Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап,
Дұшпаннан көрген қорлықтан,
Жалынды жүрек, қан қайнап,
Ел-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап.
Уа, жігіттер, жандарың
Жаудан аяй көрмеңіз,
Әзірейіл тура келмей, жан алмас!-
деп, қашып жүріп қабанға жем бола ма, жоқ соғысқа барып аман орала ма, ол бір Алланың ісі... олардың да аналары «ұл таптым!» деп, қалжа жеген шығар, ел-жұрт алдындағы парыздарын өтесін, қарыз болмасын... «қашқындарға» Кеңес заңының қатал екенін ширыға айтып тоқтапты. Ертеңіне, сәске кезінде Сырдың бойындағы ит тұмсығы батпайтын орман-тоғай ішінде жасырынып, Отан қорғау міндеттерінен қашып жүрген адамдардың алды келіп, басын иеді. Осындай шаралар Шиелінің айналасындағы ауылдарда да өтеді. Бір жұманың ішінде Қызылорда облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы Ерназаров және оның сақшылары елу жеті «қашқынды» алып, облысқа кетеді. Кейіннен олардың біразын майданға, біразын қара жұмысқа жіберіпті дегенді ғана естиді ел,-- деп, Серғара аға әңгімесін үзді. Қара сөздің қасиетін де, Жорабектің шешендігін, білімділігін осы бір тарихи факті шыншылдықпен көрсетіп тұр.
Соғыс шиеліліктерге аз тауқыметін салған жоқ. Ауыл адамдары ерте көктемнен егін екті, су суарды, шөп орды, мал өсірді... Су демекші қаншалықты Сырдарияның жағасында отырмыз дегенмен де бергі, қырдағы елге су жетпейтін. Тоған, арық-атыз қара кетпеннің күшімен, бала-шаға, әйелдердің қолымен қазылып, қырға су шығарылды. Сол күндердің куәсіндей болып, Шиелі аймағында, оның ішінде Тартоғай маңында жон арқасын күдірейтіп, белдеу –белдеу болып Жорабек қазған тоғандардың белгісі әлі жатыр. Халық жады жазылған хаттан да мықты-ау, шіркін! Ұмытпаған ел «Жорабектің тоғаны» деп айтып және ол алыс-алыс ғасырларға ұласып кетіп барады.
Біз Есенов Жорабек туралы көп естеліктер естідік, ол жайлы жазылған жазбаларды да оқыдық. Одан туған пікір мен ой- Есенұлы Жорабек шын мәнінде өз заманынан, өз ортасынан озып туған тұлға. Ол кісінің әр әрекетін, кесек мінезін, ұтымды сөздерін, көл-көсір білімін айта бергің, жаза бергің келеді, көпке өнеге-үлгі тұтқың келеді. Мүмкін біз адамдары ұсақтанып, жан байлығынан көрі материалдық байлыққа құныққан, қанағаты жоқ қомағай уақытқа тап келгендіктен бе, әйтеуір, Жорабектей кесіп-кесіп сөз, есіп-есіп әңгіме айтатын, адасқанды жолға, шатасқанды жөнге салатын кесек тұлғаны көңіліміз көбірек іздейді...
***
Ал, есейіп, оңы мен солын тани бастаған кезін Шахмарданның өзі әңгімелейді:
« --Тартоғайда «Жорабек қыстауы» деген қоныс болды. Әкем жасы ұлғайған соң диқаншылықпен айналысып, шаруашылыққа бет бұрды. Ал, Тартоғайдың қауындары, қырғауылы қандай еді?! Дәмі тіл үйіреді. Үйдегі жалғыз ер баламын. Ағам Шаһыздан соғысқа кетіп, артынан «қара қағаз» келіп, анам Шәрипа мен әкем Жорабектің қайғырып жүрген кездері. Жалғыз ағамның соғыстан қайтпауы менің де қабырғамды қайыстырды. Кейіннен жалғыздықтың дәмін талай таттым. Ата мен анамның көңілін аулағым келіп оқудан қолым босасымен Тартоғайға тартамын. Бақша егеміз, мал бар, әкеме көмектесемін. Мен ол кезде Қызылорданың педучилищесінде оқитынмын. Есімде күздің күні болатын.Біздің елде бұл кезді мизам деп атайтын. Бір күні әкемнің тірі жанға ұстатпайтын мылтығын алып, аң аулауға шықтым. Әкем менің мылтықпен әуестенуімді қолдамайтын еді.
--Балам, оқуыңды оқы, сенің наның оқуда,-- деп, кесіп айтатын.
Ал, менің аңшылыққа деген ынтызарым күнен-күнге арта түсуде. Апамнан сұрасам: -- «әкең мылтықты қимайды емес, мылтықтың аты мылтық, сені жазым бола ма деп қорқады» деп жұбатты.
Бірде көкем үйде жоқта мылтықты иығыма асып алып, оқшантайды беліме байлап алып, нағыз аңшылардай тоғайға кеттім. Алдымнан пыр-пыр қырғауылдар дамылсыз ұшып жатыр, мен ыңғайланып болғанша ұзап кетеді. Осылай келе жатқанымда үлкен шоқ шеңгелдің түбінде үлкен бір қырғауылдың қоразы қомданып ұшқысы келеді, бірақ ұша алмайды. Іздегенімді құдай көктен берді. Асықпай қырғауылды атып қалдым. Жүгіріп барып қырғауылды көтерсем тұзаққа түскен екен. Сасқанымнан жан-жағыма қарадым, ешкім жоқ. Қырғауылды беліме байлап, кәдімгі кәнігі аңшылардай мылтығымды иығыма асынап, жүре бергенімде бір аттылы кісі далақтап шауып келеді. Мылтықтың дауысын естіген ғой. Қарасам немере ағамыз Серғара екен.
--Бұл жерде қырғауыл көп, рахатын мына Тартоғайдың орыстары көріп жатыр. Бірінші олжаң ғой, маған байламай-ақ қой, шешеңе апар, мен де Жөкеңе сәлем берейін...—деп, туыстығына салды.
Мен тұзаққа түсіп қалған қырғауылды атқаныма қуыстанып, ағаның соңынан еріп үйге келдім.
Серғара аға:
-Балаң нағыз мерген екен, олжалы болды. Қазанға сал! –деп бұйрық беріп жатыр апама. Осы кезде көкем де аттан түсіп жатыр екен. Менің мылтықты алып, аңға кеткенімді біліп сыртымнан байқастап жүрсе керек.
Шешем қырғауылдың жүнін жұлып, қазанға салды. Екі кісі қараша үйде қызу әңгімеге кірісіп кетті. Қырғауылдың еті табаққа салынып, үшеуміздің ортамызға тартылды. Мен етті турауға кірістім. Көкем көзінің қиығымен етке, сосын маған қарап қояды. Ал, көрші ағай келешекте менен жақсы аңшы шығатынын, бір оқпен бір қоразды атып алғанымды мақтап, өзімен-өзі болып отыр. Сонда көкем:
-Шахантай, сен қырғауылды ұшқанда аттың ба, әлде отырғанда аттың ба?—деді.
-Отырғанда аттым,-- дедім.
--Ә, отырған, мәжбүр болған қырғауылды әркім де атады,--деді.
Сонда ғана бұның көкемнің тұзағына түскен қырғауыл екенін білдім. Бірақ, бұл сырды өмір бойы көкем екеумізден басқа ешкім білмей-ақ кетті...»
(Бұл әңгімені Шахмарданның аузынан есітіп қағазға түсірген туысы, әрі жерлесі, шиелілік Кәрімов Рысбай).
Шахмардан 1942 жылы жеті жылдық мектепті бітіріп, Қызылорда қаласындағы Мұғалімдер даярлайтын училищеге түсті. Соғыстың жүріп жатқан кезі. Білімі бар деген азаматтардың бәрі дерлік соғысқа кеткен. Олардың орнын жас та болса Шахмардан секілді зерек, алғыр жастар басып, ісін жалғастырды. Мысалы, Шахмардан училищені бітіргенге дейін, қосалқы жұмыс ретінде Сырдария аудандық атқару комитетінде нұсқаушы болып қызмет істеді. Түске дейін сабақта болса, түс ауа аудандық атқару комитетінің тапсырмасын орындайды. Тіптен науқандық жұмыстар кезінде іс-сапарға да шығатын, қол күші жетпей жатқан жер болса екі білекті сыбанып іске де араласып кететін. Мұндай елгезек, пысық, алғыр жасты кім жек көрсін, ақырында ол училищені бітіріп, оқуға кетемін деген кезде аудан басшылары жібергілері келмей, жағдайыңды жасаймыз, қызметке қал деп қолқа салды. Ол «Алматыға барамын, оқимын» деп, көнбеді. Алдына үлкен мақсат қойғанына бір жағынан сүйсінген басшылар «сәтті сапар!» тілеп, Шахмарданды шығарып салды.
Сол жылдардың куәгері және соғыс жылдарында хат тасушы болған, кейіннен медицина ғылымының докторы, профессор Абдоллаев Шәдібай «Сыр елі» газетіне естелік жазыпты. Естелік шағын болғанмен Шахмарданның қандай ортада өсіп, қандай тәрбие алғандығынан маңызды мағылұмат береді.
«- Мен Есенов Шахмарданмен алғаш рет 1942 жылы кездестім. Ол Сырдария аудандық атқару комитетінің нұсқаушысы екен. Аудан орталығы Қызылорда қаласынан төрт-бес шақырым жерде. Мен осы ауданның «Қарауылтөбе» ұжымшарында хат тасушы едім. Елдегі кәрі-құртаңнан басқа еркектің бәрінің майданға аттанған кезі ғой, жұмыс қолы кем Сондықтан да ұжымшар басшылары мені кез келген жұмысқа жеге беретін. Мен де оған ренжімеймін, істей беремін. Шамасы, Шахмарданмен ауданға солардың тапсырмасымен келіп жүргенде таныссам керек. Дәл есімде жоқ. Он төрт жастамын. Баласынатын болар атқару комитетіндегілердің көбі мені көздеріне іле қоймайды. Бір күні Шахмарданмен таныстым. Жылы шырайлы, көпшіл, өзі әдемі, бойшаң жігіт екен. Кездескен сайын елдің жағдайын, өз жағдайымды сұрайды. Айтқандарымның бәрін асықпай тыңдайды. Тіпті онымен кездесуді аңсайтын болдым. Аудан орталығына келсем болды оған соқпай кетпеймін.
Бір күні мені ағаларының үйіне қонаққа шақырды, соғым сойылған екен. Дастархан басында ұзақ сөйлестік. Сыр бойының өткені мен бүгінгісін көп жасаған қартша сайрап тұр. Елдегі қарттардың әңгімесін көп тыңдағаны, құйма құлақ болғаны көрініп-ақ тұрды...».
Шынын айтқанда, нұсқаушылық қызметтің жас Шахмарданға берген тәлімі, үйретері көп болды. Біріншіден, оны тәртіпке, жауапкершлікке тәрбиелесе, екіншіден, адамдармен араласып, істі ұйымдастыруды үйренді...
1944 жыл, жаз, соғыс әлі жүріп жатыр.
Шахмардан Алматыға оқуға баратын болып шешті. Бұл әке мен ананың арманы еді....
***
Достарыңызбен бөлісу: |