тастаған. Соның нәтижесінде Архангельский, Губкин, Обручев, Ферсман, Усовтар сонау-сонау Палеозой эрасынан бері жер-ана қойнында сақталып келген асыл қазыналарын қалай танып, қалай табудың жолдарын көрсетті...
Ал, мына маң далаға талайлардың көзі баяғыда, сонау-сонау көне замандарда-ақ түскен. Осыдан 2400 жыл бұрын грек тарихшысы Геродот бір сөз айтып кетіпті: «Арал теңізінің алқабында сақ, массагет деген елдер бар. Қола мен жездің молы соларда. Өз жерінен қазып алады.» деген. Осы ата-қонысты мекен еткен Бағаналы елі жерін—Жезқазған деп қойыпты. Қай кезде, қандай атамыздың қазғанын дөп басып айту қиын, ал, бірақ бір шындық бар, ол—түрлі кен байлығының молдығы.
Менің жастық шағымның ең бір қызықты кезеңі осында-Жезді, Ұлытауда өтті. Таисия Алексеевна екеуміз рюкзагімізді иығымызға асына салып дала кезіп кететінбіз,-- осы тұста Қаныш аға тағы да біраз үнсіз отырып қалды. Заңды, ешбір алаңы жоқ, арманы көп жылдар «мен мұндалап», атойлап алдынан шықты-ау дейміз,-- ата-бабамыз сан ғасыр алаңсыз осы далада малын жайып жүре берген. Сөйтсе, табанының асты, жер-ананың қойны толған алтын мен күміс, мыс екен. Оны табу, көзін ашу ХХ ғасыр ұрпақтарына, бізге бұйырды. Енді біздің ісімізді жалғайтын сендерсіңдер. Біз қол жеткізе алмаған армандар мен мақсаттарға сендер жетулерің керек, соған ұмтылу қажет...
Қаныш ағасы соңғы сөзін мұңдылау айтып, тіршіліктің тәтпішін татқан, көп нәрседен көңлі қалыңқырап тұрған адамның сыңайын танытты. Жас Шахмардан ғұлама ғалымның көңілінің бір жабырқап, бір жадырап отыруының сырын ол кезде түсінбеп еді.
Ия, Қаныш Сәтбаевтың «сары даламды сағындым» деуінің әбден жөні бар еді. Ол арғы аталарының, оқыған ағаларының әсері болар Том қаласына барып, әлі қазақ балаларының аяғы жете қоймаған Тау-кен институтының геология-барлау факултетіне түсті. Өзінің зеректігімен, алғырлығымен, табиғат сыйға берген көрікті келбетімен мал бағудан басқаны білмейді деп жүрген өзге ортаға білімді, озық ойлы жандардың болатындығын, алғаш таныстырып, өзі арқылы дәлелдеп кетті. Ақырында, орыстың бір сұлуын— Таисия Алексеевнаны жар етіп алып, ауылға оралды.
Жезқазғанға олар аз ғана топпен келді. Сол аздың бірі—геолог Н.В.Мельников былай дейді: « ...ағылшындар сүттің қаймағын сыпырғандай, аса бай рудалардың беткі қабатын ғана алып, содан соң кен орындарын тастап кете берген. Бізге салдама болған үш бұрғылау қондырғысын ғана ақлдырып, өзге жабдықты өздерімен бірге алып кеткен. Қиындық деген көп болды., соның ішіндегі ең бастысы-- Жезқазғанда мыс рудаларының аса мол кеніші бар дегенге ешкімнің сенгісі келмеді. Көп адамдар ағылшындардың болжауына сүйеніп, күмәндана бастарын шайқады, терең қабаттардан барлау скважинасын бұрғылауға рұқсат бермеді. Сәтбаев не де болса тәуекелге бел буып, өз жорамалының дұрыстығына жаңа дәлеледер тауып отырды.
«Үлкен Жезқазғанды» барлау ісі баяу ілгеріледі, адам керек болды. Қабілетті қазақ жігіттері мен қыздарын Ленинградқа курсқа жіберілді, сөйтіп, бір жылдан кейін-ақ шағын да болса күшті, іскер коллектив пайда болды».
Жергілікті халықты бұрғылау ісіне үйретті. Құрылыс салуға құрал-жабдық жоқ. Оны жеткізетін темір жол атымен жоқ, бары бұл жерден 500 шықырымда жатыр. Мәшинеге де жол жоқ. Не істемек, толып жатқан «жоқ, жоқ». Амалдары рудниктер мен байыту фабрикаларының айналасына кигіз үйлер тігіп, сонда тұрды. «Жоқтар» мен көптеген қиындықтарды жеңіп, ақырында, қаншама ғасыр жым-жырт жатқан Жезқазған айналасын дүрілдеген еңбек пен байлықтың отанына айналдырды. Баяғыда келіп, жез бен мысын түйемен тасыған шет ел байлары мен инженер-геологтары болжап кеткен межеден Қаныш Сәтбаев тапқан байлық 30! есеге артып кетті. Бұған жету үшін ол Жезқазғанды табаны күректей он бес жыл барлады, зеттеді, бар күш-қайратын, білімін жұмсады. Осы мәліметтен кейін «Жезге баймыз!» деп, дауыстары жер жарып жүрген Американдықтардың демі басылып, үні бәсеңдеп қалды. Ал, Қаныш болса өз ұлтының, қазақ халқының абыройын аспанға бір-ақ шығарды.
Манадан үнсіз отырып қалғанда жастық шағы, бақытты кездері ойына орала қалып, алаңсыз күндерге ала қашқан болар, кім білсін. Бірақ Қаныш бұның бәрін Шахмарданға айтуды жөн көрмеді де сөзін басқа бір тұстан жалғады:
--Қалқам Шахмардан, кен барлау жұмысы, геология ғылымы өте бір қызықты нәрсе. Кейінгі кезде теориямен ғана айналысатын геолог-ғалымдар арасында кен мамандығы—инженерлік мамандық деген пікір айтылып жүр. Бұған қосылу қиын. Бұл пікірді қолына қайла мен балғасын қатар ұстап, кен көзін іздемеген, кабинетте отырған ғалымсымақтар пікірі деп қабылдаймын. Егер білсең, аса көрнекті геологтар: Карпинский, Обручев, Федоров, Мушкетов, Заварицкийлер әуелде кен инженері болған адамдар. Кен ғылым комплексті ғылым, оның бір жағы жаратылыс тану ғылымына жатса, екінші жағы—техникалық ғылымға жатады. Осы тұсты сен де ұмытпа, қатар алып жүруді, меңгеруді ойла, ғылымға сені өзі бастап әкеледі. Ұстаздың ісін шәкір жалғамаса, ол да бір өлі дүние дағы.
Достарыңызбен бөлісу: |